Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 2737 1 пікір 17 Қыркүйек, 2020 сағат 11:10

Экология мен экономика

"BI grup" компаниясы Шымкент қаласы әкімшілігіне қазіргі ипподромды қаланың сыртына көшіріп, орнына заманауй тұрғынүй кешенін салу бойынша ұсынысын жариялаған күннен бастап, осы мәселе бойынша халықтың пікірі екіге бөлінді.

Бір тарапы қарсылық білдіріп, құрылыстың қала экологиясына кері әсері болатынын алға тартса, екінші тарапы осы инвестициялық жобаның қала экономикасына берер оң әсерін қолдауда.

Осыған мәселеге байланысты қаланың әрбір тұрғыны салыстырмалы түрде шешім қабылдауы үшін, бейтараптықпен жасаған төмендегі зерттеуімді жариялауды жөн көрдім.

ЭКОЛОГИЯҒА ӘСЕРІ.

Әрбір қаланың экологиясы, ең басты құндылықтарының бірі екендігі даусыз. Сондықтан, әрбір құрылыс нысандары салынарда қаланың экологиясына әсері жайлы, арнайы сала мамандарының зерттеулері ескерілуі қажет деп есептеймін.
Сондықтан, эколог мамандардан сұрастыра отырып жасаған зерттеуім бойынша:

Қазіргі ипподром аумағы 33 га
Жасыл желегінің аумағы 1,5 га
Бір адамның оттегіні күндік тұтыну мөлшері орташа 600 л

Яғыни, қазіргі ипподромның жасыл желегінің бөлетін оттегі мөлшері, бір күнде тек 150 адамның қажеттілігін ғана өтей алады.

Жерасты қойнауы зерттелген. Болашақта керек болуы мүмкін ешқандай қазба байлық жоқ. 30 м тереңдікке дейін ешқандай жерасты суы жоқ.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖАЙЛЫ.

Алдымен инвестиция дегеніміз не деген сұраққа жауап берсек. (Өйткені, кейбір азаматтар инвестиция мен бюджет қаржысын әлі күнге ажырата алмай жүр)

Инвестиция - бір тұлғаның, топтың, не компаниялардың белгілі бір жобаларға өз қаржысын құюы. Бұл жерде халықтың қаржысына (бюджетке) ешқандай қатысы жоқ.

"BI grup" компаниясының ұсынған 5 жылға арналған инвестициялық жобасы:

Тұрғынүй комплексіне:
6000 пәтер мен 150 бизнеске
арналған нысандарға 135 млрд. т

Қалалық әкімшіліктің құзырына берілетін нысандар:

Жаңа ипподром 2 млрд т
Жаңа мектеп (1500 орындық) 5 млрд т
Жаңа емхана (200 адамдық) 1,7 млрд т
Әлеуметтік инфроқұрылымына
Үлкен плейхаб (ойын алаңы,ауланы көгалдандыру, ағаштар 20 га) 13 млрд т

Жалпы құны 156,7 млрд т

Осы қаржыдан жоспарланып отыр:
Жұмысшылардың ақысына 30% - 40 млрд т
Құрылыс заттарына 70% -95 млрд т

АЛ, ЕНДІ ТАРАЗЫҒА САЛЫП КӨРСЕК.

Экология бойынша:
Көгалдандырылған алаң
Қазір 1,5-2 га.
Құрылыс біткенде 20 га

Оттегімен күндік қамтамасыз етуі:
Қазір 150 адам
Құрылыс біткенде 1500 адам

Инвест жоба бойынша:

70% комфорт
30% бизнес санатындағы 6000 пәтермен қамтамасыз етеді.

8000 адам 5 жыл бойы тікелей сол жерде тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.

20-25 000 адам осы құрылысқа керекті материалдарды өндіруге, тасымалдауға т.т
жұмыс жасайды.

Бастапқыда 70% құрылыс заттары жергілікті өндірушілерден алынады.
Бұл дегеніміз 65-75 млрд т жергілікті өндірушілердің қазынасына түседі деген сөз.

