Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3510 0 пікір 5 Желтоқсан, 2011 сағат 05:40

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!». «Дала қашқыны» (жалғасы)

4.

Осы күнгі үшінші сұрақта ғана ол өзінің негізгі қылмысының жай-жапсарын баяндап береді. Ал бұл тергеу кешке өтті ме, түнде өтті ме, ол жағы беймәлім. Анығы - Д.Әділевті ұстау үшін қырға арнайы жасақ жіберілген оқиғаның беті ашылады.

«1928 жыл. 28 желтоқсан. Қызылорда қаласы. Мен, ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімі бастығының көмекшісі Саенко төменде аты аталған азаматтан айыпкер ретінде сұрақ-жауап алдым, ол мына жайларды мәлімдеді", - деп хаттаманы толтыра бастайды. Ал айыпкер:

"Мен, Әділев Дінмұхамед, Сырдария аймағының Сарысу ауданының №3 ауылының қазағы, былай деп жауап бердім...", - деп жоғарыдағы өмірнамалық хикаяны одан әрі жалғастырады.

Негізгі қылмыстық іс жайына қалып, саяси астар беріле баяндалады.

Д.Әділев (жалғасы): "1922 жылдың аяғында мен өз ауылымның балаларын оқуға орналастыру үшін Ташкентке бардым. Онда барған соң Сырдария облыстық атқару комитенінен Әулие-Ата уезінің болыстарымен Ақмола губерниясының аралас отырған болыстарының тұрғындарынан қай жаққа қарағысы келетіндігі туралы пікірін айтып, санақ жүргізу үшін арнайы мандат алдым".

4.

Осы күнгі үшінші сұрақта ғана ол өзінің негізгі қылмысының жай-жапсарын баяндап береді. Ал бұл тергеу кешке өтті ме, түнде өтті ме, ол жағы беймәлім. Анығы - Д.Әділевті ұстау үшін қырға арнайы жасақ жіберілген оқиғаның беті ашылады.

«1928 жыл. 28 желтоқсан. Қызылорда қаласы. Мен, ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімі бастығының көмекшісі Саенко төменде аты аталған азаматтан айыпкер ретінде сұрақ-жауап алдым, ол мына жайларды мәлімдеді", - деп хаттаманы толтыра бастайды. Ал айыпкер:

"Мен, Әділев Дінмұхамед, Сырдария аймағының Сарысу ауданының №3 ауылының қазағы, былай деп жауап бердім...", - деп жоғарыдағы өмірнамалық хикаяны одан әрі жалғастырады.

Негізгі қылмыстық іс жайына қалып, саяси астар беріле баяндалады.

Д.Әділев (жалғасы): "1922 жылдың аяғында мен өз ауылымның балаларын оқуға орналастыру үшін Ташкентке бардым. Онда барған соң Сырдария облыстық атқару комитенінен Әулие-Ата уезінің болыстарымен Ақмола губерниясының аралас отырған болыстарының тұрғындарынан қай жаққа қарағысы келетіндігі туралы пікірін айтып, санақ жүргізу үшін арнайы мандат алдым".

Пәленің басы осында жатыр. Ол кезде Ақмола уезі - Батыс Сібір ревкомына, Жетісу уезі - Түркістанға, Маңғыстау түбегі - Түркменстанға қарайтын. Бұл өлкелердің Қазақ автономиясына қосылу, қосылмауы үлкен қарама-қайшылық тудырған. Жер бөлісі - жүздік, рулық сипат алып, ушығып кеткені соншалық, Ақмоладан, Ташкенттен арнайы өкілдер шығып, әр қайсысы жергілікті халықты өзіне қаратуға тырысқан. Дінше Әділев болса Жетісу өлкесінің халқын Қазақ автономиясына қосылмай, Түркістанның құрамында қалуға үгіттеу үшін Сарысуға аттанды. Әулие-Атаға қарай ойысқан Арқа тұрғындарын кері қайтару үшін Ақмола уезінің атынан келген Әубәкіровпен де сол үшін ұстасқан. Бетпақдала жұртының өзі рулық тектеріне қарап бөлініп, қарулы жасақ құрып, бір-біріне өзара барымтаға шыққан. Дінше Әділевтің өзі: Сарысудағы тарақтылар - Ақмолаға, ал тамалар - Түркістанға қарасын - деген де пікірді ұстанған.

