Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Аңыз Абай 2079 1 пікір 11 Қараша, 2020 сағат 11:03

Абай іліміндегі қазақтың ұлттық идеясы...

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Халыққа жолдауының: "Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру" - деген соңғы бөлігінде ұрпақтың терең білімді болуы; оны ерінбей еңбек етуге бейімдеу; істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асыру; темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік; әділдіктен айнымау, адалдық тәрізді алты керекті жағдайларды атап өтеді. Аталған осы алты "керектің" бәрі керек. Өте дұрыс тұжырымдар. Тіпті халқымыздың кемеңгері Ахмет Байтұрсынұлы да: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген екен.

Бірақ осы керектерді іске асыру үшін әуелі басқа «керектер» керек. Олар –рухани тұрғыдағы керектер. Өмірдің негізі рухани болмыс болғандықтан, рухани тұрғыдағы керектер алдыңғы қатарда болуы керек. Оларға ең әуелі ынта-жігер, қайрат, ой-өріс деңгейі тәрізді адамның ішкі дүниесін білдіретін адами құндылықтар жатады. Адамның ішкі дүниесі оның бүкіл өмірінің тірегі болып табылады. Бұл тірексіз қандай құнды керек болса да орындалмай, ол не қиял, не болмаса ұран деңгейінде ғана қалады. Керекті біліп, оны  көрсету оңай, ал іске асыру қиын. Мәселе – оны іске асыруда. Керектерді іске асыру үшін ең әуелі арнайы құрал, не болмаса әдіс керек. Яғни, керекті іске асыратын механизм керек. 

Оны қайдан табамыз? 

Құралдың түрлері көп. 

Бүгінгі күндері халқымыздың жаңа болмысын қалыптастырып, ұлт сапасын арттыру арқылы бүгінгі ауыр жағдайдан ойдағыдай шығу үшін бізге өзімізге лайықты ұлттық идея керегі дау тудырмайтын қағидаға айналып отыр. Сондықтан біздің еліміз үшін бұл құрал -- ұлттық идея болса керек.  Ұлттық идеяның жақсы нәтижесін бүкіл адамзат өмірі көрсетті. Оны Жапония, Оңтүстік Корея тәрізді әлемдегі жетілген мемлекеттер өмірінен де көреміз. Ал біз тәрізді бодандықтан  енді ғана құтылған елге ұлттық идеяның маңызы қандай зор екені айтпаса да түсінікті.

Қазіргі заманда ұлттық идея қабылдау әлі жүрекке жетіп, бойға сіңген жоқ, сондықтан бұл ұлы мақсат біздің халқымыз үшін әлі тек қана ұран тәрізді. Қандай жақсы ұран болса да, ол адам санасына терең сіңіп, болмысына айналмаса, іске аспайды, тез ұмытылады. Ол идеяны іске асыру үшін әуелі көкірек көзін ашып, бойға сіңіріп, рухани қуатқа айналдыру керек. Қоғамның әрбір мүшесі ұлттық идеяның маңызын дұрыс түсініп, өзінің ішкі тірегіне айналдырса ғана бұл идея рухани жетілудің құралына айналмақ. Осылай әрбір қазақ баласы адами қасиеттерін өсіріп, ата-бабасынан келе жатқан ұлттық намысын қайта қалпына келтіріп, ішкі дүниесін өзгерте алса, сонда ғана бүгінгі жаппай жаһандану заманында көрші ірі халықтарға сіңіп, жоғалып кетпей, өз болмысымызды сақтай аламыз. Осылай ғана ұлттық идеяның арқасында егеменді болып, басқа елдермен тереземіз тең бола аламыз. Қазақ үшін Қазақстаннан басқа Отан жоқ, сондықтан бұл идея республикамыздағы басқа ұлттардың арасында ең әуелі бізге, қазақ ұлтына керек.  

