Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4958 0 пікір 28 Желтоқсан, 2011 сағат 08:29

Айбек Қалиев: «Жазба ақындардың ішінде айтыскерлерге деген қатып қалған «тоң» бар»

Дауылдай өртке тиген өлеңімен» қаршадайынан танылып, алқалаған әлеуметтің сүйіспеншілігіне бөленген айтыскер Айбек Қалиев қырғызбен қазаққа танымал ақын.Олай деуімізге кешегі өткен Астанадағы Тәуелсіздік айтысында Қырғыз делегациясын бастап келгенРысбай Исақов, (Манасшы) өз сұхбатында қазақ айтысы жайында өрелі пікірін айта келіп, «Біз Қырғыздар қазақ ақындарының аяқ алыстарын үнемі қадағалап отырамыз. Қазақ ақындарының ішінде жүрісінен жаңылмай, дауысы қарлықпай, ел-жұртының үмітін ақтап келе жатқан айтыскерлердің көш басында Айбек тұр» деуі үлкен баға. Бұдан асқан ақынға қандай атақ керек. Арқалыққа жолымыз түсіп тұрып, Астанамен «қоштасып» Арқалықпен «достасқан» ақынға жүздеспей кете алмадық.

Жазба ақындардың ішінде айтыскерлерге деген қатып қалған «тоң» бар

Торғайға тас жол барғанша 22 жыл 7 ай керек

-Айеке, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педогогикалық институтыныңфилология факультетіне декан болып келгеніңізден көпшілік хабардар. Қаланың әлеуметтің жағдайына зер салып жүрген боларсыз? Аз уақытта не байқадыңыз?

Дауылдай өртке тиген өлеңімен» қаршадайынан танылып, алқалаған әлеуметтің сүйіспеншілігіне бөленген айтыскер Айбек Қалиев қырғызбен қазаққа танымал ақын.Олай деуімізге кешегі өткен Астанадағы Тәуелсіздік айтысында Қырғыз делегациясын бастап келгенРысбай Исақов, (Манасшы) өз сұхбатында қазақ айтысы жайында өрелі пікірін айта келіп, «Біз Қырғыздар қазақ ақындарының аяқ алыстарын үнемі қадағалап отырамыз. Қазақ ақындарының ішінде жүрісінен жаңылмай, дауысы қарлықпай, ел-жұртының үмітін ақтап келе жатқан айтыскерлердің көш басында Айбек тұр» деуі үлкен баға. Бұдан асқан ақынға қандай атақ керек. Арқалыққа жолымыз түсіп тұрып, Астанамен «қоштасып» Арқалықпен «достасқан» ақынға жүздеспей кете алмадық.

Жазба ақындардың ішінде айтыскерлерге деген қатып қалған «тоң» бар

Торғайға тас жол барғанша 22 жыл 7 ай керек

-Айеке, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педогогикалық институтыныңфилология факультетіне декан болып келгеніңізден көпшілік хабардар. Қаланың әлеуметтің жағдайына зер салып жүрген боларсыз? Аз уақытта не байқадыңыз?

-Арқалыққа келгеніме де 2,5 жылға жуықтапты. Атылған оқтай уақыт шіркін, зымырап өтіп барады. Арқалықтың әлеуметтік жағдайын Қазақстанның өзге аймақтарымен салыстыруға мүлде болмайды. Өзге қалалардан көш төмен. Мұным жаңалық емес. Айтыла-айтыла жауыр болған тақырып. Бірақ бұрынғысына қарағанда жақсы. Ескі мен бүгінді теңестіру қанымызға әбден сіңді ғой. Алайда, көптіртіп мақтай алмаймын.  Азда болса көңілге демесін болатыны аласапыран кезеңде қираған қаламыздың  бірте-бірте орнына келіп, жөнделіп халықтың игілігіне берілуі дер едім. Көшелердің сәлде болса ретке келіп жатқаны да, халықтың заманның ыңғайына бейімделе бастағаны да қуантады.  Кәдімгідей үкіметтен бөлінген қаржыны ұтымды, тиімді пайдаланудың арқасында азда болса көркею бар. Көз тиюден сақтасын. Азға қанағат етіп үйренген халықтың ұрпағымыз ғой, бұғанда шүкір дейік.

-Қаладағы жұмыссыздық деңгейі қалай? Халықпен етене аралысып жүрген соң назарыңызда ғой?

