Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Саңлақ 5845 2 пікір 4 Тамыз, 2020 сағат 12:49

Халықтың сүйіспеншілігіне бөленген тұлға

2 тамыз күні қазақтың бір туар ұлы, аты аңызға айналған балуан Жақсылық Үшкемпіров қайтыс болды. Үшкемпіров - КСРО-ның екі дүркін чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, әлем чемпионы, әлем кубогының иегері, Олимпиада ойындарының чемпионы. Міне осы атақтардың өзі Жақсылық балуанның қандай биікке көретілгенін дәлелдейді.

Жақсылық Үшкемпіров бөтенге бодан болып, өзгеге есесі кетіп жүрген қазақ халқының еңсесін көтеріп, мерейін үстем етті. Өзінен туған бір ұлдың басқадан оза шапқанын көрген халықтың сол тұстағы қуанышын қазір айтып жеткізе алмасымыз анық. Мәскеу бодан халықты бөлектейтін, төмен санайтын тұста Жақсылықтай бір ұлдың туғаны да мақтан.

Жақсылық Үшкемпіров - классикалық күрестен (қазір грек-рим күресі) Совет одағының спартакиадасы мен КСРО чемпионатын ұтқан тұңғыш қазақ балуаны. Спорттың жекпе-жек түрлері бойынша қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада жеңімпазы. КСРО сынды халықтар түрмесінің қабырғасы қаланғанына жарты ғасырдан асқанда қазақ балуаны атой салды. Одақта қарсылас шыдатқан жоқ. Ал 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков алтын медаль, боксшы Серік Қонақбаев күміс медаль алғанда бар қазақтың төбесі көкке бір-ақ елі жетпей тұрды.

Бірақ бұл медальдер оңайлықпен келген жоқ. Спортшыларымыз осы жеңіске жету үшін, тынбай еңбек етумен қатар, саясаттың салқынына төзіп, қиянатқа қарсы келуіне тура келді. Жақсылық Үшкемпіровті де, Шәміл Серіковті де Олимпиадаға апарғысы келмегендер көп болған. Тіпті Үшкемпіров 1976 жылғы Олимпиада жолдамасынан көпе-көрнеу қағылды...

1975 жыл Жақсылық КСРО халықтарының спартакиадасында жеңіске жетті, КСРО чемпионатында топ жарды. Осы екі алтын медальдің өзі оған әлем чемпионаты мен Олимпиадаға жол ашуы керек еді. Спартакиада мен одақ чемпионатын қатар ұтқан балуан ендігі кезекте 1975 жылғы әлем чемпионаты мен 1976 жылғы Монреаль олимпиадасына барудан бірден-бір үміткер болатын. Қисыны солай еді. Бірақ Мәскеу бұлай ойламайтын.

1975 жылғы әлем чемпионаты Минскіде өтті. Бұл сынға Жақсылық Үшкемпіров емес, әлемнің үш мәрте чемпионы Владимир Зубков қатысты.

1976 жылы Еуропа чемпионаты Ленинградта өтті. Жақсылық тағы да құрамадан тыс қалды. Бұл жолы Ресей құрамасының бас жаттықтырушысы Геннадий Сапуновтың шәкірті Алексей Шумаков Еуропа мықтыларымен белдесті.

Үшкемпіров АҚШ-та өткен әлем кубогына да бара алмады. Ел ішіндегі барлық жүлдені жеңген балуан бірде-бір халықаралық турнирге жіберілмеді. Осыдан-ақ, оның Монреаль олимпиадасына бара алмайтыны белгілі болды. Ақиқат соны дәлелдеді. Жасы 25-ке келіп, спорттық бабы толысқан, нағыз дер шағындағы Жақсылық 1976 жылғы Олимпиада ойындарынан тыс қалды.

Ол тіпті 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасына да қатыспауы мүмкін еді. Ең жеңіл салмақтағы Олимпиаданың жалғыз жолдамасына 4 балуан таласты. Олар: КСРО-ның үш дүркін чемпионы Василий Аникин, Монреаль-76 Олимпиадасының чемпионы Алексей Шумаков, жас балуан Тэмо Казарашвили және Жақсылық Үшкемпіров.

