Жұма, 26 Сәуір 2024
Көкжиек 2898 2 пікір 10 Қыркүйек, 2020 сағат 12:31

Құс қанатының сәулесі

Сары адырлардың салқар көшін, жусанды белдің жұпарын жан дүниеңмен сезініп, көне мазарлар мен иесіз ескерткіштерге көз салғанда көкейіңе ескі сарын келетіні бар. Бұл ескі сарын – есті әуен. Қос ішекті домбыраның киесіне еліте отырып, қапылысы көп қаладан, қытымыр тірліктен бір мезет алыстап, қазақы әлемнің есігіне имене аттайтының да рас. Сонда бұл әлем несімен ерекше дерсіз. Әрине, бұл құндылықты сезіну үшін осы дала мәдениетінің ыстық-суығын қатар кешіп, табиғат тілін түсіну керек болар. Әсілі, адам баласы мынау жарық дүниеге келгенде алғашқы болып көретіні де, сезінетіні де, дидарын нұрлы қылатыны да – туған жердің қасиеті.

Осындай жан тебірентерлік сағынышпен туған жерге оралғанда алдыңнан ақ жүректі туысың, төсінде төрт түлік жайылған тұран далаң, қатпар-қатпар таулар, аққулы айдын, қоңыр тірлікпен күн кешкен ауылың менмұндалайды. Әсіресе, аққу құстың көркем бейнесі, қанат қағысы, сұңқылдаған дауысы, биі, барлығы да – тілмен түсіндіруге келмейтіндей ерекше сұлу құбылыс. Сол шалғында жатып, еске түсетіні – балалық шақтан әр сөзі көкірекке өшпестей болып қашалып қалған мұзбалақ ақын Мұқаңның (М.Мақатаев) «Аққудың қанатына жазылған жыр» кітабындағы лирикалық толғаныстар, тосын теңеулер мен шынайы болмыс. М.Мақатаевтың шығармашылық шабыты, сөз иісі, ой астары кейін қазақтың көрнекті ақыны Несіпбек Айтұлының өлеңіне дарығандай. Қос ақын да махаббат пен іңкәрліктің, сұлулық пен салтанаттың символына айналған аққу құсын мейілінше жоғары деңгейде жырға қосты.

Аққу-қаз әуелейді қалықтаған,
Қайтейін қанатым жоқ қалып барам.
Жүрегім құс боп ұшып кетті-ау бірге,
Жылатып жалғыз қалай алып қалам?

Осы өлең жолдары әуен мен поэзияның бір қайнардан нәр алғанын, әуел баста бір тылсымнан пайда болғанын айғақтап тұрғандай. Ойыңа еріксізден «Ақын мен аққудың жаны – егіз, оны екі бөлек қарастыруға келмейді» деген пайым оралып, қанатсыз пенденің күйінішін, терең тебіренісіне кез боламыз. Пендеден жасырып жүрген жан дертіңді де, қара басыңды мезі қылған жұмбағыңды да, жанарыңды жәудіретіп, «дүние жалғанның» дүдәмал күйін де осы әуезбен шығарғың келеді бір сәттерде. Бар дауысыңды әйгілеп, шың басында тұрып, шырғалаң ғұмырдың шындығын іздегің келеді. Сондағы табиғаттың саған берген жауабы – жаңғырық. Мұңлық Абайдың әлгі: «Жартасқа бардым, / Күндей айғай салдым, / Онан да шықты жаңғырық», –  дейтін жыр жолдарына ұқсайды. Немесе орыстың белгілі ақыны В.Высоцкийдің: «...И, улыбаясь, мне ломали крылья, / Мой хрип порой похожим был на вой, / И я немел от боли и бессилья / И лишь шептал: «Спасибо, что живой», – деген поэтикалық терең иірімдеріне жақын.

