Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2637 0 пікір 9 Қаңтар, 2012 сағат 05:23

Сәкен Сыбанбай. Назарбаев НТК-ны қалай құтқарды?

«Жаңа жыл» дегенде ең алдымен ойға оралатын үш нәрсе бар: Аяз Ата, шырша және шампан. Біз бұлардың қатарына ...теледидарды қосар едік. Расында да, мерекелік ас мәзіріңізді әзірлеп, жақын-жуығыңызбен бірге дастархан басына жиналғаннан түн ортасы ауғанша төріңіздегі «көк сандыққа» көз салмай отыра алмайтыныңыз анық қой. Көңіл-күйіңіз көтеріңкі болған соң, көгілдір экраннан да сол жандүниеңіздің пернесін дөп басар тұзы татымды дүние іздейсіз. Алайда алып-ұшқан асау көңілдің ыстығын қазақстандық телеарналардың су сепкендей басып тастайтыны қиын.

«Жаңа жыл» дегенде ең алдымен ойға оралатын үш нәрсе бар: Аяз Ата, шырша және шампан. Біз бұлардың қатарына ...теледидарды қосар едік. Расында да, мерекелік ас мәзіріңізді әзірлеп, жақын-жуығыңызбен бірге дастархан басына жиналғаннан түн ортасы ауғанша төріңіздегі «көк сандыққа» көз салмай отыра алмайтыныңыз анық қой. Көңіл-күйіңіз көтеріңкі болған соң, көгілдір экраннан да сол жандүниеңіздің пернесін дөп басар тұзы татымды дүние іздейсіз. Алайда алып-ұшқан асау көңілдің ыстығын қазақстандық телеарналардың су сепкендей басып тастайтыны қиын.

Өз басым мереке күндері отандық арналардан оңған дүние күтуді біраздан бері доғарып жүрген адаммын. Сонда да Жаңа жыл деген пәленің сиқыры бар ма, әлде «расымен-ақ осы жолы бәрі дұрыс болар ма екен?» деген үміт  үзілмей ме, әйтеуір жыл ауысар шақта өзге жұртпен бірге теледидарға телмірмеуге шара қалмайды. Бұл жолы Құдай жарылқап, біраз тәуір бағдарламалар көзге ілінді. Ең әуелі, «Еларнадағы» «Базар жоқ» әзіл-сықақ театрының жаңажылдық қойылымы көңілден шықты. Мұндағы ұлтымызға ғана тән мінез-құлықтарды күлдіре отырып мінейтін әзілдердің ұғынуға жеңіл (бірақ жеңілтек емес), яғни, шынайы мерекелік сипатта болғаны қуантты. Әсіресе Қайрат Әділгерейдің қазақ әжелері туралы қалжыңы, Тұрсынбек Қабатовтың бесік жайлы және оқушылар мен ата-аналар хақындағы әзілдері көкейге қонды. Сықақ номерлерінің арасын көңілді де жақсы әндер жалғап отырды.

Осы арнадағы «Жаңажылдық кинодуман» да, кей тұстарындағы кедір-бұдырларына көз жұма қарасақ, сәтті ойластырылған жоба болып шықты. Көрермен қауым әншілердің кейбірін актерлік қырынан танып жатты. Өткен жылдың үздік сазды бағдарламаларының бірі болған «Саз әлемінің» қорытындысын, яғни, гала-концертін дәл 31 желтоқсан күні көрсету де өте дұрыс шешім болды. Жүргізушілердің де, жалпы сценарийдің де мерекелік сипатта әзірленгені көрініп тұр. Бірақ концертте орындалған әндердің басым көпшілігі тыңдарманды баурап алмақ түгілі, елең еткізуге қауқары шамалы туындылар екен. Әншілердің де дені «Даусымның барын барынша байқата түссем!» деген мақсатты ұстанғандай көрінді. Егер ән мықты болса, орындаушы оны жан-тәнімен беріліп айтса, бәрібір қабылданады ғой. Мәселен, Гауһар Қаспақова да «Қысметті» құлақ жарардай күшті дауыспен айтады, бірақ әннің табиғаты солай ғой, оның үстіне әнші шеберлігі арқылы ол жүректерге жетеді. Ал «Саз әлемінің» гала-концертіне қатысушы жас әншілердің басым бөлігі орындаған туындылар түкке тұрмайтын нашар әндер болғандықтан шығар, «Еларнаны» тура сол мезетте қосып қалған көрермен оларды өзін құтқаруға шақырып, жан даусы шыққан біреулер екен деп қалуы әбден мүмкін еді. Әлде біздің жастардың тыңдайтыны осындай әндер ме?

Бұл арнамен еншілес «Хабар» да 31 желтоқсанда өз эфиріндегі бағдарламалардың - «Әзіл-кеш» пен «Дудар-айдың» жаңажылдық шығарылымдарын көрсетті. Мұнда да әзіл жағы тәуір болғанымен, ән таңдау жөнінен ұйымдастырушылар ұқыптылық танытпапты. Қарапайым адам мереке күні онсыз да өрекпіп тұрған көңілді сәтіне сәйкес ырғақты, жағымды, тіпті баяу болғанның өзінде жүрек қылын нәзік шертетін лирикалық туындылар іздемей ме? Ал жоғарыда аталған жобаларда сондай сипаттамаға сай көңіл көншітер әндер сирек болды. Соған қарағанда түсірілімде қай әнді айтатынын әншілердің өздері таңдаған-ау, сірә.

