Жұма, 26 Сәуір 2024
Алаң 3362 1 пікір 13 Тамыз, 2020 сағат 15:15

Оқушылардың жанайқайын Ысқақов мырза естімей ме?

Өткенде Әбілқайыр Ысқақов басшылық ететін Павлодар облысының Екібастұз қаласындағы қазақ қыздар гимназиясының 27 жыл бойы ғимаратсыз екенін, ондағы 422 оқушы орыс мектебінің бір бұрышынып паналап, екі ауысыммен оқып жүргенін айттық.

Abai.kz ақпараттық порталында «Қазақ қыздар гимназиясы 27 жыл бойы ғимаратсыз отыр!» атты мақала жария болды. Белгілі саясаткер, ҚР Президенті жанынын құрылған Ұлттық кеңестің мүшесі Ерлан Саировтың әлеуметтік желідегі жанайқайына үн қосып, облыс әкімі Әбілқайыр Бақтыбайұлының атына жазылған үшбу хатты жарияладық.

Онда Екібастұз қаласындағы №25 қазақ қыздар гимназиясы 27 жылда (1993 жылдан бері қарай) 4 рет орын ауыстырғаны, ал 2008 жылдан бері №24 орыстілді мектеп ғимаратының бір қанатында «сығылысып» оқып жатқаны баяндалған. Жаңағы орыстілді мектептің өзі 1200 орынға есептелген. Сол 1200 орыннан қазақ қыздар гимназиясына деп 200 орын бөлінген. №25 қазақ гимназиясының 422 оқушысы сол 200 орында 2 ауысымда оқуға мәжбүр көрінеді. Қысқасы, мектептің аты бар да, заты жоқ!

Мақала сайымызда 5 тамыз күні жарияланды. Содан бері тұп-туру 7 күн өтті. Бүгін сегізінші күн. Облыс әкімі мен Білім министріне хат жазған саясатшы Ерлан Саировтың да, «оқушылар 27 жыл бойы ғимаратсыз отыр» деп мақала жазған Abai.kz-тің де айтар cөз, талап тілегі –  27 жыл бойы «қаңғырып» жүрген оқушыларға мектеп салып беру!

Алайда, ел-жұрттың, ел-жұрттан бұрын, басқа мектептің 200 орындық бір бұрышында сығылысып жүріп оқып жатқан 422 оқушының «мектеп салып беріңіз» тілегін жергілікті басшылар «сын» деп қабылдаған көрінеді. Желіде жазба жариялап, бұл ұсынысты қолдаған кейбір азаматтарға Павлодар облысы мен Екібастұз қаласының әкімдігі: «Егер гимназия салу жөніндегі мәселені көтере берсеңдер, бұл оқу орнын жауып тастаймыз», деп «сес» көрсеткен көрінеді. Бұл туралы Ерлан Саиров әлеуметтік желіде жазыпты.

Жергілікті билік сыни көзқарасты көтере алмайды!

Критиковать друг друга и отстаивать политические интересы будем потом —  Ерлан Саиров » Холдинг «НҰР-Медиа»

Ерлан Саиров:

- Мені «неге қоғам билікке жүйелі түрде сыни көзқараспен қарайды, неліктен азаматтар мемлекеттен жиреніп барады», деген сұрақ жиі мазалайды.

Бұл нигилизмнің себептері көп, сол себептердің бірі – жергілікті билік өкілдері өздеріне деген сыни көзқарасты көтере алмайды. Жергілікті азамат бір мәселе көтерсе, «көтерем қой» тәрізді қисайып қалады. Сынаған азаматтарға барлық «кәрін» шашады.

Бір мысал келтірейін, мен жақында осы желіде Екібастұз қаласындағы қыздар гимназиясының 26 жыл (негізі 27 жыл) бойы өзінің шаңырағынсыз, басқа мектептерде өгейдің кебін киіп жүргені жөнінде жазған болатынмын.

Бұл мәселені көтеруге мұрындық болған Екібастұз қаласының тұрғыны, «фейсбуктағы» менің досым Дария Ергазина (Daria Ergazina). Ол кісі жергілікті газетте қызмет атқарады. Сол жердің партиоты болғандықтан әр-түрлі өзекті мәселелерді көтереді. Қысқасы, «елім деп жүрген азамат». Шыны керек, нақты өмірде бірде-бір рет ол кісіні көрмегенмін.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, мен бұл гимназияның мәселесін көтергеннен кейін Abai.kz, және басқа да бірді-екілі сайт бұл мәселені жазды.

Енді, Павлодар облысының әкімдігі, Екібастұз қаласының әкімдігі осы азаматтарға «әлеуметтік желідегі жазбаны алып тастаңдар», «жұмған ауыздарыңды ашпаңдар» деген сыңайда әңгіме айтатын көрінеді. Ең бастысы, «егер гимназия салу жөніндегі мәселені көтере берсеңдер, бұл оқу орнын жауып тастаймыз» деген көрінеді.

Біздің билікті халықтың жек көре бастағаны – осындай ортаңқол «шолақ белсенділердің» солақай тірлігінен. Ал, бүкіл Қазақстан бойынша қаншама әкім-қаралар елді осылай «бишігімен билетіп» отыр.

Екібастұздағы мәселеге келетін болсақ, қыздар гимназиясына пана тауып берудің орнына, зәулім оқушылар сарай жұмыс істеп тұрса да, жергілікті билік тағы бір оқушылар сарайын салмақшы екен. Мына түрімен, жергілікті шенеуіктер қазақ қыздар гимназиясын жауып тынатын тәрізді.

Халық пен билік арасына сына салатын осындай құбылыстар. Мемлекетке сенімді түрде «девальвация» жасайтын, халықты менсінбейтін шенеуік пен номенклатураның өзі. Не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің...

Біз бұл мәселені әрқашан өз назарымызда ұстайтын боламыз!

Abai.kz

1 пікір