Қазіргі халықтың рухани деңгейі әлсіреп, еліміздің бірлігіне үлкен қауіп төніп тұрғанын әрбір ойлы азамат сезеді. Ресей мен Қытай тәрізді екі алып мемлекет арасында бірде анаған, бірде мынаған жалтақтайтынымыз және осындай кең және бай өлкеде отырып тамағымызға дейін шет елден сатып алып, жер қойнауындағы мол байлықты өзгеге сатып, ал өзіміз ең қарапайым құрал-сайманды жасай алмай отырғанымыз осының дәлелі емес пе? Бұлай мәңгілік ел бола аламыз ба? Бұған ана тіліміздің мүшкіл жағдайы мен демографиялық тоқырауды қосатын болсақ, бәрі түсінікті болады. Уақыт келгенде қой мінезді әлсіз елді қасқыр мінезді қуатты елдің жұтып жіберуі ешқандай күмән тудырмайды. Бұған Ресейдің Украинаға және Сирияға жасаған әрекеттері, Қытайдың бүгінгі күндері басқа елдерге жасап отырған экспансиясы жақсы дәлел. Әрине, бұл сөз «біз де қасқыр болуымыз керек» дегенді білдірмейді. Қасқыр хайуанат әлеміне жатады, ал біз – адамбыз. Хайуан жақсы мен жаманды айыра білмейді, ал адам айыра біледі. Сондықтан, біз де жақсы мен жаманды айыра біліп, адамзат қоғамындағы өзімізге сай орнымызды таба білуіміз керек.   

Ұлттық идеяның керектігі бүгінгі айтылып жүрген «Мәңгі ел» идеясын іске асыру үшін де керек. Бұл идея ежелгі түркі заманынан келе жатқан халық арманы. Ұлы арманды іске асыру жолы да ұлы болмақ. «Мәңгі ел» деген сөз – еліміздің ұзақ өмір сүруін білдіретін болса, онда әрбір адам, халық та соған сай жетілген болуы шарт. Жетілген адамдар ғана мықты мемлекет құрып, ел мәңгілікті бола алады. Мәңгілік – тек қана жоғары жетілген, қуатты халықтың ғана үлесі. Бұл табиғи заңдылық. Әлсіз халық мәңгілік ел бола алмайды. 

Ата-бабамыздан келе жатқан бұл «Мәңгі Ел» ұлы арманын басқаларға жалтақтаумен емес, еңсемізді көтеріп, өзіміздің ұлттық намысымызды нығайту арқылы ғана құра алатынымыз белгілі. Қазіргі өтпелі кезеңде еліміз үшін Ұлттық идеяның маңызы осындай зор болып отыр. 

Сонымен, ұлттық идея еліміздің бүгінгі өтпелі кезеңнен шығуы үшін ғана емес, халықтың ежелгі «Мәңгі ел» арманына жетуі үшін де керек. 

Бірақ бұл ұлттық идеяны қалай қалыптастырамыз? Оны қайдан алуға болады? Бұлар, әрине, өте маңызды сұрақтар. 

Ұлттық идеяның негізі – ұлттық намысты өсіру.

Егер Абай мұрасына үңілетін болсақ, одан бұл мәселенің шешімін де таба алады екенбіз.    

 Абай өзінің отыз тоғызыншы сөзінде былай деп жазады:

– Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық, – деп өмірдің ішкі мәнін ұмытып, оның сыртқы көрінісіне бой ұрған бүгінгі тіршілігімізді суреттегендей болады. Жоғалтып алған екі мінезімізді ол әрі қарай былай деп көрсетеді.

Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі — ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары калай қылса, калай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болса, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?

Бұл сөздерден ұғатынымыз – қазақ ел басы, топ басы сайлап, толық сеніп, әрі қарай олардың істеріне араласпаған. Керісінше, оның «...жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен». Осылай халық басшыға толық сенім артқан. Көпшілік сеніміне толық ие болған соң, олар да ол сенімді ақтау үшін күш-қуаттарын аямаған. Бұл оларға халықты жоғары идеяға шабыттандырып, сынақ кездерде елді біріктіруге мүмкіндік берді. Кезінде Тәуке хан мен Сопы Мүсірәлі осындай адамдар болған еді. Олар халықты бір мақсатқа жұмылдырып, жоңғарларға тойтарыс берді. 

Билік пен халықтың арасындағы үйлесімділік қоғамдағы демократияны нығайтады. Адамның еркі мен қоғамдағы тәртіп нығайып қана қоймай, олар өзара үйлесімге келеді. Осылай демократия нығайып, қоғам қарқынды өркениет жолына түседі. 

