Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Масқара! 4499 18 пікір 5 Тамыз, 2020 сағат 17:41

Қазақ қыздар гимназиясы 27 жыл бойы ғимаратсыз отыр!

Павлодар облысының әкімі

Әбілқайыр Ысқақовтың назарына!

Әбілқайыр Ысқақов басшылық ететін Павлодар облысында, Павлодар облысындағы Екібастұз қаласында қазақ мектебінің аты бар да, заты жоқ!

Нақтырақ айтсақ, Екібастұз қаласындағы №25 қазақ қыздар гимназиясы  27 жыл бойы (1993 жылдан бері қарай) оқушыларды «қаңғырып» жүріп оқытып келеді. Өйткені, жеке білім ордасының ресми аты бар болғанымен, жеке оқу ғимараты жоқ екен. Бұл туралы саясаткер, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

ҰҚСК мүшесі Ерлан Саировтың атына Екібастұздағы қазақ қыздар гимназиясы ата-аналары мен қала тұрғындарынан өтініш түскен.

Онда №25 қазақ қыздар гимназиясы осы уақыт ішінде (27 жылда) 4 рет орын ауыстырғаны, ал 2008 жылдан бері №24 орыстілді мектеп ғимаратының бір қанатында «сығылысып» оқып жатқаны баяндалған. Жаңағы орыстілді мектептің өзі 1200 орынға есептелген. Сол 1200 орыннан қазақ қыздар гимназиясына деп 200 орын бөлінген. №25 қазақ гимназиясының 422 оқушысы сол 200 орында 2 ауысымда оқуға мәжбүр көрінеді.

Осы мәселені көтерген Ерлан Саиров Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Ысқақовтың атына ресми хат жолдапты. Хаттың бір данасы ҚР Білім және ғылым министрлігіне де жолданған.

Облыс әкімдігі осы мәселені шешіп беруі керек!

Ерлан Саиров: У казахстанцев должна повыситься социальная ...

Ерлан Саиров:

- ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі ретінде, менің атыма Павлодар облысы, Екібастұз қаласындағы №25 қазақ қыздар гимназиясы ата-аналарының және Екібастұз қаласы тұрғындарынан өтініш түсті.

Онда №25 қазақ қыздар гимназиясы 1993 жылдан күні бүгінге дейін, яғни 27 жыл бойы жеке ғимаратсыз білім беріп келеді деп жазылған. Осы жылдар ішінде 4 рет орын ауыстырған. Ал 2008 жылдан бері 1200 орынға арналған №24 орыстілді мектеп ғимаратының 200 орындық бір қанатында 422 оқушы қыз білім алып жүр екен.

Мектеп оларға 13 қана сынып бөліп берген. Оқушылар II ауысымда оқиды. Екі ауысым болғандықтан және сынып бөлмелерінің жетіспеушілігінен балалардың қосымша білім алуына, үйірмелер мен секцияларға баруына мүмкіндік жоқ десе де болады.

Гимназияның жетістіктері де аз емес! Сапалы білім, саналы тәрбие беріп келе жатқан мұғалімдердің де деңгейлері жоғары.

Жергілікті әкімдік 2017-2018 жылдары жаңа ғимарат салып береміз деп, жазбаша түрде жауап берген екен. 2018 жылдың 11 маусымында қала әкімі Қайрат Нүкенов: «21-шағын ауданда қазақ қыздар гимназиясына арналған 900 орынға арналған мектеп құрылысын салуға жобалық сметалық құжаттама әзірленді», - деген жауап хат жіберген.

Бірақ, одан бері қозғалыс байқалмайды. «Баяғы жартас, сол жартас...» Бұл әділетсіздіктің тамырына балта шабатын уақыт жетті. Облыс әкімдігі осы мәселені әділетті шешіп беруі керек!  Ал оған облыс әкімінің қауқары, ниет-жігері жете ме? Бұл сұрақ та өте өзекті!

№25 қазақ қыздар гимназиясы қазіргі заман талабына сай сапалы білім беріп қоймай, қазақ қыздарына тәлім-тәрбие, әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді сақтауға үйретіп, отбасылық құндылықтарды және моральдік-психологиялық ұстанымдарды сіңіруде. Гимназияның мақсаты, тәрбие жұмысы ұлттық құндылықтарға негізделген. Бұл ұлттық тәрбие жүйесінің моделі деп те айтуға болады.

Осындай қазақ мектептерін көбейту – бірінші кезекте мемлекеттің міндеті. Ал біз осындай меуктептердің қажеттерін, сұраныстарын қолдай алмай отырмыз. Неге осы мәселе бүгінгі күнге дейін шешілмей келді?

Мен Ұлттық кеңестің мүшесі ретінде, облыс әкімінің атына ресми хат жолдадым. Тұшымды әрі нақты жауабын күтемін!

Түйін. Әбілқайыр Ысқақов Павлодар облысының әкімі қызметіне биыл қаңтар айында тағайындалған. Экономика, қаржы саласында білім алған әкім мырза Қаржы министрлігінде біршама лауазымды қызметтер атқарған.

Қазіргі уақытта Павлодар облысында ұзын-ырғасы 416 мектеп және мектеп-интернаты, дарынды балаларға арналған мамандандырылған 14 мектеп, 2 гимназия мен 2 лицей, 12 мамандандырылған мектеп, 25 кәсіптік мектеп пен лицей, 29 колледж, 2 университет пен 2 институт бар көрінеді. Бұл облыстағы білім ошақтарының нақты саны дей алмаймыз. Әлемтордағы ашық дереккөздерінін (Wikipedia) алынған мәліметтер. Нақтысын облыстық әкімдік, облыстық білім басқармасы айта жатар... Біздің айтпағымыз мынау:

Рас, Әбілқайыр Бақтыбайұлының өңір басшылығына барғанына жыл толған жоқ. Десе де, өзі басшылық ететін өңірдегі білім ошақтарының ахуалымен танысып шығу үшін осы 6-7 ай уақыт жеткілікті емес пе?.. Өзі де сол Павлодар облысының тумасы екен. Ендеше, өңір басшылығына биыл келсе де, бөтен адам емес.

Әне, Екібастұздағы №25 қазақ қыздар гимназиясының оқушылары 27 жыл бойы «қаңғырып» жүріп білім алып келіпті. Бұл енді қашанға дейін жалғаспақ? Павлодар облысы басшылары 27 жылда бір мектеп сала алмаған ба? (Бұл жерде нақты №25 гимназияның ғимаратын айтып тұрмыз). Бұл масқара жайтқа кім, қай әкім, не дейді?

Саясаткер Е.Саировтың Павлодар облысы әкімі Ә.Ысқақовқа жазған хаты:

Abai.kz

18 пікір