-Жұмыссыздық әрине бар. Өйткені бұл жақта жұмыс істеп жапырып жатқан кәсіпорындар жоққа тән. Жекелеген бизнесі мен шаруасын дөңгелетіп отырғандар баршылық. Дегенмен  халықтың көбі бюджеттік мекемелерде жұмысқа жегілгендер. Олар жалпақ жұртқа «танымал» мұғалімдер мен дәрігерлер, зейнеткерлер, акиматтағылар, т.б үкіметтік саланың қызметкерлері. Қаладағы қолынан іс келетіндердің дені «Алюминқұрылыста» екі қолға бір күрек ұстап, бала шағасын асырап жүр. Содан кейін ТБРУ  (Торғай баксит кен басқармасы), (Машкевичтердің қол астындағы кен орыны ғой) бар. Ол жердеде жергілікті жердің азаматтары әртүрлі орындарда нәпақа тауып, қолы қимылдағасын аузыда қимылдап, тәуелсіздіктің жұпар ауасын құныға жұтуда.

-Өзіңіз айтқан Арқалықтағы жалғыз кен өндіретін зауытқа қазақ азаматтарын қара жұмыстың өзіне аз тартады деген жел сөз баяғыдан айтылып жүр?

-«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» ғой. Жат жұрттықтардың қолында болғандықтан, оларға әй деуге әзірге биліктің шамасы жетпей тұр. Сондықтан «Қазаншының еркінде қайдан құлақ шығарамын деседе». Кеңес дәуірінде кеншілер қаласы атанып, қаланың басым бөлігі жұмыс істеген ТБРУ дың  бүгінде қоғамдық белсенділігі төмендеп кеткені жасырын емес. Олардың енжарлығын мынадан  байқауға болады. Мысалы қаламызда өтіп жататын іс шараларға (Әкімдікте артық қаржы қайдан болсын), әртүрлі байқауларға, өнер саласына, спортқа  жалпы қаланың өркендеуіне, дамуына бір рет болсада ат салысқанын көрмеппін.  Ел іші болған соң, түрлі шараларға көп жағдайда демеушілердің көмегі ауадай қажет. Бұл жағынан «Альюминқұрылыс» алда тұр. Демеушілігімен бірге қаусаған ғимараттардың қайта қалпына келуіне де тигізген пайдасы орасан.  Жоғарыдағы сөз еткен  мәселелердің бәріне демеушілік етеді. Арқалық- Торғай тас жолында осылар салып жатыр. Бір сөзінде әкімнің орынбасары Арқалықтың тең жартысы «Альюминқұрылысқа» қол жайып отыр дегені бар еді. Әсірелеу болса да мұнда шындық бар.  Басшысы да қазақ азаматы. (Абай Мұқанов) . Елге демеу болып жаны ашитын да, өзіңнен туғандықтан жат болмайтын да сондай жігіттер. Лайым, елге бүйрегі бұрып тұратын осындай  азаматтар аман болсын.

-Қалай ойлайсыз, Арқалық қазақылыққа бет бұрып келе ме?

-Арқалық ешқашан орыстанған қала емес. Кешегі кеңес дәуірінде де қазақтардың үлес салмағы көп болған бұл қалада. Алғашқы облыс болып құрылған жылдары өзге ұлт өкілдері келген шығар. Бірақ Амангелді, Жангелді аудандарының қазақылығын олар жеңе алмады.  Анау Қостанай, Павлодар, Петропавл секілді кеңес дәуірінің үстемдігінен арыла алмай отырған жоқ, Арқалық. Мұндағы қазақ тілінің үстемдігі олардан көш ілгері. Бүгінгі таңда асыра айтқандай болмайын Арқалықта жүз пайызға жуық қазақтар тұрады.

-Қазіргі Торғай халқының ең өзекті проблемасының бірі Арқалық- Торғай тас жолы екені даусыз? Екі-үш жылдың жүзі болды тас жол тастабандап алпыс шақырымнан аса алмай тұр? Неге?

