Жұма, 26 Сәуір 2024
2874 0 пікір 25 Қараша, 2020 сағат 10:47

«Дарын» сыйлығының лауреаттары анықталды

2020 жылғы 20 қарашада «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы қабылданды.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жас қазақстандықтарға жемісті ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметі, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін беріледі және әдебиет, ғылым, дизайн және бейнелеу өнері, журналистика, классикалық музыка, қоғамдық қызмет, спорт, театр және кино, эстрада, халық шығармашылығы сияқты түрлі салалардағы 10 номинациядан тұрады. Ағымдағы жылы «Дарын» сыйлығын алуға 160-тан астам үміткердің құжаттары келіп түсті, өтінімдер 29 сәуір мен 10 тамыз аралығында қабылданды.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия құрамына Қазақстан Республикасының белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, журналистер мен қоғам қайраткерлері және өз саласының кәсіпқойлары енді.

1992 жылдан бастап еліміздің 264-тен астам талантты жастары сыйлықтың лауреаттары атанды. Әр жылдары Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Илья Ильин, Денис Тен, Димаш Құдайбергенов, Мария Мудряк, «Муз АРТ» тобы, Қалқаман Сарин, Элизабет Тұрсынбаева, Әділхан Макин және т.б. азаматтар сыйлықтың иесі атанды.

Барлық жеңімпаздарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі, диплом, төсбелгі және 600 000 теңге ақшалай сыйлық табыс етіледі. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында жоспарланып отыр.

Abai.kz

0 пікір