Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Тұлға 2829 3 пікір 3 Қараша, 2020 сағат 11:22

Ел болуға еңбегі сіңген азаматтар...

Әлемге әйгілі төрт ғасырлық Рим империясының аса күшейіп және оның тығырыққа тіреліп, тарап кету кезеңдері аз болмаған. Сондай бір шақта, жан-жақтағы күштердің тепкісінен ұлы империя әлсіреп, ыдырап кетудің алдында тұрған уақытта, оған ақылды әрі көреген сондай-ақ, темірдей тәртіп орната алатын тірек-тұлға керек болып, тұтас ел және Рим сенаторлары империя аумағынан таққа лайық адам іздей бастайды. Сөйтіп, империя құрамына кіретін Паннония провинциясынан (қазіргі Мажарстан жерінен) батылдығымен және ерлік істерімен тұрғылықты ел назарын аударып жүрген адамды тауып алып келеді. Әлгіні рим тұрғындары Жаңа Цезарь деп атап таққа отырғызады.

Билікке кірісерінде, әлгі азамат жиналған қалың қауымның алдына шығып; «- Мен, бұл  империяның бұрынғы күш-қуатын қалпына келтіріп, айбынын асырамын, айналадағы жауларың ұзақ уақыт бұл мемлекетке шамасы келмейтіндей қалыптастырамын. Дегенмен, осының барлығына жиырма жылдай уақыт кетеді. Осы межелі уақыт жеткен соң, мен тақтан кетіп, өзімнің жеке істеріммен айналысамын- , деген екен.

Мүмкін құдірет берген көрегендік болар. Шыныменде, тура осы кезеңнің ішінде ұлы қағанатты қалпына келтіріп, теңдессіз күшке айналдырады.  Ақыры, сөзінде тұрып, орынына өзгені отырғызып, өз ісімен айналысуға тақтан кетеді. Туған жері Паннонияға қайтып келіп, бақша егіп, жеміс-жидек өсіріп отбасымен тіршілігін кешіп, жүріп жатады. Күндердің бір күнінде империя бақталастықтан шайқала бастағанда, Рим сенаторлары бұл адамды қайтадан іздеп келіп, билікке келуін сұрайды. Ұзақ ойланған Жаңа Цезарь әлгі сенаторларды өзінің күнделікті айналысатын бағына алып келеді. Өсірген жеміс-жидектерін мақтана көрсетеді. Жайнаған бақтың іші, адамға пайдалы түрлі миуалы жемістерге толы екендігін көріп, келгендер қайран қалады. Адам баласының талпынысы мен еңбегінің алмайтын қамалы, жеңбейтін қиындығы болмайтындығын аңғарады.

– Мен қайтып таққа барар едім, бірақ жасым келіп қалды, сонымен қатар, мына қалың жемісті бағымды қалдырып кетуге қимай тұрмын. Сендер маған ренжімеңдер, Рим империясының аумағынан жүрегінде патриотизімі бар, дарынды адам табылар, - депті.

Дегенмен, осы империя қайтадан қалпына келмей, артынан Еуропаны шаңға бөлеген көшпенді ғұндардың соққысынан тарап кетеді. Әр нәрсенің бір шегі болады деген осы. Бұл ұлы оқиғаны археолог және шығыстанушы, тарих ғылымдарының  докторы, атақты ғалым Александр Натанович Бернштам былай деп жазады: сіз бен бізге нақтырақ болсын деп орысша келтірдік. –«Гунны сыграли свою историческую роль приняв участие в крушение огромной многоэтничной и разнородной Римской империи, на политической карте Европы появились новые государственные образования. Вот в этом то и была главная заслуга гуннов и гения Аттилы перед мировой цивилизацией», – дейді. 

Аттілі (Аттила) бастаған ғұндардың жорығы тұтас Еуропаның ұлттарын үйіндегі итіндей үйретіп алған Римді оңдырмай бүк түсірді. Герман, Пари, Гот, Норман, тағы басқа толып жатқан тайпалар мен халықтар өз бостандығын  алып кетті. 

