Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Дат 2717 1 пікір 2 Қараша, 2020 сағат 13:45

Барлыбек тұрған үй қашан музейге айналады?

Алматы - қазақ үшін аяулы да тарихи шаһар. Бұл шаһарда небір мықты арыстардың ізі қалған. Сол үшін де біз бұл қалаға үлкен құрметпен қараймыз. Бірақ... кейінгі жылдары осы тарихи қаламыздағы ескі тарихтың көзіне айналған ғимараттар, үйлер сүріліп жатыр.

Бұзылған үймен бірге бір тарих парасы да күреліп кетіп жатқаны жүректі ауыртады. Десе де тақуа тарихтың куәсіндей болып, ескі бір үй әлі сақталып келеді. Енді осы үй туралы айтайық:

Қадірлі Бақытжан Әбдірұлы!

Алматы қаласындағы Жұбаныш Бәрібаев көшесіндегі №5 үй (қиылысы Әнуар Әлімжанов көшесі №11 үй) тарихи үй. Бұл үйде 14 жыл (1894-1908) ХХ ғасыр басындағы қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, алғашқы Қазақ Конституциясының авторы («Қазақ елінің Уставы» 1911 жыл, 13 маусым), реформатор, демократ Барлыбек Сырттанұлы (23 қазан, 1866 – 26 қараша, 1914 жыл) тұрған. Жетісу әскери облыстық губернаторының кеңсесінде жоғары лауазымды қызметтерді атқарған азамат.

1894 жылы Ташкенттегі Түркістан генерал-губернаторлығын Қазыналық палатасында қызмет істеп жүрген Барлыбек Сырттанұлын арнайы қалап, генерал Г. Колпоковский (1886 жылы бұл генерал гимназист Барлыбек Сырттанұлына стипендия тағайындап, СПб Императорлық университетіне түсірген) шақырған. Генерал қазақтың атпал азаматына осы үйді сыйлаған екен.

Тұлғаның үлкен баласы Абдулқадыр Барлыбекұлының 1967 жылдың 19 сәуірінде жазған күнделік дәптерінде: «Мен, Абділ-Қадір (Кәке) Барлыбекұлы Сыртанов 1898 жылы 21 июньде Алматы қаласы Барибаев көшесі №5 (оңтүстік жағы) Юнных-Комунар көшесі №11 үйде, орташа ауқатты семьяда тудым» деп жазылған. Қазіргі таңда бұл үй сақталған, сол қалпында тұр. Ж. Бәрібаев көшесі №5 үйде Барлыбек Сырттанұлы 14 жыл тұрған (1894 жылдан 1908 жылға дейін). Қазіргі таңда Юнных-Комунар көшесі Ә. Әлімжановтың есімімен аталады.

Бұл үйде заманында Абдулқадыр Барлыбекұлының жазуына қарағанда, қазақтың интеллигенция өкілдері, саяси элиталары жиі-жиі келіп қонақ болып тұрған. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Садық Аманжолұлы, Ыбырайым Жайнақұлы, Біләл Сүлейұлы, Ілияс Жансүгірұлы, Фатима Ғабитова, Мұхтар Әуезов, Қанабек-Күләш Бәйсейітовтер және тағы басқа азаматтар. Бұл үй – тарихи үй.

Сондықтан да осы үйді тезірек мемлекет қорғауына алып, арнайы мемориалды тақта орнатып, болашақта Алматы қаласы тарихи музейінің балансына беріп, Семей қаласындағы «Мұхтар Әуезов және Алаш арыстары» музейі сияқты тұлғалық музейге айналдырса, жақсы болар еді...

Тарихымызды сақтап қалсақ игі еді...

Елдос Тоқтарбай,

жас жазушы, зерттеуші-ғалым,

ҚР "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2027
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2442
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2035
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1587