Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 6952 1 пікір 26 Тамыз, 2020 сағат 11:33

Бауырсақ (әңгіме)

Қараша түсе Арқа қазағының соғымның шаруасымен әжептеуір әбігерге түсетіні бар. Адуынды қыс алты ай бойы жамбастап жатып алатындықтан бұл жерде түстіктегідей соғымды аяқ-аяқ, жілік-жілік етіп алып, жекжат-жұраттың сыбағасына деп соғымбасыда асылған етпен-ақ  ауыздың дәмін алып отыру мезіреті мұнда жоқ.  Табиғаттың кіді мінезіне төтеп беру үшін шамасы келгендер кемі бір жабағыны  жығып, әйтпесе жақсы байланған байталдың жарты етін жайғап, тоңазытқышына тоғытады. Ақшаңқан сәулетті шаһарға көтеріле көшіп келгеніне жиырма жылға таяп қалғандықтан болар Ғалымның мұндай мезгілдік шаруаға әбден еті үйренген. Кейінгі жылдары базарда сатылатын соғым дәрінің күшімен байланған жылқының еті екен, қазанға салғанда іртіктеліп, майы бір жаққа  бөлініп, маңызының бәрі сорпаға шығып кетеді деген ел арасындағы алыпқашпа әңгімеден кейін ол биыл «не жесек те адалынан жейік» деп шешкен. Іздегенге сұраған дегендей, артынша-ақ ауылдас інісі Саят хабарласып, таныстары Ерейментауға барып далада жайылған малды қорадан арзан бағаға таңдап алып соғымға сойып әкелгендерін әсірелеп жеткізіп, алдағы сенбіде бірге барып қайтуға үгіттеді. Қажет болса досы арқылы өздерінің баратындарын алдын ала хабарлап қоятынын да ескертті. Екеуі «ұрыста тұрыс жоқ» деп келісілген күні жолға аттанып кетті.

Жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кейбір тұстарда тегіс трассадан қара жолға түсіп, ойқы-шойқыда шек-бауырды біраз сілкілеп алғандары болмаса  Ерейментау бағытындағы жол анау айтқандай жаман емес. Тек үлкен жолдан оңға бұрылғаннан кейінгі даланың жолында бір сағаттай жабы жүріспен тепеңдеулеріне тура келді. Таң қылаңында аттанған олар бесін шамасында межелі жерге де жетті. Арсалаңдаған екі-үш тазысын ерткен ақсары келген ұзынбойлы жылқышы жігіт алдарынан шыққан бойы ақтарыла сөйлеп келеді.

– Ассалаумағалейкүм, аға! Сіздердің келетіндеріңізді естіп біраз жылқыны қорадан шығармай ұстап отырмын. Мал соятын жерді де дайындап қойдық. Мынау көмекшілерімді де үйірлерді көріп қайтуға жібермей кідіртіп қойдым, – деп сұрақсыз-ақ алдағы шаруаның бәрін жіпке тізгендей баяндап тастады. Өзін Жомарт деп таныстырды. Ауыл қазағының ілтипатымен үйден дәм татып шығу міндетіміз екенін айтуды да ұмытпады. Қарсы алдымызда тұрған сыртқы сыбағын жел мүжіп, шатыры көнере бастаған кішірек үйге кіруге ишарат білдірді. Жолаушылардың жатаған тамнан отыз қадамдай жерде әлі өңін солдыра қоймаған ақ жұмыртқадай жаңадан салынған қызыл шатырлы үйге көздері түскенін аңғарып:

– Бұл үй қожайындыкі, әр апта соңында достарымен келіп, аңға шығып, демалып қайтуға биыл әдейі салдырды. Ішінде асхана, дәретхана, душ сияқтының бәрі бар. Құдды қонақ үй сияқты. Кілтін өзі ғана ұстайды,– деді тәптіштеп және еңселі үйге шақыра алмағанына өзін кінәлі санағандай ақталып. Ғалым мына жігіттің сөз үнемдегіш қабілетіне таңғалды. Задында мал соңында жүрген жандардың ен далада қауқылдасарға қара таппай, әрегідік осындай шаруалармен келіп қалған адамдардың миын ашытып, жоқ-барды термелеп, бірді айтып бірді қойып мылжыңға басу әдеті-тұғын. Ал мынау, сабазың, қажетіңді ауыз аштырмай-ақ аз сөзбен айтып тастайды. Ақпарат заманының талабы айдаладағы малшының бойына да сіңіп үлгерген екен ғой деп ойлады ол. Даланың желіне бойы тоңази бастаған Ғалым:

– Інім, дәм бұйырса қуырдақ дайын болғанда үйге сол кезде бас сұғайық, одан да уақыт оздырмай малды ертерек сойып алайық, – деді. Жасы үлкен ағаның байлам жасауы сол екен жылқышы жігіт сыпайылық рәсімдерін кілт тыйып, қора жанындағы қадаға арқаларын сүйеп, темекі тартып тұрған көмекшілеріне бұрылып:

– Шал, Бауырсақ, арқан, пышақтарың дайын ба?- деді іске кірісу керектігін меңзеп.

