Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Абай мұрасы 2721 4 пікір 28 Тамыз, 2020 сағат 11:12

Еліміздің жағдайын Абай ілімі аясында қарастырсақ...

Еліміздің Кеңес Одағы дәуіріндегі жағдайын бұрын жазғанбыз. Енді бүгінгі жағдайымызға келейік. 

1991 жылдан бастап егеменді болдық. Тағдырдың берген бұл үлкен сыйын дұрыс пайдаланып, өркениеттің сара жолына түсуге мүмкіндік туды. Өткен коммунистік қоғам адамды бақытты өмірге емес, керісінше, тығырыққа тіреп, жардан құлататын жол екенін көрдік. Енді дереу бағытымызды кейін қарай бұру керек еді. Бірақ олай болмады. Өкінішке орай, бұрынғы бағытымыз ептеп өзгергенімен, түбегейлі бет бұрыс жоқ, сол бұрынғы жүйемен  әлі келе жатырмыз деуге болады. Бұл жағдайды дер кезінде дұрыс түсініп, ой жүйемізді өзгерпесек, бұрынғы қателігімізді қайта қайталап, қайтадан тығырыққа тірелуіміз мүмкін. 

Біздің қателігіміздің мәні неде еді?

Абай іліміне сүйеніп көрелік. Сонда бұл қателіктің себебін де, оны қайтадан қайталамау жолын да көре аламыз. 

Коммунистік идеямен қаруланған тоталитарлық жүйе ерікті шектеп, Абай көрсеткен жан құмары мен тән құмарының үйлесімділігін бұзды. Себебі жан құмары еркіндік арқылы ғана қанағат тауып, сусындай алады. Ерікті тежеп, тұншықтыратын тоталитарлық жүйе жан құмарын өшіріп тастайды. Осылай қоғам болмыстың үйлесімділік заңдылығынан шығып кетті. Табиғаттық бұл үйлесімділік заңдылығын бүгін де әлі ескере алмай, сондықтан өткен дәуірдің қателігін түсінбей, сол жолдан шыға алмай жүрміз. Елімізде сол себептен көп нәрсенің аты өзгергенімен, заты өзгермей, жағдай сол бұрынғы қалпында қалды. 

Нәтижесінде елдің жағдайы бұрынғыдан да нашарлап кетті. Кеңес дәуірінде Коммунистік партия аз да болса елді бір бағытқа салып, бір мақсатқа жұмылдырып отыратын. Ал бүгінгі күндері ол да жоқ. Осылай Абай көрсеткен тәртіп пен еріктен айырылып, демократиясы әлсіз, өркениеті құлдыраған елге айналып отырмыз. Бұрынғы жасаған қателіктерімізден әлі де арыла отырмыз. Тарихтан өнеге алу оңай емес екен. 

Ол қандай қателіктер? Оларды қалай көре аламыз? 

Біздің егемендік алғаннан кейінгі еліміздің жағдайы Ресей империясында 1917 жылғы революциядан кейін болған жағдаймен ұқсас. Бірақ соны көре біліп, одан сабақ алып, қателіктерді қайталамауымыз  еді. 

Сондықтан, еліміздегі жағдайды дұрыс түсіну үшін, бұл кезеңді қысқаша   шолып өтелік. 

Егемендік алған алғашқы жылдар. Өркениеттің жетілуінде синусоида заңдылығы бойынша құлдырау мен өркендеу арасында өтпелі кезең болады. Өтпелі кезең заңдылығы барлық төңкеріс, революциялар үшін ұқсас. Ол ұқсастық – қоғамдағы хаос, оны жөнге келтіру үшін қатаң тәртіп орнату, саяси-экономикалық реформалар және тағы тағылар. Бірақ кейбір айырмашылықтары да болады. Оларға өтпелі кезеңнің уақыты, реформалар бағыты мен  түрлерін жатқызуға болады. Мысалы, коммунистердің өтпелі кезеңі 1917-1932 жылдар арасында онбес жылға созылды, ал біздің елде бұл кезеңнің басталғанына отыз жылдан асты, бірақ қашан аяқталатыны әлі белгісіз. Екеуінде де бостандық алғаннан кейін адам еркіндікке ие болды. Бірақ уақыт өте келе бұл еркіндік шектеліп, өзінің әсерін жойып алды. Нәтижесінде адам өзінің еркіндігін дұрыс пайдаланбай, экономика бұрынғыдан да жылдам құлдырай бастады. Мұндай жағдай біздің ел ғана емес, Кеңес Одағы ыдырап, еркіндік алған елдердің барлығына тән құбылыс. Себебі, атеистік өмірден қалған рухани мешел ой жүйесі адамдарға тәртіп пен еркіндіктің не екенін дұрыс түсінуге мүмкіндік бермеді.

