Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Әдебиет 4558 1 пікір 6 Қазан, 2020 сағат 11:46

Ақиық ақын рухы бізге қазір керек!

Қазіргі қазақ қоғамын толғандырып отырған мәселелер туралы айтқанда, ең алдымен, ұлттың ұлы құндылығы – рухани қазынасы алдымен ойға оралады. Ол негізсіз де емес. Бұл бағытта тапқанымыздан  жоғалтқанымыздың көптігі баршаға аян. Әсіресе, басты рухани қазынамыз – ана тілімізге қатысты күрмеулі мәселелердің әлі күнге дейін шешімін таппай отырғаны елдігімізге сын болып тұр.

Осы тұрғыдан алғанда біз, бүгінгі тәуелсіз ел ұрпағы, кешегі тоталитарлық жүйе идеологиясы үстем болған заманда «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген», «Қазақ тілі мен сен үшін мақтанамын» деп асқақ жырын жырлап өткен Жұбандай бабаларымыздың алдында қарыздармыз десек, артық айтқандық болмас. 

Жақында ақынның туған жерінде, Ақжайықта, Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдығына арналған жоспарлы шаралар өтті. Орал қаласында ақын ескерткіші ашылып, алқалы жиын ұйымдастырылды. Елі үшін аянбаған ерін елі де ешқашаш ұмытпайтындығына дәлел болған кешенді шараны ұйымдастырушыларға айтылар сөз – тек алғыс.

Осы кешенді шаралар аясында өткен халықаралық онлайн конференцияға мақала дайындау барысында Жұбағаңның әйгілі тарихи сөзін тағы бір қарап шықтым. Айтайын, жеткізейін деген ойыма тірек болатын қайнарларға тағы бір көзім жетті. Бұл Желтоқсан оқиғасына қатысты тарихи сөздің бүгінгі қазақ жазуы мәселесіне қандай қатысы бар десеңіз, ойымызды таратып көрейік. Бұл арада мен бізде әлі күнге дейін емін таптырмай отырған тілге түскен кесел туралы, нақты айтсақ, жат тілдік ықпал туралы айтқым келіп отыр.  

Туған халқының тағдыры сынға түскен сол сәтте ұлттық мүддені қорғап үн қатқан ақиық ақын қыспаққа түсе бастаған туған тілі туралы сөз айтпауы мүмкін емес еді және ол сөзді ақын айтты да. Ол сөздер бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ.

«Қандай ұлтқа жатпайық, біздер – жазушылар үшін өте бір көкейкесті, өткір мәселе ол - өзіміз жазып жүрген, өзімізді оқып жүрген ана тілінің проблемасы. Онсыз біздің өмір сүруіміздің мәні жоқ» [1]. 

Азаматтық ұстанымын ашық айтқан ақын сөзіне тереңірек үңілсек, қазақ тілінің асқынған мәселелері шешілмесе, біздің ұлт ретінде өмір сүруіміздің мәні бар ма? Ұлы ақын, дана ойшылымыз Абайдың тойын тойлап жүрміз. Ал мына жайды ойлап жүрміз бе? Қазақтың саны көбейген сайын Абай оқырманы азайып бара жатқанын қалай түсіндіреміз? Абай шығармаларының жинағы 1986 жылы 35 000 таралыммен шықса, 2002 жылы сол жинақ «Жазушы» баспасынан 5000 таралыммен жарық көрді. Ал 2014 жылы үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жарық көрген Абайдың Хикмат кітабының таралымы – 1000 дана. Жұбағаң жырлаған «қазақ тілін мақтаныш көретін» қоғам қалыптастырамыз десек, ойланып алатын тұс осы.