Шал дегені дәу де болса бет әлпеті алпысқа таяп қалған егделеуі шығар деп шамалады. Жақын келіп амандасқан Шалдың жүзіне көзі түскенде ішкіліктің уытымен беті әбден қыртыстанып, маңдайы картоп алабындай жүйектеліп, жасына жетпей сортаңдана бастаған елудің ар жақ бер жағындағы сормаңдайды көрді. Бауырсақ одан жас көрінеді. Бір-екі жылда қырықтың қырқасына шығатын кейіп. Дөңгелек жүзді кәдуілгі ауыл жігіті. Көзінің асты қалталанып тұрғанынан-ақ бұның да арақ әзәзілмен біраз әмпей-жәмпей болғаны аңғарылады. Сөзді Бауырсақ бастады.

– Сіздердің көңілдеріңізден шығады және ақшаларыңызға да сай келер деп ойлап байланғанына екі айдай болған күрең байталды таңертең жеке қораға қамап қойдым. Кемі екі елі шығады, шын айтам, өкінбейсіздер.

Ғалымға оның ақшаға қатысты сөзі онша ұнаңқырамады.

– Әй, інім. Сен менің қалтамдағы ақшамның қанша екенін көрмей-ақ есептеп қоятын балгерсің бе, не? Одан да көп сөзді қойып, жылқыны көрсет.

Талайдың тұқыртуына дағдыланып қалғандықтан Бауырсаққа мұндай зіркіл мен зілді сөздер «айналайын» деп арқасынан қаққандай естіледі екен. Сарытемірмен тұтастай қаптатқан тістерін көрсете, ыржия күліп:

–Аға, мен бұл жерде жүргеніме екі жылдан асты. Әскерше айтқанда «дед» болдым. Екі жылда кімнің қандай соғым алатынына қарай оның қанша ақшасы бар екенін және қандай жерде жұмыс істейтінін бірден білемін. Мысалы, сіз әкімшілікте орташа деңгейдегі бастық болып жұмыс істейсіз немесе шағын азық-түлік дүкенінің иесісіз. Сол себепті сіздің ақшаңыз жарты жылқыға ғана жетіп отыр. Бай бизнесмендер жарты-партыңа қарамайды...

Жылқышы Жомарт Бауырсақтың сөзуарлана көсемсіп кеткенін жақтырмай, одырая қарады да:

-Бар, байталды алып шығып, мына кісілерге көрсет, – деді тік кесіп.

Байқағаны қарашаның қара суығында томпиған қос беті қызылшырайлана түскен сайын оның түрі де қазаннан жаңа суырған қызыл бауырсаққа ұқсай түсетін сияқты. Оны неге Бауырсақ деп атайтынын енді ұғынғандай болды. Ал Шалдыкі айтпаса да түсінікті.

Ғалымға соғымның малы көңілінен шықты. Тұрқы тапалдау көрінгенімен жарықтықтың сыртқы жүні жылтырап, біршама қазы байлап қалғандай екен. Әлекендей жалаңдаған әлгі екі көмекші жылқыны дереу жығып, бата жасалған соң, Бауырсақ пышағын малдың тамақ тұсына тақап «біссімілә» деп орып жіберді. Үшеуінің соғым маусымында күнделікті жылқы сойып, аяқ-қолдары әбден машықтанып қалғаны байқалады.  Ләм дегізбей әркім өз шаруасымен айналысып жүр. Шал күпәйкесінің жеңін білегінен түріп, сойылған малдың терісін сыпыруға кірісті. Жылқышы Жомарт етті жіліктеп, мүшелеудің нағыз шебері екен. Бауырсақ үндемей жүріп құманға су толтырып, шек-қарын тазалай бастады. Бәрінен бұрын Ғалым Бауырсақтың жұмысына риза болды. Себебі жол-жөнекей етті жабылып жүріп мүшелеп алармыз, ал шек-қарынды кім тазалайды деп өзіне өзі проблема тауып, мазасы қашып келген еді. Тіпті келісіп жатса сол жердегі келін-кепшікке тиын-тебенін беріп, бір жуғызып алуға да дайын болатын. Оның ойын оқып қойғандай Бауырсақ:

-Аға, көрдіңіз бе, шектері жуан екен, мықты қазы шығады. Уақыттарыңыз болса кешкісін қазыны да айналдырып беремін,-деді.