Сонымен, қандай қоғам болса да егемендік алғаннан кейін бірден көтеріліп кетпейді. Өтпелі кезең болады. Инерцияның әсері бар. Ресейде 1917 жылғы революциядан кейінгі жағдайлардың біздің елде де қайталануы сол себептен туды. Біз бүгін өтпелі кезеңде отырмыз. Әйтеуір, Құдай сақтап, Ресейдегідей Азамат соғысы біздің елде болған жоқ. Ал басқа жағдайлардың барлығы дәл сондай болмаса да, ұқсас екеніне көз жеткізуге аламыз.   

Мысалы, егемендік алған соң тоқсаныншы жылдары тәртіп әлсіреп, еркіндік алған түрлі топтар қоғам байлығын талан-таражға салды. Елде зорлық-зомбылық, рэкет, рейдерлік әрекеттер тәрізді түрлі бассыздықтар ұлғайып, адамдар күйзеліске ұшырады. Шындығына келетін болсақ, сол кезде қалыптасқан рейдерлік көріністер тіпті бүгінгі күндері де әлі күшін толық жойған жоқ. 

Еркіндік алған қара күштер сол кезде басқарып, ел байлығын тонауға кірісті. Әділеттілік аяққа басылып, қоғамдағы тәртіп Кеңес Одағының дәуірінен де жылдам құлдырады. Республиканың экономикасы ыдырап, халық азып кетті. 

Қалай дегенмен, экономика қанша құлдыраса да, адамдар еркіндік алып, бұрынғы жан күйзелісінен арылуға мүмкіндік туды. Сондықтан, өркениет заттық және рухани құндылықтардан құралатын болғандықтан, оның жалпы бағыты күрт төмендемей, тек қана құлдырау қарқынын төмендетті. Синусоида сызығы 1991 жылы доға бөлігіне жетті деуге болады. Бұл доға – құлдырау мен өрлеу дәуірлерін жалғастыратын өтпелі кезең. 

1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейінгі коммунистер тәрізді біздің үкімет те қоғамдағы өзгерістерді кезінде қолға алып, талан-таражбен қатты күресіп, қоғамдағы тәртіпті бір қалыпқа келтірді. Қоғамның төменгі топтарында осылай тәртіп орнады. Бірақ қоғамның жоғары деңгейіндегілерді ауыздықтау оңай емес еді. Оларды тәртіпке шақыратын күш болмады. Көпшілік қауым әлі саяси оянып, пісіп-жетілмеген, демократиялық күштер әлсіз. Ал атеистік дәуірден келе жатқан басшыларда халық қамы, немесе Құдайдан қорқу деген сезімдер жоқтың қасы, не болмаса жетілмеген. Ұят тәрізді ішкі тірегінен айырылған және әлі рухани деңгейі төмен осындай бұрынғы басшылар билікке келіп, ел байлығын талан-таражға салып, өзара бөлісуге кірісті. Демократия әлсіз болғандықтан, олар халық қаһарынан қорықпады. Осылай елді тонау төменде басылғанымен, енді ол жоғары деңгейге көтеріліп, жер байлығын, ел байлығын тонау ұйымдасқан жаңа көрініс тапты. Билік осылай елді жүйелі түрде тонауға мүмкіндік алды деуге болады.   

Соған қарамай, еркіндікке ұмтылған халық жеке шаруашылыққа ұмтылып, 2000 жылдардан кейін елдің экономикасын жандандыра бастады. Жасампаздыққа жол ашылып, бостандық пайда болды. Бұл кезең Кеңес Одағының алғашқы кезеңіндегі Жаңа экономикалық саясатымен ұқсас (НЭП) еді. НЭП-тің бұл ұқсастығы біздің елдегі жағдайды түсінуге мүмкіндік береді. 

