Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
2107 0 пікір 29 Шілде, 2020 сағат 13:20

ОСК: Осы сайлауда әйелдердің саяси белсенділігі жоғары

Сенат – Қазақстан Парламентаризміндегі маңызды роль атқаратын орган. Қазіргі таңда елімізде 49 сенат депутаты бар. Олардың жартысы әр үш жыл сайын қайта сайланады. Ал, оның он бес депутатын Қазақстан Президенті тағайындайды. Олардың 1998 жылға дейін өкілеттік мерзімі төрт жыл болды, ал, 1998 жылдан бастап депутаттардың өкілеттігі алты жыл болып бекітілген. Биыл да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 12-тамыз күні Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.

Бұған дейінгі Сенат депутаттарын сайлау Президент жарлығына сәйкес 2017 жылдың 28 маусымында өтті. Бұл сайлауда 2011 жылы сайланған депутаттардың өкілеттігі тоқтатылған болатын. Ал, алда болатын сайлауда депутаттар 2014 жылы сайланған сенаторлардың орнын баспақ.

Орталық сайлау комиссиясы бұл жолғы сайлауда өңірлерден сайланған 17 депутат өкілеттік  мерзімін тоқтататынын мәлімдеді. Олардың қатарында: Серік Жақсыбеков, Төлеубек Мұқашев, Аңсар Мұсаханов, Марат Тағымов, Рашит Әкімов, Сәрсенбай Еңсегенов, Ерболат Мұқаев, Мұратбай Жолдасбаев, Сергей Ершов, Серік Бектұрғанов, Бекмырза Еламанов, Михаил Бортник, Әли Бектаев, Манап Көбенов, Ольга Перепечина, Сергей Плотников, Айгүл Қапбаровалар бар.

Бұл 17 адамның кейбірі алдағы сайлауға түсетіндерін айтты. Мәселен, Қарағанды облысынан сайланған Сергей Ершов Сенат депутаттығына қайта түсуге ниет білдіріп отыр екен.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев 13 маусым мен 12 шілде аралығында Парламент Сайлауының депутаттығына 94 үміткер ұсынылғанын айтқан болатын.

Естеріңізге сала кетсек, 2011 жылы өткен Сенат сайлауына 96 кандидат ұсынылған. 2014 жылы 88 үміткер болса, 2017 жылы 89 адамның депутаттыққа кандидатурасы ұсынылған. Демек, орта есеппен бір сенатордың мандатына бестен астам үміткер түседі.

Биыл кандидаттыққа Нұр-Сұлтан қаласынан 8 адам, Алматы қаласынан 7 адам, Алматы облысынан 9 адам ұсынылыпты. Ал, Шымкент пен Қостанай облысының әрқайсынан  төрт үміткер ұсынылған. Шығыс Қазақстан өңірі сенат сайлауына ең аз үміткер қосыпты.

Биылғы сайлауда үміткерлердің 82-сі өзін-өзі ұсыну құқығын пайдаланған. Бұл көрсеткіш 2011 жылы 82,7 пайыз, 2014 жылы – 82,9 пайыз, 2017 жылы – 92,1 % болған. Ал, 12 кандидат Мәслихаттан ұсынылған. Бұл 2017 жылы 7,9% немесе 7 адам болған.

Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, осы сайлау науқанында әйелдердің саяси белсенділігі жоғары екенін айтады. Мәселен, ұсынылған кандидаттардың 19-ы әйелдер екен. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2011 жылы 6 әйел үміткер, 2014 жылы – 5 кандидат, 2017 жылы 13 әйел адам үміткер болған.

Ал, осы жылғы ұсынылған әйелдердің ең жасы 30-да, ең үлкені 69 жаста. Ал, кандидаттардың орташа жасы 51 болыпты.

Ұсынылған үміткерлердің ішінде әртүрлі мамандық иелері бар. Мәселен, 29-ы инженер, 20-сы экономист, 12 оқытушы, 10 ауыл шаруашылығы қызметкері, 10 адвокат, 1 саясаттанушы, 7 дәрігер, 3 журналист бар.

Сонымен қатар үміткерлер арасында 2 жұмыссыз адам, 4 сенатор, 38 коммерциялық құрылымдардың қызметкері, 23 кәсіпорындар мен мекемелердің, мемлекеттік ұйымдардың өкілдері, 9  қоғамдық ұйым өкілдері, 18 мемлекеттік қызметкер бар екен.

Сенат депутатттарына үміткерлерді тіркеу 23 шілдеге дейін жалғасты. Ал, 13 шілдеде астананың және республикалық маңызы бар қаланың сайлау комиссиялары Сенат депутаттығына 62 кандидатты тіркеген.

Ал, күні кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Сенат депутаттығына үміткерлердің қорытынды тізімін бекітті.

ОСК мәліметі бойынша, 23 шілдедегі жағдаймен ҚР Парламенті Сенатының депутаттарының 17 мандатына Алматы, Шымкент,Нұ-Сұлтан қалаларының сайлау комиссиялары 94 үміткердің 58-ін тіркеген. Демек, орта есеппен 3 үміткер бір орынға ұсынылған. Өңірлер бойынша, ең көп кандидат Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында тіркеліпті.

Ал, бұған дйеін Оратлық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина алдағы сенат сайлауына республикалық бюджеттен 254,5 миллион теңге бөлінгенін мәлімдеген.

“Орталық сайлау комиссиясына республикалық бюджеттен Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын өткізу үшін 254,5 миллион теңге бөлінді” деген болатын Мұстафина баспасөз брифингінде.

Мұстафинаның айтуынша, бөлінген қаражат мәслихат депутаттарының іссапары мен көлік шығындарына, сайлау нысандарын рәсімдеу қызметтеріне, сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастыруға, полиграфиялық қызметтерге сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарына және басқа да шығындарға жұмсалмақ.

Abai.kz

0 пікір