Енді біз, кезінде қызыл империя саналған кеңестер одағына келейік. Өз дәуірінің көсемі В.И.Ленин жетекшілік еткен большевиктер партиясы жұмысшылар мен шаруаларды және қатардағы қарапайым әскерлерді өз идеалогиясымен ұйытып, бір жұдырыққа жинап, үш жарым ғасырлық алпауыт орыс империясын төңкеріп тастады. Үгіт-насихат деп осыны айт! Дегенмен, 1922 жылдан бастап Ленин денсаулығына орай, революциялық іске араласа алмады. Бұдан әрі большевиктер орнатқан қоғамның тұтас билігі И.В.Сталиннің қолына көшті. Кезінде Ленин өз жағына шығару үшін талай ғасыр орыс империясында бодандықтың тіршілігін кешкен өзге ұлт өкілдеріне автономды аймақтар құруға уәде бергенімен, түпкілікті нәтиже шығара алмай, денсаулығынан зардап шегіп ақыры о дүниелік болып кетті. Кеңестер одағын орнату немесе одақтас республикалар мемлекетін құру, шындығын айтқанда осы Сталиннің өмірге әкелген еңбегі десек артық айтпағандық. 

Сонау 1936 жылғы 5 желтоқсанда болып өткен кеңестер одағының төтенше жағдайдағы съезінде оған қатысқан депутаттардың дауысын жинау кезінде, билікке Сталин емес Киров келгенде, одақтас республикалар болар ма еді, кім біледі?! Қанша дегенмен Кировтың тегі орыс емес пе! Өзінің ата-бабасы иеленген кең-байтақ орыс империясының аумағын бөлшектеуге дәті жетер ме еді? Бұл пікірді қазіргі орыс саясаткерлері мен интелегенциясы айтып та-жазып та жүр. 

Қазан революциясы орыс империясының ыдырауына мүмкіндік туғызса, кеше ғана автономиялық еркіндік жөнінде ойлауға мұршасы болмаған ұлттар өз бостандығы үшін күресе бастады. Кеңес өкіметі революциядан кейінгі алғашқы күндерден-ақ империя құрамындағы Польша мен Финляндияның тәуелсіздігін мойындайды. Тіпті, осы елдерден бұрын украинаның орталық радасы Украина халық республикасының құрылғанын жарияласа, іле-шала Белоруссияның ұлттық съезі Белоруссияның тәуелсіздігін мәлімдейді. 

1917 жылы 22 сәуірде өмірге Закавказье сеймінде тәуелсіздігін мәлімдеген Закавказье Федеративтік Республикасы келеді. Жалпы, Финляндияның артын ала Литва мен Латвия, ал 1918 жылдың ақпанында Эстония орыс империясынан бөлініп, өз тәуелсіздігін жариялайды. 

Ресей құзырына қарасты еуропалық бөлігіндегі осы өзгерістер, қазақтар қоныстанған өңірлерге де аса зор саяси ықпал танытты. 1897 жылы орыстың қол астындағы қазақ 4 миллион 84 мың деп тарихи мәліметтерде көрсетілсе, 1913 жылы 5 миллион 64 мың деп жазылған екен. Бірақ, өткен ғасырдағы алапат ашаршылық, осы есепке жеткен халық санын ойсырата азайтып жіберді. Бұл енді бөлек әңгіме.

Өткен ғасырдың сол бір аласапыран уақытында Әлихан Бөкейханов бастаған алаштың ұлы қайраткерлері қазақ елінің ғасырлар бойы қоныстанған атамекенінің аумағын анықтап әрі жинақтап уақыт оздырмай,  қаншама бөгеттер мен қиындықтарды жеңе жүріп Ленинге қол қойдырып алуы теңдессіз ерлік деуге болады. Сол кезеңде РСФСР-дің құрамында болса да, автономды республика болу оңай шаруа емес еді. Қазақ елінің көпшілік бөлігінің сауаты аз, қараңғы болғанына қарамастан, олардың дербес ел болып құрылуына, бодандықтың қамытын серпіп тастауына және қаншама ғасырда бір келетін мүмкіндікті барынша пайдаланып қалуға тырысуы, бірнеше ғасыр езгіде болған қазақтар үшін Алланың берген көмегі деп қарағанымыз да жөн болар. Осының жалғасы ретінде, 1936 жылдың 5 желтоқсанында Қазақ АССР-ы РСФСР-дың құрамынан шығарылып, Қазақ Советтік Социалистік Республикасы болып қайта құрылды. 

Бұл оқиғаны орыстың қазіргі жазғыштары, Сталиннің қарандашының ұшымен Қазақстан мен Қырғызстан бір күнде одақтас республикаға айланды- деп жазып жүргендерін талай рет көрші мемлекеттің басылымдарынан оқып қаламыз. 

