Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3978 0 пікір 4 Қаңтар, 2012 сағат 06:55

Болат ӨЖКЕНОВ. Еліміздегі жер қойнауын барлау: кеше, бүгін және ертең

Бүгінгі таңда біздің республикамыз негізгі пайдалы қазбалар қоры жөнінен әлем елдерінің алғашқы ондығына кіреді. Сол қазба байлық­тарға жоспарлы түрде аймақтық геологиялық зерттеу жүргізіп, болжамды қорды бағалау мен кен орындарын анықтау - геологияның басты міндеттерінің бірі болып табылады. Сондықтан да еліміздің жер қойнауын оңтайлы зерттеу мақсатындағы Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес ел Үкіметі «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» акционерлік қоғамын құрды.

Жалпы, тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде эко­но­миканың құрамдас бөлігі ретінде геология саласы да түрлі күрделі құрылымдық өзгеріс­терді бастан өткерді. Дегенмен, игі болғанда, өтпелі кезеңді еңсеруге қажетті қалыптасқан жүйе сақталып қалды. Өткен ғасырдың 50-жыл­дары орталықтандырылған геологиялық қызмет ұйымының тұсында құрылған бұл жүйе өзінің тиімділігін дәлелдеп, болмашы ғана өзгеріспен бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Әуелі тапсырыс­тар азайып, өндірістік жүктеме­лер артқан ке­зеңнің өзінде күрделі геологиялық мәселелер шешімін тауып, мемлекеттік органдар жер қойнауы мен оны пайдаланудың жай-күйі туралы ақпаратпен қамтамасыз етіліп тұрды.

Бүгінгі таңда біздің республикамыз негізгі пайдалы қазбалар қоры жөнінен әлем елдерінің алғашқы ондығына кіреді. Сол қазба байлық­тарға жоспарлы түрде аймақтық геологиялық зерттеу жүргізіп, болжамды қорды бағалау мен кен орындарын анықтау - геологияның басты міндеттерінің бірі болып табылады. Сондықтан да еліміздің жер қойнауын оңтайлы зерттеу мақсатындағы Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес ел Үкіметі «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» акционерлік қоғамын құрды.

Жалпы, тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде эко­но­миканың құрамдас бөлігі ретінде геология саласы да түрлі күрделі құрылымдық өзгеріс­терді бастан өткерді. Дегенмен, игі болғанда, өтпелі кезеңді еңсеруге қажетті қалыптасқан жүйе сақталып қалды. Өткен ғасырдың 50-жыл­дары орталықтандырылған геологиялық қызмет ұйымының тұсында құрылған бұл жүйе өзінің тиімділігін дәлелдеп, болмашы ғана өзгеріспен бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Әуелі тапсырыс­тар азайып, өндірістік жүктеме­лер артқан ке­зеңнің өзінде күрделі геологиялық мәселелер шешімін тауып, мемлекеттік органдар жер қойнауы мен оны пайдаланудың жай-күйі туралы ақпаратпен қамтамасыз етіліп тұрды.

Сондай-ақ, минералдық-шикізаттық кешен мен геологиялық зерттеу жүргізу әдістемесінде де айтарлықтай өзгерістер болды. Егер өндіріс­тің социалистік тәсілінен нарықтық эконо­микаға көшкен тұста барлық геологиялық барлау жұмыстары бюджеттен қаржыланды­рылған болса, одан әрі бюджет есебінен тек аймақтық геологиялық зерттеулер мен ғылыми жұмыстар ғана орындалатын болды. Ал іздеу және барлау жұмыстары отандық және шетелдік инвестор­лардың есебінен жүргізілді. Сол бір посткеңес­тік бюджет тапшылығы мен тәуелсіз жас мемлекеттің қалыптасуы жағдайында геология­лық барлау жұмыстарына орасан әрі тәуекелді шығындар жұмсау тиімсіз еді. Сондықтан да жер қойнауын игерудің инвестициялық бағ­дарламасы әзірленіп, инвестиция тартуға қолайлы жағдайлар жасалды.

Қазақстан Президентінің пәрменді шарала­рының арқасында геологиялық барлау саласына үнемі назар аударылып отырды. Айталық, 1998 жылы «Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясын одан әрi iске асыру жөнiндегi шаралар туралы» Президент Жарлығына сәйкес Қазақстанның геологтары Минералдық-шикі­заттық кешені қорының базасын дамыту­дың ұзақ мерзімдік стратегиясын әзірлеп шығарды. Жер қойнауының байлығын орынды пайдалану және қорғау осы Стратегияның негізгі болып табылады. Оның жүзеге асырылуы геологиялық сала мен минералды-шикізаттық кешеннің кезеңдік дамуын, яғни пайдалы қазбалардың шығарылуы мен олардың толыққанды әрі нақты есебін алуды, минералды-шикізаттық базаны, жер қойнауын, оны пайдалануды, сондай-ақ қауіпті геологиялық үрдістерді бақылауды қамтамасыз етуден бастап, жер қойнауын алдын-ала геологиялық зерттеуді толық қамтама­сыз етуге дейінгі жұмыстарды қамтыды.

