Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 5421 0 пікір 13 Қыркүйек, 2020 сағат 22:10

Күнді айналған күлтегін

Серік Ақсұңқардың «КӨКЕЙІМДЕ - КҮЛТЕГІННІҢ ЖАЗУЫ» жыр жинағындағы РУХ табиғаты

«... Көз жұмылса — Көк Тәңірді көрем кеп, 

Көкте жүргем. 

Көрген емен төмендеп. 

"Қозы Көрпеш — Баян Сұлу" дей-тұғын

Жырдан туғам —

Өне - бойым өлең боп!..» 

Серік Ақсұңқар,«Эпос жыры»(б. з. д. II мыңжылдық) өлеңінен.

Иә, ол төмендеп көрмеген... Даланың дара дауылпазына, Алаштың ақиығына, Ақсұңқардың Серігіне биіктік, РУХ БИІКТІГІ о бастан бұйырмыс - ты! Қалыбы - құйған құрыштай, қарымы - қайқы қылыштай Қас - Сақы ҚАҒАН ЖЫРДЫҢ қамал бұзар қаһарманын, жігері мен қаны қамқабына, жүрегі мен жаны қалқанына, жырының жебесі мен жағы қаруына айналған арда ақынның өрелі де өміршең өлеңдерін сөз етпекпіз біз бүгін. Адамзаттан асып туған ақындардың асылы мен ақығын Алаш баласына таныстыруды мақсат тұтып, шартараптағы шайырлардың шаһқар шығармаларын шашау шығармай, ескісін елеп, естісін екшеп, ең ерендерін «Қазақ әдебиеті» басылымының тұрақты айдарына айналған «ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ. АЛПАУЫТ АҚЫНДАР» топтамасында жариялап жүрміз. Ұлы есімдері ұлттардың ұраны болған Франсуа Вийон, Рубен Дарио, Шандор Петефидей батыстың барыстарын емес, өмірі - өлең, өлеңі - өнеге Аттар Нишапури мен әл - Маарридей Азияның арыстарын емес, ұлтымыздың ұждан жырын ұлықтаған ұлын, аруақты арыстанын бүгінгі баянда РУХ табиғаты тарапынан тануға талпынбақпыз.

 Алдымен «РУХ» ұғымының ғылымдағы һәм дәстүрлі діндердегі мән - мағынасын шама - шарқымызша тарқатып көрелік.

 Философия ғылымы былай дейді:«РУХ — сөздің кең мағынасында қарастырылса, мінсіздікпен(идеальный) пара-пар ұғым, дұрысы, мұны дүниәуи бастаулардан(материальное начало) дербес пайымдаған; келте қайырғанда, ойлау, саралау ұғымдарымен бірдей. Әртүрлі философиялық ағымдардың өкілдері субьективті(дербес)  рухты(субьект, тұлға, жеке) бөліп қарастырады да, оны ұлықтау(абсолюттендіру) субьективті идеализмге бастайды, ал обьективті(жалпы ақиқи) рухтың(адам ақылынан тысқары және одан бөлек қойылып, дербес құдіретті күш ретінде құпияландырылған таным) біріншілігін(биіктігін) мойындау обьективті идеализмге әкеледі...»

«РУХ» атты өлеңінде Серік Ақсұңқар мына жолдарымен жоғарыдағы терминдерге толы қасаң қағиданың тұщымды тұжырымдамасын жасап бергендей:

«... Күңіреніп, үмітпен, күдікпенен, 

Тек сол үшін ғана өмір сүріп келем: 

Өлең деген жоқ мына дүниеде, 

Құбылыс бар құдіретті — Рух деген...»

 Екі жарым мың жыл бұрын  ғұмыр кешкен ежелгі натурфилософтар рухты «адам бойында(кейде жануарларда) үнемі қозғалыста болатын, көзге көрінбейтін өмірлік қуат» күйінде кескіндеген және аксиомаға бергісіз тұжырымды айқындай түсу үшін параллелизм мен антитезаға жүгініп отырған.

«Сайтан мен бүгін Періште келді жекпе - жек, 

Йассауи шықты қылуеттен: "—Қапы кетпе!" - деп. 

Қалмақты шапқан қазақтың баһадүріндей, 

Мен тұрмын мәз боп, не деген ғажап — жекпе-жек! 

 

Бекзат - кім? 

Құл - кім? 

Тірелді бәрі текке кеп. 

Әлихан менен Елтайлар келді бетпе-бет; 

Ерлерім енді жер құшса, қазақ ұлысын, 

Ғаламға мазақ қылады осы жекпе-жек! 

 

Болмысы — бөлек, бітімі, қаны, тек — бөлек, -

Бейімбет пенен Мырқымбай келді бетпе-бет; 

Дүрбелеңде осы тағы есем кетсе тексізге, 

Дүниеден текке кеткенім шығар, - текке кеп! 