Одан әрі екеуара әңгіме жарықтық жылқы түлігінің қасиеті, етінің емге дәру екендігі жайындағы тақырыпқа ойысып, біраз білгендерін ақтарып тастады. Бастапқы таныстықтағы әпербақандау сөзіне іш жиып қалғаннан кейінгі жігіттің мына сүйкімді тірлігі мен кішіпейіл ниеті оның көңілін жібіте түскендей болды.   Дұрыстап қарап еді өңі-басы таза жігіт сияқты. Сөзі де оң мен солын білетін, тіпті сауаты бар адамның дұрыс әңгімесі.  Тіршілік нышанын жайылған мал, жортқан аң, ін қазған тышқанның қимылымен ғана өлшейтін елсіз далада бұл жігіт неғып жүр деген ой келді. Іздер-сұрары жоқ балалар үйінде тәрбиеленген тұл  жетім шығар дейін десең, ауыл-аймақтың ахуалын, ағайын-туыстықтың жай-күйін алақандағыдай анық біліп тұр.

Қысқа салым күн қысқарғандықтан соғымды қанша тез жайғадық дегеннің өзінде әп-сәтте қас қарайып қалды. Ғалым уәделескендей соғымның дәмі деп жүрек, бауырдан бөлек қуырдаққа деп біраз ет берген. Өз майына пісірілген қара қуырдақты Саят, Жомарт келіншегімен  бірге төртеуі бірге жәукемдеді. Әншейінде әңгімесі таусылмайтын Саят бұл жолы жақ ашпады. Сөз сөйлеу реті өзінен жасы үлкен Ғалымның еншісінде дегендей үнсіз тыңдауда. Қыбыр-жыбырмен үш-төрт сағат далада жүріп суық бойына өтіп кеткендіктен бе сіркесі су көтермей отырған сыңайлы. Жылқышы Жомарттың  әңгімесі де тақ-тұқ. Шаруа жайын дендеп сұрасаң қожайынына есеп бергендей қора-қопсысы мен отын-суын қысқа дайындап қойғандығын нақпа-нақ айтып, қазанның қара желіне бидай суырғандай етіп  шолақ қайырады. Қуырдақтың буымен санаға тұшына сіңіретін дәмді де дәріпті әңгіме күткен еді, жүйелі арнасын таппады. Көп отырмай тамақтан кейін бет сипап далаға шықты. Манада осындағы жігіттермен ақылдаса келе, етті біраз сорғытып алып, таңға жуық жолға шығайық деп уағдаласқан. Таза ауада тамақ сіңіріп біраз жүрді. Балалық шағы еске түсті. Ауылда соғым союдың өзі кішігірім мереке сияқты өтетін. Көрші-қолаң түгел жиналып, еркектердің епсектілері етті жіліктеуге көмектесіп, сөзге әуестері басқа ауылдастарының соғымдары қалай шыққаннын әңгімелеп, әйелдер жағы шек-қарын тазаласып,  мәре-сәре болып жататын. Ең қызығы қуырдақ басында болатын. Үлкен кісілер төбедей болып төрге жайғасып, «соғым шүйгін болсын» деп батасын беріп, ауылдың алдағы қысқа дайындығын тарқатып, бірен-саран қиналып отырған отбасыларға көптеп-көмектеп қолүзік беруге уағдаласып, аяғында ән-жыр айтысып тарқасатын. Мына екі-үш қара серігімен дастарқандас болған мезетте мұндай  далалық думанның лебін тіптен сезбеді. Бұлармен салыстырғанда әлгі Бауырсақтың көргені бар сияқты көрінді. Жылқышының үйіне жапсарлас қаланған есігі бөлек бөлмеге бас сұқты. Темекенің түтініне ысталған бөлменің ауасы қолқасын қапты. Төр жаққа қойылған ескі темір кереуетте Шал теріс қарап бүк түсіп ұйқтап жатыр. Есікке таяу тұстағы көптен сабын-су көрмеген кір-кір төсектің үстінде Бауырсақ елеусіз ғана темекі тартып отыр. Алакөлеңке бөлмеге ескертусіз енген Ғалымға ол елп ете түскен жоқ. Жүзіне сәулесіз көзбен бір қарады да отырыңыз дегендей жанындағы ағаш орындықты жақындатып қойды.

***

-Аға, мен алқашпын ғой.

Ғалымның көкейінде тұрған сұрақтың жауабын Бауырсақ жақауратпай-ақ төбесінен су құйғандай етіп бір ауыз сөзбен бәрін лақ еткізіп ақтара салды.

– Қой, олай деме. «Мешкей деген жақсы ат емес», дейді атам қазақ. Сен дүниеге адам деген атпен келдің. Дәм-тұзың таусылғанда сол атпен өмірден өтесің, деді алыстан орағытып.

-Ой, аға, мен осылай туыла қалды деп ойлайсыз ба?...

***

Шын мәнінде оның жапан түзде мал соңына ілесіп, жалшы атанып, жан бағып жүрген бейшара халге душар болуы да теледидардағы драмалық сериалдардан кем емес еді. Оның азан шақырып қойған аты Бауыртай болатын. Бала кезден қойдың қос бүйрегіндей томпиып, жаймашуақ күнде де сары аяз сорып тастағандай нарттай боп тұратын бетіне қарап ауыл балалары Бауырсақ атап кеткен-ді. Келе келе бұл атқа өзінің де құлағы үйреніп, санасы дағдыланып, бөгде кісімен Бауырсақ деп танысатынды шығарды.

