Жұма, 26 Сәуір 2024
Мемсыйлыққа кім лайық? 3466 3 пікір 11 Қыркүйек, 2020 сағат 12:05

Ұлтын сүйген ақын...

Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай арнайы жарияланған биылғы Абай жылында берілмек Мемлекеттік сыйлық үміткерлерінің бірі ақын Бақытжан Қанапияновтың (Жан Бақыттың) «Достояние души» («Жан-дүние игілігі») жинағы ғасырлар салған жол, таулы аймақ, тұрмыстағы түркілік әуен араларындағы өзара байланыс пен түсіністікті арқау еткен жырларын біріктірген.  (Автордың бұл туындысына Жан Бақыт деп қол қоюы 2017 жылы ЮНЕСКО-ның Париждегі  штаб-пәтерінде «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасын таныстыру ауқымында қазақстандық ақын-жазушылар кітаптарының тұсаукесер рәсімі кезінде жария болған жәйтке байланысты екен. Бақытжан Қанапияновтың «Кері перспектива» жыр жинағы француз тілінде шыққан, аудармашы әріптестері сол кітапта оның аты-жөнін өз тілдеріндегі үндестікке сәйкестендіріп, Жан Бақыт (Jan Bakhyt) деп көрсеткен көрінеді. Француз ақындары қойған әдеби есім авторға ұнайды, сөйтіп, аудармашы достарына құрметі ретінде, ол да «Жан-дүние игілігі» атты жаңа жинағына Жан Бақыт   деп қол қояды). Кітаптың ақын  жан-дүниесіндегі терең тебіреніс, толқу мен толғаныстан туғаны байқалады.  Көптеген өлеңдерінен Абай, Шәкәрім, Мағжан, Махамбет туындыларының игі әсері көзге ұрып тұр.

Бақытжан Қанапиянов – орыстілді ақын. Орта білімді тарихи Сырымбеттегі  орыс мектебінде алды (бұл мектепте Бақытжанның әкесі, белгілі педагог Мұсахан Қанапиянов директор болған, елге еңбегі сіңген көптеген тұлғалар оқыған), жоғары мектептерде де орысша оқыды, қоршаған ортасы да негізінен орыстілділерден еді, яғни ол тыныс-тіршілікті интернационалдандыру ұранымен жүргізілген советтік орыстандыру саясатының жемісі, коммунистік саясаттың сол ауқымдағы жүйелі шаралары көздеген типтік тұрпаттағы басты өнімі болатын.  Бірақ Бақытжан, оқу-тоқуы орысша болғанмен, қазақ өмірін терең зерттеп, ғұлама ғалымға айналған даңқты жерлесі Шоқан Уәлиханов секілді, тамырынан біржола қол үзіп кеткен жоқ, ол өзінің отаршылдар саясатының құрбаны болып бара жатқанын дер кезінде ұғынды. Ұғынды да, опынды. Опынуын 70-ші жылдары Мәскеуде оқып жүргенінде жырсүйер қауымға поэзия тілімен мәлім етті. Жоғары әдеби курста жетекшісі болған белгілі орыс ақыны Александр Межиров оның бұл опыну жырын терең түсініп, жоғары бағалады. Сондағы «Қостілділік» өлеңінің Сарбас Ақтаев жасаған қазақша тәржімесі былай болып келеді: «Қаршадайдан қол үзіп төл тілімнен, Қостілділік дегеніңе жүгінгем. Екіжүзді етеді екен бақсам ол, Айырып өз бет-бейнеңнен, діліңнен. Күйттедің деп құлаққа жат бір тілді, Бабаларым бөлді талай ұйқымды. Аруақтары келеке етті түсімде Көшкен елдің тұтқынындай сиқымды. Сол кездерде бабаларға сиынып, «Кешіре гөр!» – деп өтінем иіліп. «Ұрпағымсың тартпай туған тегіңе!» – Деген сынды олар маған күйініп».

