Сәрсенбі, 8 Мамыр 2024
Алаң 5058 5 пікір 8 Қыркүйек, 2020 сағат 11:59

Жемқорлардың жұмағына айналдық па?

Мүсілім Ондағанов қайта қамауға алынды

Бір нәрсенің басы ашық, елімізде жемқорлықтың терең тамыр жайып кеткендігі соншалық, жеті басты айдаһар секілді бір басын кессең, екіншісі өсіп шыға келеді. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл деп аталатын аты да, заты да қаһарлы агенттік шамасы жеткенше күресіп те жатыр. Алайда бұл індеттің әзірге бой беретін түрі байқалмайды. Өйткені мұның тамырына балта шабуға тиісті заңымыз тым солқылдақ, тым кешірімшіл. Алдымен қазіргі миллиондап емес, тіпті миллиардтап жейтіндерді қара жерге қазық қылып қағып жібертіндей қатты ызаға батып, алды он жыл, арты он бес жылға түрмеге тоғытып жібереді. Сонан соң, ашуы қайта ма, әлде баяғы сол аяушылығы сезімі ояна ма, кім білсін, әлгі аты-шулы жемқорды екі-үш жылдан кейін, «құдай алдыңнан жарылқасын» деп, «қайда барсаң, онда бар» деп, бостандыққа қоя береді. Халықтың несібесін тағы да асай бер, ешкім де бөгет болмайды. Тек асыра сілтеп ұсталып қалмасаң, болғаны.

Мінекей, «біздегі заң атаулыны ізгілендіру керек» деген сылтаумен қандай да жемқор «мерзімінен бұрын шарты түрде босанады». Мұндай азусыз бапты әбден жаттап алған алаяқтар кімнен айылын жисын, бюджеттің қаржысын бір асап, одан қалды парамен келген миллиондарды тағы да жамбасқа басып, бір қарқ болып қалады. Бір қызығы, өзіміз ылғи үлгі тұтып, аузымызды ашып, көзімізді жұматын шетелдің ешқайсында да жемқорларға біздегідей еркіндік жоқ. Кесілген мерзімді түгел отырып шығады.

Міне, әлгіндей алаяқтарға мұндай «аяушылықтың» ақыры мемлекетке үлкен қауіп екендігін сезген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қара құрттай қаптап кеткен жемқорлардың өмірін тым жеңілдетіп жіберген «шартты түрде босану» деген бапты мүлдем алып тастауды ұсынды. Мұны жақындағы өз Жолдауында тағы да қайталап, ондайларды келешекте мемлекеттік қызметке жолаптау керектігін тағы да еске салды.

Мемлекет басшысының мұндай «көңілшек» бапқа ерекше назар аударуы бекер емес. Бізде жемқорлардың өмірінің тіпті жұмаққа айналып кеткендігін қалың жұрт жақсы біледі. Және бір қызығы, мерзімінен бұрын босанатындар жай қатардағы қылмыскерлер емес, «түйені түгімен, биені жүгімен жұтқан», аса қауіпті қылмыскерлер қатарына жататындар.

Факті ме? Жетіп артылады. Мәселен, алысқа бармай-ақ, кезінде бүкіл елімізге «әкімдіктің үлкен ісі» деген атпен кең жайылған оқиғаны алып қаралық. Қостанай қаласының әкімі Ахметбек Ахметжанов сонау 2015 жылы өзінің екі орынбасары Мақсат Қалиев, Фрунзик Аракелян дегендермен бірігіп, ондаған миллион теңге пара алды деген айыппен қатаң жазаға тартылған. Сот алдымен өзінше «қатты» кетті. Басты жауапты Ахметбеков тура 13 жылға, ал Қалиев төрт жылға, Аракелян жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Біз болсақ, «Билікті жеке басының баюға айналдырған алаяқтар лайықты жазасын алған екен» деп бөркімізді аспанға аттық. Алайда, бұл қуанышымыз ұзаққа бармады. Қостанайдың соты сол баяғы «көңішектігіне» басып, уәдесіне тайып кетті. Алдымен Аракелян дегеннің мерзімін екі есеге қысқартты. Қалиевтқа кесілген мерзімді де үш жылға азайтып, ол келесі жылы-ақ бостандыққа шықты. Әкім де бұл «мырзалықтан» шет қалған жоқ. Оның түрмедегі тіршілігін алты жылға дейін кемітті. Ал арада төрт жыл өтпей-ақ бұл кісіңіз де отбасымен қуана қауышты. Тек бір өкініштісі, біз ол кісінің «бұл қуанышын» бөлісе алмадық. Өйткені, әділ сотымыздың алдымен оны он үш жылға соттап, сосын төрт жылға жетпей босатып қоя бергендігін қандай қисынға сиятындығына ақылымыз жетпей, айран-асыр болдық.