НЭП Кеңес Одағында  өркендеу дәуірінің өтпелі кезеңінің басы болды. Біз де сондай дәуірден өттік. Бұл кезеңнің жалпы заңдылықтары өзара ұқсас. Олардың ұқсастығы – екі жағдайда да еркіндік пайда болып, халық шаруашылығының жандана бастауы және сонан кейінгі құлдырауы. 

Сонымен, еркіндік алған соң халық жігерленіп, өзінің барлық ынтасымен өмірін жақсартуға кірісті. Әркім қолынан келгенше әрекет жасап, жеке шаруашылық ашуға ұмтылды. Осылай халық шаруашылығы өркендеп, экономика түзеле бастап еді. Жеке меншік тез жетіле бастады. Ел жігерінің оянғаны соншалықты, тіпті ол кезде салық бөлімінде халық толы, құжат алу үшін бірнеше сағат күту керек болатын. 

Бірақ бұл қуанышты кезең ұзаққа созылмады. НЭП дәуірі қалай құлдыраса, бұл дәуір де солай құлдырау жолына түсті. Екеуінің себептері де – экономиканың жетілуіне жасанды кедергі келтіру. НЭП дәуірінде бұл кедергі коммунистердің капиталистік қатынастан қорқуынан болса, ал біздің елде рухани мешеулік, содан шығатын коррупция, қағазбастық, жемқорлық тәрізді қоғам кемшіліктерінен болды. Бұл кемшіліктерден халықтың жетілуге деген алғашқы ынтасы су сепкендей басылып, жеке шаруашылық саны күрт төмендеді. Жеке шаруашылық қамынан қорқып, онымен айналысудан адамдар қаша бастады. Енді олар өздеріне сенудің орнына, үкіметке қарайлайтын болды.  Нәтижесінде еліміз экономикалық тығырықта, ал өндіріс құлдырап, сіріңкеге дейін шет елден алатын болдық. Бұл бейшаралық жағдайымызды, адамдардың жеке меншікке салқындығын салық бөліміне кірген адам жақсы сезе алады. Бұрынғы толған халықтан енді ешкім жоқ, болса бірен-сараң ғана адам. Осылай НЭП кезіндегі қателікті тағы қайталадық. 

Бұл қателіктің себебі неде?

Себебі үкімет адамның еркіне түрлі кедергілер жасап, шек қойылып, оның қалау-ниетін, жасампаздық ынтасын тежеді. Үкімет тоталитарлық жүйеге айналып, діннен бастап білім алу, медицина салалары, сот-прокуратура жүйелерін бір орталыққа, жоғары жаққа бағындырылып, Кеңес дәуіріндей солардың нұсқауына қарайтын болды. Адам еркінен айырылып, әділеттілік аяққа басыла бастады. 

Соның нәтижесінде адамның ынтасы жойылып, творчествалық, яғни жасампаздық қуаты әлсіреді. Оның алғашқы жігері енжарлыққа ауысты. Сол себептен де әркім өзіне сенбей, тек қана үкіметке қарайтын болды. Үкімет тарапынан өз қалауын ала алмаған халық бүгінгі күндері үлкен қобалжу үстінде деуге болады. Бірақ бұл тығырықтан шығатын жол емес екені белгілі.       

Тоталитарлық жүйенің қандай екенін өткен дәуірден білеміз. Мұндай елде адамдар рухани және заттық тығырыққа жолығып, ар-намыс, қайрат-жігерден айрылып, қой мінезді болып кетті. Нәпсіқұмарлық күш алады. Ауылда ел маскүнемдікке, қалада ойын-сауыққа жол берілді. Осылай Абайдың ескерткен «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз»  деген сөзін ұмытып, бұл дұшпандарға жол бердік. Қоғамда әділеттілік аяққа басылса, коррупция, жемқорлық ұлғайып, мемлекет құлдырау жолына түседі. 

Елде тоталитарлық жүйе орнап, жеке адамдар, не болмаса белгілі бір партия басқаратын болды. Автократтық жүйе орнап, жеке басқа табыну күш алғанда ел басшысы тиранға айналады. Мұндай елдерде басшылар өздерінің, не болмаса отбасының билігін орнатып, елде тоталитарлық тәртіп орнатады. Олар маңына өздерін қолдап, қолшоқпары болуға дайын адамдарды жинап, мансабын қорғауды ойлайды. Осылай ел басшысы мен оның қолшоқпарлары өздеріне қауіпсіздік орнатып, елді аяусыз қанауға жол ашады. Өзінің сүйікті мінген атын Инцитатаны сенатор етіп тағайындаған Римнің императоры Калигула бұған жақсы мысал. Ал, бүгінгі күндері Түркменстан, Солтүстік Корея тәрізді әлемнің басқа елдері де  осының айқын көріністері. 