Оның балалық шағы мамырдың мамыражай күніндей шуақты өтті. Кеңестер тұсында әкесі Құрман ферма меңгерушісі болды. Ол кезде ауылдың ферма бастығының беделі қазіргі «мен» деген фирманың байшыкешінен кем емес-тін. Бауырсақ ес білгелі не ішем, не жеймін деген жоқ, қашанда ине-жіптен жаңа шыққандай су жаңа киімі мен қалтасындағы ақшасының көлемі қашанда қатар-құрбысының көз құрты-тұғын. Бір қанадан шыққан екі ұлдың үлкені Дәуіртай өзінен мүшел жас үлкен. Жар дегенде жалғыз бауырының адамзат баласының тарихта тұңғыш рет ғарышқа ұшқан жылы өмірге келуін ата-анасы ерекше ырымға балап, космос дәуірінің жаңа ұрпағына Дәуіртай деген есімді еншілеп береді. Содан кейін анасы Сапаркүл қанша тәуіп, балгерді адақтап, аудандық емхананың табалдырығын тоздырса да біразға дейін құрсақ көтере алмады. Сөйтіп Дәуіртай бала кезден іні жұмсап, қарындасқа қамқор болу сияқты бауырмалдық сезімді қанына сіңірмей, саяқ болып өсті. Мұрты тебіндеп, бозбала жасқа жеткенде жарық дүние есігін ашқан ұяласының ныспысын соңынан ерген жанбауырына айналсын деп Бауыртай қойғанмен де ес білгенше жатбауыр  болып өскен жасөскін онша селт ете қоймады. Бауырсақ сөмке асынып, қара танитын жасқа жетпей тұрып ағасы мектепті бітіріп, алыс қалаға оқу іздеп кетті. Өзі тілі шыққаннан айтатын Дәутай көкесі әке беделінің арқасында мектепті аяқтайтын жылы Мәскеу мемлекеттік университетінінен ауданға бөлінген жалғыз жолдаманы алып, сол замандағы ортақ мемлекеттің заңғар орталығына аттанды. Оқуға икемді қағылез жас бес жылды   кілең беспен оқып, одан әрі аспирантураға қалды. Не десе де Мәскеу өркениеттің озық игілігі тоғысқан алып шаһар емес пе. Ата-анасының «ауылға қайт, аудандық прокурордың бойжеткен сұлу қызына ен тағып отырмыз» деген дәмелі шақыртуын да ерен санаған жоқ. Бір жағы өмір сүруге ыңғайлы алып қала тіршілігі ұнап, бұдан бөлек аспирантурада жүргенде танысқан, жымиғанда көкшіл көзі жайнаңдап, жүргенде дөңгелек бөксесі бидің ырғағына басатын орыстың жирен шаш қызын қимай, әке-шешеге бірауыз сөзбен «ғылымға біржолата бет бұрдым, енді менің жолымды бөгемеңдер» деген хат жазып, мәселенің басын ашып алған болатын. Ауылда ағасыз өсіп жатқан Бауырсақ мектеп табалдырығын ертектегі кемпір-шалдың жалғыз жұбанышы Ертөстіктей  «жеке батыр» кейпінде аттады. Әуелгіде оқуға қабылеті жақсы еді. Бірақ әке-шешенің көрген-баққан қолдағы шолжаңы үйдегі үлкендердің күнделікті еркелеткенін өзінің еректігі мен мықтылығына балап, сабаққа салғырт қарап, оқуға деген ынтасы төмендеп, далабезер желөкпеге айнала бастады. Шаранасынан қағынған шатақмінезді балаларға еріп, сабақтан қашуды шығарды. Күнұзақ мектептің сыртындағы төбеге жиналып, табылса махорка болмаса темекенің тұқылын шегуді әдетке айналдырды. Керегелі үйдің кенжесі келе-келе жігіттіктің жоралғысына санап шараппен ауызданды. Атаңа нәлеттің арам асын алғаш рет дәмін татқаны әлі есінде. Көз алдында жер-дүние айналып, жүрегі лоблып, есінен айырылып қала жаздаған. Ертеңінде де сөйтті. Біраз күннен кейін шараптың шат-шадыман күйге түсіретін буына бойы елтитінді шығарды. Кешкісін көшеге шықса шарап ішкісі кеп тұратыны және бар. Шарап ішіп шаттыққа бөленем деп басталатын түнгі жорықтары күн құрғатпай төбелеспен аяқталып жүрді. Не керек, жылдар жылжыған сайын әл-дәрмен азайып, еңкейе бастаған әке-шеше көз алдарындағы жалғыздың жаман әдеттерін көрсе де көрмегендей болып, құдайдан амандығын тілеп, бұл әрекетін уақыт өте келе басылатын бозбалалықтың бозақұмар дәурені шығар деп өз өздерін жұбатқандай еді.