 

Көк Бөрі келді көк итпен бүгін жекпе-жек, 

"О, Түрік жұрты! Мені енді тастап кетпе!" - деп. 

Күңкілді қойшы, көзіме көрін — бетпе-бет! 

Тығылу кетті — тығырық жетті! 

Жекпе-жек! 

Кекке — кек!» 

С. Ақсұңқар,«Жекпе-жек». 

Ақынның бұл өлеңін тұтас ұсынып, шендестіру арқылы РУХ үстемдігін анық бейнелеген суретті оқырманға кесек қалпында көрсетіп, суреткер ізденісінің ілкідегі ілімдермен тонның ішкі бауындай бірігіп жатқандығына көзін жеткізгіміз келген. Қарама - қайшы ұғымдардың бетпе-бет келіп, түптің түбінде, іріліктің мысы басып, ұсақтың ұнтақтала түсуін, қашан,қайда  болмасын, зұлымдықтан ізгіліктің мерейі үстем болатындығын байқаймыз бұл өлеңнен.

Аталмыш дәуірдегі РУХ туралы түсініктердің тағы бір тәмсілінде:«... Ежелгі философия рухты ең ұлық ұғымдар белсенділігінің(әрекеттерінің) талабы және нәтижесі ретінде қарастырады(мысалы, Аристотель үшін бұл парасатты пайымдау, я, тұжырымнан тұщыну). Дегенмен РУХ тек қана түйсікпен танылатын, санадан биік тұрған(ақылдан тысқары) бастау деп қабылданған(Плотин)..,» - деген анықтама айтылады(«Философский словарь», Москва, "Политиздат", 1991 г.).

«Күн шығып күліп, дүние көзін жаңа ашқан. 

Нөсерлеп жатыр қара аспан; 

Түріктің арын қорғаған қызғыш құстайын, 

Рухтың иісі аңқып тұр ғой... "Манастан"...». 

С. Ақсұңқар,«Манасты қайта оқығанда».

 Мұндағы Ардың қорғаны болған қызғыш құсқа теңеліп, «Манастағы» Рухтың сондай сүйішпеншілікпен сомдалуы «Манас» эпосының мирасқоры Қырғыз дәулетінің ғана емес, Иісі Түркі перзентінің  Рухын қозғап, делебесін қоздырары анық.«РУХ ИІСІ» демекші, Серік Ақсұңқардың бірқатар жырларында бұл ұғым саналы түрде дәстүрлі фәлсафалық санатқа қосылып, салтанат құрады. Мысалы: 

«Жүрек — ауру, миғұла ойда — ми іші. 

Дүниенің қайда жұпар иісі?» 

Немесе: 

 

«Жүрек — ауру, миғұла ойда — ми іші. 

Мына дүние — Иуданың сүйісі! 

Мен де дарға өз еркіммен барар ем, 

Бесіктегі немеремнің иісі-ай!

Қайран, осы Періштенің иісі...»

С.Ақсұңқар,«Иуданың сүйісі».

Христиан дініндегі Рухтың түсіндірілуі Исламдағыдан мүлде бөлек екендігін білеміз. Христиандардың көпшілігі Қасиетті Рухқа сеніп, оның Тәңірлік бастауына да, Үшемнің(Троица) бір бөлігі екендігіне де шәк келтірмейді. Қысқа қайырсақ, Қасиетті Рухты Құдай деп таниды... Бұл Ислам дініне мүлде жат, теріс түсінік, Аллаға серік қосу(Ширк). Құранда РУХ ұғымы жиырма бір түрлі сипатта аталады. Бұл алдымен Алланың туындысы болып табылатын РУХ турасында айтылған және оның хақ табиғаты Жаратушының өзіне ғана мәлім. Осы тұста шайыр сөзіне құлақ түрелік: 

«Ақ қағазды көрсем көзге толар мұң, 

Мен де оңдырмай шимайлаған болармын?! 

Көктен тускен Төрт Кітап бар, ал, қалған

Күллі кітап көшірмесі солардың. 

 

Жүрмейді оған, пендем, сенің талқың да, 

Қара да отыр аптап қойып алтынға; 

Үшеуіне қолы тисе пенденің, 

Құран ғана —

Көктен түскен қалпында! 

 

Адамзатқа иіп бір, 

Махаббат пен ғаділетті сүйіп құр, —

Көктен түскен Төрт Кітаптың ішіне

Төрт Құбыла қалай ғана сыйып тұр?!. 

 

Оқып соны рахатқа бөленген, 

Бір айырмам біреулерден өлермен, —

Төрт Кітапты қалай түсінгенімді, 

Айтып шыққан адаммын мен —

Өлеңмен...» 