Мұндай жағдайда билік ғалымдарды, өнер қайраткерлерін, ақын-жазушыларды, саясаткерлерді өзіне қаратып, бүкіл қоғам жүйелерін өзінің құралына айналдырады. Дін өзінің негізгі бағытынан айрылып, моральдық-этикалық шеңберден шыға алмай қалады. Егер елбасы өзінің міндетін атқарып, ел үшін қызмет көрсетсе, оның бұл әрекеті ерлік ретінде қабылданып, қолпаштанады. Қоғамды өзіне толық бағындырып, билік шыңына жеткен жеке адамдар өз қамын ғана ойлап, адамгершілік қасиеттерден жұрдай болады. Мұндай елбасылар көп уәде береді, бірақ орындамайды, не болмаса орындай алмайды. Лауазымы үлкен адамдар үшін уәдені орындау өмірден де қымбат. Себебі үйлесімділікті сақтау жолында уәденің маңызы зор – ол орындалмаған жерде өмірдің де шырқы кетіп, маңызы болмайды. Мұндай ел азып-тозып, рухани құлдырау жолына түседі. Елбасы қандай болса – ел де сондай. Себебі көпшіліктің санасы төменгі, тән деңгейінен аспай, Абай айтқандай, заманға байланысты әрекет етеді. «Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел» деп Абай бұл туралы жақсы айтап кеткенін білеміз.

Болмыстың тартылу заңдылығы бойынша осылай қоғамда түрлі жағдайлар орнайды. Дөрекі күшпен, адамның ырқынсыз, әділетті аяққа басып тапқан жетістік – ол уақытша ғана. Оның арты қасіретке айналады. 

Елде қатаң тәртіпті сақтауға көп күш жұмсалды.  Бірақ нәтижесі әлі де өте төмен болып отыр. Себебі, имандылық болмай, еріксіз тәртіп орнату мүмкін емес. Имандылық – тәртіптің табиғи тірегі. Үлкен маңызы бар. Егемендік алған елдердің төмен құлдырауына өткен атеистік ой жүйе қатты әсер етті. Абай отыз сегізінші сөзінде иманы бар адамның ұяты бар екенін айтып, иманды адам Құдайдан қорқатынын білдіреді. Мысал ретінде дінді қастерлейтін Араб елдерін алуға болады. Біріккен Араб Эмираттарында үкімет басында әмір отырған монархиялық жүйе басқарады. Бұл елдерде әмір ең әуелі өзінің қамы емес, ел қамын ойлайды. Мысалы, сатылған мұнай есебінен әрбір қоғам мүшесіне пәленше мың доллар бөлініп отырады; үйленген адамға 20 мың доллар бірден беріледі; үй салуға жер бөлініп, процентсіз несие беріліп, үш баладан кейін ол несие мүлде жойылады; еңбек ақы – алты мың евро, зейнет ақы – 1 млн. теңге; коррупция деген жоқтың қасы және тағы сол сияқты басқа да артықшылықтары бар. Сонымен бірге, олар өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін толық сақтаған. Табиғат байлығы – елдің әрбір азаматына бірдей, барлығына ортақ. Себебі, бұл елдерде ислам қағидасы сақталған. Бір Алладан қорғады. 

Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және Хақ жолы осы деп әділетті» дейді. Хақтың осы әділетті жолымен рухани жаңғырып, адамзаттың бәрін сүю үшін әуелі өз еліңді сүйіп, өз халқыңа әділетті болу керек қой. Мұндай қасиеттер иманды адамның бойына біткен. Ол туралы Абай «Мұсылман болсаң, әуелі иманды бол, Пендеге иман өзі ашады жол» дейді. Иманды басшылар басқарған бұл елдерде монархиялық социялизм орнаған. Біздің елдің табиғи байлығы олардан кем емес. Бірақ атеистік қоғамның имансыз мұрасынан өткен біздің елде бәрі керісінше, әділеттіліктің аяққа басылғаны соншалықты, оның не екенін халық тіпті білуден қалып бара жатқан тәрізді. Коррупция, жемқорлық жүйеге айналып, ал адамдар ел байлығының қайда, кімге, қалай кетіп жатқанын білмей, тіпті оны білуге ұмтылмайтын тәрізді. 