Жақсылық Олимпиада алдындағы КСРО-ның чемпионатында жеңімпаз атанып, Еуропа чемпионатында күміс медаль алды. Ал Казарашвили ел чемпионатында бесінші орын алды. Осыған қарамастан құрама бапкерлері Жақсылық пен 21 жастағы Казарашвили өзара күресуі керек деп шешті. Нәтижесінде қазақ балуаны басым болды. Мың машақатпен Олимпиадаға жолдама алды.

Мәскеу Олимпиадасы-80. Бірінші айналымда Үшкемпіров әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, Еуропа чемпионы, румыниялық Константин Александрмен күресті. Румын балуаны фаворит саналғанымен, Жақсылық жеңіске жетті. Есеп - 6:2.

Екінші айналымда Үшкемпіров польшалық Роман Керпачті, үшінші айналымда венгриялық Ференц Серешті (17:6) айқын басымдықпен жеңді. Ақтық белдесуде болгариялық балуан Павел Христовтан басым түсті (13:7).

Олимпиада чемпиондары Шәміл Серіков пен Жақсылық Үшкемпіров

Жақсылық Үшкемпіров осылайша Олимпиада чемпионы атанды. Ол өзінің еңбекқорлығымен, шыдамдылығымен асу бермес асқарды бағындырды. Олимпиада чемпионы атану үшін (тіпті Олимпиадаға бару үшін) қайтпас ерік-жігерін танытты.

Үшкемпіров спорттағы мансабына әдемі нүкте қойған спортшы. 29 жасында Олимпиада чемпионы атанған ол 30 жасында, 1981 жылы әлем чемпионы, Иван Поддубный мемориалының жеңімпазы атанды. 1982 жылы Будапештте өткен халықаралық турнирде топ жарды. Осыдан кейін спортпен қоштасты.

Қазақтың қайсар балуанының спорттағы жеңісті жолы осылай болған. Ол 1982 жылдан 1995 жылға дейін спорт саласында түрлі қызметтер атқарды. Қазақ КСР Мемлекеттік спорт комитетінің нұсқаушысы, республикалық кәсіподақ комитеті спорт мектебінің директоры болды.

Олимпиада чемпионы деген атағына сүйеніп, асығы алшысынан түскен лауазымды басшы, немесе су жұқпас саясаткер болуына мүмкіндігі мол еді. Бірақ ол кісі басқа жолды таңдады. Шаруа қожалығын құрып, мал шаруашылығымен айналысты. Көптеген адамға жұмыс беріп, көмектесті. Өз қаражатымен Мыңбаев ауылында спорт мектебі, балабақша, жатақхана салды.

- Бастық болу - менің жұмысым емес. Маған ұнамайды. Жерді жақсы көремін, егіншілікпен айналысқанды, қарапайым адамдардың арасында болғанды ​​ұнатамын.

Егер мен қандай-да бір жолмен адамдарға, жерлестеріме көмектесе алсам, олардың өмірлерінің жақсаруына, жұмыс орындарының ашылуына, спортпен шұғылдануына жағдай жасай алсам, мен үшін бұдан өткен бақыт жоқ, - дейді даңқты балуан.

Осыдан-ақ, Жақсылық Үшкемпіровтің халықтың маңдайына біткен асыл азамат екенін аңғаруға болатын секілді. Ол кісінің спортта ғана емес, өмірде де еліне еңбегі сіңді. Спорт арқылы елдің Мәскеу басқан еңсесін көтеріп, рухын шыңдаса, өмірде үлкен жүрегімен, кең пейілімен халқына қамқор болды.

«Жақсылық Үшкемпіров, 1980», автор: Ю. Беккер

Жақсылықтай асыл азаматын қазақ халқы енді сағына еске алады. Туған халқы үшін ұшан-теңіз жұмыс атқарған Үшкемпіровтың қазасына қабырғамыз қайысты. Ол кісінің халқына тигізер пайдасы әлі де көп еді. Ендігі айтарымыз ел есінде қалған есіл ер, қазақ спортының қара нарына қандай құрмет көрсетсе де лайық. Ең дұрысы Алматыдағы ірі спорт кешендерінің біріне даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіров есімі берілуі керек.

Қуаныш Қаппас 

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 80
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 36