Тоталитарлық стандартты заманда туса да, нағыз орыс ақынынан әділ бағасын алған осы жыр демократия талаптары ұшқындаған қайта құру кезеңінде өмірге қайта келіп, озбыр саясатшылардың улы жебемен атқылаған нысанасына айналды. Орталық тарапынан әдемі ұрандар жамылдырып, тегеурінді түрде жүргізіліп келе жатқан сұрқия саясаттың астарын ашқан өлең қазақ жастарының саяси  көтеріліске ұласқан әйгілі Желтоқсан қозғалысы кезінде еуропалық және америкалық радиолар арқылы шартарапқа таратылған-ды. Тиісінше оның авторына биік дәрежелі партиялық  функционерлер сын садағын аяусыз шүйілтуден жаңылған жоқ. Өйткені ақынның осы жүрекжарды өлеңінде екі тілді болудың екі жүзді болуға апарарын, яғни ана тілін ұмытудың мәңгүрттікке төте жол саларын меңзеуі қалың жұртты тап сондай дәрежеде сомдауды мақсат еткен саяси жандайшаптар мен пысықайлардың ішкі сырын ашып, жандарына тиіп кетті. Алайда олар өз шындығын тапқан ақынды жасыта алмады, көп ұзамай көзқарастарын өзгертуге мәжбүр болған қасаң саясат қолшоқпарлары да лып етіп демократия тұлпарларына ауысып мініп алды. Ал Бақытжан ақын өз тамырын, қазақтың ұлттық рухани мұраларын тануға шындап бет бұрды. Бұған сол тұста республика компартиясы орталық комитетінің идеология саласын басқаруға келген Өзбекәлі Жәнібековтің оны қабылдауына шақырып, қазақ фольлорын мұқият оқуға кеңес беруі шешуші әсерін тигізген еді. Ол асыл мұралардағы жауһар бейнелер мен кестелі ойларды еуропалық поэзиямен шыңдалған өз ұғымымен,  ақындық түйсігімен барлап, жүрегінен өткізу арқылы жаңаша қалыптауды мақсат етті. Сөйтіп Қанапиянов бірегей дарынының арқасында «Жан-дүние игілігі» жыр кітабында осындай дәстүр сабақтастығын жалғастырды, қазақтың ұлы ақындары   поэзиясындағы сарындар мен желілерді соны да тосын қырынан жаңғыртты. Оның өлеңдері әр жылдарда Мәскеудегі «Литературная газета», «Литературная Россия», «Московский комсомолец» газеттерінде, «Дружба народов» журналында,  Алматыдағы «Простор», «Жалын» журналдарында жарияланып тұрды, жиырма шақты жыр жинағы жарық көрді. Ұлттық рух пен сезімге суарылған, шұрайлы тілмен өрнектелген поэзиясы жырсүйер қауымның көкейінен шықты, оның шығармашылығы жайында белгілі сөз шеберлері қалам тербеді.