Ұлттық сана-сезім өсіп, ел түзелсе ел басы, топ басы болатын адамдардың саны көбейіп, сапасы да артады. Қазіргі заман бойынша бұл – түрлі партиялар құрып, оларға соған сәйкес адамдарды басшылыққа қою деген сөз. Олар адамдарды ұлттық идеямен шабыттандыра алады. Жоғары идеяны қабылдаған халық қиыншылықтарға төзіп, өз еркімен талаптанып, ерліктің үлгісін көрсетіп, қоғам тез арада өркениеттің алғы шебіне шығады. Абайдың өзі «Сәулең болса кеудеңде» деген өлеңінде «Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел?» деп, отыз тоғызыншы сөзінде де ел билеушінің қоғам өміріндегі жоғары рөлін көрсетеді.  

Осы арада маңызды сұрақ туындайды. Мұндай кемел адамды қайдан табамыз, ол қалай пайда болады? Абай ұлттық идеяның бұл екінші бөлігін де береді. Ол қазақтың ұмытылған екінші мінезі. Абай былай дейді:

Екінші мінезі — намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен... Кәнеки, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы — пейіл емес, алдау, дұшпандығы — кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық. 

Бұл екінші мінез қазақтың ұлттық идеясының негізі болып табылады.

Абай осылай бүгінгі екінші ұмытылған қазақтың ең жақсы мінезін атап отыр. Ол – намысқорлық. Намысты қорғайтын жерде қазақ бұрынғы бір-біріне деген барлық өкпе-назын ұмытып, өмір қиыншылықтарына қарсы біріге білген. Бұл көшпелі дәстүр салты. Осылай олар өздерінің руларының, ұлтының намысын қорғауға мүмкіндік алды. Сондықтан көшпенді өмір салты қалыптастырған қазақтың бұл бірлік мінезін Абай «Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен» деп көрсетеді. Мұндай мінез қазақты ар-намыс үшін жанын пида ететін ер мінезді, жәуанмарт етіп тәрбиеледі. Сондықтан, көшпенді өмір бесігінен шыққан халықтар бүкіл адамзат өркениетінің қозғаушы күші болды. Көшпенді түркі халықтарының ұлы империялар құруда үлкен орын алғаны да осы себептен болса керек.   

Намысқорлық адамның рухани болмысынан шығады. Сондықтан Абай олар туралы «Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді» деп, жаннан шығатын қасиеттерді көрсетеді. Жанның негізгі қасиеттері – ерік пен қалау-ниет. Оның шексіз еркі мен шексіз қалауы бар. Жан өзінің осы шексіз қасиеттерін іске асыра алмаған жағдайда ол күйзеліске ұшырайды. 

Күйзеліске ұшырған жан ізденіс жолына түседі. Осылай жүрек тазарып, Абай сөзімен айтқанда «Хақтықтың түсер сәулесі». Жүрегі тазарған адамның ар-намысы оянып, қайрат пайда болады. Ар-намыс адамға жақсы мен жаманды айыруға мүмкіндік береді. Намыс дегеніміз – жанның әділетсіздікке қарсы қолданатын құралы. Жанға әділеттілік керек. Әділет болмаған жерде оған қарсы рухани күш пайда болады. Бұл рухани күш – намыс. Намыс оянғанда табандылық пайда болып, фәни әлемнің қайшылықтары қандай қиын болса да, оны жеңіп шығуға мүмкіндік береді. 

Адамның рухани болмысы тазарған сайын оның рухани күші де ұлғайып, намысы өседі. Сондықтан отан қорғау жолында, немесе әділет аяққа басылған жағдайларда рухани жетілген адамдар алдыңғы қатарда жүреді. Сол себептен демократиясы әлсіз тоталитарлық жүйелер өздерінің әділетсіз амалдарын іске асыру үшін әрқашанда діңді шектеуге, не болмаса оны өзінің қолшоқпарына айалдыруға тырысады. 

Әділет те, намыс та рухани қуаттан пайда болады. Бұрынғы қазақтың намысқор болатыны – ол көшпелі өмірде табиғат аясында болып, өзінің жан тазалығын сақтай білді. Жан таза болса оның намысы да үлкен. Осылай көшпенділер ер мінезді болып, бүкіл болмыс әділеттілігін қорғап, адамзат қоғамының қозғаушы күшіне айналды. Намыс – рухани қуат. Рухани қуат өмірдің қандай қиыншылығы болса да жеңіп шығады. Сондықтан Абай қазақ халқының бұл қасиетін негізгі құндылық ретінде көрсетіп отыр. 

