Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
2574 0 пікір 28 Шілде, 2020 сағат 19:31

Зорлық-зомбылық қылмыстарына жазаны күшейту керек пе?

23 шілде күні Сәтбаев қаласында 5 жасар қызға қатысты болған оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Осыдан соң, кейбір әлеуметтік желі қолданушылары педофилдерді өлім жазасына кесу керек дегенді алға тартты. Ал, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педофилияға қарсы қылмыстық жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын.

“Біз азаматтардың құқығын назардан тыс қалдырып алдық. Сондықтан да елімізде ауыр қылмыстар жасалып жатыр. Осыған орай, адам саудасы, зорлау, есірткі тарату, педофилия, әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық және тағы басқа ауыр қылмыстар үшін, әсіресе балаларға қарсы жасалған қылмыстарға қатысты жазаны жедел түрде қатаңдату қажет. Үкімет пен парламентке осындай тапсырма беремін,- деді Президент.

Қазір еліміздегі балаларға қатысты болып жатқан зорлық-зомбылық оқиғалары көпшілікті алаңдататыны рас. Бұл мәселені қоғам белсенділері де жиі көтеріп келеді. Себебі барша азаматтар үшін балалардың жарқын өмірі мен қауіпсіз болашағы маңызды.

Дегенмен, аталған заң нормаларына қатысты соңғы жылдары оң өзгерістер бар екені байқалады. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға қатысты жасалатын қылмыстар мен жыныстық зорлық-зомбылық оқиғаларына қатысты жазаны қатайту туралы тапсырма бергенін жоғарыда атап өттік. Ал, Президенттің осы тапсырмасы негізінде Парламент қабырғасында тиісті заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.

Әрине, қылмыс жасаған адам заң аясында жазасын өтеуі тиіс. Себебі қазіргі қолданыстағы заң да оған мүмкіндік беретін нормалар қарастырылған. Ал, балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері ауыр қылмыстар қатарына жатқызылады. Бұл дегеніңіз тараптардың татуласуына мүмкіндік берілмейді дегенді білдіреді. Ал, бұған дейінгі заң жобаларына сәйкес, екі тараптың келісімге келіп, татуласуына жол берілетін.

Балаларға қатысты қылмыс жасағандарды жазалау мұнымен шектелмейді. Аталған заңдағы соңғы толықтырулар мен өзгерістерге сәйкес, балаларға қатысты қылмыс жасағандар түрмеден мерзімінен бұрын босап шыға алмайды. Сонымен қатар, қылмысы үшін тағайындалған жаза жеңілдетілмейді және жаза түрі өзгерісссіз қалады. Әрі мұндай жағдайда кешірім актісі қолданылмайды.

Ал, жуырда ҚР Сенат депутаты Ләззат Сүлейменова қазіргі таңда бірнеше депутатпен бірігіп “Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс қимыл туралы” заң жобасын қарап жатқанын айтты.

Айтуынша, заң жобасын қараудағы басты мақсат – бұған дейін қалыптасқан, алайда өзін ақтамай отырған заң нормаларына елеулі өзгерістер енгізу. Бұл тұрғыда мемлекеттік органдардың бірігіп әрекет етуге деген құлшынысы маңызды. Себебі, қоғам талабына жауап беретін, жаңарған заң нормалары мәселені шешудің тегеурінді жолы.

Сондықтан, кез-келген қылмыстық оқиға заң аясында шешілуі тиіс. Қылмыскер де сол қылмысына қарай жазасын алады.

Сонымен, елімізде балаларға қарсы жыныстық зорлық зомбылық жасағандарға қатысты жаза қандай болу керек?

Белгілі заңгер Абзал Құспанның айтуынша, педофилияға қатысты өлім жазасын енгізуге болмайды. Себебі, қылмыстың бәрі айқын сипатқа ие бола бермейді. Соның салдарынан жазықсыз адамдар істі болып кету қаупі өте жоғары.

Сонымен қатар, тергеу мен сотта адами фактор әсері тым жоғары. Ал, сот қателігі небір дамыған елдерде де орын алып жатады.

Одан бөлек, құқық қорғау жүйесіндегі маман даярлау ісіне де баса көғіл бөлу қажет. Себебі, заңгер мамандығын кез-келген оқу орны мен кез-келген жерде дайындай беруге болмайды.

Жалпы алғанда, адам тағдыры таразыға тартылар тұста эмоциядан гөрі салқынқандылыққа ергуе болмайтынын, сондықтан да заңға өзгеріс енгізуде ең бірінші ғылыми негізде басшылыққа алу қажеттігін айтады.

Сонымен қатар, заңгер педофилия Қазақстанда көбейіп барады дегенмен келіспейтінін айтады. Себебі, ол жайлы делел-дәйек келтірілмегенін алға тартады.

Сондай-ақ, Абзал Құспан педофилдің қылмыскерден бұрын ауру адам екенін айтады. Сондықтан да, кез-келген ауруды емдеген соң ғана жазалау керек деп есептейді. Оның қатарына кастрация да қосылатынын айтады.

Ал, қорланған жасөспірімдердің құқығын қорғайтын заңгер Камиша Есмухамбетқызының айтуынша, педофилдерге, қайта қылмысқа барған қылмыскерге заң бойынша ату жазасын қабылдау қажет.

Сонымен қатар, заңгер жасөспірімдерді қорғау мақсатында Үкіметке бірнеше ұсыныстар айтты. Оның айтуынша, зорланған жасөспірімдерге бейімдеу орталығын жаңа форматта ашу қажет деп санайды. Сонымен қатар, психологиялық соққы алған жасөспірмдерді емдеу үшін мемлекет үш жылға дейін өз бақылауына алу қажет.

Сондай-ақ, ҚР Балалар омбудсменінің қызметі кеңейтілуі қажет. Және, оларға Үкіметте қолдау білдіру керек деп есептейді.

Abai.kz

0 пікір