С. Ақсұңқар,«Төрт Кітап».

Жаратушы Алла айтады: «Олар сенен РУХ туралы сұрайды. Сен оларға: "РУХ — менің Жасаған Иемнің әмірінен. Сендерге аз ғана білім бұйырмыс болған", -деп айт.»(Құран, 17:85).

Рухты да, бар тіршілікті де әмірімен әкелген Алланың, бар мен жоқты байланыстырып, ғайып пен ғажайыпты құлдарына көрсеткен Алланың, жаһандарды да, жанды мен жансызды да жаратқан Алланың сансыз сипатының бірі — Инсан - и - Камил... Ол жайлы да ақынымыз қалам тартқан екен... 

Серік ақын бір тұста:

«Әулие де емеспін, көреген де, 

Тудым тағдыр - таланы бөлек елде. 

Түсімде Инсан - и - Камил аян беріп, 

Илһәм нұры шуаққа бөлегенде,» - деп тебіренсе,  жырдың түйінінде: 

«Беу, Ақсұңқар, қойшы,  енді аласұрма, 

Аласұрып бір жаққа барасың ба? 

Илһәм нұры сауылдап тұр ғой саған, 

Бақи менен фәнидің арасында,» - деп, өзін - өзі пендеге тән мінез атаулының көркемі - сабырға шақырады, тәкаппарлықты тәрк етіп, мүсілімге - лайық, Аллаға - ұнамды ұстамдылық пен ұлағатты үлгі танытады.

Исламда Періштелер Рухани жаратылыс болғандықтан, оларды РУХ  деп те атайды. Жебірейіл Періште Алланың әмірін Мұхаммед Пайғамбарға(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) жеткізуші Аян Періштесі болған себепті, Құранда Ар - Рух(РУХ, 19:17), Рух Аль - Кьудус(Қасиет Рухы, я, Қасиетті Рух, 2:87; 253,  5:110;  16:102 сүрелерін қараңыз!) және Ар - Рух Аль - Амин(Сенімге лайықты РУХ, 26:193 сүреге үңіліңіз!) деп аталады. Ғайсаның(Иса а. с.) жаратылысы керемет болып, оның анасы хазреті Мәриямға Алла Тағала Жебірейіл Періштені жіберіп, ғажайыптың болатындығынан хабардар еткендіктен, Алланың пәрменімен Қасиетті Рухтың аянын растап дүниеге келген Ғайсаны(а. с.) Құранда Рухун минху(Одан келген РУХ, 4:171 сүреге назар аударыңыз!) деп те атайды. Пайғамбарымызға(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Құран Жебірейіл Періште(ғ. с.) арқылы түсірілгендіктен, Құранның Рухан мин амрина(Құран, 42:52) деген  атауы да бар. Біз бұл қасиетті дүниелерді тілге тиек етіп, Рухтың Періштелік көрінісіне(сипатын) көз жеткіздік. Ендігі кезек шайырда:

«Бір сұмдыққа тап болды-ау, бейіштегі ел, 

Тәңірі айтса, тау-тас та тегістелер. 

Айғай салған Алланың дауысынан, 

Атып тұрды ұйықтаған Періштелер! 

 

Көздерінде күмәнді сұрақтары, 

Періштелер шулап жүр шұбап бәрі: 

Қайда қашып кетті екен қапияда, 

Адам менен Хауа қыз Жұмақтағы?!.» 

Ақын Серік Ақсұңқар өзіне көтере алмас артық жүк қойған ба? Жоқ, әрине! Қасиетті Құранда бар ақиқи дүниені қазақтың қара өлеңіне үйлестіріп, дініміздегі догмамен(қалыптасқан ақиқи ұстаныммен) үндестік тапқан амалы - адал, иманы - кәміл ақын жүрегіне алғыстан басқа сөздің басы артық! 

«... Келді ұшып Періштенің бәрі, міне, 

Үндемей қалды қатып: "Әміріңе —

Әзірміз! Не айтасыз?" - деген оймен, 

Қарады Қасиетті Тәңіріне, "-дейді ақын осы өлеңнің орта тұсында. Бұл жолдардан да жыр жампозының Алланың әміріне мойынсұнған Періштелердің һас махаббатын суреттеп қана қоймай, өзінің де Хаққа иланған имандылығын, саф сүйішпеншілігін жеткізген жауһар жанының жарасымды жүзін таныдық.

 1972 жылы жазылған әдебиеттанушы ғалым Р. Плетнёвтің орыстың ғажап ақыны Н. С. Гумилёв шығармашылығы жайлы "Н. С. Гумилёв(1886-1921): С открытым забралом" атты мақаласында мынадай жолдар бар:«Гумилёв, басқа да баһадүрлер секілді, адамдар арасындағы жалқы болды. Ол Құдайға қатты сенгенімен, қайғысы көп еді. Бұл сезімі мен ішкі пайымын ақын қарапайым ғана жеткізе алған: 

"Құдай бар, бар жаһан! Жасайтын мәңгі ертең! 