Тоқсаныншы жылдардың басында кеңес өкіметі ыдырағаннан кейінгі өтпелі кезеңде балапан басына, тұрымтай тұсына болып, шаруашылықтың меншігіндегі қора-қопсы мен төрт түлік бөліске түсіп жатқан тұс. Үйелмелі-сүйелмелі ұлдары бар ептілері біраз дүниені жекешелеп үлгерді. Алпысты алқымдап қалған Құрман «қос құлыным, жақсылап білім алса, жұртта қалмаспыз» деп мал-мүлікті бөлу кезінде өзіне тиесілісін қанағат тұтты да қалғанына онша қызыға қоймады.

Құрман кезінде ферма меңгерушісі болып тұрғанда ауылдың мектеп директорынан бастап қатардағы мұғалімдеріне дейін сұраған қысқы жем-шөбіне көмектесіп жүретін. Мұғалімдер де қарыз боп қалмайық, «алаған қолым береген» деп,  кейінгі жылдары тәртібі мен үлгерімі тым төмендеп кеткен Бауырсақтың  мектеп бітірердегі аттестатын төрт пен беске толтырып берді.  Әкесі таныс тауып Алматыға оқуға түсірді. Қос шаһарда білім мен ғылымның дариясына бойлауға аттанған балаларынан хабар күткен кемпір-шалдың күнделікті күйбең тірлігі ілдәләп жалғасып жатты. Бір күні шарбақтың алдына кілт тоқтаған сары жигулиден түсіп жатқан немере інісі Маханның шаңқ-шұңқ еткен ащы даусы естілді.

– Құрман көке, мына жетпегір, бәрімізді қарабет қылып, бір күні бүкіл әулетімізбен ел-жұрттың бетіне қарай алмайтын боламыз.

– Айналайын-ау, айдың күннің аманында не боп қалды?

Айқай шыққан жаққа жедел жетіп барған Құрман машинаның артқы орындығында ұзыннан сұлап жатқан Бауырсақты көрді. Әуелі «өліп қалған ба» деген суық ой денесін тітіркендіріп жіберген. Қараса баласының аузы-басы ағал-жағал, беті көнектей болып ісіп кеткен, ес-түссіз жатыр. Машинаның едені түгел құсық.

– Ойбай-ау, мынауың не сұмдық? Бұл бәлекетті қайдан тауып әкелдің?

Құрманның сайтан көргендей мынау һәрәм көріністен кейінгі айтқан алғашқы сөзі осы болды. Белінен тараған төл перзенті болса да доңыздай бықсып, шіріген сарымсақтай сасып жатқан сорлы баласының мына сұрықсыз сұлбасы намысын келтіріп, қанын басына шаптырды. Махан бұлқан-талқан болып, көкесіне болған жағдайды баяндап берді.

Бақсам, бақа екен демекші азын-аулақ тоқты-торпағын қалаға апарып сатып, бала-шағаның шәй-пәйін алып келуге Алматыға барған немере інісі базарда сауда жасап жүрген ауылдың біраз балаларын кезіктіреді. Амандық-саулықтан соң:

– Менің Құрман көкемнің баласы, өздеріңнің қатарларың Бауыртайды көріп тұратын шығарсыңдар? Ауылдың балалары бір-біріңмен араласып тұрыңдар, деді ағалық ақылын айтып.

Ешкім ләм демеді. Шамалы үнсіздіктен ауыл балаларының бірдеңені жасырып тұрғанын байқады. Суыртпақтап сұрап білгені Бауыртай жаз соңы Алматыға жеткен бойы қалтадағы ақшасын оңды-солды шашып, ауылдастарына аямай той жасапты. Соңыра екі-үш ай көрінбей кеткен. Көргендерден естулерінше Алматының сыраханаларын түгел тауысып, жүзі таныс адам табылса бір күрішке сыра әпер деп жата-жабысып, тыңдай қоймаса нан сұрағандай жалынады екен. Махан ызадан булығып кетті.

-Сонда, бұл сүмелектің сабағы қайда?

– Бауыртай сабаққа алғашқы күндері барып, сол жерден өзі сияқты құлқындас «достарын» тауып, ішімдікке кіріскеннен кейін оқу орын табалдырығын аттауды мүлдем қойыпты.

Махан «итің ұры десе намысың келеді» деген, атаңа нәлеттің баласының мынау хайуан тірлігінен бізден басқа ауылдың бәрі құлақтанып болған екен ғой, деп ойлады іштей мүжіліп. Сұрастыра жүріп, қаланың шетіндегі өңкей алқаштар жиналатын сасыған сыраханасымақтан осы күйінде мас болып жатқан жерінен әзер тауып алды.  Шаруаның бәрін тастап ауылға жеткізіп тұрған тұсы осы.