Атқарылған жұмыстардың нәтижелері де көп күттірген жоқ. Жалпы, 1996-2010 жылдар аралығында республика бойынша негізгі пайдалы қазбалар қоры айтарлықтай өсіп, 750 тонна­ға жуық алтын, 3 мың тоннаға жуық күміс, 5 млн. тоннадан аса мыс, 600 мың тоннадан аса қорғасын, 2 млн. тоннаға жуық мырыш, 17 млн. тоннадан аса титан, 80 мың тоннадан аса молибден өндірілді. Мемлекет қазынасы 920 мың тонна никельмен, 80 мың тонна уранмен, 1,5 млрд. тоннадан астам темір рудаларымен, 40 млн. тоннадан астам марганец рудаларымен толықты. Бұған қоса 1,7 млрд. тоннаға жуық мұ­най, 170 млн. тоннаға жуық конденсат өнді­рілді. Жалғастыра беруге болатын осындай же­місті көрсеткіштер тізбегіне қарап отырып елі­міздің экономикалық әл-ауқатының қарқынды өсе түскендігін көреміз.

Осылайша, отандық геологиялық сала мемлекетіміздің аяққа тұрған кезеңінен бастап жер қойнауын еліміздің басты байлығы ретінде кешенді және тиімді пайдалануды қамтамасыз етіп, егемен Қазақстанның аумағын геология­лық жете зерттеу жұмыстарын жоспарлы түрде дербес жүргізуге қол жеткізе білді. 1997 жылы қазақстандық геологтардың белсенді атсалысуымен ТМД елдерінің жер қойнауын барлау, пайдалану және қорғау жөніндегі үкіметаралық кеңес құрылды. Бүгінгі күнге дейін аталмыш Кеңестің жұмысы аясында қазақстандық геоло­гиялық сала ТМД елдерімен тығыз байланыс жасап, бірнеше бірлескен жобалардың жүзеге асуына қол жеткізді, бірлескен еңбектер жарық көріп, заң базалары бейімдендіріле түсті.

Сондай-ақ, еліміздің гео­логиялық қызметі әзірлеген жер қойнауын пайдалану жүйесі көптеген елдер­дің алдыңғы қатарлы заң және қаржылық ұйым­дарында үз­дік деп танылып, еліміздің минералдық-шикізаттық ке­ше­ніне 170 млрд. АҚШ долларынан аса инвестиция тар­туға мүмкін­дік бергендігін мақтанышпен атап өтуге болады. Біздің гео­логтардың еңбектерін шетел­дік мамандардың өте жоғары бағалап, осы саладағы қазақстан­дық ғалымдар мен басшы мамандардың пікір­лерімен санасып отыратындықтары да көңіл қуантады. Халық­аралық геологиялық конгресс­тердің және ТМД елдерінің жер қойнауын барлау, пайдалану және қорғау жөніндегі үкімет­аралық кеңестің жұмыс­тарына Қазақ елінің мамандары белсене атсалысып отыратындығы, сондай-ақ түрлі шетелдік геологиялық қызмет­тер мен компаниялардан ынтымақтастыққа шақыратын ұсыныс­тардың үнемі түсіп жататындығы - соның дәлелі.

Экономиканың сапалы түрде өркендеуінің құрамдас бір бөлігі ретінде қарап, әрқашан қолдау жасап отыратын Елбасымыздың назарынан геологиялық сала ешқашан тыс қалып көрген емес. Өзінің «Жаңа кезең - жаңа экономика» атты мақаласында ол ескі экономикадан жаңа экономикаға өтетін жолды саралай отырып, табиғи байлықтар қоры мен минералдық-шикізаттық ресурстар, яғни республиканың экономикадағы дәстүрлі артықшылығын барынша пайдалану қажеттігі көрсетілген мемле­кет­тің стратегиялық міндеттерін еске салады. «Қазақ­стан геологиялық, тау-кен істерінің дәстүрлі дамуын калпына келтіріп, нығайта, руда өңдеу мен металл балқыту жөніндегі осы заманғы технологиялардың дамуын қамтамасыз ете отырып, әлемдік минералдық-шикізаттық кешен­дегі өзінің күшті позициясын сақтауға қабілетті және солай етуі тиіс», - деді Мемлекет басшысы. Ел Президентінің осындай қамқорлығының арқасында республикамызда мемлекеттік геоло­гия­лық зерттеу саласындағы жұмыстар көптеп қаржыландырыла бастады. Мұның өзі геоло­гиялық зерттеулердің неғұр­лым қарқын алуына себін тигізді. Минералдық-шикізаттық қорлар­ды тиімді және кешенді түрде игерудің негізгі өлшемдерінің бірі геоло­гиялық ақпарат­тың нақтылығы, жылдамдығы және қолжетімдігі екендігі ескеріле отырып, Қазақстан геологтары кен қорының деректер банкін, көмірсутегі шикізаты деректерінің ұлт­тық банкін жасап шығарды. Бұл еңбектер де ха­лық­аралық дәрежеде жоғары бағаға ие болды.