Сүреңсіз ғұмыры адамның һәм келте!" 

Әлбетте, Гумилёв үшін жұбаныштың үлкені, Жауынгерлік Рухтың үн беруі, тіл қатуы мен нақты оқырманның, я, тыңдарманның жан сұлулығы болатын.»

 Дәл осы сұңғыла да сұлу сипаттаманы Серік Ақсұңқардың жырларындағы жалқылық жайы мен Жауынгерлік Рухтың бейнеленуіне қатысты айтқан ба дерсіз... 

«Көкірегім толған — кек. 

Шаршаған бір дәруіштеймін жолдан кеп. 

Атилла айғай салады ылғи түсімде: 

"Адамзатқа мен де ие болғам!, - деп -

Сен бе?! 

Шаруаң біткендей..." 

Ғұмыр бойы тек осы үнді күткендей, - 

Өлең жазам, сонда шошып оянып, 

Қолдан басқа түк келмей! 

 

Киіз Үйден кіріп келсем, 

Бетон Үйге үш аттап,

Дауыс салды Ұмай Анам құшақтап;

Атилланың аруағы жүр еді,

Оны-дағы кеткен екен пышақтап!..»

Бұдан асқақ Жауынгерлік Рухтың көрінісі болар ма?!Яки, гептилмен суарған Жаңаарқаның жусанындай жусап түскен жүдеу жүрегі жыртыла ышқынған жалқы ақынның азасынан артық азап бар ма?! Өз басым болашақ жылнамаларда қалар жырлардың, жан жарасын жалап жазған шайырдың тұзды терінің тамған кескіндемесін һәм үздіктіріп барып, үзіліп түскен көз жасының суретін көріп тұрмын бұл шумақтардан.

Серік Ақсұңқардың «Едіге жыры» атты осы өлеңі былайша жалғасын тауыпты: 

«Қаралы —

Аруақ өліп барады!!! 

Босағада өңшең өңез күліп тұр —

Аузынан мүңкіп арағы! 

Көк Бөріден қалған ғадет бар әлі, 

Тілмен жалап жүректегі жараны, —

Ұлып! 

Кезем —

Даланы!!! 

Күллі жырым — Көк Түркідей — қаралы: 

Ғалам түгіл, Қазақ естімеген соң, 

Жерді тастап! 

Елді!! 

Бала-шағаны, —

Көк Тәңірі-ау, Саған жөнеп барады! 

Өткен тарих, келесі, —

Салт Атты мен Жаяулардың егесі! 

Тәңірі ғана түсінетін өлеңді

Өзге тілге тәржімала демеші; 

Евтушенко десе ауысқан ел — Есі —

Танымаса — танымасын мені осы: 

Кремльде жүргенімді айтам ба, 

Есімді алып Едігенің елесі?!»

Бұл жолдарды ғана емес, өлеңді тұтастай жүк түскен  жүйкенің, жік түскен жүректің айқайы деп таныған жөн, сірә... 

«Стамбұл мен Доспамбет» атты жырында ақын:

«... Уай, Доспамбет, 

Көк Түріктің күркірі! 

Мынау заман неге осынша күлкілі? 

О дүниеден сені іздеген мына елді, 

Күтіп алып, сөйлессеңші бір күні?!» - деп толғайды. Ал: 

«"Біздің ерді айт... "

Айтпай-ақ қой, білем мен, 

Боздақ — бәрі, тығырыққа тірелген, 

Жиырма үш жасар Фетиһ Меһмет Сұлтанды айт, —

Константинопольды —

Стамбұл ғып жіберген,» - деп басталатын «Мехмет Сұлтан» өлеңінде, ақын Алаштың ғана емес, барша түркі әлемінің, күллі мұсылман баласының баһадүрлерінің ерен ерліктеріне бас иіп, Жауынгерлік Рухқа тағзым етуді мұрат тұтқандай. Алладан басқа құдайдың жоқтығына, Мұхаммедтің Оның Елшісі(Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) күмән келтірмейтін Серік Ақсұңқардай арда ақынның "Көк Тәңір"," Ұмай Ана", "Көк Бөрі" сияқты баба дінімізден, ата ділімізден қалған ана тіліміздегі түсініктерді жырларында жиі қолданып, тұрақты тіркестердің тұздығына айналдыруынан "күпірлік" іздеу орынсыз әрі дәйексіз бос әңгіме болмақ. Бұл — бабалардың наным-сеніміне құрмет һәм тұрмыс-тіршілігін татымды таныту мақсатындағы поэтикалық бейнелеу! Өзге күңкіл - құр күңкіл, сылдыр сұңқыл... Тырнақ астында жоқ кірді іздеу ғана!