"Ұраным - Алаш!", - деп ұрандап, бүкіл қазақтың территориялық, мемлекеттік, тілдік бірлігін сақтау үшін құрылған "Алашорда" үкіметінің атынан сөйлеп отырған "партизанның" ұлттық санасының деңгейі осындай "биік те өрелі дәрежеде" еді. Ашығын айтсақ, оның  мұндай ықпалға түсуіне С.Қожанов пен Т.Рысқұловтың арасындағы Түркістан республикасы туралы пікірталастарының әсер еткені сөзсіз. Ол өзінің бұдан кейінгі бастан кешкен оқиғасын былай баяндайды:

Д.Әділев (жалғасы):Содан кейін ауылға қайтып оралдым. Біздің ел Ақмола уезіне қарайтын. Олар Түркістанның қармағында болғысы келді. Біз де сол пікірді ұстанатынбыз. Мен Ташкентке жол жүргенде ауылдағылар осы мәселені қатты қадағалап тапсырды, қалайда Ақмоладан бөліп алуды өтінді. Мен Ташкентке келгеннен кейін бұл мәселені Қожанов пен Рысқұловқа айттым. Рысқұлов маған тұрғындардың арасында жер межелеу мәселесімен тікелей айналысатын Сырдария облыстық атқару комитетінің өкілдік мандатын беріп, мені қырға жіберді. Мұның басты себебі: сол кезде Түркістан мен Қазақстанның шекарасын межелеу мәселесі талқыланып жатқан еді. Оңтүстік облыстарды, соның ішінде Сарысу ауданын Түркістан республикасына қосу туралы мемлекеттің алдына мәселе қоюды өтінді. Халық арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізу үшін Рысқұловтың аудандық атқару комитетінің төрағасы Қошпанбетовке жолдаған мандатын пайдаланып Ақмола облысындағы (соның ішінде нақтылап алғанда Сарысу, Ұлытау аудандарына - Т.Ж.) ел-жұртқа үгіт жүргіздім. Әулие-Атаға келісімен комиссияның жиналысын өткіздім. Ермеков комиссия мүшесі болатын.

Келе салысымен осы іспен айналысып кеттім. Жобалармен таныстым. Менің міндетім Бетпақдаланың оңтүстігіндегі тұрғындарын Түркістан республикасына қосу болатын. Одан Талас ауданын аралап Әулие-Атаға қарай жылыстап қонған өз ауылыма бардым. Аудан бастығы Бектанов та бізді қолдап, бірге жұмыс істедік. Тура сол кезде Ақмола мен Қарқаралы уездеріндегі жер межелеу комиссиясының төрағасы болып Әубәкіров те Сарысуға келіпті. Оның мақсаты бұл аудандарды Қазақстанның құрамында қалдыру. Ашығын айтайын, Әубәкіров нашар адам болатын, қарауындағылардың зәресін ұшыратын, тұрғындарға зорлық-зомбылық жасап, жақсы қыздарын жиып алатын. Ол екеуміз межелеу жөніндегі мәселеде бақталас болғандықтан да кездесуге тиісті едік. Бірде оған менің ағам жолығып, Әубәкіровтың елді дүрліктіріп жатқан қылмысына тоқтау салып, қарусыздандыру үшін мені шақырып сәлем жолдапты. Әубәкіровтың 25 адамнан тұратын қарақшы жасақтарын елдің өзі қарусыздандырды. Оның ел-жұртқа жасаған зорлық-зомбылығы мен басбұзарлығынан хабардар Әулие-Ата милиция басқармасы Әубәкіровті тұтқындау туралы жасақ шығарған болатын. Біз сол жасақпен бірге шықтық. Әубәкіровпен Бетпақдалада  кездестік... Оның қасында 160 адамы бар екен. Түгелін қырып тастайық дегенде: мен осы да жетеді, - деп тоқтау салдым».