Біздегі мердігер ұйымдар туралы айтар болсақ, олар - тәуелсіздік жылдары жеке акцио­нерлік қоғамдарға айналған одақ тұсын­дағы бұрынғы экспедициялар мен геологиялық ұйымдар. Бұл компаниялар өтпелі кезеңнің түрлі қиындықтарына қарамастан, өндіріс көз­дері мен тәжірибелі мамандарын сақтап қала отырып, өздерінің материалдық-техникалық базаларын да айтарлықтай кеңейтіп алды. Бүгінде олардың көпшілігі замануи шетелдік бұрғылау және тау-кен ісі құралдарымен, технологиялық саймандарымен жарақтандырылған. Мұнда те­рең ұңғымаларға арналған сандық техникалы лабораториялар, заманауи геофизикалық құрал­дар мен далалық диагностикалық жабдық­тар пайдаланылады. Әуелі кейбір компаниялардың көп салалы қазіргі заманғы зертханалық талдау кешендері де бар. Бұдан басқа, Қазақстанда геология саласына жоғары сапалы қызмет көр­сете­тін бірқатар арнайы бұрғылау, геофизика­лық, геологиялық-экономикалық ұйымдар жұ­мыс істейді. Кен орындарына мемлекеттік геология­лық зерттеу мен барлау жүргізетін барлық компаниялар сандық карта жасауға, кен қорын есептеп, модельдеуге арналған арнайы бағдар­ламамен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, бұл компаниялар бүгінде ақпараттық технологияларды енгізуге қажетті барлық компьютерлік техникамен жарақтанған.

Геологиялық барлау компанияларында кез келген геологиялық мәселелерді шеше алатын жоғары деңгейлі кәсіби практик-мамандар: геологтар, геолог-экономистер, геофизиктер, геохимиктер, бағдарламашылар жұмыс істейді. Бүгінде Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына келіп түсетін материалдар дәстүрлі қол есептеумен қоса, Micromine, Datamine, т.б. сияқты заманауи бағдарламаларға сәйкес алынған мәлімет, модельдермен расталады.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында минералдық-шикізаттық кешенді дамыту жө­нін­дегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарла­ма жасалған. Бұл Бағдарламаға сәйкес аймақ­тық геологиялық зерттеулерді, оның ішінде ең алдымен перспективалы учаскелерде геология­лық-минерагендік карталауды қарқынды жүр­гізу, бұрын суретке түсірілген аумақтарды геологиялық жете зерттеуді аяқтау және алтын, мыс, полиметалдар, марганец, уран іздеу мен іздеу-бағалау жұмыстарының аумағын арттыру көзделген. Сондай-ақ, іздеу-бағалау жұмыста­рын ұйымдастыруға арналған әдістемелік құралдар әзірлеу және бұрғылаудың тиімділігін арттыру мен жер қыртысын қорғауға қажетті заманауи тәжірибелік-конструкторлық технологияларды даярлау сияқты іргелі зерттеулік және ғылыми-қолданбалық жұмыстар жоспарланған.

Ендігі кезекте еліміздің минералдық-шикі­заттық базасын нығайту жөніндегі перс­пективалық міндеттерді табысты жүзеге асыру геология саласының негізі міндеті болып табылмақ. Сондықтан да Елбасының бастамасымен құрылған «Қазгеология» компаниясы тәуелсіз 20 жылдың жетістіктерін ту етіп, жылдар бойы жинақталған бай тәжірибеге, қолайлы инфрақұрылым мен тәжірибелі мамандарға сүйене отырып, егемен еліміздің қуатын арттыра бермек.

Болат ӨЖКЕНОВ, «Қазгеология» ұлттық геологиялық

барлау компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы.

«Егемен Қазақстан» газеті

4 қаңтар 2012 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 397
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 217
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 233
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 227