Серік Ақсұңқардың «МЕН»(М. Мағауиннің әуенімен) атты өлеңінің түйіні жоғарыдағы пікірімнің дәлелі іспетті:

«... Алаш-ай! 

Ала құйын заманға ердім, 

Ғажайып тылсым сырлы ғалам көрдім. 

Қалам мен қағазынан басқа түк жоқ, 

Көрдім мен қарекетін қаламгердің; 

Азалы алашапқын жұртта туып, 

Қараптан қарап соған алаң болдым. 

Періште ем, 

Ақырында — арам болдым, 

Ой басып, осы күнге аман келдім. 

Арбалған айдаһарға адамдайын, 

Алдынан өттім небір маңмаңкердің; 

... Тәнімді — жер алады, 

Жанымды — Алла, 

Суырып жүрегімді Саған бердім...»

Бұл өлеңдегі Отаншылдық, Ұлшылдық Рухы «Арғымақ-Пегас» өлеңінің де түпкі фабуласына, негізгі мазмұн мәйегіне айналған екен: 

«... Қара бұлтты жарып, қара шаңырағыма кеп түстім, 

Жасынмен жанып даланы. 

Көк Тәңірді бетке ап, Көкке ұштым!.. 

Артымда, бірақ, Алашым қалып барады...»

Ұлтын сүйген ұлдарының қадіріне кей-кейде(тіпті, көбіне-көп!) жете бермейтін халқымыздың кертартпа, кемшін тұстарын да қырағылықпен байқап, жіті аңғаратын ақын, Азаматтық Намысты қамшылап өтіп, Адами Рухты дүр сілкіндіріп тұрады. Мысалы:

«Ел надан болса, ер — қараң, 

Отқа айдар ұлды боққа айдап өткен кер заман: 

Немістен тусаң — Фридрих Ницше, 

Еврейден тусаң — Исхақ Рабин болар боздақ ең, 

Қазақтан тудың, қайтейін, қайран, бекзадам!»

«Поэзия патшалығы» атты толғауында: 

«... Бұл елден мен туған жұрт басқа, мүлдем, 

Қайда Олжас бізді оятқан асқақ үнмен?!.

Ғазалды өзегімнен өріп шыққан,

Базарға ауыната бастадым мен.

 

Бұ жұрттан мен туған ел, мүлде, бөлек,

Мағжандай қанат қағып Күнге кенет, —

Керемет Ғұн елінің сыйқырымен,

Кетейін мұны да жыр, гүлге бөлеп!

Бұ жұрттан мен туған ел, мүлде, бөлек..,» - деп шамырқана, шамдана шырқаған шайыр, келесі бір жырында:

«...Біржан салды байлап тастап,

Поштабайға қамшы ұстатқан даланың,

Шаранасы мен деген.

Осы жұртта қаламын,

Не көрсем де көрем осы елменен..,» - деп, ашынса да, аза бойы қаза болса да, Алашпен бір болатындығын, қайғысы мен қасіреті қалың қазағын тастап кете алмайтындығын шерленсе де шегелеп айтады.

 «... Қазаққа тән қайнаған кек, 

Қара аспанмен қатар кеп: 

Көзін ашса — Баймағанбет, 

Көзін жұмса — Махамбет..,»  - дейді қазақы қоғамның қор күйіне күйіп-піскен соры қалың ақын жүрегі! Мұнда да шендестіре шерткен шер, Зұлымдық Перісі мен Ізгілік Періштесінің бітіспес майданы, мұңы жырына айналса да аласармайтын Ақынның Ары мен Рух рауаны...

 Ақын Рухының керемет көріністері Серік Ақсұңқардың туындыларынан ұдайы бой көрсетіп, оқырманды, я, тыңдарманды тәнті етпей қоймайды.«Юнна Мориц» атты арнауында аруақты ер: 

«... Түркістан тұр —

Боз жусанды боз далам, 

Менің Тұран — Рухымды қозғаған. 

Бір жұбатса, сені Тәңір жұбатар, 

Юнна Мориц, —

(Боз інгендей боздаған)..,» -деп, Өз Рухын Отанының Рухынан нәрлендіріп, Украинада туылып, Ресейде аза тұтып, аңырап жүрген ақын апасымен Рух рауанымен бөліседі.

«Асқақ-асқақ шыққан кезде ұлт үні, 

Қайта шығып шыңыраудан дүркірі, —

Жапондардай — (самурайын көксеген!),

Ақындарын іздейді Алаш бір күні..,» - деп, Қасым мен Мұқағалидай тағдырлы да Толағай тұлғалы ағаларының ғана емес, барша Алаш ақындарының мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды ақын Ақсұңқар...Үзілмеген үлпілдек үмітін үкілеп қояды!