Біз сөз қозғап отырған «Дариға-дәурен» әнінің өзіндік шығу тарихы бар. Үш өнер иесінің жемісті еңбегі исі қазақ даласына классикалық ән үлгісін көрсетті. Н.Айтұлы сөзін, Т.Шапай әнін жазып, қазіргі таңда мұны алаштың талантты әншісі Р.Стамғазиев нақышына келтіре орындап жүр. Әнші «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісіне берген бір сұхбатында «Дариға-дәурен», «Арман», «Сәуле-ғұмыр» әндеріне тоқтала келіп: «Тұрсынжан ағаның триптих дүниесі ғой. Ол кісі былай дейді: «Адам өмірге келгенде арманға бой алдырады, содан кейін дәуренін сүреді, өмірден өткенде соңында сәулесі ғана қалады». ...Осы әндер айтылған жерде менің есімім аталады. Несағаңның, Тұрсынжан ағаның есімі аталады. Бәрі де – еңбектің нәтижесі. Талай авторларды көрдім, «әнімді, әйтеуір, шығарсаң болды» деген. Бұл кісілерде ондай атымен жоқ. Күнімен, түнімен, таң атқанша бір сөзге таласып отырған кездері болған. Бір сөздің өзін ақынға алты-жеті рет жаздырған. Үш адамның ортасында қайнаған ән өте бір қайнауы бітік, көбігі алынған, жетеріне жеткен ән болды. Жететін жеріне жеткізіп барып шығарған дүниені осы кісілерден көрдім. Сөз қадірін осы кісілерден үйрендім», – дейді. Шынында да, өнер әлемінің өзіндік тамұқтай азабы мен бейіштей рахаты бар. Шабыт, қиял, сезім, уақыт, жан тебіренісі – осының барлығы жымдаса келіп, толысқан, толыққанды бір туынды жарыққа шығады. Жанарды жарық қылып, жалғанды сүйдіртіп тұратын да – аталған эстетикалық күй. Мұндай классикалық шығарма ұлы уақыттың илеуінен өтіп, жылдан-жылға жұмбақталып, өміршең туындыға айналады. Дүниеге алғаусыз, аңғал арманмен талпынып келіп, ғұмырдың ақ-қарасын көріп, бірде шарықтап, бірде құлдырап, ақыры сол еңбегің сағынышқа толы сүрлеу болып қалатынын да аңғармай жатамыз.

Жаз көшіп омырауын алқындаған,
Айдын көл мұңаяды салқындаған.
Басынан Төлегендей ғашықтардың,
Айналып алты қаздай қаңқылдаған.

Беймарал жаз мезгілінен қою күрең күз әлеміне жақындаған шақта табиғат шіркіннің өзі сағыныш пен аңсарға бас ұрғандай болып сезіледі. Қаңқылдап ұшқан қазбен бірге дүние дидарының мөлдір тамшысы бірге үзіліп кеткендей, жаныңның жапырағы жұлынып, кеудең қуыстанғандай әсер алатының да бар. Автор қазақ әдебиетінің ірі образына айналған «Төлеген» феноменін тегін қосып отырған жоқ. Жалғанның күллі сағынышын, мұңын, үкілеген үмітін Төлегеннің «жанарына», көкірегіне сыйдырып отырғандай. Осы орайда, еске оралатын бір жайт бар. Ол – тарлан тарихтың ақтаңдақ беттерінен сыр шертіп, қазақты ұйыстыруға, бір болуға, бөлінбеуге шақыратын, сөйте тұра аса жоғары мәдениеттің нышанын байқатып, ұлттық танымды айшықтаған «Қыз Жібек» көркем фильмі. Сол кино айдын көлдің, аққудың бейнесі, «Ақ жайық» әнінің орындалуымен басталушы еді ғой. Осы әнді орындаған Жақсылық Зәкіров өз естелігінде аталған туынды туралы былайша ой тарқатады: «Қ.Мырзалиевке тапсырыс беріліп, ол түнімен отырып, таңғы сағат жетіде «Ақ Жайық» деген мәтінді алып келді. Бүгінде осы поэтикалық мәтінмен елге тарап кетті. Мен сол жаңа сөзімен айтып, жаттыға бастадым. Бір айдан кейін Н.Тілендиев әнді қайталай тыңдап: «Жоқ, бұл сөз киноға келіспей тұр», – деп, ақынға тағы да тапсырыс берді. Қ.Мырзалиев енді «Зар заман» деген нұсқасын ұсынды:

Зар заман, құзғын заман, сүлік заман,
Туды ғой ел басына бүлік заман.
Қасірет кеудемізді басып тұрып,
Жіберді-ау тіземізді бүгіп жаман.
Аққулы мекен,
Гәккулі мекен,
Бақ-дәулет қайта айналып келер ме екен...».

Батыс аймағының үлгілеріне тән бұл ән бастала салысымен-ақ көне дәуірлерге сапар шектіріп, әуеннің даму желісі, ырғағы сол өңірдің стилін, халық әніне жақын ерекшелігін айғақтайды. Жайыққа қонып, Жайықтан ұшқан сүмбіл қанатты құстардың сұлулығына тамсанып қана қоймай, ұлтымыздың арғы-бергі тарихын, өткен жолын бағдарлауға болады. Сарынның өзі сол құндылыққа жетелеп тұр. Қанша тыңдасақ та, құлағымыздан үні кетпей, араға жылдар салып жаңғыра беретіні де сондықтан. «Дариға-дәурен» әні де сондай кейіпте.