Сол күні Құрманның үйіне екі-үш атадан қосылатын жамағайынның бәрі жиналды. Жаны ашиды-ау деген көрші-қолаң да осы шағын дастархан басынан табылды. Той-томалақ болмаған соң тамаққа қарамай, әрқайсысы кезек-кезек кесімді сөздерін ортаға салды. Түптеп келгенде арқасүйер қауымның айтқаны арақ әзәзілдің атадан қалған ас емес екенімен, бұл баланы енді еркіне жібермей, біраз қолда ұстап, қадағалау қажеттігімен,  аурудың алдын алып ағайын болып тез арада емдету керектігімен түйінделді.  Құрманның көңілі қанша қабаржып тұрса да ағайын-туыстың мынадай жанашырлық сөзін көңіліне медеу тұтты.

...Арада екі жыл өтті. Бұл екі жыл Құрман мен Сапаркүл үшін тозақ отынан кем болған жоқ. Бейшара кемпір-шал кейінгі жиырма жылда көрмеген азапты осы соңғы екі жылда көрудей-ақ көрді. Ауылда ақсамайлы әкенің, ақжаулықты ананың жанында ақылын тыңдап, оң жолға түседі, адам болады деп үміттенген Бауырсақ баяғы әдетін одан әрі үдетті. Күндіз-түні аузы құрғамайды, аңдығаны тек арақ. Басында әке-шешенің жиған-тергеніне жабысып, бір күні иткенедей бәрін сорып тауысты да іле-шала зейнетақыларына қол салды. Өз өздерімен  қолдағысын ұқсатып отырған кемпір-шал енді нан пұлдан қысылып, ел қатарлы сорпа су ішуден қала бастады. Бауырсақ бұнымен қоймай үйдегі жарамды дүниелерді араққа ауыстыруға шықты.  Несін айтасың, екі жылда қос бейбақ не көрмеді? Маскүнем ұл араққа айырбастауға шөп ұрлаймын деп ауылдың маясын өртеді. Талай рет дүкеннің терезесін шағып, есігін сындырды. Шыққан шығынның бәрін Құрман қорадағы азын-аулақ малымен есептесіп отырды. Баяғы «ағайынның атына кір келтірмейміз, аурудың алдын аламыз» дейтін туған-туыстың бүгінде бірі жоқ. Бауырсақ бәрінің үйіне сан рет мас боп бас сұғып, өктемдене арақ сұрап, шатақ шығарып, шәт-шәлекейлерін шығара берген соң жамағайын да алыстан сыйласып, іргесін аулақ салғанды жөн көрген еді.  Әбілет басқанда, бұрын көше кезіп, арақты аяғымен іздеп ішетін Бауырсақ енді жатып алып сіміруге көшті. Бір жатқанда екі аптаға созылады. Бұл уақытта Құрбан мен Сапаркүлдің үйге арақ тасумен табаны тозады. Түсте сімірген арақтың уытымен ұйқтап, түнгі төртте тұрып «арақ тауып кел» деп бейшараларды безектетінін қайтерсің? Әке байғұс түн жарымында көрші-көршінің терезесін ұрғылап жүріп, жарты шөлмекті әзер тауып әкеледі. Ол да жұмырына жұқ болмайды. Таң ата қайта тіленеді, әкелмеймін десе үйді өртеймін деп доқ көрсетеді. Екеуі енді қолдағы бірді-екілі бұзау-торпақты бір жәшік самогонға айырбастап, қораға тығып қойып, сұраған сайын беріп отыруға көшті. Тоқтамай ішкеніне он күннен асып, арақтың зәрі ағзасына жайылып, сіңіп, құрсаулап алған тұста үстелді ұрып, есікті тебуге де әл-дәрмені жетпей, жатқан жерінен сарыауыз балапан сияқты ернін қимылдатады. Мұндайда анасы керден кесеге толтырып құйып беріп, бір сіміртеді де үстіне көрпе жауып жас нәрестедей үстін қағып ұйқтатады.  Бірде көрші  әйел Сапаркүлдің өз қолымен арақ құйып беріп отырғанын көріп, бетін басып қатты таңғалған еді.

-Өзегіңнен шыққан балаңды өзің өлтірейін деп па едің? Мұның не?

– Тоғыз ай құрсағымда көтерген шаранама бұл әзәзілді  жетіскенімнен құйып отыр дейсің бе? Ұл он беске келгенде қолға ұстаған қобызың, ұл он бестен асқан соң, тыңдамаса, доңызың, деген үлкендердің сөзі рас екен. Еркелетудің жөні осы екен деп бетімен жібергенімізді шал екеуміз кеш түсініп отырмыз. Өткенде арақ бермей қойып едім, аузынан ақ көбік ағып, көзі аларып, арғы дүниеге жүріп барады. Дереу аузына тамыздым, бір-екі жұтқаннан кейін ғана беті бері қарады. Содан бері жарқыным, бір күнде болса жарық дүниені көре тұрсыншы деп осылай аузына тамызып отырамын. Туғанда адам болсын деп ақ сүтімді берсем енді сойылдай жігіт болғанда аман болсын деп арақ беріп отырмын, қайтейін.