 Бабалар Рухына бас иген баһадүр жүрек бір толғауында:

«... Сонда қалды кісіліктің бастауы, 

Білмейтұғын бекзаттықтан басқаны. 

Қандай терең Шалкиіздің жырындай, 

Қабат-қабат адамзаттық астары..,» - дей келе, келесі бір "Күлдір де күлдір кісінетіп, Күреңді мінер күнді" аңсаған ақжарма жырында: 

«... Үндемейді, тек ішінен тынады ол, 

Қазынаның үсті, тау-тас, құба жол. 

Ғасырлардың көмбесінен, керексе, 

Қазтуғанын суырып ап шығады ол!.,» - деп, ұлтының Рухының өлмегендігіне куәдүрлік қылып, ертеңіне, елінің есіл де ерке ерлеріне — ақындарына марапатын емес, махаббатын мирас ететіндігіне селкеусіз сенім білдіреді.

 «Өзгеге, көңілім, тоярсың, 

Өлеңді қайтіп қоярсың? 

Оны айтқанда толғанып, 

Іштегі дертті жоярсың,» - дейді Хакім Абай. 

 

«... Өлімнің заңы: "Көн!" - деген, 

Шежіре жыр ғып баяндар: 

Бәрі де — өлді, 

Өлмеген —

Рубайлар, 

Омар Хайямдар..,» - дейді Ақсұңқардың Серігі. Бұл тұста да Құнанбайұлы айтқан: 

«... Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, 

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған!» - деген данышпандықпен үндесіп жатыр Серік Ақсұңқардың өміршең өлеңі.

«...Уақыттың Дауылын сезінем мен де,

Мәңгілік деген бекер ғой.

Ділдер түгілі, кезі келгенде —

Тілдер де өледі екен ғой!

 

Замана дауылы!

Сұңқылдап үні

Қанша жан өлді? Түс білем...

Сан өтерсің-ау бұрқылдап әлі

Бұл жұмыр жердің үстінен.

 

"Жаһангерім!" - деп мәлімдедім,

Осылып сұм ой діліме,

"Түгім жоқ бұлдар, бәрін беремін,

Тимеші ана тіліме..." 

 

Есігіңді ашпа есіре күштерге, 

Жалмауыз күштерге жат үні. 

Зәрем ұшады есіме түскенде

Латынның Соңғы Ақыны...»

Міне нағыз Ақындық Рух! Шырылдап айтқан шындық та, алаңы мен ақиқаты астасқан Ардың Үні де осы!

Ана тілінің келешегіне, ұлттық болмыстың болашағына алаңдаған ақынның жүйрік жүрегі жүз мың мәрте жұлқи соғып, жазира кеудесі жарыла жырлайды Алаштың аңсарын...

 Ақынның «Абыл» атты жырына назар аударайық: 

«Алашыңның Абылы — Сен, 

Қандасың —

Қабыл салған маңдайыңа таңбасын! 

Аза жырым күңіреніп, 

Сені іздеп, 

Аруағыңмен қоса көкте самғасын! 

 

Қарға - құзғын — 

Жемтігіне бас салған, 

Қарқылдасын құты қашып, сасқаннан.

Сен де — сұңқар,

Мен де — сұңқар, екеуіміз,

Алашты іздеп, саңқылдайық аспаннан!

 

Қалай ғана ұмытармын сол күнді,

Қалай басам өзектегі өртімді?

Бір жатырда бірге жатқан құлынын,

Қалай Қабыл дәті барып өлтірді?!»

Ақынның осынау трагизмге толы, жан жылатар жырының заңды жалғасы «Қабыл» атты өлеңі болса керек-ті:

«... Жүрегімде сауал менен нала көп, 

Қоса соны жерлеп қайттым молаға. 

Кісі өлтірген Қабыл деген Қарабет —

Адамзаттың Арғы Атасы бола ма?! 

 

Ел көзінен шуақ іздеп сабылдым, 

Ендігі бұл қарекетім кеш, білем: 

Жазықсыздан жан тапсырған Абылдың

Кіндігінен тұяқ жоқ деп естіп ем...»

Рухты ақынды налытқан тарихти трагедиялар «Әзәзіл келген кезде» деген күрделі өлеңінде де кең қамтылып, адам санасын сан-саққа сабылтады, жүрегін жүйткітіп, жанын жай таптырмайды. Алладан адамға арда жеткен баһадүр, бекзат болмысты Бүтін Рух болса, бір болмашы мұңға да, қаралы қасіретке де бой бермейді! Қыңбайтын да, сынбайтын да мықты сол... Адам Рухы!