Иманы жоқ адамнан не күтуге болады? Иман тәрізді ішкі күш, не болмаса тәртіп тәрізді сыртқы күш болмаса, адамға тән құмарына берілуге шексіз мүмкіндік ашылады. Ондай мүмкіндікке ұмтылған адам барлық адами қасиеттерінен айырылып, қарабас қамынан шыға алмай қалады. Атеистік дәуірден кейін егемендік алған барлық елдерге мұндай көріністер тән болып табылады. Тек қана прибалтика елдері ғана бұл қатарға жатпайды, олар бұрыннан жетілген елдер болғандықтан, қоғам тәртібін сақтай білді.  Ал басқа елдерде барлығында дерлік бұрынғы коммунистік басшылар үкімет басына келіп, автократтық, тоталитарлық жүйе орнатты, ел байлығы талан-таражға салынды. Әділеттілік аяққа басылды. Украина, Қырғызстан, Грузия тәрізді кейбір елдерде халық шыдамай төңкеріс жасады. Бұл елдердің ел басылары басқа мемлекеттерге қашып, бас сауғалауға мәжбүр болды. Бірақ одан қоғам жағдайы өзгеріп кеткен жоқ. Абайша айтқанда «Баяғы жартас – бір жартас, Қаңқ етер, түкті байқамас» болып, халықтың жағдайы бұрынғы қалпында өзгеріссіз қалды. Өйткені еркіндік шегінен шықты, қатаң тәртіп орнамады. Еркіндік пен тәртіптің үйлесімділігі бұзылды. Осылай қайшылықтың негізгі себебі жойылмай, демократиялық принцитер жетілмеді.   

Біздің елдің бүгінгі жағдайы бұл тұрғыдан қарастыратын болсақ, бізде де мәз емес. Елімізде тәртіп орнату, әсіресе коррупцияны жеңу үшін үлкен күш пен көп қаражат жұмсалып жатыр. Бірақ нәтиже жоқ. Коррупция жеңілудің орнына күннен-күнге күш алып, бүгінгі күндері бүкіл қоғамды билеп алды. Енді қатаң тәртіп орнатудың қандай жолы бар? Оның бір жолы – моратория жарияланған ең ауыр жазаны – өлім жазасын, қайта қалпына келтіру тәрізді. Өлім – ең үлкен қорқыныш. Бұл табиғи заңдылық. Кезінде Сталин бұл заңдылықты жақсы қолдана білді. Осылай ел өркендеу жолына түсіп еді. Себебі, адам осы заңдылықтан қорқатын болса, онда ол ең ауыр қылмысқа ешуақытта бармайды. Қоғамда тәртіп орнайды. Бүгінгі күндері үлкен басшылар миллиондаған ақшаны қалтасына басып, түрмеге түсіп жатыр. Бірақ олар біраз жылдан кейін ақшаның күшімен тез құтылып кетеді. Коррупция жайлаған біздің  заманда қандай жазадан болса да құтылуға болатынын олар жақсы біледі. Сондықтан кейде жемқорлықпен күресуге қойылған адамдардың өздері пара алып, пара беруге мәжбүрлейтін жағдайлар кездесетін болды. Ең ауыр жаза, өлім жазасы болмағандықтан, олар ештеңеден қорықпайды. Соларды көріп, үлгі алған қарапайым халық сондай болуды армандап, соларға ұмтылады. Билік не көрсетсе, қарапайым халық соған ұмтылады. Қоғамдағы коррупция, парақорлық етек алғаны соншалықты, бүгінгі адамға бұл құбылыс сорақы емес, үйреншікті болып кетті. Халық бұл құбылысқа әбден көніп, тіпті бойына сіңіріп алды деуге болады. Мұндай жолмен коррупцияны жеңу мүмкін емес. Жеңу жолы – еркіндік пен қатаң тәртіп орнаған демократия жолы. Басқа жол жоқ. Келешегі бұлыңғыр бұл тығырықтан шығу үшін халық рухани жаңғыру арқылы жүрек көзін ашып, ұйқыдан оянуы керек.   

