Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 4891 7 пікір 2 Қыркүйек, 2020 сағат 10:59

Ресейдегі күштік құрылымдар резерві Қазақстанға да келе ме?

Күні кеше Путин мырза мынадай бір ой айтып қалды: «Біз Ресейде құқық қорғау күштерінің тиісті резервін жасақтап қойдық. Оны біз Беларусьтегі жағдай бақылаудан шығып жатса, экстремистік күштерге қарсы қолданатын боламыз».

Басқа елдің ішкі істеріне қол сұғушылық емей бұл не енді?!

Мәселенің екі жағы бар.

Біріншіден, Путин «көмек туралы Лукашенконың өзі өтінді» деген сыңайда сөз айтып қалды.
Ол дегеніңіз – кеше ғана Ресейге қарсы әртүрлі демарш жасап жүрген Батьканың өзінің тақ мүддесі үшін өз елінің Тәуелсіздігін тәрк етуге дайын деген сөз (ол туралы өткенде осы жерде жазғанмын)!

Бұдан артық опасыздық бар ма?!

Екіншіден, Кремль қожайыны қазақтың «қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деген сөзін қайталап отырған сияқты. Себебі бұл дегеніңіз - Ресеймен стратегиялық достығы бар, ЕАЭО мен ОДКБ секілді бір-біріне әскери көмек беруге міндетті одақтарға мүше елдердің құлағына алтын сырға мен тырп еткізбей тастайтын шынжыр!

Алда парламент сайлауы келе жатыр.

«Нұротаннның» электораттық жағдайы бесенеден белгілі.

Демократиялық күштер бұл сайлауға қатыса ала ма?

Қатысса, «Нұротанға» жойқын соққы беріп жатса, біздің билік Лукашенко секілді «мұның бәрін Батыс ұйымдастырып отыр» деп, өз билігін сақтап қалу үшін Ресейге жүгіне ме? Беларуське арналған резерв Қазақстанға қарай бет ала ма? Өз ішіміздегі сепаратистік пиғылды күштер көрші елдің айтағына еріп кетпей ме?

Өз басым бұл сауалға нақты жауап беруге әзірше дайын емеспін.

Әміржан Қосанның жазбасы

Abai.kz

7 пікір