Қанапиянов өзінің мол ауқымды шығармашылығын әрдайым қоғамдық жұмыстармен астастыра жүргізуде. Биылғы Абай жылына орай атап айту керек, ол ойшыл ақын мен оның айналасын жұртшылыққа таныстыру жөнінен көп жылдан бері елеулі істер атқарып келеді. Оның әркімді өз ой-ниеттері мен шығармашылық ізденістерінде  Абайдай болуға, Абайға ұқсауға, Абай аңсаған толық адам деңгейіне ұмтылуға шақыратын бұл жұмыстары атап айтуға тұрарлық қызмет екені даусыз. Қысқаша шолу жасайық.  Бақытжан Абай тақырыбымен өткен ғасырдың 80-ші жылдарында шұғылдана бастаған-тын. 1983 жылы шыққан «Абай: өмірі мен шығармашылығы» деректі фильмінің,  1992 жылғы  «Шәкәрімнің соңғы күзі» толық метражды көркем фильмінің сценарийлерін жазды.   Идея авторы және құрастырушы ретінде 1982–2020 жылдары Абай өлеңдерінің аудармасын (Ресей мен Қазақстандағы жарияланымдар), сондай-ақ «Абай күнтізбесі, 1995 жыл» басылымдарын жарыққа шығарды. ЮНЕСКО-ның Бас хатшысы  Федерико Майордың қатысуымен 1995 жылғы 9 тамызда Алматыдағы өткен Абайдың 150 жылдығына арналған салтанатты мәжіліс пен Қазақстан және ТМД елдері өнер шеберлерінің   (Е. Серкебаев, Б. Төлегенова, А. Соловьяненко, О. Табаков, Ә. Дінішев, А. Мұсаходжаева, Ж. Әубәкірова, Р. Рымбаева және т.б.) қатысуымен болған гала-концертті арқау еткен фильм сценарийінің авторы әрі кеңесшісі болды. Шәкәрім Құдайбердіұлының, Мағжан Жұмабаевтың, Міржақып Дулатовтың, Ахмет Байтұрсыновтың Абайға арналған өлеңдерінің («Алтын Хакім Абайға» және т.б.) аудармасын жасап, Қазақстан мен Ресейдің мерзімді басылымдарында жариялады. Пушкин жылына және Абай жылына орай жазған мақаласын 2005 жылғы сәуірде «Литературная газетада» жария етті.  2006 жылы шығарушы және құрастырушы ретінде қазақ тілінде Шәкәрімнің екі томдық шығармалар жинағын шығарды.  Мұхтар Әуезовпен және оның «Абай жолы» кітабымен алғаш кездескендегі кішкентай баланың бастан кешкен сезімдері мен түсінік-түйсігін арқау еткен «Нан иісі» новелласы 2010 жылғы 11 сәуірде «Литературная газета», сол жылғы  12 сәуірде  «Қазақ әдебиеті» (аударған  Б. Хабдина) газеттерінде жарияланды. 2015 жылғы 29 шілдеде «Литературная газетада» «Орыс ақындары және Абай» атты мақаласы жарық көрді. 2019 жылы  Б. Хабдинамен бірге құрастырып,  қазақ тілінде Абай туындыларының канондық мәтіндерін жарыққа шығарды. Биыл, 2020 жылы, «Абай. XXI ғасырдағы Қазақстан» атты өлеңдер жинағын құрастырды. Осы 2020 жылы идея авторы және құрастырушысы болып, қазақ және орыс тілдерінде «Абай күнделігі» басылымын шығарды. Қазақстан Академиялық кітапханасының тапсырысы бойынша жазылған «Абайдың алғашқы кітабы» мақаласын биылғы 22 шілдеде «Литературная газета» басты, оның қырым татарлары тіліндегі аудармасын  (аударған Сейран)  үстіміздегі жылғы 7 тамызда Қырым Республикасының «Янъы дюнья» («Жаңа дүние») газеті жариялады.  Б. Қанапиянов 1997–2014 жылдары М.О. Әуезовтің 50 томдық академиялық толық басылымының шығарушысы   және орыс мәтіндерінің редакторы болды. А. Ким жаңадан аударған «Абай жолы» роман-эпопеясын баспа жобасының жетекшісі және редакторы ретінде шығарып, 2007–2017 жылдарғы бірнеше қайта басылымын жүзеге асырды.  Абай туралы «Радушно распахнуты двери Поэту» атты мақаласы 2020 жылғы 20 мамырда   «Казахстанская правда» газетінде, сондай-ақ ippokrena.kz сайтында жарияланған. ҚР Сыртқы істер министрлігінің тапсырмасы бойынша жазған «Пространство души казаха»  атты мақаласы Мәскеуде биылғы шілдеде «Профиль» журналында жарық көрген. Осы жылғы шілдеде ол «АбайTV» телеарнасында жүрген Абай туралы хабарға қатысып, өзіндік тың ой-пікірін ортаға салды. Ақынның заманауи жыр жолдарына түсірген  Абай өлеңдері циклы «Абай әуендері» деген атпен 2018 жылы «Достояние души» атты, биыл Мемсыйлыққа ұсынылып отырған кітабына енген. Ол орыс тіліне және әлемнің басқа да он тіліне аударылған Абай өлеңдерінен арнайы жинақ құрастырды (алғысөзін ҚР Президенті Касым-Жомарт Тоқаев жазған). Кітапты Нұр-Сұлтандағы Ұлттық аударма бюросы мен Мәскеудегі Ломоносов атындағы мемлекеттік университет баспасы үстіміздегі жылы жарыққа шығарды.

Қанапияновтың шығармашылық жолында Чернобыльдегі апат ерекше із қалдырды. Ақын атом стансасы жарылған аймаққа барып, жарылыс зардабын жоюшылар қатарында жүрді. Зұлмат орындарын 1986–1988 жылдары тағы бірнеше рет аралап көрді. Жаңа қасірет жайында ақындар ішінен алғашқылар қатарында үн қатты. Оның бұл тақырыпта Семей полигоны трагедиясын қоса көтерген «Аист над Припятью» («Припять үстіндегі ләйлек») атты өлеңдер жинағы орыс және украин тілдерінде жарияланды. Ақынның туындылары, жалпы, қазақ ақындары  ішінен бірінші болып Америка Құрама Штаттарында, Канадада және Ұлыбританияда тасқа басылған-ды. Оның шетелде шыққан «Тыныштық уақыты» жинағына алғысөзді әйгілі орыс ақыны Андрей Вознесенский жазған болатын.  Ақынның шығармашылығы туралы әр кезде көрнекті сөз шеберлері мен әдебиеттанушылар: О. Сүлейменов,  Е. Букетов, А. Жовтис, В. Бадиков, М. Мағауин,   Г. Бельгер, М. Симашко, В. Антонов, Д. Снегин, М. Базарбаев, Ш. Сәтбаева (Қазақстан); Л. Озеров, А. Вознесенский, С. Лесневский, С. Мнацаканян, А. Ткаченко, Б. Евсеев (Ресей); Л. Горлач, Ю. Сердюк, В. Осадчий (Украина); Р. Бенш, П. Оресик (АҚШ); Б. Кенжеев (Канада); Ю. Маллинен (Финляндия); Ю. Неуважный (Польша)  қалам тербеп, пікір білдіріп жүрді. Ал мәскеулік сыншы Виктор Максимов тұтас монография жазып, «Свет кочевой звезды» («Көшпенді жұлдыз жарығы») деген атпен 2000 жылы «Пилигримм» баспасынан шығарды.

