Жексенбі, 5 Мамыр 2024
2638 0 пікір 30 Шілде, 2020 сағат 12:20

Ежелгі Күлтөбе қалашығы туристік аймаққа айналады

Бүгінде елімізде ұлттық рухты жаңғырту, прагматизм, бәсекеге қабілеттілік сияқты мәселелер аса маңызды. Бұл тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласы қоғамның осы бір қажеттілігін дөп басқандай болды. Бүгінде осы бағдарлама негізінде еліміздің мәдени-рухани өмірінде іргелі істер атқарылып жатыр.

Солардың бірі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының Түркістан аумағындағы Күлтөбе қалашығын қайта қалпына келтіру жұмыстары. Бұл қалашық – ежелгі замандағы алғашқы қалалық қоныстар қатарына жатады. Аумағы 27 гектар жерді қамтиды. Ал, Күлтөбе қалашығына археологиялық қазба жұмыстары 2018 жылы басталған.

Археологиялық жұмыстардың нәтижесінде аталған аумақтан XVII-XIX ғасырларға тән құнды жәдігерлер, қыш-құмыралар, қазақ хандығы және қоқан хандығы кезіндегі үйлердің орындары табылған.

Сонымен қатар, ежелгі қалашық маңында табылған тарихи жәдігерлер мен орындарды бастапқы қалпына келтіру үшін сол кезеңге сай қабырғасын қалау, сондай-ақ, туристердің танысуына жағдай жасау үшін галереялық жолдар салынған. Мұның барлығы 2019-2021 жылдарға арналған археология және реставрация жұмыстары аясында жүргізілген.

Алдағы уақытта Күлтөбе қалажұртына кешенді түрде реставрация және консервация, жартылай қалпына келтіру және археологиялық қазба жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл қалажұрты “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейіне қарасты. Ал, аталған жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен қолға алынған болатын.

Айта кетейік, бұған дейін ЮНЕСКО және ИКОМОС халықаралық сараптамалық қоғамдастығы Күлтөбе қалажұртындағы ашылмай жатқан тарихи сырларды зерттеп-зерделеу мақсатында ондағы тарихи маңызды орындарды қалпына келтіру, сақтау, әртүрлі әлеуметтік бағыттағы қолөнер шеберханалары мен үйлерді, ғибадатханаларды, басқа да тарихи археологиялық нысандарды 3D форматында үлгісін жасау жұмыстарын ұсынған болатын. Сонымен қатар, Күлтөбе қалажұртын мәдениеттану, археология, тарих, өнертану, этнография тұрғысынан зерттеуге арналған ғылыми жинақ, монография, бірқатар ғылыми мақалалар форматында жарияланымдар, иллюстрациялық альбомдар ұйымдастыру жолдары да қарастырылып, жоспарланған. Ал, аталған жобаның демеушісі ERG компаниясы.

Тағы бірт айта кетерлігі – Қазақстандағы алғашқы сәулет құрылыстары бар Күлтөбе қалашығы кейбір деректерде (Асон) Күлтөбе Ясы деп аталады. Бұл біздің заманымызға дейінгі II ғасырдан бастау алады.

Ясы атауы тұңғыш рет Қазақстаннның оңтүстік аймағы арқылы моңғолдардың ұлы ханы Менгудің ордасына сапар шеккен армян патшасы I Гетумның жазбаларында кездескен.

Қазір Қазақстанның алдына қойған басым бағыттарының бірі әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену. Аталған мақсатқа жету үшін қоғамның санасы ісінен озық болып, одан бұрын жаңғырып отыруы қажет. Бұл өз кезегінде экономикалық және саяси жаңғыруларды толықтырып отырады. Сонымен қатар, оның өзегіне де айналары хақ.

Бұған дейін елдің рухани жаңғыруы аясында бірқатар іргелі істер атқарылғаны белгілі. Себебі, рухани жаңғыру бір күнде басталатын жұмыс емес. Ал, Қазақстан Тәуелсізідігін алғалы бері бұл бағытта бірнеше ауқымды жұмыстар да атқарылған.

Солардың бірі 2004 жылы қолға алынған “Мәдени мұра” бағдарламасы. Аталған жоба аясында Қазақстан аумағындағы бірнеше тарихи нысандар мен мәдени ескерткіштер жаңартылды.

Ал, осыдан жеті жыл бұрын қолға алынған “Халық – тарих толқынында” атты бағдарлама – әлемнің ең беделді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттеуге мүмкіндік берді.

Осы жобалардың заңды жалғасы әрі ауқымдысы “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарлама.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1444
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1286
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1043
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1097