Жұма, 26 Сәуір 2024
Дода 4462 12 пікір 30 Қыркүйек, 2020 сағат 20:34

Үгіт-насихаттың сіргежияры

(Еңбекшіқазақтықтарға хат)

Сонымен, «Nur Otan» партиясы жариялаған праймериздің үгіт-насихат кезеңі соңғы күнге жетті. Енді санаулы сағаттардан кейін бұл науқан тоқтатылып, үш күн бойы үміткерлерге дауыс беріледі.

«Nur Otan» партиясы тұңғыш рет праймериз өткізіп отыр. Мен де мұндай үлкен шараға алғаш рет қатысудамын.

Көңілімде екі түрлі тілек бар.

Бірі – өзім қызмет ететін партияның бұл тұңғыш шарасы абыроймен сәтті өтсе екен;

Екінші, еңбекшіқазақстандық партияластарым қолдап, көп дауыс жисам екен деген.

Ел қатары тіркелдік. Он күн уақыт бөліп, Еңбекшіқазақ ауданына барып, он бес ауылды аралап қайттым. Кездесулер өткіздім, дебатқа қатыстым...

Бәрі ойдағыдай болды. Әсіресе, ауыл әкімдері мен әріптестерімнің ықылас-пейіліне дән риза болдым. Әкімдердің көбі, тіпті, басым бөлігі – жап-жас жігіттер. Арасында «Болашақ» бағдарламасының аясында шетелден білім алып келгендері де бар екен.

Әкімдер мен әріптестерімді сайлауалды бағдарламаммен таныстырдым. Бәрін де мұқият тыңдап, қолдайтындықтарын білдірді. Әсіресе, «Заңнамаларды қағазбастылық пен жемқорлыққа апарып соқтыратын басы артық анықтамалардан арылту» және «Шекаралық өңір тұрғындарын әлеуметтік қорғау туралы» арнайы заң қабылдау жайлы бастамаларымның қатты ұнағанын байқадым.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында «Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткі­зуге болады деп ойлаймын» деді.

Ауыл әкімдерімен сөйлесу, пікірлесу барысында, олардың бұл бастаманы қатты қолдап, қуанып отырғаны назарымды бірден аударды.

Әсіресе, Президенттің «Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзіреттерді бөлу және жергілікті өзін өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет» деген тұсын біраз сөз еттік. Жолдаудағы «мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзіреттерді бөлу және жергілікті өзін өзі басқару ісін айқындап алу» мәселесі қатты толғандырып отырғанын аңғардым.

Мен Қытай көсемі Дэн Сяопин реформасының куәгерімін.

Саясаткер ағам Рақым Айыпұлы елу жасқа толғанда, бірінші болып, Рақаң туралы «Жас Алаш» газетіне «Ол - Дэн Сяопин мектебінің түлегі» деген мақала жазғам.

Дэн ақсақалдың мектебінен түбінен барып оқымасам да, Ойманбұлақта жатып, шет жағасын көре қалған азаматпын.

Және ол реформасының болмысын көріп, дүбірін тыңдап қана қойғам жоқ. Жиырма бес жасымда қолыма тиген бармақтың басындай ғана кішкене мәнсаппен Үкімет бюжетінен мол қаржы бөлдіріп, үлкен мектеп салдырған, қысқасы нақты іспен айналысқан адаммын...

Демек, ауыл басқарудың ескі үлгісін тастап, жаңа басқару механизмін енгізетін кездің келгенін әбден сезіндім. «Егер, Мәжіліске депутат болып сайланып жатсам, бұл мәселені көтеріп қана қоймай, Заңмен шегелеуге ықпал етем!» деп, іштей бекіп қайттым.

Біз реформаны жайлап, ауылдан бастай бергеніміз дұрыс.

Праймериздің үгіт-нәсихат кезеңі басталғалы бері қазақтың көрнекті ақын-жазушылары Смағұл ЕЛУБАЙ (жазушы, кинодраматург, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері), Жабал ЕРҒАЛИЕВ (жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, экс-сенатор), Несіпбек АЙТҰЛЫ (Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты), Есенғали РАУШАНОВ (Мемлекеттік сыйлықтың лауреат), Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ (Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері), Жұмажан ЖҮКЕНОВ («Nur Otan» партиясының мүшесі, «Парасат» және  «Құрмет» ордендердің иегері, партия ардагері), Тұрсынхан ЗӘКЕНҰЛЫ (тарих ғылымдарының докторы, «Күлтегін» сыйлығының лауреаты, Еуразия Университеті Шығыстану кафедрасының профессоры), Таухитан ЗАМЕНҰЛЫ (этнограф, Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, «Түркі халықтарының өнері мен әдебиетіне қосқан үлесі үшін» медальының иегері), Бекқожа ЖЫЛҚЫБЕКҰЛЫ (ақын, Филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия Ұлттық унверситетінің прафессоры), Жанболат ҚҰРМАН (ақын, кәсіпкер), Дәурен ҚУАТ (көрнекті жазушы, журналист, «Президент сыйлығының», Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Түркі жазушыларына арналған халықаралық Махмұт Қашқари атындағы сыйлықтың лауреаты, Ақпарат саласының үздігі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы), Ербосын НҰРМҰҚАНҰЛЫ (экономист, кәсіпкер), Әбдрахман Әріпұлы (композитор) бастаған біраз тұлғалар мені қолдап, пікірлері мен жүрекжарды тілектерін айтыпты.