 «... Адамның еті тәтті — құс етіндей, 

Қанын да уыстап ап, - ішетіндей; 

Бір күні жерден Мәді шыға келіп, 

Салбырап көктен Иса түсетіндей!

 

О, жүрек!

Асау жүрек, бұлқын келіп,

Жұлының үзілердей жұлқын келіп!

Қияға қыран ұшса мағұмұрланып,

Жапалақ жалбаңдаса, күлкің келіп?!

 

Құзғынның жайпап кеткен жұртын көріп,

О, жүрек, жұлқын келіп, бұлқын келіп;

...Дүниеге шыр-шыр етіп жылап кеп ем,

Дариға - ай, кетіп барам күлкім келіп?!.»

Осы шумақтардағы шығандаған Рух көрінісі, шайырдың «Нағашы жұрт»(мадақ жыры) атты өлеңінде Алланың Уахданият(жалғыз,бір болу) сипатын анықтап айтып, Бірлігін һәм бірегейлігін толқымалы көңіл жазғанға тағы бір ескертіп, Жаратқанның Субути сипаттарының(Алла Тағаланың ісіне қатысты сипаттар!) бірі — Басир(Бәрін Көруші!) күйін көркем бейнелеуге ұласқан екен: 

«... Алладан басқа Тәңірі жоқ! 

Соныкі — Жаһан, 

Жәннат — бұл! 

Жасаған Ием ғаламға, кірпігін қақпай қарап тұр!»

Осылай түйін түйген Серік ақын, жанына жақын бауырына арнаған жолдауында:

«Тәңірімен түйіспей жолдары, 

Дарвин түгілі, Карл Маркс те сорлады. 

Маймылдан адам шығарды, бірақ, ол-дағы

Инсан - и - камил* болмады,» - дейді.

 

Серік Ақсұңқар,«Мейірхан Ақдәулетке».

* Инсан - и - камил — кемел адам(С.А.).

  Бұл өлеңімен Рухтас тағы бір керемет жырында ақын: 

«Тұранды айтсаң, сол жұрттан

Тұра қашып құрт-қыбыр, 

Құранды айтсаң — қолтықтан

Құдай сүйер ұлтты бұл. 

 

Ғажап күнім — азат күн, 

Тәңірі бергей от-қуат. 

Абайы бар қазақтың,

Ақымағы көп бірақ!.,» - деп  налыса,«Прометей алауында»:

«...Замандарым! Адамдарың

Найзағайша шатырлап,

Аристотель...Абайларың, —

Вулкан құсап лапылдап!

 

Өттіңдер-ау, шүкір, халық,

Сөну деген саған — жат,

Прометейдің алауы ғой —

Бүкіл Тарих, адамзат!» - деп, керісінше, шүкіршілік етіп, Алладан жеткен Адам Рухының асқақтығына шүбәсіз қарайды...

Абайды айтсақ — Алашты айтқанымыз, Алашты айтсақ — Абайды айтқанымыз! Бұл да заңдылыққа айналған ақиқат! Қазақтың қасіретін де, қасиетін де ашық айтып, баға жетпес мол мұра қалдырған Хакім  Абайдың дүниеден өткеніне жүз жылдан артық уақыт өтсе де ұлтымыздың мұңдар күйі күйзелістен шыққаны шамалы (Кейде жер бауырлап, аңырап тұрып жылағамыз келетіні де жасырын емес!)...

Серік Ақсұңқардың мына өлеңі осы айтылған сөзіміздің айғағындай: 

«Қан базар — қазақ атырабы. 

Алмай көріңіз: 

Шүршітке — топырақ сатылады, 

Үндіске — маңдай теріміз! 

 

Сатамыз! 

Хақың болмасын! 

Ай - хой, азаттығым: 

АҚШ-қа — атом бомбасын, 

Орысқа — 

Қазақ Тілін! 

 

Қайда әлгі Ұлттық Табыс?! 

Не деп барам? 

Бір кило Ұлттық Ұят! 

Бір кило Ұлттық Намыс —

Керек маған!!!»

Тебіренбей, толқымай оқып көріңіз... Мүмкін емес! Ақынның өз дауысымен оқығанын тыңдасаңыз, тіпті ғажап күй кешесіз... 

Рухтың Жадысы деген ұлық ұғым бар... Ғалымдар мұны генетика мен биология ғылымдарында "генетикалық код" деп атаса, психология мен психоанализде "қанның үн қатуы"(зов крови) сияқты дәйектеме беріп жатады. Дегенмен Рухтың Жадысы кейінгі екі түсінікке қарағанда, әлдеқайда ауқымды ұғым болса керек. Менің бұл турасында сөз қозғауымның себебі де Серік Ақсұңқардың туындыларындағы Рух Жадысының жасампаз кескін - келбетіне тоқталудан туындаған ой еді.