Ақынның аудармашы ретіндегі еңбегі өз алдына бір төбе. Ол саяси қуғын-сүргінге ұшырап, қайта құру жылдары ақталған, есімдері мен шығармалары қоғамға тәуелсіздік дәуірінде ғана шын мәнінде оралған Шәкәрім Құбайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсыновтардың поэзиялық мұраларын  тәржімеледі. Сондай-ақ Махамбет, Абай, Жамбыл, Кенен өлеңдерін орыс  тілінде сөйлетті. Солармен қатар орысшаға қазақ ұлттық фольлорының інжу-маржаны «Қыз-Жібек» дастанын аударды.  Бұлардың бәрі Бақытжан аудармасы арқылы әлденеше шет жұрттар тілдеріне тәржімеленіп,    шетелдерге танымал болды.

Бақытжанның АҚШ-та, Нью-Йорк қаласында Халықаралық А.С. Пушкин қоры ұйымдастырған «Үміттің алтын лирасы» атты поэзиялық конкурсқа дүние жүзіндегі 41 мың 157 ақын қатарында қатысып, лауреат атанған қырық ақынның бірі болғанын атап айтқан жөн. Оның өзі де әлемде тұңғыш рет Бүкілдүниежүзілік поэзия күнін жариялап, 1996 жылғы 29 ақпанда Алматыда Халықаралық поэзия күнін өткізді. Екінші поэзия күні Нидерландиядағы «Hivos» қорының қолдауымен 2000 жылғы ақпан айында Гаага қаласында өтті (осы шаралар аясында тұңғыш рет Интернет-поэзия жүйесі жүмыс істей бастады).  Бүкілдүниежүзілік поэзия күні шаралары ауқымында Қанапияновтың үлкен поэзия кеші  2004 жылы Алматыда, 2008 жылы Астанада өтті. Ақынның өзі де АҚШ, Англия, Франция, Голландия, Финляндия, Ресей, Германия, Швецияда болған халықаралық поэзия фестиваліне сан мәрте қатысып, барлық шығармашылық кездесулерде өзін еліміздің ақындық әлемінің лайықты өкілі ретінде көрсете білді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылында «Жібек жолы» баспасын құрып алған қаламгер енді кәсіби баспагер ретінде жұмыс істеп, ұлт мүддесіне қызмет ететін елеулі жобаларды жүзеге асырып келеді. Ол Абай шығармашылығына және А.С. Пушкиннің туғанына 200 жыл толуына арналған бірегей күнтізбелер шығарды (Пушкин күнтізбесі халықаралық дәрежеде бағаланып, Мәскеу мэриясының дипломымен марапатталды). Қазақ тілін үйренуге қажетті аудио және видео қосымшалары бар бестомдықты, «Қазақстанның жас поэзиясы мен прозасы» атты қазақ, орыс және неміс тілдеріндегі бестомдықты, екі томдық «Қазақстан киносы» анықтамалығын,  қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаев еңбектерінің жеті томдық жинағын, М.О. Әуезов шығармаларының елу томдық академиялық толық басылымын жарыққа шығарды. Бұлармен қатар, әдебиеттанушы және публицист ретінде,  Қанапиянов Шоқан, Абай, Шәкәрім, Мағжан, өзінің бүгінгі замандастары О. Сүлейменов, Б. Кенжеев, Э. Лотяну, С. Мнацаканян, Ұ. Есдәулетов, басқа да ақын-жазушылардың шығармашылықтарын қарастырған  жүзден астам мақала жазды. Кинематографист ретінде жиырма шақты киносценарий мен фильмнің авторы болды. «Ландшафтылар. Экслибрис» атты бейнепоэзия тізбегін жасады.

Қысқасы, «Жан-дүние игілігі» кітабына ақын Қанапиянов осындай бай шығармашылық және қайраткерлік тәжірибесімен келді. Оның аталмыш жинағына енген  өлеңдерінің бірқатары әлден-ақ түрік, әзірбайжан, армян, испан, араб, француз және моңғол тілдеріне аударылып, шетелдік поэзия әуесқойларын рухани тұрғыда сусындатуда. Ал кітап екі жылдан бері республика жырсүйер қауымының ризашылығына бөленіп келеді. Қорыта келе, «Достояние души» («Жан-дүние игілігі») кітабының авторы ақын және жазушы Бақытжан Қанапиянов еліміздің биік дәрежелі сыйлығына әбден лайық деген пікір айтпақпыз.

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

3 пікір