Иә, ағаларым мен бауырларым менің Елбасы ерете жолға қойған Көші-қон саясатының Заңнамаларына түбегейлі өзгертулер мен толықтырулар енуіне, қандастарымыздың кедергісіз құжаттануына ықпал еткенімді тілге тиек етіпті.

Рахмет, бәріне!

Осы жерде бір тағы бір түйінді ескерте кетейін.

Бойыңда тасқындап тұрған күш пен жігер, миыңда жаңалық жасам деген лапылдаған идея болғанымен, оны іске асыратын берік тұғыр, демейтін жылы алақан керек.

Мен үшін сол берік тұғыр – «Nur Otan» партиясы, жылы алақан – оның Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мәулен Әшімбаев, Бауыржан Байбек секілді бұрынғы-соңғы басшылары мен хатшылары болғанын аса мақтанышпен айтып өту – маған парыз.

Сондай-ақ, Жұмажан Жүкенов, Бахыт Темірова, Сақтаған Сәдуақосов секілді тіке басшыларым мен Дәурен Қуат бастаған БАҚ жетекшілеріне де дән ризамын.

Және қайталап айтайын, бұл тұлғалар менің осы салада еркін көсіліп жұмыс істеуіме, сөйтіп көші-қонның түйткілді мәселелерін мемлекеттік деңгейде шешуіме барынша мол мүмкіндік берді!

«Үкімет адамдары (мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ішкі істер министрлігі, т.б.) жалпы көшке қарсы емес екен. Алайда, нені не істеу керек екендігін білмей отырған. Әукең араласқан соң жоғарыдағы он мәселенің орайы табылып, істің беті оңғарылып шыға келді» -деп, Дәурен Қуат дұрыс айтады.

Білмеу өз алдына, білгеннің тілін алмай иманыңды ұрарын қайтерсің! Бұл – аталған екі министрлікке ғана емес, барлық министрлікке тән ауру!

Реті келіп тұрғанда айта кетейін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз қолымен құрған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі сол білмейтіндер мен білгісі келмейтіндерге біраз нәрсені білдірді, ұқтырды және оны атқартты да!

Енді әуелгі сөзімізге оралсақ, праймериздің тұңғыш өтіп жатқанына байланысты, барлық облыс басшылары тікесінен тік тұрып қызмет істеп жатыр. Сол қатарда «Nur Otan» партиясының Алматы облысытық және Еңбекшіқазақ аудандық филиалы басшылары Жанболат Жөргенбаев пен Қуат Байғожаев бастаған ұжымның жұмысын өз көзіммен көріп келдім. Аудан әкімі Қуанышбек Қашқынбаевпен де кездестім. Абыржу мен тәуекелдің қос ескегін тең есіп жатқан шағының куәсі болдым. «Кемедегінің жаны бір» демекші, жасап жатқан қызметтеріне өзім де іштей риза болып, партияішілік іріктеудің өз деңгейінде сәтті өтуіне тілектес екенімді білдірдім. Одан бері де екі апта өте шықты, қыруар іс тындырылғаны белгілі.

Ал, менің праймеризден озып келуім мен келмеуім – Еңбекшіқазақ ауданында тұратын партияластарымның патша көңіліне байланысты.

Құрметті еңбекшіқазақтық партияластар!

Егер,

- «Нұрсұлтан бастаған нұрлы көш» тіпті де көлікті болсын десеңіздер;

- Реформа ауылдан басталсын десеңіздер;

- Заңнамаларды қағазбастылық пен жемқорлыққа апарып соқтыратын басы артық анықтамалардан арылту керек десеңіздер;

- «Шекаралық өңір тұрғындарын әлеуметтік қорғау туралы» арнайы Заң қабылдансын десеңіздер, мені қолдап, маған дауыс беріңіздер!

Мен Сіздермен біргемін!

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

12 пікір