-Торғай мен Арқалықтың арасы екі жүз сексен жеті шақырым. Әзірге бұрынғы жолды жамап жасқап өтіп, тыңнан үш жылда отыз шақырымнан аса керемет жол салынды. Сөйтіп алпыс шақырымнан астам жол айнадай жылтырып жатыр. Жерлестерімнің көлігі су төгілмес жорғайдай тайпалып, алпыс шақырымды жиырма жылда жеткен жетістігіміздей құйғытып өткенімен, ары қарай кеңес дәуірінің қойнауына кіріп кеткендей шабандап қалады. Оның түрлі себептері бары анық. Оны үкіметтің құзырына қоялық. Енді бұлай кете берсе, жай ғана арифметикамен  жылына он шақырымнан есептеп көріңіз. Торғай қаласына жеткенше, жиырма екі жыл жеті айдай уақыт керек екен. Тірі болсақ елу елдің қатарына кіргенше таяп қаларымыз анық. Бір қуанарлығы асықпай салынғандықтан болар жол өте сапалы. Қоспаларыныңда ииі әбден қанғаны байқалады. Тас жолдың құрылысын  «Алюминқұрылыс» салып жатыр деп естідім. Қаржы қайдан құйылып жатқанын білмеймін. Жылына бөліне ме, әлде жолға шақтап бөліне ме оданда хабарсызбын. Менің пайымдауымша, жол салушылар шектеп бөлінген ақшаны ғана меңгеріп жатқандай. Әйтпесе қысы-жазы жұмыс тоқтамауы керек қой. Мысалы Астана мен Бурабайдың ортасына тас жол төселгенде, құрылыс аймағын бірнеше фирмаларға бөліп тастаған. Бір арақашықтықты италияндықтардың мойнына артса, тағы бір бөлігін қытайлар салған. Сөйтіп жанталаса қимылдау өз нәтижесін аз жылда-ақ берген. Ол Астанаға ғой деушілер табылар. Дегенмен қазақтың қай пұшпағыда сый құрметке лайық емес пе? Қазыналы даланың қазба байлығынан түскен қаржының өзі бар қазаққа жетеді. Ең бастысы ниет пен халыққа құрмет.  Егер Торғай даласына тартылып жатқан тас жолға шын көңіл бөлініп, қаржы уақытында түсіп тұрса, әлгіндей фирмаларға жауапкершілік жүктелсе, баяғыда біткен болар еді. Осы жерде айта кетейін Арқалыққа Ырғыздан темір жол тартылады деген әңгіме көптен айтылуда.  Ол Торғай даласын басып өтетінін ескерсек, халыққа, әсіресе жастарға қаншама жұмыс табылар еді. Сонымен бірге жерімізге газда кеп қалар еді. «Жақсы сөз жарым ырыс» деп, қуанышқа балап отырмыз естігенімізді.

Әлеуметтік жағдайды ішер аспен бағалауға болмайды

-Арқалықта азық түлік шынымен арзан ба? Әкім-қаралардың сөзіне қарағанда «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап» жатқан жердей естіледі?

-Ия, азық-түліктің өзге қалалардан  сәлде болса арзан екені рас. Әкімнің бастамасымен бірнеше жылдан бері әр сенбі күндері жәрмеңке ұйымдастырылып келеді. Оған маңайдағы ауыл адамдары өздерінің өнімдерін әкеліп сатады. Делдалсыз келген өнім таза пайда ғой. Аталмыш Жәрмеңкеде әкімшілік қойған талаптан асырып бағаны көтеруге болмайды. Сатушыда, алушыда, өз жұмыстарына дән риза болмай қайтсін осыдан кейін. Алайда еттің арзандығы мынағанда байланысты. Мен білетін қаланың тұрғындарының көбі ет пен майын, соғымын ауылдан әкеледі.Меніңше еттің арзандауына мұныңда әсері бар. Былтыр Астанаға барғанда еттің бағасын көріп шошып келдік. Бірақ есімізді тез жинап «ой, ол Астана ғой» деп өзімізді жұбаттық. Қымбат қала деген аты бар ғой дардай. Болашақта «ақылды қала» атанбақ. Сонда барлығы арзандайтын шығар. Ал нанға келсек, енді қаламыз егіннің ортасында отырғандықтан нан арзан болмаса ұяттағы. Сонымен бірге бар мәселені ет пен нанға байланыстыра қарау қалай болар екен... Адамдардың әлеуметтік жағдайын ішер асымен бағалауға келіспеймін.  Егер ішер асқа тұрғындар зар болса Африка мемлекеттерінен айырмашылығымыз қайсы.

-Арқалықта тұрғасын киелі Торғай даласына жиі барып тұратыныңызды білеміз? Ол жақтағы  Жангелді, Амангелді аудандарының бүгінгі тыныс тіршілігін айта отырсаңыз?

-Амангелді, Жангелді ауданының тыныс тіршілігі дегенде,  қарапайым халықтың өздерінің адал еңбегімен күндерін көріп отырғанын айтқан дұрыс.  Көпшілік білетіндей  90 жылдардың басында жекешелендірудің дұрыс жүргізілмегендігінен аша тұяқтың көбі талан таражға түсті. Мал шаруашылығымен отырған елдің малы алыпсатарлардың оңай олжасына айналды. Сол кезде Торғай жұрты мыңғырған малынан айырылып қалды. Ал жеке шаруашылық ашып шыққандарда жанар жағармайдың қымбаттығынан 100 қойын қыстан алып шығу үшін, керек жараққа 50 қойын құрбан етті. Сондай кезеңді бастан кешкен халықтың бүгінде нарыққа деген қыжылы болғанымен,  «қызығуы» өте жоғары. Саудагерлерге де бұрынғыдай алданбайды. Өздеріде сауда-саттыққа бейімделіп келеді. Сондықтан малды көбейтудің пайдасының зорын біліп отыр. Құдайға шүкір, деп айтайық ауыл халқы малдарын көбейту арқылы ғана тұрмыстарының ешкімнен кем болмасын түсінді. Үкіметке қол жайып отыра берсе, көктен ештеңенің жаумайтынын кеште болса пайымдады. Содан да болар мал бағасы өте жоғары. Қызылорда, Жезқазған жақтан келетін ет алушылар, халықтың сұранысын қанағаттандырып отыр. Бірақ...