Жер-су аты – елдің хаты екені белгілі. Қазақтың ежелгі жер-су атауларының   бұрмалануын ашына айыптаған ақын (Еділ –Волга, Жайық – Орал) сол кезде осы қазақша атауларға тыйым салған мемлекеттік терминология комиссиясын «өздерінің мансаптық құлшыныстарына ұмтылған саяси алыпсатарлар мен ұлттық мешелдерге» теңеді. Өздеріңіз жақсы білесіздер, бұл атауларға қатысты мәселе бізде әлі күн тәртібінде тұр. Жайық өзені атауының орыс тілінде «Урал» болып жазылып жүргендігі қай заңға сияды? Бір өзеннің екі атауы бола ма? Орал қаласы атауының жазылымы да осы қатарда. Бұл атаудың негізі - түркілік. «Орал» - Еуразия кеңістігіндегі тау жүйесі. Орта ғасырлық атау, түркілік ороним ретінде белгілі» [2]. Олай болса фонетикалық транслитерация нормасына сай орыс тілінде де «Орал»болып жазылуы керек. Осы мәселелерді шешуде бізге не кедергі? Жұбағаң айтқандай «азаматтық ерлігіміз жетпей отыр ма», әлде «қоғамдық позициямыздың енжарлығы» қол байлау ма? 

Сол жылдары қысқарған сөздерді (аббревиатура) орыс тіліндегі үлгісімен қолдану туралы да шешім болғаны белгілі (КПСС, ВЛКСМ, ООН). Әлеуеті мен мүмкіндігі мол қазақ тілінің қысқарған сөздерді жазуда, қолдануда өзге тілдерден бір мысқал да кем еместігін айтқан Жұбағаң сол тілбұзар ережені  «ешкімге керегі жоқ алдамшы интернационализмге» теңеп, «осы кезден бері күштеп ендірілген орыс және қазақ тілдерінің ақылға симайтын тіркесуі жалғасып келе жатыр» деген еді. Ақиқатын айтсақ, сол «ешкімге керегі жоқ алдамшы интернационализм» ауруынан біз әлі толық айыққан жоқпыз, «русизмдерді Құран сөзіндей кие тұтып, сол күйінде бұлжытпай алу ауруынан» [3] арыла алмай отырмыз.

Бұл аурудың бізге өтіп кеткендігінің бір дәлелін бүгінгі күні елімізде басталған жазу реформасы қадамдарынан, жаңа әліпби құрамы мен емле ережелері жобасынан байқауға болады. Қазақ тілінің жаңа емлесі жобасында өзге тілдерден енген сөздер кірме және шеттілдік сөздер деп ажыратылған, яғни кірме сөз - қазақ тілі заңына бағынған, игерілген сөздер (самаурын, кәстөм, рөл), ал шеттілдік сөздер - «жазба тұрпаты түпнұсқасынан үлкен айырмасы болмайтын өзге тілден енген сөз».

Келесі пікір бұл түсінікті толықтырып тұр. «Шеттілдік сөздер негізінен әліпби шегіндегі әріптермен қазіргі донор тіл – орыс тілінің орфографиясымен таңбаланадыakvarel, stil, lager, artıkl, kegl, fılm; moderator, marker, vaýcher, sýpervaızer, blokbaster» [4]. «Донор тілге» күні қалған тіл қалай тәуелсіз болады? Орыс тілі қазақ тіліне қашанғы донор болмақ? Бұл сол Жұбағаң айтқан «ешкімге керегі жоқ алдамшы интернационализмнің», өзгені зор, өзін қор санайтын бодандық сананың, керітартпа психологияның мысалы сияқты. Туған тілдің мүмкіндігіне сенбей, шет тілден енген сөздердің басым бөлігін түпнұсқа үлгісіне жақындатып жазамыз деп отырғанымызды басқаша қалай түсіндіреміз?

Біз жеке жат тіл дыбыстары мен әріптеріне (в,ч, ф, и, х)  ғана емес сол дыбыстармен айтылатын тұтас сөздерді өзге тілдің заңдылығымен айтуға, жазуға дағдыланып қалдық. Ал ол дағдының тіл бұзар сипатын бүгінде  айқын сезініп отырмыз. Жат тілдік сөздердің жазылым, айтылымына қарай тілін икемдеп өскен ұрпақ өзінің ана тілінде сол өзге тілдің мақамымен сөйлей бастағаны, өзінің төл сөздерін өзге тілдің заңымен жазып жүргені жасырын ба?