-Енді неге емдетпейсіңдер?

– Өзің көріп отырсың екі жылда сау-тамтығымыз қалмады. Құдайдан үмітіміз бар ғой. Кенже ұлды біз де жұрт қатарлы аяқтандырып, өзіміздей қаймана қазақпен құдандалы болып, құйрық-бауыр жесіссек деген ниетпен шал екеуміз біраз жылдан бері жинаған мал да бітуге таяды. Екі жылда біз бармаған бақсы-құшынаш, балгер, тәуіп қалған жоқ. Елден жасырып көрші ауылдағы інімді шақыртып түнделетіп төңіректегі емшінің бәріне барып шықтық. Оқығандары әрі кетсе он күннен аспайды. Ауылдағы медпункттегі терапевт келін келіп, қаншама рет система салды. Қалпына келе бастағанда қайта бастайды. Бұл өмір, өмір емес тозақ болды.

Бір айға жуық үзіліссіз ішістен тілден айырылып, ісініп кеткен Бауырсақты нағашы ағасы Алматыға апарып жүйке-психологиялық ауруханасына жатқызды. Дәрігер арақтың оның бойына әбден сіңіп, алкоголизмнің соңғы сатысына жеткен айықпас дертке ұшырағанын айтып, толық емдеп шығу қолынан келмейтінін мойындады.

– Мүмкіндіктеріңіз болса, Мәскеуге апарыңыздар. Олардың бұл дертпен ұзақ уақыттан бері алысып келе жатқанын білесіздер. Бұған қоса Мәскеудің емдеу тәсілі мен клиникаларының деңгейі біздікіне қарағанда әлдеқайда жоғары.

Үміттері сөне бастаған Құрман, Сапаркүл және нағашы ағасы Айбол біраз уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткен Дәуіртайға салмақ салу қажет деп шешті.

***

Түннің бір уағы болып қалған екен. Ғалым Бауырсақтың әңгімесін бөлмей үнсіз тыңдағанына да бір жарым сағаттай уақыт өтіпті. Естіп отырған әңгімесі оның құйқа тамырын шымырлатса да маскүнемдік әр ауылда қалыптасқан кесел екеніне көзі жетіп отыр. Бұл ібілістің небір ұйыған шаңырақты шайқалтып, қаншама отбасыны ойран етіп жатқаны көз алдына келді. Театр тілімен айтқанда ұзақ монологтан  кейін сөз төркіні екеуара әңгімеге ойысты.

– Мәскеуге кеткеннен кейін мұнда мал бағып жүргеніңнің арасында да біраз уақыт болыпты. Бұл жерге қалай тап болдың?

Бауырсақ ойланып отырып қалды. Алматыдағы жүйке-психологиялық ауруханада бір айдай жатқаннан кейін әке-шешесі Дәуіртайдың байланыс телефонын тауып, жылап-сықтап отырып мән-жайды жайып салған еді. Бұл кезде Бауырсақ аттай шауып кетпесе де адам қалпына келе бастаған. Алдын ала келісім бойынша әкесі екеуі Мәскеуге ұшақпен жетіп, үлкен қалаға алғаш рет қадам басты. Құрман кезінде ат үстінде жүріп, адал еңбек етіп, талай социалистік жарыстардың озық көрсеткіштерімен ауданның, облыстың алды болғанда енді Мәскеуге делегат боп барсам, Қызыл алаңды бір көрсем деп армандайтын.  Қарап тұрса Жаратқан иеміз оның арманын мүлдем басқа себеппен орындап отыр екен. Бозбала кезінде кеткен Дәуіртай есейіп, көзілдірік киіп, қолына портфель ұстаған әжептеуір оқымысты кейпіне келген. Жүзінде ауылда аңқылдап жүретін бұрынғы жылылық қалмаған. Дулы қаланың тіршілігіне әбден мойынсұнып, туған-туыстан мүлдем сырттап кеткені байқалып тұр. Артынып-тартынып жүріп сол жердегі мықты деген психологта бір ай емдетіп, Бауыртай өзінің жазбаша келісімін беріп, күретамырына өте күшті дәрі еккізді. Шаруасы дұрыстала бастаған соң Құрман баласын алып ауылға қайтпақ болды. Өйткені Дәуіртай кешке дейін қызметте. Оның үстіне ақ некесін қиып, орамал жауып, табалдырықтан келін қылып аттатбағандықтан ба азаматтық некемен Дәуіртаймен бірнеше жылдан бері бірге тұратын Нина есімді орыс келіншек шытынаған қас-қабағымен-ақ   «қашан қайтасыңнан» хабар беріп тұрғандай. Жолға жиналатын күні  Бауырсақ әкесінен рұқсат сұрап, Мәскеуде қалып, біраз табыс тауып, содан кейін елге келіп үйленсем деген ойын айтты. Құрман оның үйленсем деген сөзіне оң иығын берді.  Бұдан бөлек ауылға барса қай-қайдағысы есіне түсіп, арағын тағы бастап кете ме деген секемі бар-тын. Қос құлынын Мәскеуге қалдырып өзі алыстағы тау бөктеріндегі шағын ауылына жол тартты.