Алайда мерзімінен ерте босанудың рекордын, бір кезде еліміздің ұлттық экономика министрі болған Қуандық Бишембаев бастаған еді. «Аса ірі көлемде пара алды» деген айыппен (анау-мынау емес, тура 1 миллиард теңге) 2018 жылы 10 жылға сотталған ол, келесі жылдың қазан айында-ақ абақтымен қош айтысты.

Ал елімізді әлемге танытады деген атақты «ЭКСПО-2017» ұлттық компанияның қаржысын мол асап қойған «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компанияның құрылыс департаментінің бастығы Қажымұрат Үсенов (баяғы қайта-қайта адам баса беретін ерке баланың» әкесі) түрмеде тек бір жыл ғана отырды. Айта берсек, мұндай фактілер жетіп артылады.

Жарайды жемқорлардың жолын кесетін, оларды тәубесіне келтіретін заңымыз солқылдақ, оларды түрмеде толық отырғызбай, мерзімінен бұрын босатып жіберетін бап енгізілгендіктен соттарымыздың аузы буулы, аяғы тұсаулы делік. Алайда тіпті сол «аса мейірімді» баптың өзіне өрескел қайшы келетін, тіпті заңдық жағынан мүлдем қиыспайтын тұста да кейбір қылмыскерлерге неге мұндай жеңілдік жасалатындығын түсіну қиын.   

Бір қызығы, мұндай өрескел жағдай тағы да біздің Қостанайда орын алды. Осыдан тұп-тура 7 жыл бұрын Батыс Қазақстан облыстық спорт басқармасының бастығы Мүсілім Ондағанов «ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, мемлекеттен 135 миллион теңге ұрлады» деген айыппен 9 жыл 9 айға сотталған еді. Алайда ол кесімді мерзімді толдық өтеместен биыл тамыз айының ортасында Қостанаймен қош айтысып, туған жері Оралға қарай аттанып кетті. Сосын, неге екені белгісіз, арада екі апта өтісімен оның ізімен арнайы жасақ жіберіп, қолын кісендеп, Қостанайға қайта алып келді. 

Міне, осылайша, әуелі босатып, сосын түрмеге қайтадан тоғыту секілді, қисынға да, заңға да сыйыспайтын Қазақстан заңнамасында «жаңа да тосын оқиға» оқулыққа енетін болды. Өйткені заңгерлердің айтуына қарағанда Оңдасыновты мерзіменен бұрын босату да, сосын оны қайтадан түрмеге қамау да мүлдем заңсыз екен. Себебі, Оңдасыновтың мерзіменен бұрын босатылуы әлгіндей бапқа мүлдем қайшы келеді. Өйткені ол, біріншіден өзіне салынған айыптың жартысын да төлемеген. Ал, екіншіден, ең бастысы ол түрменің қатаң тәртібін мүлдем менсінбей, үнемі өрескел бұзып отырған. Тіпті кезінде оның өз достарымен бірге түрмедегі камерада дастархан жайып, қазы мен қартаға мөлтектеп тойып отырған «курорттық» жағдайы туралы түсірген бейнетаспа ғаламтор арқылы дүйім жұртқа тарап кеткен еді. Енді міне осындай жанды «өзіне кесілген мерзімнің үштен бірін өтеді» деген сылтаумен, еркіне қоя берген. Сөйтіп, біздің сотымыз заңды бір емес, қатарынан екі рет бұзған. 

Олар сірә біздің Президентіміздің «мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды тоқтатыңдар» дегенін тіпті шыбын шаққан түрлі көрмейтін болар. Егер біздің соттарымыз мемлекет басшысының сөзін құлағына ілмейтін болса, өздерінің заңды құқығы бұзылған жандарды қорғауға құлық таныта қояр ма екен? 

Жайберген Болатов

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1771
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1748
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1470
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1380