-«Ауызға келген түкірік, қайта жұтсаң мәкүрік» дейді Айеке, «бірақтың» төркінін түсіндірсеңіз?

-Бірақ деп отырғаным елге барғанда естіп жүрген келеңсіз әңгіме болғалы тұр.  Әдейі ұйымдастырылған нәрсе ме, жоқ әлде шынымен бар ма, Торғай даласында бруцеллез аруы дендеп кетіпті. Халықтың көбі осыдан зардап шегіп отыр. Тіпті кей үйлердің  төрт бес ірі-қарасы пышаққа іліккен. Жарайды, ел болғасын ондай аурудың алдын алған дұрыс қой. Дегенмен мұның өтірік расын әзірге ешкім білмейді. Мысалы, сол мал ауруы әкім-қаралардың сиырларына жоламайтыны қызық? Өрісі бір, жайылымы бір, табыны бір болса да.  Қарапайым жұрттың малына таңдап жүріп жабыса ма әлде бұл кесел. Әйтеуір малмен күнелткен елдің арасынан көп шығатыны түсініксіз? Сондықтан осы маған әдейі ұйымдастырылып отырғандай көрінеді. Бәлкім біреудің бизнесін өркендетуге жасалып отырған қадам болар. Әлде осы істің басында отырған кісілердің жеңіл пайда табуға құмарлығы ма? Күдіктенуіме мына жағдай себепкер.  Ауру болған сиырды арзан бағаға белгілі бір адамдарға ғана өткізуге  құқы бар халықтың. Басқаға сата алмайды? Бұл нендей шектеу.  Өздері көрсеткен жерге барып өткізеді. Шынымен ауру болса неге өртеп жібермейді. Осыны тексеріп, тергеп отырған жанды тағы көрмедім. Соның кесірінен малға қарап отырған жұртқа, жаппай арзан бағаға «өткізсеңде өткізесің, өткізбесеңде өткізесің» деген талап күшейген. Бұл халыққа жаны ашитын адамдардың ісі емес қой. Күдігімді растайтын бір мысал келтірейін. Ауылдың бір адамының біраз малдары бруцеллез болады. Қиналған әлгі кісі «сендер маған малдарың бруцеллез деп өтірік айтып отырған шығарсыңдар, менің құқым бар ғой, ветеринарларды Астанадан шақыртып сараптама жасатамын» депті, «Мал ашуы жан ашуы» дегендей ыза болып. Сол кезде ауылдың мал дәрігерлері шошып кетіп, пікірлерін өзгертіп тайқып шығыпты. Мұны қалай түсінуге болады. Соған қарағанда «аңқау елге арамза молда» болғысы келетіндер бар секілді. Өтініштерін тыңдар құлақ болмағасын, шағынар тірегі қалмағасын қарапайым  халық зар еңіреп отыр осылайша. Көптеген ауыл адамдарын білемін тыраштанып мал өсіріп, еңсесін көтеріп келе жатқанда, ақ адал малының біразынан ауру шығып, не істерлерін білмей сансырап отырған. Егер шынымен ондай мал індеті шығып жатса үкімет халыққа көмек қолын неге созбасқа?

-Ауыз су мәселесі өзіңіз сөз етіп отырған шалғайдағы аудандарда қалай жүзеге асып жатыр. Көңіліңіз тола ма?

