Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жалқы сұрақ 2151 2 пікір 14 Қыркүйек, 2020 сағат 12:00

Қазақ баласына қашан кезек тиеді?

Жалпы, бізде еліктеушілік пен солықтаушылық деген дерт әбден қанымызға сіңіп кеткен сыңайлы. Бұл, әсіресе, кәсіби спорт саласында «ұлттық ерекше қасиетімізге» айналып кеткен тәрізді. Шетелдерден келімсектерді, спорт тілімен айтсақ, легионерлерді қыруар ақшаға шақырып, «еуропапық клубта ойнап жүрміз» деген атаққа мәзбіз. Оған кеткен миллиардтаған теңгенің қайтарымы қандай, мұндай спорт түрінің елімізде қаншалықты болашағы бар деген сауалдарға жауап іздеп, бас қатырып жүрген ешкім жоқ. Осы таз қалпымыздан таймай, бюджет ақшасын далаға шашуға деген тайталас одан сайын өрістей берер ме еді, кім білсін, егер мемлекет басшысы оған бірден тоқтау салып, тәйт демегенде. Күні кешегі кезекті Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргідей бюджет қаржыдан қысылып отырған жағдайда кәсіби спорт клубтарын мемлекет есебінен ұстап тұрудың еш қисыны жоқ екендігін, оның орнына өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетіне ерекше назар аударып, бұқаралық спорт, дене шынықтыру мен балаларға көбірек көңіл бөлу керек екендігін баса айтты. 

Шындығында да осынау кәсіби спорт дегенің бюджеттің мол қаржысын қымқыруға келгенде алдына жан салмайды. Шетелден арнайы шақырылып, қалтасына көк қағазды молынан басқан сол футболшылдардың, хоккейшілердің, волейболшылардың, баскетболшылардың және басқа осы саланың «мықтыларының» жеткен жетістіктері қандай? Шетелдік аренаға шықса, жеңілістен көз ашпайды. Әсіресе, біздің аяқ допшылардың сол алаңда анау азуы алты қарыс командалардың сапортшылдарының жүгіргенде шаңына ілесе алмай қалатындығын көргенде, жерге қарайсың. Ал олардың қаншалықты ірі есеппен жеңіліп жүргендігі басқа бір әңгіменің тақырыбы.

Тіпті қатардағы легионерлерді былай қойғанда, ана шетелден арнайы, жалынып-жалпайып шақырып жүрген бапкерлердің жалғыз өзі аспанды тіреп тұрғандай шалқаятындығын қайтерсің? Олар, әрине, өзіміздегі аты белгілі деген бапкерлерді еш уақытта спортқа жақындатпайтынмызды жақсы біледі де, кергиіп қалады. Мәселен, Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері, профессор Самат Нұржановтың айтуына қарағанда, өзіміз алақанға салып, аялап отырған «Астана» спорт клубы қазіргі таңда бапкер таба алмай, қатты қиналып жүрген көрінеді. Өйткені әлгіндей «мықтының» айлық табысы 50 мың доллардан кем болмайтын көрінеді. Демек, осыған дейін жаңағыдай өзге бапкерлерге де сондай көлемде ақша төленіп келген ғой. Сонда олардың жеткізген жетістіктері қандай? Бізде қандай футбол клубы еуропалық биік деңгейге жетті? Ендеше, олар не үшін осыншама мол қаржыны қалтаға басады?  

Жалпы, осы кәсіби спорт төңірегнде алып-қашты әңгімелер жетіп артылады. Кейбір білетіндердің айтуына қарағанда осы легионерді жалдау сол спорт клубын басқаратындардың қалтасын кампитуда таптырмайтын әдіс көрінеді. Футбол клубтарымен контрактіге отырғандар «50 де 50» принципін әбден меңгерген деседі. Яғни қандай да келімсектің табысының жартысы өзінікі, ал қалған жартысы жұмыс берушіге тиесілі. Әйтпесе, ойын да жоқ, көк қағаздар да көзден бұл-бұл ұшады. Мінекей, кәсіби спорт маңайындағы көп құпиялардың бірі осындай.

Ашығын айтайық, егер әлгіндей келімсектердің қалтасына құйылып жатқан мол қаржы бір күнде тиылып, қазанның қақпағы мықтап жабылса, сол легионерлердің біздің елде бір күн де тұрмайтындығы анық. Сонда мүмкін біздің футбол клубтары ана Еуропада секілді мемлекеттен ештеңе дәметпкей-ақ өз күнін өзі көруге тырысар? Мүмкін сонда ғана біз жақсы ойындарды тамашалап, құмардан бір шығармыз. 

Жалпы, мұндай «еркелікті» доғаратын уақыт жетті. Бүгіндері облыстардағы футбол клубтары сол өңірдің әкімінің беделін, яғни рейтингін көтеретін таптырмас құралға айналғалы қашан. Мәселен, өзгесін былай қойғанда, біздің Қостанайда да әлгіндей «сорақылықтан» көз ашпайсың. Облысымыздың әкімі Архимед Мұқанбетов бізде алдымен «спортқа ерекше жанашыр басшы» есебінде аты шыққан. Сонысымен де облыс әкімдерінің арасындағы рейтингте кейде тәп-тәуір орын иеленеді. Оның да өзіндік сыры бар. Осындағы «Тобыл» футбол клубы ол келгеннен бері жылдық бюджеті 2 миллиардтан 3 миллиард теңгеге көтерілді. Сонымен қатар, қаламыз шағын ғана болғандығына қарамастан астанадан қалмаймын деп 4,5 миллиард теңгеге «Тобыл-арена» атты сатдион салып тастады. Одан соң, осындай көлемді қаржыға хоккейшілер ойнайтын Мұз сарайын саламын деп жедел кірісіп кетті. 

Тек, бір өкініштісі, осы жақында ғана еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осында жұмыс сапарымен келгенде әлгіндей сән-салтанаты келіскен, әсем ғимараты көрсетіп, бір мақтана алмай, пұшайман халде қалдық.

Жайберген Болатов

Abai.kz

2 пікір