«Қазақстан» ұлттық арнасы бір апта бойы Жаңа жыл туралы шетелдік кинофильмдерді көрсетіп шықты. Ал мереке күндері көрерменге «Сағындырған әндер-ай!» ретро-фестивалі мен «МузАрт» ансамблінің концерттерін ұсынды. Екеуінің де көпшілік көңілінен шыққаны анық. 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға ауысар сәттегі «Жұлдыз жауған Жаңа жыл» жобасы туралы дәл олай айта алмаймыз, өйткені, әнші һәм ән таңдау жөнінен өзге арналардың кемшілігін қайталады. Осы сөзді «Ән мен Әзіл отауына» да («Астана» арнасы), «Қазақша концертке» де («31 арна») қатыстырып айтуға болады.

Қызық, әншейінде «қазақта не көп, жақсы ән көп» дейміз, ал мереке күні солардың бәрін ысырып қойып, бүгін айтылып, ертең ұмытылатын әләулайларға кезек беріп, қарап отырамыз.

Байқауымызша, бізде отандық арналар айрықша сүйетін өнерпаздар тобы бар екен, олар төрт-бес арнаның бәрінен де көрінді. Керісінше, кей әншілер ешқандай арнадан эфирге шыққан жоқ. Бұл олардың шығармашылығындағы тоқыраудан ба, әлде арна басшыларымен тіл табыса алмауынан ба, түсіне алмадық.

Жоғарыда айналдырған бес арнаның ғана аты аталғанына таң қалып отырған шығарсыздар. Таң қалатын түгі жоқ, өйткені, қалғандары қазақ тілінде жаңажылдық бағдарлама әзірлеуді қажет деп таппаған. Айтпақшы, СТВ 31 желтоқсан күні «Любовь в кредит» атты қазақ фильмін берді. Бір қарағанда, өте дұрыс қадам секілді көрінетіні рас. Бірақ мұның... «мылқау» кино екенін ескерсеңіз (рас айтам, кейіпкерлері еш сөйлемейді), ойланып қаласыз. Көңіл-күйіңіз көтеріңкі, дастарханда дәм әзір, әне-міне кіріп келетін Жаңа жылды асыға күтудесіз, сол алып-ұшқан сезіміңізге сай әсерлі дүние көргіңіз келеді, ал арнаны қосып қалсаңыз - үндемейтін кино!

«Тақиялы періштені» түнгі 02.30-ға қойған «7 ТВ» кешкісін, яғни, ең көрілімді уақытта «Новогодний концерт Фабрики звезд», «Юмористический концерт от создателей Нашей KZаши» деген екі концерт берді. Біріншісі өздерінің өнімі дейік, бірақ қай тілдегілердің басым екені бәрімізге белгілі. Ал екіншісі... Әлдебір жаңа туындыны жарнамалауда, жұртшылықтың қызығушылығын ояту мақсатында оның авторларының бұрын қандай дүрілдеген хиттар тудырғанын еске салу әдісі қолданылатын білеміз. Мәселен, әйгілі «Аватар» фильмі жарыққа шығар кезде афишаларда, жарнамалық трейлерлерде «новый фильм от создателей «Титаника» деп атап көрсетіп жатты. Киносүйер қауым «о, «Титаникті» түсірген режиссердің жаңа фильмі де жаман болмас» деп, кинотеатрларға шұбырды. Яғни, Джеймс Кэмеронның атының өзі әлемдік брендке айналды. Ал «...от создателей Нашей KZаши» деп әспеттейтіндей, «Наша KZашаңыз» кімнің шікірәсі еді? Қазақты мазақ қылудан басқаны білмейтін осы бір бос ыржақай бағдарламаны жауып тастауға «қолдары тимей жүрген» КТК арнасының басшыларына қайранмын.

КТК демекші, бұл арна «Мәссағанның» жаңажылдық шығарылымынан басқа бірде-бір қазақша мерекелік хабар дайындамапты! «Дайын асқа - тік қасық» боп, тек ресейлік дүниелерді қайталап берумен ғана отырды. Күндіз «Джентльмены удачи», «Иван Васильевич меняет профессию», «Операция Ы и другие приключения Шурика» секілді кеңестік кезеңнің комедияларын көрсетсе, түнге қарай «Новогодний огонек на Шаболовке» деген концертті қайталады. Бұл - «Ресей-1» арнасының өнімі. Рас, арасында «Операция Ө или новые приключения Нашей KZаши» деген өз «шедеврлері» де бар. Дегенмен, КТК Жаңа жылды Қазақстанмен емес, Ресеймен қарсы алды деуге толық негіз бар. Бұрын да орыс фильмдерін «Наше кино» деген айдармен ұсынатын арна кейінгі уақытта өздерінің ресейлік бағыттарына адал екенін әбден айқындады. Сол елдің арнасы болмағандарына өкінетін де сияқты...

Ал НТК арнасының 31 желтоқсан күнгі қазақ тіліндегі жалғыз «бағдарламасы» - 23.50-дегі Президент Н.Ә.Назарбаевтың құттықтауы болды. Қалған уақыттың бәрінде - тек ресейлік фильмдер, ресейлік концерттер («Новые песни о главном»), ресейлік шоулар («Комеди клаб», «Комеди вумэн») көрсетілді. Яғни, НТК-ны «таза ресейлік арна» атанудан тек Президенттің құттықтауы ғана «құтқарып» қалды...

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2110
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2522
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2218
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1625