-«Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба» демекші, естігенім көп, алайда дәлелім аз. Сондықтан көргенімді айтайын. Менің туған ауылым Жангелді ауданы, Жаркөл ауылында ауыз су мәселесі өте қиын. Айтыстың арқасында Қазақстанның елі мен жерін біраз араладым ғой. Сонда байқағаным менің ауылымның көріп жатқан қиыншылығын көріп жатқан ауылдар, әй, некен саяқ болар. Кейде БАҚ-нда ауыз су мәселесіне байланысты даулар туындап жатады. Бірде жолым түсіп әлгіндей шу шығып жатқан жерлерге барсам, ауылдарының іргесінен кәдімгідей таза су ағып жатыр. Мөп-мөлдір таза су. Бірақ,  олардың түсінігінде тазартылып, үйге кіріп тұрмағасын ауыз су мәселесі толық шешілді деп айтуға болмайды дегені таң қалдырды. Енді қызыққа қараңыз. Өзім ес біліп, етек жапқалы, мен туған ауыл өзеннің шылауы мен балдыры араласқан көк суын ішіп келеді. Қыста мұз үстіндегі ойықтан төрт аяқтының бәрі суғарылады. Жазда ол өзеннен тұяғын батырып малда, тұмсығын сүңгітіп аң мен құста шөлін басады. Сүзгіден өткізіп, халықтың денсаулығына зиян-ау деп сараптамадан өткізген тірі жанды көрмеппін бүгінге дейін. Осындайда жоғарыдағы іргесінен ирелеңдеп мөлдір су ағып жатқан ағайындардың байбаламы, біздікіне қарағанда «жаннаттай» көрінеді. Менің ауылымдағы тек қар суы ғана шайып тазартып өтетін өзен арнасынан бүгін демалдың өзі тұмсығын шүйіріп су  ішпейтін жағдайға жетті. Алланың оң көзі түскен болар, әлде «шын жыласа соқыр көзден жас шығады» деген рас па, Торғай халқының ауылдарына таза су бағдарламасының есебінен, қомақты қаржы бөлініп суды сүзгіден өткізетін қондырғылар орнатылып жатыр. Біздің ауылғада салынып, іске қосылады деп ел қуануда. Құбырларды әр үйдің алдына дейін тартып қойды. Енді әлгі орнатылған қондырғының «қызықтарын» айтайын. Бізге дейін әлгі сүзгісі бар қондырғы көрші ауылдарға орнатылған болатын. Бірақ көпке бармай істен шығып, әлгі ауыл таз қалпына қайта түсті. Естуімізше қымбат қондырғының ішіндегі фильтрдің құнына ауылды малымен сатсаңда жетпейтін көрінеді. Қасқалдақтың қанындай таптырмайтын дүние деседі білетіндер. Мамандардың айтуынша бізге орнатылып жатқан қондырғыныңда «ғұмыры» ұзаққа  бармайтын секілді. Оның басты себебі мынада: ауылдың жөн білетін ақсақалдары қондырғыны орнатпас бұрын аудан әкіміне дейін шыққан. Оған себеп ауылдың іргесіндегі шалшық өзеннен он шақырым әрегірек «Табылды» деген кең арналы өзен ағады. Ауыл жұрты соңғы жылдары сол өзеннен әкелінетін суды сатып ішетін болған. Суы бал татиды. «Қондырғыны сол өзеннен тартайық, қаншама қаржыға келіп жатқан дүниені құм топыраққа салып қорламайық» деген көпті көрген ақсақалдардың кеңестерін Әкім құлағына да ілмеген. Енді көгеріп кеткен суды қанша сүзгіден өткізгенімен, қанша тұшытқанымен әзер қолға тиген қондырғыны жандырып жіберетіндей көрінеді де тұрады маған. Айтайын дегенім, адам жіберген қателіктен сабақ алуы керек қой. Мысалы, Ақшығанақ ауылындағы сүзгі жанып кетті лай батпақты тазартуға шыдамай. Қаншама қаржы елдің игілігіне емес, далаға шашылды.  Халықтың тағдырына немқұрайлы қарағандар жазаға тартылатын күн қашан туар екен.

Жүз мектептің ішіне «жасы» келген «қария» мектеп әрең ілікті

-«Жүз мектеп, Жүз аурухана»  бағдарламасының іске асуы қалай? «Дипломмен ауылға» жастардың құлшынысы қанағаттандыра ма?