Жалпы біз өз тарихымыздан өзіміз сабақ алатын өрелі қоғам деңгейіне жеттік пе? Егер жетсек, ХХ ғасыр басында  қазақтың ұлттық жазуын қалыптастырған ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының жазу, әліпби, емлеге байланысты қағидаттары – бұл бағыттағы біздің басты ұстанымыз болуы тиіс. Бүгінде тарих ұлт пен ұлт тіліне даму мен өркендеуге жаңа мүмкіндіктер беріп отырғанда тіліміздің ата заңына өріс беру арқылы ғана біз тілімізді табиғи таза қалпында сақтап қала аламыз. Қазақ тіліне  тек өз заңымен өмір сүруге толық мүмкіндік берсек болғаны. Ол - жаңа ұлттық әліпбидің қазақ тілінің сөздік қорындағы барлық сөздерді (шеттілдік сөздерді, терминдерді қоса) сингармонизм заңы, яғни үндесім нормалары бойынша қолдануға мүмкіндік беруі. Қазақ тілінің 9 дауысты, 19 дауыссыз дыбыс, барлығы 28 дыбыстан тұратын дыбыстық қоры арқылы әлемнің барлық тілдерінен келген сөздерді айтуға, сол дыбыстар таңбалары арқылы жазуға болады. Бұл жазу мен әліпби үлгілерін ғалымдар ұсынып та жүр [5].

Шеттілдік сөздерді қазақ тілі заңдылығына бағындырып айту мен жазу, ең алдымен, тіл болмысын сақтайтын, тілді өзге тілдер ықпалынан қорғайтын ең қуатты құрал екендігін ұмытпайық. Сондықтан да жат (кірме) дыбыс пен таңбалардың, жат сөздердің тілімізде қолданылуы мәселесіне байланысты  түпкілікті байлам мен шешімге келу маңызды. «Мәскеу мен Ресей, зауыт» сөздерін қазақ тілі заңдылығымен, ал «Украина мен Киев, фабрика» сөздерін орыс орфографиясымен жазып жүргенімізді қалай түсіндіреміз? Бұл арада жартылай шешім болуы мүмкін емес. Қазақ жазуы мен емлесінде шешімін күткен осы мәселелер болашаққа жүк болмауы үшін бүгін шешілгені дұрыс

«Табыспен ілгері жүру үшін жүрер жолдағы кедергіні алып тастау керек» (Жұбан). Қазақ тіліне де тіл тынысын ашатын, тілді бодандықтан құтқаратын нақты қадам қажет. 

Ұлы аманат етейік еркіндікті,
Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті.
Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең
«Қазақ болу – зор бақыт» дер күн тіпті, - деп Жұбан ақын айтқан күн тусын десек, бүгінде біз туған тілімізді шын мағынасында жаңғыртамыз, азып-тозудан сақтап қаламыз, болашақ ұрпаққа асыл қалпында жеткіземіз десек, осы тәуекелшіл қадамды жасауымыз керек деп ойлаймыз. Осы «ұлт үшін деген ұлы істе» (А.Байтұрсынұлы) «ақын болып туып, Махамбет болып өмірден өткен» (С.Адамбеков) асқақ рухты азамат  ақын Жұбағаң рухы, отты сөздері әрдайым бізге күш-қуат беретіні, туған халқымен, ана тілімен бірге болатыны анық. Жұбағаң рухы бізге қазір қажет! 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ж.Ақбай  «Жұбан:Мен – қазақпын,биікпін, ерікті ұлмын». Орал, 2010, 173-176 б.

2. А.Матвеев «О происхождение названии «Урал», в книге «Вопросы истории Урала» Сбор.статей.Свердловск, 1961

3. Қайдар Ә., Айтбайұлы Ө. Тіл майданы. Алматы. «Арыс»., 2000 ж. 115 б.

4. Қ.Күдеринова  «Жаңа емле – сындарлы қадам»,«Ег.Қаз»,22.01.19 ж).

5. Ә.Жүнісбек, 1.01.2019 ж, «Ана тілі»

Болат  Жексенғалиев, 

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы

Abai.kz

1 пікір