Дүйсенбі, 13 Мамыр 2024
2581 0 пікір 10 Қыркүйек, 2020 сағат 15:59

Министрлік қашықтан оқи беруді ұсынды

Білім және ғылым министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі мектеп оқушылары кемінде бір тоқсан қашықтан оқуы тиіс деп санайды.

10 қыркүйек күнгі брифинг кезінде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде эпидемиологиялық ахуал жақсарғанмен Еуропа, көрші Өзбекстан, Ресейде және өзге елдерде індеттің өршуі байқалғандықтан әзірге қашықтан оқу форматын сақтау дұрыс деген байламға келген.

– Наурыз айынан бері ұжымдарды таратып, карантин енгізілгеніне қарамастан елде 2 418 балаға коронавирус жұққан. 98 пайызы жазылған. 34-і емделіп жатыр. Яғни, ұжымдар инфекцияның тарау ықтималдығын күшейте түседі. ДДСҰ мәліметінше, 12 жасқа дейінгі балалар коронавирус инфекциясын әлсіз болса да тарата алады. Ал 12 жас және одан асқандар коронавирус инфекциясын өте жылдам таратады. Олар үйдегілерге, тәуекел топтарға вирус жұқтыруы мүмкін, –деді Цой.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жаңа оқу жыл басталғалы бері оқушылардың 24 пайызы немесе 800 мыңы дәстүрлі форматта оқып жатыр, 2,6 млн оқушы қашықтан білім алып жатыр. Ол "сабақ жөнді өтпей жатыр" деп қоғамда айтылып жатқан сынды жоққа шығарып, түрлі интернет-платформаларға кірген адамдар санын дәлел ретінде келтірді.

Оның сөзіне қарағанда күн сайын 2 млн сабақ өткізіледі. Мысалы, Kundelik платформасына күн сайын 1 млн тапсырма жүктелінеді.

Бір күн бұрын ауылдық жерлердегі интернет сапасының тұрақсыздығы, білім саласындағы цифрландыру процесінің баяу жүруі, көп балалы отбасылардың құрылғылары жоқ болғандықтан балаларын дұрыс оқыта алмай отырғаны жайлы сын айтылған еді. Мәжіліс депутаты Дания Еспаева "2016 жылдан бері білім жүйесіне республикалық бюджеттен шамамен 28 млрд теңге бөлінді, оның бір бөлігі мектептерді интернетпен қамтамасыз етуі тиіс еді" деп министрлікке қаржылық тексеру қажеттігін айтқан.

10 қыркүйекте министр Асхат Аймағамбетов "2016 жылдан бері 7 мың мектепті интернетпен қамтамасыз етуге 12 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл трансферт ретінде, яғни әкімдіктерге жіберілді, әрі қарай білім басқармалары бюджеттен бөлінген қаржыны интернетке жұмсауы тиіс болған" деп жауап берді.

Қазақстанның мектептері мен жоғары оқу орындары 1 қыркүйектен бастап қашықтан оқи бастаған. Індетке байланысты тек бастауыш сынып оқушылары ғана ата-аналары рұқсат берген жағдайда мектепке барған. Шалғайдағы кейбір шағын мектеп оқушылары да дәстүрлі форматта оқып жатыр.

Бұған дейін білім және ғылым министрлігі елде жарты миллионға жуық баланың интернетке қосылмағанын, 185 мыңнан астам оқушыда қажетті құрылғы жоқ екенін мойындаған.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 3,4 млн оқушы бар.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1958
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2265
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1860
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1550