-Ірге тасын жерден көтермесе де, ескі ғимараттар жөнделіп, ретке келтіріліп, әр ауылға медпункттер салынған. Бұлда болса, көңілге демеу.  Басқаға бармай-ақ қояйын мен оқыған Қаратүбек орта мектебі, тоқсан жылға жуық тарихы бар үлкен мектеп. Осы мектепті бітіргендерді айта бастасам атақтарынан ат үркеді.  Ағайынды академиктер Сайлау, Сәбит Байзақовтар, атақты Қойшығара Салғараұлы, ақындар Шәміл Мұхаметжанов,  Серік Тұрғынбеков, Кеңшілік Мырзабеков, Сейіт Кенжеахметұлы, ғылымның айналасында жүрген Айсағалиев Серікбай, Фазылхан Бәйімбетов, секілді азаматтарды түлеткен мектептің бүгінгі жағдайы сын көтермейді. Барған сайын мектепке соқпай кетпеймін. Жан жүрегім езіледі. Қабырғалары қаусап, құлағалы тұр. «Жүз мектептің» ішіне осы «жасы» келген қария мектеп әзер ілігіпті биыл. 2014-2015 жылдардың жоспарына енгізіліпті деген жақсы жаңалықты естіп жатырмын.  Қай жағынан қарасақта, (оқушылар мен тұрғындар саны) ауданда Жаркөл ауылы алдыңғы ілекте. Ұзын жолдың бойында. Сөйтсе де жаңа мектептің тізіміне әзер ілікті. Енді мынаған назар аударыңыз. Біздің елде Милисай атты ауыл бар. Аудан орталығынан 120 шақырым. Ол жердің тұрғындары көше бастаған. Шалғай, қатынасқа қиын болғасын. Ел көшіп алпыс шақты түтін қалғанда, қызық болғанда үш қабатты мектеп салып тастады әлгі ауылға. Оны қандай мақсатпен салғаны әзірге жұмбақ. «Дипломмен ауылға»  дегенге келсек, жасыратыны жоқ, қалаға үйреніп алған жастардың ауылға барғысы жоқ. Еріктеріне салса қалада қалуға құмар. Ол үшін жастарды кінәлау әбестік. Дипломмен ауылға деген бағдарлама кей ауылдарға қажетте болар. Бірақ, «шаш ал десе бас алатын» науқаншылдық жағдайларға да ұшырып жатқан жайымыз бар. Мысалы үшін айтайын Амангелді, Жангелді аудандарындағы зейнет жасына жетіп қалған мұғалімдерден мынадай әңгіме естіп қалдық жақында. Мамандық иесі ауылда  бола тұра, «Дипломмен ауылға» деген бағдарламамен жастар келгенде, зейнет жасына жеткен кісілер өздерінің сағаттарын бөліп беруге мәжбүр екен. Өйтпесе саясатқа қарсы адам болып біраз қиындықтарды бастан кешуі бек мүмкін. Мектеп басшылығыда бағдарламаны орындауымыз керек деп жанталасады. Осы мәселеге әліде ойлана қарағанымыз дұрыс тәрізді.

-Ауылдағы жерлестеріңіздің еңбекке белсенділігі қандай? Қанша дегенмен «Сырт көз сыншы ғой».

-Заман өзі халықты екшелеп тастады ғой. Баяғыдай таңнан кешке дейін сабылып, сүрініп құлайтын жұмыс жоқ ауылда. Қалаға шығып жұмыс істейін десе, Астана секілді құрылысы қызып жатқан қалалардыңда дағдарыстан кейінгі жағдай мәз болмай тұр. Баруын барып алып, шиеттей бала-шағысымен қаңғырып жүргендер қаншама? Айлап жылдап еңбек ақыларын ала алмай елге құр қол қайтып жатқандарды да көріп жүрміз.Еңбек еткен адамның ғана мерейі үстем қай жердеде. Оны бәрі біледі. Сонымен бірге қай қоғамда да   кедей кепшіктер болғанын естен шығармайық.  Елі іші болғандықтан ауылды жерлерден мұндай көріністерді байқай бермейсің. Өкпеге қисада өлімге қимайтын халықпыз ғой. Әр ауылда бірен-саран шылқыған байлар болғанымен, көпшілік жұртАлланың берген ырыздығын теріп жеп, елінің тыныштығын, балаларының амандығын тіліп жүріп жатыр. Ал,Үкіметтің бірді-екілі тиынына қолын жайып, шыбық басын сындырмай отырған жалқаулардың күнкөрісі қай деңгейде екенін айтпай ақ қояйын.

-Ақынмен сөйлесіп отырып поэзия туралы сөз қозғамау қисынсыз. Ұзын құлақтан шәкірт тәрбиелеп жатыр екен деп естиміз. Жастармен тығыз қарым қатынасорната алдыңыз ба? Студенттердің әдебиетке деген қызығушылығын қалай бағалайсыз?

-«Мен жастарға сенемін» деп Мағжан ақын айтпақшы, менде бодандықты көрмеген, тәуелсіздіктің дәмін татып өскен жастарға ерекше ілтипатпен қараймын. Тоба, Азамат деген шәкірттерім бар. Иншала, бірінің артынан бірі іркес-тіркес шығып келеді. Осында келген жылдан бастап Міржақып Дулатұлы атындағы бірлестік құрдық. Институтымызда өлең жазуға икемі бар, поэзияны жақсы көретін  студенттерді тәрбиелеп жатқан жайымыз бар. Бәрі бірдей топты жаратын ақын болады деп айта алмаймын, сөйте тұра  поэзияның талаптарын, міндеттерін үйретуді өзіміздің азаматтық борышымыз санаймыз оларға. Қазіргі қоғамдағы кейбір адами құндылықтар ақша айырбасталған заманда керемет өлең жазбасада, өлеңге құштар адам  бары көңілге жұбаныш.  Поэзия деген нәрсе адалдықтың, пәктіктің  белгісі ғой. Жүрегі таза емес жаннан шымырлап өлең тумасы белгілі. Ақын болуға талап қылып жүрген жастарға көзқарасымыз ерекше. Оның ішінде өлеңдерінде ой мен тілдік көркемдігі жарасым тапқанжас ақындарға сенім зор.  Мысалы институтымыздағы студенттер саны мыңның ар жақ бер жағында. Сол мың адамға шаққанда отыз екі ақынның болуы жаман көрсеткіш дей алмайсыз. Қалайда жастардың бойынан қазақылықтың исі аңқып тұрғанға не жетсін.   Келген жылы «Балауса жырлар» деген студенттердің жинағын шығардық. Оған институттың талапкер ақындарының  біразының өлеңдері кіргізілді.

