Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
1821 0 пікір 9 Қыркүйек, 2020 сағат 11:30

Ресейде COVID вакцинасының алғашқы партиясы азаматтарға таратылады

Ресейдің коронавирусқа арналған алғашқы "Спутник V" вакцинасының бірінші партиясы азаматтарға таратылады. Бұл туралы Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Ресей денсаулық сақтау министрлігінің Н.Ф.Гамалеи атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы дайындаған вакцина Росздравнадзор зертханаларында сапа сынағынан өтті, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі. Жақында вакциналардың алғашқы партиясы аймақтарға жөнелтіледі.

Ресейде коронавирусқа қарсы жаппай егу биыл қазан айында басталады. Қазір вакцина тіркеу алдындағы сынақтан өтіп жатыр. Оған 40 мың адам қатысады. Алайда олардың төрттен бірі препарат орнына плацебо қабылдайды. Тіркеу алдындағы сынақ екі айдан алты айға дейін созылады.

11 тамызда Ресей президенті Владимир Путин коронавирустан әлемдегі алғашқы ресейлік вакцина тіркеуден өткенін мәлімдеді. Препарат "Спутник V" деп аталды.

Вакцина өндірісі 15 тамызда басталды. Препаратты Гамалеи атындағы орталық пен "Биннофарм" компаниясы шығарады. Ресейге жеткілікті вакцина бір жылда өндіріледі.

Abai.kz

0 пікір