Қуатты жырларымен құлақтың құрышын қандырар, жанардың нұрын жандырар ақынның шығармашылығында аты аталмаған аруақты бабалар кемде-кем! Барлығына тоқталып, бір мақалада қамту мүмкін де емес... Сондықтан шабыты шалқар шайырдың жыр жинағының есім-сойына айналған Күлтегін бабамызға қатысты екі-үш өлеңіне ғана үңілмекпіз. 

«... Ақындар Кремль деп... езіп кеткен —

Кезінде құдіретін сезіп көктен, —

Бетке алып Күлтегіннің балбал тасын, 

Ол елден бетін басып безіп кеткен... 

 

"Алашым — Алтын Орда жұртым еді..." 

Деп сонда Күнге қарап күркіреді! 

... Темірхан* тілін тауып әкелмесе, 

Мүлде, оның оралмауы мүмкін еді...» 

*Темірхан — Т. Медетбек.

Өлең өзі үшін өзі айтып тұр бәрін... Ешқандай мазмұн тарқатудың керегі жоқ тіптен! 

Арқалы ақынның мына жауһарына жанарларымызды сусындатып көрелік:

«Жанын жасынға жаныған жұрт едік. 

Көшін ұзатып тұрған шал —

Ақтамберді дейтін асыл-ды. 

Түбім — Күлтегін. 

Төңірегім — Біржан сал. 

Қаным — Қасым-ды...»

Рухының Жадысы биік жан ғана, Аруақты ақын ғана айта алатын сөз асылы бұл, білем! Жақұттай құны түспейтін, баба болмысқа, ата қонысқа Рухтың Рауанын үстейтін ақынның алау жырлары Мәдидің кісенін шешіп, Мөденің кісесін тағынып жатады... Беу, шіркін!

Ғұмыры қысқа болған, қазақтың аяулы ұлдарының бірі, әндерімен, жырларымен әлі де тірі Табылды Досымов кезінде  Серік ақынның «Өмір деген — Күнді айналу» атты өлеңіне ән жазған еді... Сол мәңгілік жарық жұлдызды,  тіршіліктің тірі алауын айналып... Күлтегін бабамыз барады! Бәріміз де барамыз... Бір күні!

«Мұртымыз көкке шаншылып, 

Таусылып, 

Өзек ашылып, 

Сөйлейікші бір! 

Тәңірге ғана бас иіп, 

Дөйлейікші — дүр! 

 

Жерге кеп шаншылмасын мұрт өмірі, 

Ұлтыңның бұлттан да әрі жүр көңілі. 

Алаштың өзі — жерде, 

Тәңірі — Көкте, 

Арада өзіңді ерткен Күлтегіні! 

 

Өр жаққа өру де — сын, 

Өлу де — сын, 

Бекзат ұл — шаңырақтың төріндесің. 

Көктегі Тәңіріден басқа түк те, 

Құйттай боп көзімізге көрінбесін. 

 

Шіриді бұ дүние жоқ та құны, 

Шірімес не бар дейсің оттан ұлы?! 

Мүңкімей, ақылдап бір лебіз айттық, 

Естіп тұр оны да анау Көк Тәңірі. 

 

Қарамай Арқа, 

Алтай тау еліне, 

Адамзат арбалмай тұр мәуеліге. 

Сол құрттың салып кеткен бар думаны, 

Қорқыттың жетпейді бір әуеніне! 

 

Аспаннан Күн ауғанда, 

Ай қарасын —

Ақ сүттей жарық қылып айналасын. 

Ашқанда, аузымыздан Күн көрініп, 

Алашты аппақ сәуле аймаласын. 

 

Ғұн едік Күннен туған өзіміз де, 

Естілген Көк Тәңірдің сөзі бізге. 

Күнікей Қыздан басқа Күн астынан, 

Тірі жан көрінбей тұр көзімізге!»

Бүгінгі баянымыздың түйіні... 2020 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығына Серік Ақсұңқар сынды сайыпқыран ақынның «КӨКЕЙІМДЕ — КҮЛТЕГІННІҢ ЖАЗУЫ» атты жыр  жинағы әбден лайықты ерен еңбек деп білеміз! 

Сөз соңында Рухты Ақынға сәттілік тілеп, бір шумақ арнамақпыз... 

Сонарда сан түлеткен Сарша, Сұңқар, 

Сораңға жалқы біткен Дарақ едің.

Өзіңдей бола алмайды барша тұлпар,

Көзіндей Толағайдың, Дара Бегім!

 

Жырларың — Күн күркірі Түзден өткен, 

Дауылпаз, дауылдатқан Дала Көгін, 

Білге мен Күлтегіннен бізге жеткен

Бумынның Бітігісің, Қаракөгім!

Ержан Алаштуған

Abai.kz

0 пікір