-Өзіңіз қызмет етіп жүрген педогогикалық институт туралы алып қашты әңгімелер жиі айтылады. Жалпы мұғалімдердің біліктілігі туралы пікіріңізді білсек?

-Институт техникалық жабдықталуы жағынан жақсарды. Сабақ оқимын деген студентке барлық жағдай жасалған. Ал мұғалімдердің біліктілігі мен ғылыми дәрежесі жағынан мақтана алмаймыз. Шынын айту керек ғылыми дәрежесі барлар өте аз. Өйткені Арқалықтағы әлеуметтік жағдайды айттым. Сондықтан ғылыми атағы бар кісілер Арқалыққа келгісі келмейді.  Әр  институтта ғылыми нормативтер болады. Қанша ғылым докторы, қанша профессор жүруі керек дегендей. Сол мақсатта ғылыми дәрежелері бар біраз таныстарымды шақырдым Астанадан. Тапқан-таянғандарына пәтер жалдап жұмыс жасап жүргендерімен олардың келгісі жоқ. Карьера қуғылары келе ме,әлде Арқалықтың болашағы жоқ деп ойлай ма, келтіре алмадым. «Өзім су ішіп отырған құдығыма түкіргенім» емес, кей оқу орындарынан көптеген кемшілігіміз бар екенін жоққа шығармаймын. Бірақ былтырдан бері  өз оқытушыларымыз магистратураларға түсіп, білімін жетілдіріп жатыр. Олда болса, алға басуға талпыныс қой. «Көш жүре түзеледі» дейтін қазақпыз ғой.

Аалы қазақты «жатып» мақтамай, кемшілігін «атып» жырлады

-Халық арасында бұрынғыдай емес Айбектің үні солғын, көңілі бәсең деушілер бар?

-Елімізде болып жатқан оқиғаларға, билікте болып жататын ауыс-күйістерге айтыс болған жағдайда дер кезінде үн қосып қалуға тырысамын. Жан айқайымды айтысты көріп отырған төрт жүз,  әрі кетсе бес жүз адам естиді. Ал, ол айтқандарым ащы болса эфирге шығарылмайды, әгәраки шыға қалған күнде «құйрық жалы» күзеледі. Соған қарап көпшілік ойлайтын болар «жуасып» қалды деп. Шындықты жалғыз мен емес көп ақындар айтып жүр ғой. Бәрініңде кеудесі «кекке» толы. Десекте, қазылар тарапынын қиянаттың қамшысы тиіп жүргенін жасырғым келмейді. Шындығын айтсам соңғы кездері интернет сайттардан кейбіреулердің бізді даттап жазған әралуан пікірлерді көзіміз шалып қалады. Сондағы айтатындары «Айбек жылай береді, зарлай береді, Балғынбек уақаббист боп кетті, Бекарыс биліктің сөзін сөйлеп кетті, Ринат жаттанды ақын, Бауыржан жеке басын күйттеп кетті» дегенге саяды.Бір ауыз жылы сөзге қанаттанып, бір ауыз суық сөзді жанына ауыр алатын ақындар үшін мұндай сөз есту өте қиын. Ондай кезде, «Осы мен кімнің жоғын жоқтап жүрмін, билікті мақтап, бергендерін ақтап, беделімді сақтап жүрсем бір жөн. Ақын атын арқалап жүрген соң халықтың ойы мен сөзін билікке, әкімдерге жеткізсем деп шарқ ұрамын. Кей кісілердің менің атыма  жазған пікірлеріне қарағанда, мен бос сөз сөйлеп келген секілдімін. Кімнің жырын жырлап жүргенімді түсінбегендері ме шынымен» деймін өзімді іштей кеміріп. Әрине, айтыс болғасын бірде жақсы айтасың, бірде кем айтасың, бірде жеңістің тұғырына көтерілсең, бірде жер болып жеңілесің. Кім мәңгілік жеңімпаз болып өтіпті өмірден. Елдің алдына шығып айтысу былай тұрсын, екі ауыз сөз айтудың өзі оңай емес. Сондықтан айтыс ақындарына кешіріммен қараған дұрыс.

-Былтырғы тәуелсіздік айтысына шақырмасада, биыл аттай қалап шақыртып алыпты өзіңізді?