АҚШ, Германия, Жапония тәрізді елдерде жедел жетілулерінің себебі неде? Себебі, бұл елдерде толық еркіндік бар, сонымен бірге қатаң тәртіп орнатылған. Қатаң тәртіп те, еркіндік те жоғары деңгейде. Әділетті аяққа басқандар өте қатаң жазаға тартылады. Осылай адамның рухани жаңғыруына жақсы жағдай жасалған. Бұл демократия жолы. Демократияның шыңында қатаң тәртіп пен еркіндік тоғысады. Бұл елдерде ел азаматтары ешқандай қорқыныш, зорлаусыз-ақ өз еріктерімен қатаң тәртіпке бағынады. 

Біз үшін өткен тарихымызды дұрыс түсініп, одан сабақ алудың маңызы өте зор. Кеңес дәуірінің өзі көп нәрсені түсінуге мүмкіндік береді. Ресей монархиясы құлағаннан кейін екі өтпелі дәуірді бастан кештік. Солардан сабақ ала білуіміз керек. Оларды дұрыс саралайтын болсақ, өзіміздің бүгінгі  жағдайымызды дұрыс түсініп, келешегімізге дұрыс бағыт бере аламыз. 

Бірінші өтпелі кезең өте қысқа болды. Ол 1917-1932 жылдар аралығында 15 жылға ғана созылды. Бұл өтпелі кезеңнің тез аяталуының бірнеше себебі болды. Біріншісі – қоғамды бір формациядан екінші формацияға өткізетін революциялық жағдай  болды. Бұл революциялық жағдай адамның ой-өрісін тез өзгертіп, қоғамды өзгеріске түсірді. Екіншісі – коммунистерде тұрақты коммунизм идеясы болды. Бұл идея коммунистерге ынта-жігер беріп, мақсатқа жетуде үлкен тірек болды. Үшіншісі – 1924 жылы В.И.Ленин қайтыс болып, оның орнына И.В.Сталин келді. Бұл адам Абай көрсеткен нольдерге мағына беретін «единица», яғни тобырды басқара білетін тұлға еді. Осылай тарихи жағдай мен билік басына коммунизм идеясына толық берілген адамның отыруы сәйкес келіп, қоғам өмірін тез өзгертіп, өтпелі кезеңді қысқартты. 

Екінші өтпелі кезең 1953-1991 жылдар арасында болып, 38 жылға созылды. Мұндай ұзақ болуының себебі – бұл өтпелі кезеңде бұрынғыдай  революциялық жағдай да, адамға қуат беретін анық идея да, елді дұрыс басқара алатын Абай көрсеткен кемел адам да болған жоқ еді. И.В.Сталин қайтыс болған соң бұрынғы тәртіп әлсіреп, коммунизм идеясына деген сенім азая түсті. Осылай халықтың ынта-жігері күннен-күнге құлдырап, қоғам тығырыққа тірелді. Бірақ Сталин жасаған жүйенің инерциялық қуаты өтпелі кезеңді осындай ұзақ уақытқа созуға мүмкіндік берді.  

Ал біздің елде құлдырау қашан аяқталып, өтпелі кезең өзінің төменгі нүктесінен өтіп, жоғары қарай бет алады? Бұл сұрақтың жауабын әлі ешкім толық бере алмайды. Себебі ол үшін елімізде күрт өзгеріс болу керек. 

Біздің бүгінгі өтпелі кезеңіміз өзінің ұзақтығы ғана емес, елдегі жағдайымыз да өткен екінші өтпелі кезеңмен ұқсас болып отыр. Егемендікті тағдырдың берген сиындай, ешбір күрессіз, оңай алдық. Сондықтан революциялық жағдай болмады. Халықты біріктіріп, шабыт беретін идея да жоқ. Сол себептен егемендіктің маңызын түсініп, дұрыс пайдалана алмай отырмыз.

Идея мәселесіне келетін болсақ, қазіргі күндері елімізге төніп тұрған қауіпті халық түсіне бастады. Елдегі қозғалыстар қазақтың саяси көзі ашылып, ояна бастағанын көрсетеді. Халық дайын болса, соған сәйкес кезінде басқарушы адам да келеді. Сол кезден бастап өтпелі кезең өзінің төменгі нүктесіне жетіп, еліміз әрі қарай өрлеу жолына аяқ басады деуге болады. Осылай нағыз демократиялық өзгерістерге жол ашылмақ. 

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 381
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 200
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 216
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 210