Тұрақты жұмысшылардың айлық табысы
120 000 -500 000 аралығында болмақ.

Жоба толық аяқталып құрылыстар біткенсоң, сол жердегі тұрғындарға қызмет етуші:
Тұрақты жұмыспен 2500 адам
Офистік кеңселерде. 1000 адам жұмыс жасайтын болады.

Жаңа ипподром, 1500 орындық жаңа мектеп , 200 адамдық жаңа емхана ,
Үлкен плейхаб ойын алаңы,ауланы көгалдандыру, ағаштар 20 га

Қосымша 15 млрд т салықпен қала бюджетіне түседі.
Осы қаржыға он парк салып алуға болады.

ӨЗІМНІҢ ҚОРТЫНДЫ ТАҢДАУЫМ.

Шаңы шығып жатқан, қала тұрғындарына экологиялықта, экономикалықта ешқандай пайдасы жоқ(қазіргі ахуалында пайдасы жоқ деуге әбден болады), жылына екі рет атжарыс пен көкпар, бір рет Наурыз тойланатын бұл ипподромнан, 30 000 халықты 5 жыл жұмыспен қамтып, қаламызға мегаполиске лайық көрік беретін құрылыс пен бизнес нысандарының болғанын артық көремін.

(Айтпақшы!
Қарсы тараптағы ұсынып жүрген жобаларды да зерттедім. Ол жерде де кафе-ресторандар, сауда орындары бар екен. Демек, олардың егелері құрылыс салуы үшін, алдымен мемлекеттік акті алуы керек болады. Ол дегеніміз жерін бәрі-бір біреулерге сатылуы мүмкін.
Біздің жергілікті "элитамыздың" бар қиялдарының жеткен жерлері тойхана мен кафе-ресторан, дүкен соғуға дейін ғана жететінін ескерсек, елге ұсынып жүрген жоба архитекторларына "желдің қайдан" соғып жатқанында тұспалдауға болатын сияқты.)

Әдетте, кез-келген қаланың дамушы қала екендігінің белгісі болып, қосымша-жанама инвестициялардың ағымын бұрушы құбылыстардың бірі --- әсемде-көрікті, биікте-ерекше ғимараттар болып келеді (Малайзия, Дубай т.т секілді).
Сондықтан, осындай заманауй көрікті ғимараттарға инвестиция салу арқылы, қаланың экономикасының дамуына серпін беретін жобалардың көп болғанын қалаймын.
Мысалы: Қаладағы байлардың әрбірінің Нұрсұлтан мен Алматыда үйлері бар. Кез-келген осы қаланың тұрғыны байыса, сол жақтан үй алары хақ. Өйткені, ол жақты дамушы өңір ретінде көреді. Және, алғаны үшін ешқашан ұтылмаймын деп ойлайды. Оларға сондай сенім беретін күш - сол қаланың дамушы қала екендігінің әлгіндей "символдары".
Бұған қосымша бай кәсіпкерлер осында жиған қаржыларын сол қалалардың экономикасына салады. Яғыни, Шымкенттің қаржысы үнемі басқа қалаларға ағумен болады.

Жадыларыңызда болсын!
Қаржының басым бөлігі қалталы азаматтарда. Солардың қаржысы қай қалаға құйылады, сол қала дами бастайды. Немесе, қай қала қалталы азаматтардың қаржысын өздеріне бұра алса, сол қаланың дами түсетініне шүбәңіз болмасын.
Бұл жоба осындай үрдістің бастамасы болса деп үміттенемін.

Алдыға стратегиялық ойлап, келе жатқан үлкен кризисті ескерсек, алдағы 5 жылда 30 000 отбасыны "аштан өлтірмейтін" мүмкіндіктің бірі ретінде қарауға болады.
Осындай қиын кезеңде экономикаға экологияны қарсы қоюшыларға,

"ОРАЗА-НАМАЗ ТОҚШЫЛЫҚТА" дегім келеді.

Рустем Ашетаевтың жазбасы

Abai.kz

1 пікір