-Ия, былтырғы айтысты халық көріп бағасын берген. Әрине жақсы жағынан емес. Биылғы өзім қатысқан айтыста да біраз  былық-шылық байқалды.  Сол айтыстан кейін «бүйте берсек асыл мұрамыз айтысты өлтіріп аламыз ау» деген ой көкейімнен кетпей қойды.Оған себеп бұлбұлды торға қамап қойып сайратқанмен, даусы бәрібір бір күні қарлығады емес пе? Ақындардың еркіндігін шектеу арқылы, аузына қақпақ қою арқылы біз айтысты тек қана биліктің болмаса белгілі бір идеологияның құралы қылып, өнер деңгейінен түсіріп алатын түріміз бар. Өстіп жүргенімізде айдаладағы Армияндар ЮНЕСКО-ға хат жазып, айтысты өздерінің төл өнері ретінде тіркеп алса қайтеміз. Шындығына келгенде айтысымызды тұншықтыруға өз қолымызбен жол ашып отырмыз.

-Қырғыз ақын Ааалы Туткучевтің еліне барғаннан кейін берген сұхбатын сайттардан оқыған боларсыз?Оның ақындығына қандай баға берген болар едіңіз?

-Шыны керек қырғыз ақыны АаалыТуткучевтің Тәуелсіздік айтысынакелгендегі ерлігіне сүйсіндім. Көпшілік оқыған болар осы Ааалының «Қазақ ақындарына жауап» деген толғауы сайттарға шыққан болатын. Жалпы ұлт пен ұлттың арасындағы, ел мен елдің арасындағы тарихи келеңсіз жағдайларға байланысты әлгі толғауда көп сөздер айтылады. Сондай сөздер айтқанына қарамай, қазақтың ордасына келіп,тек қана қазақты «жатып» мақтамай қажетті жерінде «атып» кемшілігін сөз етуі жүректілік. Мен онысына қатты сүйсіндім. Ал енді ақындығына айтарым, ол қырғыздың қамшы салдырмас жампозы. Бірақ қырғыз айтысының қазіргі қазақ айтысынан өзгешелігі мынада. Оларда суырып салмалық, уәж табушылық жағы басым болғанымен көркемдік жағынан ақсап жатыр. Сонымен бірге ұйқас жағынан, жеті сегіз буынды өлеңмен Манас жырының әуенімен айтады көбісі. Төгіліп тұрғандай көрінгенімен, ондай айтысты көрмеген біздің қазақтарға қос ақын әңгімелесіп отырғандай әсер беретіні тағы бар.  Ал, біздің қазіргі айтыс суырып салмалықтан алшақтап, жаттандылыққа  бастап бара жатқанын мойындауымыз керек. Алайда Аалының еліне барғаннан кейін  сұхбатында қазақтарды жамандағаны ұнамады. Қазылықта отырған екі-үш адам бәйгі бермеді екен деп бүкіл қазақты қаралауға бола ма? Солардың ісі үшін қазақтың қонақжайлығын сынауына жөн болсын. Ол айтыста қырғыз ғана емес қазақтың ақындарыда қиянат көргенін халық білмей отыр ма? Негізі ел сенім артқан ақын екі елдің арасына, татулығына дәнекер болғаны ләзім сына қақпай...

-Айтыс ақындарының көбі қазыларға өкпелеп жатады? Дұрыс бағаламады, бұра тартты дегендей? Сіз не айтар едіңіз бұған?

-Қазылар құрамындағы кісілердің көзқарасы әртүрлі болуы заңдылық. Бірақ жазба ақындарға қойылатын талаппен айтыс ақындарын бағалайтын ағалар мен апаларымыз баршылық. Меніңше айтыстың қазылығына айтыстың қыры мен сырын білетін айтыскер ақындар отырғаны жөн. Әйтпесе әншілер мен профессорлар, т.б өнер иелері айтыстың дүниесіне терең шомыла алмайды. АстанадағыҚонысбай ағамыз, Қостанайдағы Әсия апамыз, Шымкенттегі Әселхан апамыз, Ұзынағаштығы Есенқұл ағамыз, керек десеңіз Шорабек ағамыз бар ғой. Солар неге отырмасқа. Тіпті кейінгі буыннан алсақ Мұхаметжан, Мэлстер бар. Айтыстың тағдырын меніңше айтыскер ақындар ғана терең түсінеді. Қазір көбіне көріп жүргеніміздей жазба ақындарды отырғызады. Жасыратыны жоқ жазба ақындардың ішінде айтыс ақындарына деген қатып қыжыл бар.  Ол арагідік айтылыпта қалады. Сонымен бірге айтысқа деген теріс пікірін БАҚ-ы арқылы білдіріп жүрген кей адамдардың айтыстың қазылығында отыратыны қызық..

-Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет.

Сұхбаттасқан - Март Ожа

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар