Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Ел іші... 2528 3 пікір 9 Қыркүйек, 2020 сағат 11:22

Тағы алты адам «саяси тұтқын» атанды

Қазақстандық құқық қорғаушылар елдегі «саяси тұтқындар» тізімін жаңартыпты. Дәлірек айтсақ, жаңа тізімге тағы алты адам қосылған екен. Бұл туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина өзінің әлеуметтік желісінде жазды.

Сарапшылар кеңесінің 2020 жылдың 8 қыркүйектегі шешімімен төмендегі алты азаматы «саяси тұтқын» деп танылған. Олар:

1.Санавара Закиова. Белсенді. ҚР Қылмыстық кодексінің 107 бабы, 2 бөлімі бойынша 1 жылға бас бостандығынан айырылған.

2. Асқар Ибраев. Қостанайлық белсенді. ҚР Қылмыстық кодексінің 405 бабы, 2 бөлімі бойынша 1 жылға бас бостандығынан айырылған.

3. Серік Идырышев. ШҚО, Бобровка ауылының белсендісі. ҚР Қылмыстық кодексінің 405 бабы, 2 бөлімі бойынша 1 жылға бас бостандығынан айырылған.

4. Асхат Жексебаев. Алматылық белсенді. Сотқа дейінгі тергеу кезінде 2 ай мерзімге тұтқындау шарасы қолданылған. ҚР Қылмыстық кодексінің 405 бабы, 2 бөлімі бойынша айыпталған (Тыйым салынған «Көше партиясына» қатысы бар делінген).

5. Абай Бегімбетов. Алматылық белсенді. Сотқа дейінгі тергеу кезінде 2 ай мерзімге тұтқындау шарасы қолданылған. ҚР Қылмыстық кодексінің 405 бабы, 2 бөлімі бойынша айыпталған (Тыйым салынған «Көше партиясына» қатысы бар делінген).

6. Қайрат Клышев. Алматылық белсенді. Сотқа дейінгі тергеу кезінде 2 ай мерзімге тұтқындау шарасы қолданылған. ҚР Қылмыстық кодексінің 405 бабы, 2 бөлімі бойынша айыпталған (Тыйым салынған «Көше партиясына» қатысы бар делінген).

«Саяси тұтқындар тізіміне қосылған барлық азаматтар бостандығы шектелген немесе сотқа дейінгі тергеу кезінде қамауда болған. Саяси тұтқындар тізімінің талаптарына сай. Тізімге қосу талаптарын «Халықаралық Амнисти» мен Еуропа Кеңесінің критерийлері бойынша сарапшылар кеңесі әзірлеген», - деп жазды Төреғожина.

Сарапшылар кеңесінің құрамында Ғалым Ағелеуов, Лұқпан Ахмедяров, Зәуреш Батталова, Гүлмира Биржанова, Аанара Ибраева, Ерлан Қалиев, Бақытжан Төреғожина және Амангелді Шорманбаев бар.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін «саяси тұтқындар» тізімінде болған кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен «Қазатомпром» басшысы Мұхтар Жәкішев қамаудан босатылған еді.

2013 жылы қазан айында құқық қорғаушылар алянсы Мұхтар Жәкішевті саяси тұтқындар тізіміне қосты. Оған сот пероцессі кезінде Жәкішевтің құқығының өрескел бұзылуы туралы фактілер себеп болған. Бұған дейін Жәкішев «саяси тұтқынға қатысы бар тұтқын» деп сипатталып келген. Мұхтар Жәкішев 2018 жылғы саяси тұтқындардың жаңартылған тізіміне де енген.

11 жылға жуық түрмеде отырған Мұхтар Жәкішев биыл наурызда қамаудан босатылған еді.

Ал «Азаттық» сайтының жазуынша, Қазақстанда алғашқы саяси тұтқындар тізімі 2013 жылы жасалған. Құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп танығандар қатарында ақын әрі диссидент Арон Атабек, 2016 жылғы Жер митингісінен кейін сотталып, түрмеде отырған белсенді Макс Боқаев пен   жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев бар.

Abai.kz

3 пікір