Қазақтың ұмытылған бұл екі мінезі – ел басыға сенім мен намысқорлық бір-бірімен тығыз байланысты. Халық сеніп сайлаған ел басы, топ басылар елге тыныштық өмір беріп, адамның рухани болмысын, яғни жан құмарын қорғайды. Есесіне халық та «Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен». Осылай халық пен ел басының арасында тығыз байланыс болған. Сонымен бірге, намысқор адамның әрқашан да рухани болмысы таза болады. Ондай адам қорлыққа, әділетсіздікке көнбейді. Мұндай елді басқарған елбасылар өздері де әділетті болуға тырысып, елдің көңілінен шығуға ұмтылады. Себебі, ерікті елде халыққа ұнамаған елбасы жөнге салынады, не болмаса орнынан қуылады. Намысқор халықтың қаһарынан қорыққан билік өзінің міндетін толық орындауға тырысып, бұрыс жолға түспейді. Сонымен бірге, жақсы елбасының арқасында тыныштық орнаған елде адамның рухани болмысын жетілдіруге мүмкіндік туады. Халық пен биліктің мұндай байланысы демократиялық принциптерден шығады. Бүгінгі күндердегі алдыңғы қатарлы демократиялық елдерде халықтың көңілінен шықпаған президенттердің орнынан алынып, жазаға тартылып жатулары осының көріністері. АҚШ-тың президенті Рейган өзінің адамгершілік қасиетін сақтай алмай, бөгде жыныс қатынасына түскені үшін бүкіл әлемге масқара болып, қандай үлкен жаза алғаны осы айтылған сөздердің бір дәлелі ғана.   

Бүгінгі заманда қазақ өзінің жәуанмарттігін сақтайтын осы жақсы мінездерінен айырылып қалды. Сондықтан данышпан Абай атамыз елдіктен кету себебін «Осы күнгілер... сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді» деп анықтап береді. 

Абай осылай намыстың, оны оятудың маңызын көрсетеді. Намыс оянса халық бұрынғы ер мінезділігіне қайта оралады. Халықтың намысын ояту керек. Ол үшін бұрынғы қазақтың намысқор мінезін қалпына келтіру керек. Бұл жол қазаққа көшпелі өмір салты қалыптастырған, сонымен бірге, бүкіл түркі халықтарына ортақ және оның табиғи болмысына негізделген басқадан өзгерек  жол болмақ. Осылай қазақ халқының өзіне тән, оның түйсігінің жету межесі болып табылатын «өзіндік» ұлттық идеясын қалыптастыруға болады. Қазақтың ұлттық идеясы – оның өзіне тән бұрынғы ерлік мінездерін қайта қалпына келтіру. Бұл идея мақсаты – халықтың намысын оятып, рухын көтеру. Ал оған жету жолы – әр азаматтың ұлттық рухын  көтеріп намысын ояту және қоғамдағы демократиялық принциптерді нығайту. Осылай Абай ілімі арқылы қазақтың өзіндік ұлттық идеясын қалыптастыруға болады.

Шын мәнінде, рухани жетілген адамға бостандық үшін күресіп, оған арнайы көңіл бөлудің де қажеті жоқ. Ол табиғатынан еркін адам. Еркін адам өзінің ұлттық намысын да, бостандығын да қорғай алады. Ол  қайда жүрсе де еркін. Оған қоршаған орта әсер ете алмайды, керісінше, ол қоршаған ортаны басқарып, өзгертіп отырады. Ал еркінен айырылған, «қой мінезді» адамға қандай үлкен бостандық берілсе де, оны дұрыс пайдалана алмайды. Бұл туралы Абайдың «Тоты құс түсті көбелек» өлеңінде «Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек? Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек» дегені белгілі. Рухани жетілген ер мінезді мен «қой мінезді» аңқау адамның айырмашылығы осындай. Сондықтан, мақсат – рухани жаңғыру арқылы әрбір адамның санасын өсіру. Рухани жаңғыру – бостандық кепілі. Рухани жетілген адам намысы жетіліп, намысқор болады. Ондай адамды замана илей алмайды. Нағыз бостандыққа осындай намысқор адам ғана жетеді. Оны дұрыс бағалап, сақтай алады. 

Әрбір ұлттық идеяны іске асыруда өз ерекшеліктері болады. Қазақтың Ұлттық идеясын іске асыру жолдарын жуырда жарық көрген «Абай мұрасын қолдану жолдары» атты кітапта тереңірек қарастырғанбыз.

Досым Омаров

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2017
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2435
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2010
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1585