Жұма, 17 Мамыр 2024
Абай мұрасы 8170 1 пікір 4 Қараша, 2020 сағат 12:14

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек»

(Абай шығармаларындағы ұлтқа тән ұжымдық мотивтер мен архетиптік кескіндер)

«Суреткердің күші оның «архетиптермен сөйлесу» қабілетінде» [1,8] деген Ю.А Большакованың тұжырымы Абай шығармаларындағы архетип кескіндердің жаңғырып, түрлі образдарға айналуының айқын дәлелі.      Бірқатар өлеңдерінде Абай көптің, қалың елдің менталитетіне сіңіп бара жатқан, індетке айналып бара жатқан бейсаналық мотивтерді анықтаған болатын. «Қалың елім қазағым, қайран жұртым», «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Туыстарың, достарың бәрі екі ұшты», «Қайғы шығар ілімнен» «Бай сейілді», «Бөтен елде бар болса», «Байлар жүр жиған малын қорғалатып» сияқты тағы бір топ өлеңдерінде көпке тән, ел-жұртқа тән қитұрқылықтың мәніне ой жібереді. Қазақтың, көптің санасы мен іс-әрекетін ұжымдық бейсаналық мотивтерді жандандыру арқылы бейнелеп көрсетті. Сондай бейсаналық мотивтің бір түрі адамдардың өзара аңдысуы.

Ол сол кездегі байлар мен болыстардың ғана емес, жастың, кәрінің, жарлының, жаудың, орыс пен қазақтың күрделі психологиялық хал-ахуалын, менталитетіндегі өзгерістің астарына ой жіберді. «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман» өлеңінде жас баладан еңкейген кәріге дейінгілердің бойындағы мінезін, қылып жүрген істері мен әрекетін:

Шошимын кейінгі жас балалардан.
Терін сатпай, телміріп, көзін сатып,
Теп тегіс жұрттың бәрі болды аларман,- деп, Абай тегіс жұрттың, күллі бала біткеннің  бойына сіңіп, әдетіне айналған маңдай «терін сатпай», еңбексіз, құр босқа жүріп, оңай олжа табуға ниеттенген іс-әрекетінен түңіледі. Жас баланың буыны бекіп, сүйегі қатпастан «телміріп», «көзін сатуға» әдеттенуінен шошиды. Ал бұл әдетке үйретіп жатқан үлкендер, ата-анасы мен күллі елі. Барлығы да, теп-тегіс «аларман» болғысы келеді. «Аларман» болу – оңай жолмен табыс табу. Оңай олжа – ұрлық, қулық, арамдық, алдаумен келеді. Сонда кімді кім алдайды?:

Атаны бала аңдиды, ағаны – іні,
Ит қорлық немене екен сүйткен күні?
Арын сатқан мал үшін антұрғанның,
Айтқан сөзі құрысын, шыққан үні. –деп көптің, ұлттың бойында қалыптасқан ит қорлық мінезін анық аңғартады.

Қазақтың психологиясына дендеп еніп бара жатқан осындай «ит қорлық» іс-әрекеттің, яғни бірін-бірі аңду, мал үшін арын сатуды әдетке айналдырған қылығы ақынның ашуын туғызып тұр. Себебі Абай өз заманындағы адамдардың психикасындағы теріс қылықтарды анық көріп отыр. Теріс қылықтар бұл адам бойындағы нәпсінің, бейсаналықтың басым түсуі болып табылады. Ұжымдық бейсаналық Абай суреттеп отырған көпшіліктің бойына тән. Бірақ ақын көріп отырған осынша жаман әдет-мінезді көпшілік өзі байқамайды. Тіпті осы қылықтарын өздері дұрыс деп санайды. 

Алыс-жақын қазақтың бәрі қаңғып,
Аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып.
Мал мен бақтың кеселі ұя бұзар
Паруадигар жаратқан несін жан қып?

Абай осы бірін-бірі аңдыған, қулық іздеп «қаңғырған» кеселді мінездің «алыс-жақын қазақтың» өмірінің мәніне айналғанына күйініп, «Паруадигар жаратқан несін жан қып?» деп Жаратқан, яғни алла адамшылықтан жұрдай қылып несіне жаратты? деген ойға қалады. Басқаларды да осы ойға жетелейді. «Юнгтің көзқарасы бойынша, адамзат әлеміндегінің барлығы психология заңдарына бағынышты, «халықтың жаны – бұл жеке адамның жан-дүниесінен гөрі әлдеқайда күрделі құрылым»» [2,17] деген Руткевичтің ойына ден қойсақ, жеке адамның бойындағы бейсаналық көптің арасында көзге түспей қалуы ықтимал. Онымен жеке индивид өзі күреседі немесе айналасындағылар ықпал етеді. 

Бұл жерде Абай көптің, халықтың жан-дүниесі туралы, ұжымдық бейсаналық жайында айтып отыр. «Адам психикасы бейсаналық және саналы процестердің тұтастығы, бұл өзін-өзі реттейтін жүйе, онда элементтер арасында тұрақты энергия алмасу болады» [2,16] деген пікіріне қарағанда адамның психикасы саналылық пен бейсаналықтың тұтастығынан тұрады. Адамның еркіне бағынбайтын ырықсыз қасиеттер, яғни ұрлық, атаққұмарлық, дүниеқұмарлық дегеннің барлығы көптің бойындағы ұжымдық бейсаналық болып табылады. Ендеше адам баласында осы саналылық пен бейсаналықтың арасындағы өзін-өзі реттейтін тұрақты жүйе бұзылса, осы екі қасиеттің біреуі басым түседі. Демек адамның психологиясы мен өмір сүру заңдылығы бұзылады. «Юнгтің пікірінше, ойлаудың екі түрі бар – логикалық және интуитивті. Логикалық ойлау сыртқы әлемге назар аударумен сипатталады, бұл шындыққа бейімделуді қамтамасыз етеді» [2,16]. Абайдың логикалық ойы сыртқы әлемге назар аударып, өз елінің өміріне алаңдаған, күйзелген сезімін байқатады. «Бұл сыртқы әлемге назар аудару білім, тәрбиені қажет етеді – логикалық ойлау –  бұл мәдениеттің пайда болуы мен құралы»[2,16] Сыртқы әлемдегі мәдениет -  адамдардың өмір сүруі мен қалыптасқан адамгершілік-моральдық қасиеттері арқылы анықталады. Ендеше Абай өз заманындағы мәдениеттің төмендігіне, білім мен тәрбиенің жетіспеушілігіне қынжылады.  

Ақын осындай көптің психологиясына тән теріс қылықты қазақтың санасына тән арғы архетиптік кескіндерді образға айналдыруымен ерекшеленеді. 

Қабаған итше өшігіп шыға келер,
Мен қапсам, бір жеріңді бөксерем деп.

«Қабаған иттің» бейнесі қорқыныштың, өштесу мен жауласудың ел санасында бұрыннан келе жатқан, белгілі символы болып табылады. Осы жерде қазақтың ұлттық архетиптік санасына тән образбен иттік мінезін анық көрсетеді. Қазақтың психологиясына еніп кеткен мұншалықты дұшпандық қайдан келді дегенде Абай мынандай жауап табады:

Орыс айтты өзіңе ерік берем деп,
Кімді сүйіп сайласаң бек көрем деп,
Бұзылмаса оған ел түзелген жоқ,
Ұлық жүр бұл ісіңді кек көрем деп.

Демек, орыстың отарына айналған кезде патша үкіметінің сайлау туралы шығарған заңы ел ішінде осындай алауыздық туғызды деген ойға жетелейді. Себебі осы өлеңде:

Елубасы шар салып, леп берем деп,
Жалаңқая жат мінез жау алады,
Бермей жүрсең мен сені жек көрем деп.

Сол уақытта қазақ ішіне енген ел басқару, болыс сайлау заңының қоғамда қитұрқылық туғызғанын меңзейді. Шар салу туралы Абайдың өлеңдер жинағында: «Елу үйдің атынан сайланған елу басылар кішкене тасты (шарды) екі ұялы жәшікке салу арқылы болысты сайлауға дауыстарын беретін болған. Оны жұрт сол кезде «шар салу» деп атаған» [3,31] деген түсініктеме берілген. Ендеше шар салу ел ішінде, ағайын арасында дау туғызып, парақорлық пен сұм-сұрқиялықтың орын алуына жол берді деген ойға ден қоямыз. Оны Абайдың өзі де «қу тілмен қулық сауған заңы құрсын» деп қулық-сұмдықты өршіткен заңның елдің мінезін бұзып болғанына қынжылып, күйінеді. Ал осы заңды шығарған орысты  «жалаңқая жат мінез жау» деп атайды. Демек сырттан келген жауға билік үшін бар-жоғын шашқан қазақтың «антұрған» мінезін анықтап береді.     

Көпке тән мінезді ұлттық архетиптік кескіндер арқылы образбен өрнектеген ойлар Абайда өте көп. Мысалы «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» өлеңінде:

Ел бұзылса құрады шайтан өрмек,
Періште төменшіктеп, қайғы жемек.
Өзімнің иттігімнен болды демей,
Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.

Абай көпке танымал қасиетті құрандағы періште мен шайтан мотивін өз заманындағы көптің образын және күнәсін ашу ниетінде қолданады. Адамның сұм-сұрқия істерін шайтанның істерімен бірге жалғастыра суреттейді. Өздерінің арам пиғылын ақтау үшін істерін шайтанға арта салып, оның өрмек құруына көмек береді деген ойға тіреледі. Бұл сюжетте құран мотивін адамдардың қулық-сұмдығын анық бейнелеу үшін ұлттық менталитетке сай интерпретация жасайды. Абай адам бойындағы күнәсі мен оны жасау туралы идеяны жоғарыда талдаған өлеңдердің барлығына негіз етеді. Өз заманындағы адамдардың арам пиғылы мен жаман әдетке бойын үйретуінің өзі күнә екенін сезінгендіктен, барлық өлеңдеріне осындай ойды арқау етеді. 

Күнә адам баласы жаратылғаннан бері адамзат санасында келе жатқан ұғым болғандықтан, оның да архетиптік мотиві бар. Сондықтан Күнә архетипі көбіне діни сюжеттерге, дидактикалық, тәрбиелік мәндегі шығармаларға арқау болып, өмір бойы суреткерлер туындыларында мың түрлі сипатта интерпретацияланып,сюжеттерге айналғанын білеміз. Абай да өз шығармасында адам табиғатындағы түрлі архетиптік кескіндерді бейнелей келіп, түбінде осы күнә архетипіне тіреледі. Құран мотивіне қатысты «Шайтан» өлеңі де осы күнә архетипін негіз етеді. Осы жерде күнә мотивіне сәйкес қазақтың ұлттық архетипінің бір негізі болатын иттің әрекеті, яғни «иттік» мінез анықтала түседі. Өлеңнің басқа жолдарында заман адамының шайтан мен итке тән мінезін тағы да ұлттық архетипермен тайға таңба басқандай көрсетеді.

Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,
Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек.
Бір-екі жолы болған кісі көрсе,
Құдай сүйіп жаратқан осы демек.

Атақ үшін, билік үшін ұлтқа жау болған болыстар мен билерді «Алашқа іші жау боп, сырты күлмек» деп көне заманнан қазақ санасында сақталған «іші түтін, сырты бүтін» деген екі жүзді адамдардың бейнесін ашатын халық мәтеліндегі архетиптік мотивпен ассоциация жасайды. Демек сол кездегі парақор болыстар алаштың жауы болды деген ойды қозғайды. Шынымен де алаш жұрты Абай өмір сүрген заманда орыстың ояздары мен губернаторларынан бір қорлық көрсе, жергілікті болыс-билерден екі қорлық көрді. Бір-бірін аңдыған, қулық-сұмдық, сұм-сұрқия істер елдің күйзелісін туғызды. Сол күйзеліс Абайдың осы өлеңдеріндегі ақынның өз болмысынан да танылады. 