...Содан бері тағы да оншақты жылдың жүзі өтті. Мәскеу ептісі ұтатын, жалқауын жұтатын жайындай дәу қала екен. Күн өткен сайын Бауыртай кіндіктес ағасының өзіне деген жылуарлығы жоқ екенін, еметейі соншалықты езіліп тұрмағанын байқай түсті. Ауылда ас үйде дастархан жинап, ыдыс жуу тұрмақ әкеге сеніп малды да дұрыстап жайғамайтын  оған  «жеңгесі» Нинаның тамақты кезекпен істетуге дағдыландырғысы келіп, жатыпішерсің деген сыңайда тықақтай беретіні де ұнамады. Ақыр аяғында көше сыпырып жүрген қырғыз ағайындармен танысып, солардың ортақ жатақханасына біржолата көшіп алды. Одан әргі Мәскеу өмірі шым-шытырық оқиғалармен өріле береді. Вокзалда жүк тасушы, кафеде официант, базарда ет шабушы сияқты мерзімдік кәсіптердегі қарбаластарға төбелес, аурухана, айықтырғыш сияқты сиықсыз көріністер қосылған көркем фильмнің желісі дерсіз.

–Айтпақшы аға, мен Ерейментауға Тайландтан келдім. Мәскеуде біраз жұмыс істеп, сол жердегі өзбек, қырғыз, тәжіктерден дос таптым. Бір күні таныс өзбек жігіті Тайландқа қара жұмысқа баруға адамдардан құжат жинап жүргенін айтты. Жолкіре, жатын орны мәселелерін өздері шешеміз деді. Мәскеуде артыма қарайлайтын ештеңе жоқ болған соң, Бангкок қайдасың дедім де, тартып отырдым, деді ол мені одан әрі таңғалдыра түскісі келіп.

«Бәлен жерде алтын бар, барсам бақыр да жоқ» демекші, Бауыртай көп ұзамай табиғаты тамаша деген Тайландтағы құнсыз құлдық өмірінен де жирене бастаған. Бір күні тағы сынды. Арба сүйреп, жүк тасып тапқан тиын-тебенінің басына су құйғанша аямай ішті. Ақырында жатар орнынан айырылды. Көшеде қонсаң полицейлер ұстап, құжатыңды тартып алып, айыппұл салып, мазаңды қашырады. Бауыртайдың барар жер, басар тауы  қалмаған соң, «көпшілікке кіруге тыйым салынады, улы кобралар бар» деген тақтайша ілінген паркте бірнеше түн түнеуіне тура келді. Татар дәмі таусылмағандықтан болар алыстан жер бауырлап жыбырлап бара жатқан жыландарды күндіз өз көзімен көрсе де түнде келіп ешқайсысы шақпаған екен.

Бауырсақ әңгімем аяқталуға тақады дегендей, орнынан тұрып бұрыштағы шелекке қолындағы консервінің қаңылтырына салынған темекі тұқылын төкті.

– Тәубежан ағамен Тайландта таныстым. Отбасымен демалып жүр екен. Намаз оқитын, байсалды кісі. Менің адам шошитын түрімді көріп, «айналайын, қазақтың бір баласының айдалада алба-жұлба болып қаңғып жүргенін көріп жүрегім ауырып отыр. Қайтам десең Қазақстанға жолыңды өзім төлеп берейін. Ерейментауда мал ұстайтын фазендам бар. Сол жерде еңбек ет, мал бақ, ақыңды жемеймін», деді. Тәубежан ағаның жанашырлығы қатты әсер етті және арақ сататын дүкені, сыра құятын кафесі жоқ елсіз жатқан Ерейментаудың даласында біраз мал бақсам, бәлкім, арақты қойып кетермін деп үміттендім де осында келуге келісімімді бердім. Міне, содан бері осындамын.

-Әке-шешең аман ба?

-Аман екен. Өткенде қалаға барғанда ауылдың жігітін кезіктіргем. Екеуінің аман-есен екенін, бірақ қартайып қалғандарын айтты.

Ата-анасын айтқанда Бауырсақтың даусы қыстығып шықты.

– Аға, бала кезімде «атамнан да қаштым, апамнан да қаштым, сенен де қашып кетем» деп ең ақыр аяғында түлкі жеп қоятын бауырсақ туралы «Колобок» деген ертегіні жақсы көретін едім. Апама қайта-қайта айтқызатыным әлі есімде. Әке-шешеден, бауырдан, достан, ауылдан қашып жүргенімде арақ дейтін түлкі мені де бір күні жұтып қоятын шығар?...

...Бауырсақтың көзі жасқа шыланып қалған екен.

Қуат Бораш 

Abai.kz

1 пікір