Жалпы, Н.Айтұлы шығармашылығында құсқа қатысты көптеген өлеңдер кездеседі. Әр өлеңде әртүрлі құстар ерекше сипат алып, бірде қыран, бірде қарлығаш, бірде аққудың бейнесі ауық-ауық ұшырасатынын аңғарамыз. Мәселен: «Туған жер, сенен кетерде, / Жабығып, қатты жүдедім. / Ұшырсам саған жетер ме, / Көгершін – менің жүрегім», – немесе «Жүрегім менің бұлқынды / Қыранның көріп қанатын. / Сапырып судай бұлтыңды, / Шарықтап, шайқап алатын», – деген өлең жолдарында ақынның поэтикалық қуаты, эстетикалық толғанысы маздап тұрғанын сезіну қиын емес.

Сөзіміздің әлқисасында туған жер туралы ой қозғадық. Бұл пайымның негізгі бастауы да, қайнаркөзі де – ұлт болашағымен мәңгі сабақтас. Кейде тұмадай тұнық пейіл тек ауылда, туған жерде, иен далада қалып қойғандай әсерде болатынымыз шындық. Нәтижесінде, сөз мәдениетін, сөз астары мен байыбын терең түсіну – ішкі болмысымызға әсер ететінін білеміз. Сол даланың сай-саласын қызғыштай қорғап, өлеңге арқау еткен жыраулар мен абыздар – өз заманының айнасы ғана болып қоймай, сол дәуірді, қоғамды түзетуші күштің миссиясын атқарды. Елдің жоғын жоқтап, мұң мен зарын билікке жеткізіп отырғаны да әмбеге аян. Ал поэзиясына зер салсаңыз, жоғары пафостың жарқын үлгісін көресіз. Н.Айтұлы да сол рухтың отын өшірмей, кеше мен бүгіннің арасын жалғап отыр. Мына бір жырында жыраулық сарынды бірден байқаймыз.

Сарыала қазым саңқылдап,
Сайранда сазда салқындап,
Қуанышымның көл-көсір,
Қазаны қайнар сарқылдап.
Тосыннан төксем көлге сыр,
Тамсанар таулар саз тыңдап...

Әрине, асау көңілдің бұлқынысы аспандап, жан дүниені жарып шыққан шаттықтың «сарыала қаздай» саңқылдап ұшқаны, бұлдыр күннің пердесін түріп, көктемемен бірге жылы сезімді кешкені – кеудесінде жаны бар адамды тебірентпей қоймайды. Дегенмен, автор осы бір «қасықтап» жиған қуанышты қапияда төгіп алғысы келмей, жанның тыныштығын бұзып алмай, ең қымбатты дүниесі – арын таза ұстағысы келеді. Сөйтіп: «Абайсызда ұйқыңнан шошыттым ба, / Кеттің ұшып қай жаққа, қарлығашым?», – деп мазасызданады, алаңдайды. Осы күйдің өзі – ақын әлемінің есігін ашып, сәби көңілін бір мезет байқатқандай.

Көркем әдебиетте адамның жанын құсқа теңеу – жиі орын алатын құбылыс. Тіпті, кей уақытта құс атаулысы ақынның музасына, мұңын шағар сырласына да айналуы мүмкін. Қиян-кескі заманның қиындығын көрген өр ақын М.Өтемісұлы қызғыш құсқа ішкі дертін, қайғысын айтып, Исатайдан айырылғанын айтқан өлеңді көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Шынында да, ақын философиясында құстардың орны, олардың періштелік образы ешқашан жоғалмайды деп нық сезіммен айтуға болады. Керісінше, көбірек ізденген сайын бұл нысана жаңа кейіпте жырланары сөзсіз. Осы орайда, тағы да Н.Айтұлына кезек берейік.

Тірліктің тұраласа кер шолағы,
Көңілге қай-қайдағы шер толады.
Арманды адам қуып жеткен емес,
Қырандай қос қанатың болса дағы.

Құстың болмысы мен табиғаты – көкірегіңді кір-кесапаттан тазартып, қараған сайын мейірің қанып, үзіліп түскен бір тал қауырсынына дейін жаның ауырып, күз лебімен күрсіндіреді. Өткен мен бүгінді ойға алып, жаның тыныштық таппайды. Құстардың жылы жаққа қанат қағатыны секілді ақынның да жаны жылы сөзді, ыстық мейірім мен махаббатты, сұлулықты сүйеді. Сол бір құстың қауырсынындай ақ қағазға барлық сырын ашып, бүкпесіз, боямасыз ойын жеткізгісі келеді. Бұл да – Н.Айтұлы жырлағандай, «Аққудың көз жасындай көлге тамған» ерекеше күйдің әсері.

Біржан Ахмер

Abai.kz

2 пікір