Абайдың ақындық әлемін эстетикалық, философиялық, психологиялық жағынан зерттеген академик Зәки Ахметов: «Тағы бір өлеңдегі «төңкеріліп, құбылған жұрт бір сағым» деп, құбылмалы, сырт айналып кетуге, өзгере қоюға бейім тұрған адамдарды, жұртты сағымға теңеуі – ойшыл ақынның өз кезіндегі қауымға, сол ортаға, заманға көзқарасын танытатын және өзінің бейнелеп айтқыштық, зергерлік қолтаңбасы айқын сезілетін келісті жасалған көркем ұқсату» [4,53] деп адамдардың тұрақсыз, тұрлаусыз  қасиетін «төңкеріліп, құбылған жұрт бір сағым» деп бұрын-соңды қазақ әдебиетінде болмаған құбылған сағымға қатысты жаңа тіркеспен анық айқындап бергеніне назар аударған болатын. Бұл да Абайдың ел есінде көнеден келе жатқан сағым мотивін архетиптік бейнеге айналдыруы болып табылады. Сағым ұлттық дүниетанымда тылсым, құпияны немесе өте алыста қалған, қайтып оралмайтын уақытты меңзейтін архетиптік ұғым ретінде танылады. «Сағым жылдар», «сағым дүние» деген ұғым өте көне заманнан фольклорлық шығармаларда қолданады. Сондай-ақ Абай ұлттық дүниетанымда көне заманнан келе жатқан архетиптік мотивтерді адамның іс-әрекеті мен образын, өзі өмір сүрген уақыттың сырын  ашу үшін де ұтымды қолданды. «Суреткердің күші – архетиптермен сөйлей білу қабілетінде. Архетиппен сөйлейтін адам, мың дауыспен сөйлегендей барлығын қамтып, қызықтырып әкетеді» [4,8]. Ендеше Абай да қазақтың өте ежелден есте келе жатқан архетиптік кескіндер мен ұлт жадындағы, дүниетанымындағы ұлттық мотивтерді жандандырып, жаңа образдар мен бейнелеулер туғызды. 

Соның бірі итке байланысты бейнелеулер. Ит қазақ дүниетанымында әр түрлі қарама-қайшы мағыналарды білдіреді. Сонымен қатар ит образы ұлттық сипатқа ие. Тек жамандықты жеткізу мағынасында емес, адалдықты білдіретін итке қатысты ұғымдар да аз емес. «Н. Фрайдың пікірінше, архетип арғы образ және ұжымдық бейсананың бөлігі ретінде «қабылдаудың тұқымға берілу модельдерінің» қатарына кіреді»(«Согласно Н. Фраю, архетип как первообраз и часть коллективного бессознательного входит в ряды «наследуемых родовых моделей восприятия»)[1,13] деген пікірін еске алсақ, қазақ өмірінде иттің маңызы зор болғандықтан, итке қатысты ұғымдар тұқымға берілу моделі бойынша ұрпақтан ұрпаққа ғасырлар бойы әр түрлі контексте жалғастығын тауып келіп, Абайда жаңаша мағыналарға ие болған.

Абай ұлт менталитетін, адам психикасындағы ерекшелікті айқындауда адамның жан-дүниесінің екіге жарылуы мен жүзін жасырып, көпке көрсетпейтін маска мотивінде және жүз құбылған тұрақсыз көлеңке архетипін бейнелеуде де ит образын жаңа мағынада жандандырады:

«Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,
Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып.

Бұл өлең жолдарында ит біреудің «ырылдаған» атқосшысы бейнесінде жанданатын болса, мына өлең жолдарында:

Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,
Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек.

Қазақта ежелден келе жатқан «иттің қоры» деген адамды төмендету мақсатындағы мотивті болыстың образын ашу үшін қолданады.

Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек,
Көп ит жеңіп, көк итті күнде жемек.

Абай көптің бәріне топырақ шашпайды. Барлық көп емес, оның ішінде «көп бөлек ит бар». Олар сыяз десе, дамыл таппай сандалып, ішіне қулық сақтаған «қабаған иттер». Оларды Абай былай сипаттайды:

Кеселді пысық көбейді,
Күшік иттей үріп жүр,
Кісіден кеммін демейді.
Қу тілменен құтыртып,
Кетер бір күн отыртып.

Бұл өлең жолдарында ішіне қулық сақтаған, қу тілімен елді алдап түсетін ақынның өзі айтатын анық «антұрғанның» образы шықса:

Күшік асырап, ит еттім,
Ол балтырымды қанатты, - 

деуінен жастайынан асырап, бағып-қаққан адамның жақсылыққа жасаған қиянатын көреміз. Абайдың өзі айтатын «қиянатшыл» адам елес береді. Итпен қоса, көптеген өлеңдерінде күшік бейнесі көрініс береді.      

Адасқан күшік секілді,
Ұлып жұртқа қайтқан ой,-

дегенде керісінше жетімсіреген, адасқан күшікті интерпретациялау негізінде айтқан ойлары мен жазған шығармаларын оқып, тыңдайтын адам жоқ, ел наданға айналды деген, яғни «осы елде сөз ұғарлық бозбала жоқ» деп өзі айтатын сарынды ұғамыз. Е.М.Мелетинскийдің: «Юнгтің архетиптері, біріншіден ең мықты бейнелер, персонаждар, ең жақсы деген рольдер және ең кем дегенде сюжеттер болып келеді» («юнговские архетипы, во-первых, представляют собой преимущественно образы, персонажи, в лучшем случае роли и в гораздо меньшей мере сюжеты») деп айтқанындай, Абай да өз өлеңдерінде айтатын ойы мен авторлық позициясын қазақтың ұлттық танымындағы архетиптік образдар, персонаждар, сюжеттер арқылы қиюын келтіріп, адамның сезімі мен ойына қозғау сала отырып жеткізген. «Юнг бойынша, архетиптер бейсаналық жан-дүние жағдайын сыртқы әлемдегі образдар арқылы сипаттайды»[5,4]. 

Абайдың да кейіпкерлерінің бейсаналық жағдайлары сыртқы әлемдегі қазаққа етене таныс ұғымдар мен мотивтер арқылы сипатталады. Кең даланы еркін жайлаған, өр рухты, жауынгер елдің орыстың қолына қарап «иттей қор болған», «бірін-бірі аңдып», «балағынан қапқан», «қара қарға сықылды шуылдасқан»,  «қу тілмен қулық сауған», «жетім қозы – тас бауыр», «іші залым – сырты абыз» қазақтың болмысын сыртқы әлемдегі «қара қарға», «жетім қозы», «залым», «қабаған ит», «жартас» образдары арқылы жеріне жеткізе бейнелейді. Сол арқылы кез келген қазақты өз өмірінің мәні туралы ойға жетелейді. Абай өз өлеңдерінде қазақтың ұжымдық санасында ежелден ізі сақталған архетиптік кескіндерді интерпретациялап, өз заманындағы ел менталитетімен шебер байланыстырады. 

Абай шығармаларындағы жоғарыда талданған архетиптік кескіндердің шығарма мотивіне айналуы ақын заманындағы ел адамдары мен болыс-билердің мінезін, қалыптасқан менталитеті мен психологиялық ерекшеліктерін айқындап, сол уақыт пен заманның трагедиясын анықтап тұр. Сондықтан Абай бұл архетиптік үлгілердің ұрпаққа жалғасуынан сақтандырады. «М.Бодкин де өз еңбектерінде поэзиядағы архетиптік үлгілердің ұрпаққа берілетіні, ұрпақтарды жалғастырушы  және «эстетикалық құндылыққа ие ескерткіш» екенін айтты» [1,13]. Ендеше Абайдың жоғарыда талдаған өлеңдерінде қазақ бойына сіңіп бара жатқан мінез-құлықтың болашақ ұрпаққа берілмеуін ойлағандықтан да мұндай қылықтан сақтандыру үшін бұрыннан ел есінде келе жатқан ит, күшік, қарға, шайтан сияқты түрлі жағымсыз образдар арқылы бейнелеп жеткізді. Ендеше Абайдың  поэзиядағы архетиптік үлгілері эстетикалық құндылыққа ие деп батыл айта аламыз.

Пайдаланған әдебиеттер

1. Большакова А.Ю. «Архетип, миф и память литературы» // Архетипы, мифологемы, символы в художественной картине мира писателя. – Материалы международной научной конференции (г.Астрахань, 19-24 апреля, 2010 г.) –Астрахань: Издательский дом «Астраханский университет», -289с.

2. Руткевич А. Жизнь и воззрения К.Г. Юнга // Юнг К. Г. Архетип и символ. М., 1991. С. 304.

 3. Абай. Сен де бір кірпіш дүниеге. Өлеңдер мен қарасөздер. – Алматы: Атамұра, 2014. – 288 б.

4. Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. – Алматы: Ана тілі, 1995. -272 б.

5.Мелетинский Е.М. О литературных архетипах. Российский государственный гуманитарный университет. – М., 1994, 136 с.

AP08855981 «Абай шығармаларындағы әлемдік және ұлттық мәдени архетиптер» тақырыбындағы ғылыми жоба 2020 жылдың 19 қарашасындағы №321 келісімшарт негізінде орындалған.

Мақпал Оразбек,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2096
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2514
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2186
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1619