Қалай десек те, Қазақстан сол бір жылдарда одақтас республика болып құрылғандығы әлем алдындағы шындық. Осы мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу сол кездегі алдыңғы буын ағаларымыз - қазақ қайраткерлері үшін оңай болған жоқ. Сондай-ақ, кейінгі тың егеру кезіндегі қысылтайаң уақыттағы ұлтымыздың адал да күрескер ұлы, саяси және қоғам қайраткері Жұмабек Ташеновтың ұлы еңбегін мақтанышпен, көкірек кере айтуымызға толықтай болады. 

Ол 1915 жылы 20 наурыз күні Ақмола облысы Вишневский ауданының (қазіргі Аршалы ауданы) Бабатай ауылында дүниеге келеді. Құрылыс техникумын бітіріп, жерге орналастыру жұмысымен айналысады. Тура отыз үш жасында Солтүстік Қазақстан облысының атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарады. 1955 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Президиум Кеңесінің төрағасы болып тағайындалса, 1960 жылдан бастап республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып жұмыс істейді. Бірақ, осы биік лауазымдарға дейін бұл азамат түрлі мемлекеттік қызметте, айтар болсақ, облыстық партия комитеттерінде қызмет атқарды. Мүмкін, Алланың қазақ елінің маңдайына берген ұлы шығар. Сол бір уақытта, Никита Хрущевтің солақай саясатының кесірінен, Қазақстан аумағынан бес облысты тың өлкесіне жатқызып, көрші Ресейдің құрамына кіргізуге шақ қалғанда, өз тағдырын ойламай ара түсуі үлкен ерлік емес пе. Патриотизімнің үлгісі деп осыны айт! Әйтпесе, қазіргі күндері Қазақстан шекарасын қай аумақтан шегендер едік. Қазақ жерінің қазіргі аста-төк астығы кімнің иелігінде қалар еді?!

Әлі есімде, Ақмола облысының Есіл ауданында қызмет етіп жүргенімде, сол өңірдегі астық қоймаларының (элеватор)қабырғаларында «Есиль – ворота целины!» деп жазылып тұратын. Сол жақта жүргенімде жұмыс бабымен  бұрынғы ауылдық партия хатшысы Раздольный ауылының тұрғыны Есбол Керімбеков ақсақалмен кездескенімде, сөз арасында ол кісінің Хрущевтің осы ауданда болғанын және оның кеңес одағының түкпір-түкпірінен келген тың игерушілердің алдында сөйлеген сөздерінен, бұл аймақтардың көп уақыт өтпей РСФСР-дің құрамына қосылатынын аңғарған едім. Сонда «Қазақ жерінде туып, орыс елінде қалатын болдым-ау деп ойлағаным әлі күнге дейін ойымнан кетпейді» дегені әлі есімде тұр. 

Осы одақтас республика үкіметінің түпкілікті қарсы тұруы мен дәлелді және дәйекті түсініктемесінен кейін, қолдан ұйымдастырылған «Тың өлкесі» жобасы таратылып, еліміздің солтүстік облыстары республика құрамында қалғаны белгілі. Бірақ, азулы министірлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов жоғарғы лауазымынан босатылып, сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының атқару комитетінің төрағасының орынбасары болып «айдауға» жіберіледі. Дәл осы оқиғаға орай, Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқовтың қазіргі Қазақстан Республикасының Гиміне айналған құдіретті «Менің Қазақстаным» әні (артынан Елбасымыз Нұрсылтан Назарбаевтың өңдеуімен) қазіргі күндері жалпы қазақстандықтардың сүйікті әніне айналды. 

Жұмабек Тәшеновтің жары Бәтес Ыдырысқызы өзінің сирек те болса журналистерге берген сұхбаттарында, сол бір уақыттағы министірлер кеңесі төрағасының тығырыққа тірелген кезеңдегі ұстамдылығы мен алысты көре білетін қайраткерлігін, азаматтығын сыздықтап айтса да көп нәрсені аңғартқандай. 

Тарихта шешуші рөл атқармаған батырларға аудан, қала аттарын бергенімізде, өз уақытында қазақтардың ұйысып ел болуына, қоныс еткен бүкіл мекендерін жинақтап, мемлекет болуына теңдессіз еңбек сіңірген Әлихан Бөкейханов пен оның үзеңгілес серіктеріне және ешқандай қарусыз, атыс-шабыссыз, жеке басының нартауекелімен қазіргі Қазақстанның біраз аймақтарын сақтап қалған айтулы азаматқа, олар туған облыстан бір-екі  ауданның аты әлі күнге дейін бұйырмағаны қандай өкінішті!  

Бейсенғазы Ұлықбек   

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2018
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2435
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2013
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1585