«Партизан» Дінше Әділевті «дала қашқынына» айналдырған, «өнбейтін іске - өшпейтін өрт қойған» оқиға- қазақтың әйгілі руаралық жер дауы болатын.

Не өзіне, не жатына қызығын қимаған жер дауы - Сарысу мен Атасу өңірін ойран етіп, шаңырақтарын ортаға түсірді. Тарақты мен Тамаға бұйырмаған жер қызығын кеңес түрмегөйлері мен ЛиКимНилер, яғни, әлде кімдер көрді. Өзін қуғынға ұшыратқан «Қара Ноғай» оқиғасын Д.Әділев былай баяндайды:

"Мен өзімнің ауылыма келген соң ел-жұрттың есін шығарған Қараноғай дегеннің бүліншілігі туралы көп естідім. Кейіннен оның Ақмоладан келген Әубәкіров деген екенін білдім. Бұған дейін бұл Әубәкіров Ақмола өкіметінің атынан құрылған Ақмола мен Қарқаралы уездерінің арасындағы барымта дауын реттейтін комиссияның төрағасы болып істепті.

Комиссия ешқандай нәтиже шығара алмай кері қайтыпты, ал Әубәкіров өзінің төтенше жасақтарымен осында қалып, жұртты тонаумен шұғылданыпты. Онымен бірге қалған милиционерлердің саны 8 ғана адам болғанымен, ол өзінің жасағын барымташылармен толықтырып, молайтып алыпты. Соның нәтижесіне Әубәкіровтің қарамағындағы жасақтардың саны 50-60 адамға жетіп, аңшылар мен тұрғындардан қаруды тартып алуға көшіпті. Әубәкіровке Жолдыбаев Шана деген біреу ерекше жақын болып, оның оң қолына айналыпты. Ал ол болса кезіндегі әйгілі барымташы еді. Сондайлардың бірі, милиционер Мұстафин Сапар деген де жасақтың қатарына алыныпты.

Әубәкіров осы жасағымен әуеліде Ақтау мен Ортау бойын аралап, онда неше түрлі бейбастықтар жасап, әйелдерді зорлап, т.б. қиянаттар жасапты. Оның мұндай бейбастықтарын есіткен Ақмола өкіметі арнайы әскер жасақтап жіберіпті, екі арадағы қақтығыста Әубәкіровтің жасағына қарсы еш нәтиже шығара алмай кері қайтыпты. Бұдан кейін Әубәкіровтің жасағы Тарақтыларға қарай жылыстап, Шу өзенінің жағасына жайғасыпты. Осы араға қыстау салып алып, өзінің талан-таражын жалғасытыра береді. Күн сайын ойын-сауық кешін ұйымдастырып, күшпен тартып әкелінген әйелдер мен қыздарды масқаралап, зорлаған. Ең соңында әр ауылдан әкелінген әйелдердің күйеулерін де осында алып келіп, әлгі қыстауға қамаған. Ал Әубәкіровтің өзі: Ақмоладан қоныс аударып кеткен тұрғындарды кері қайтару үшін көмек сұраймын, - деген желеумен Әулие-Атаға жүріп кетеді. Алайда  қосарға алған көліктерді тарақтыларға сатып қайтып оралады.

Осыдан кейін ол өзінің жасағын екіге бөлді, оның ішінде Мұстафин басқарған топты Шу өзенінің оңтүстігіне жібереді де, өзі бұрынғы орынында қалады. Мұстафинмен бірге аттанған топ өзінің бейбастығы мен зорлық-зомбылығын жалғастыра береді. Мысалы, жасақтың бірнеше милиционерлері Үшабыз болысының азаматы Артықбай Әлиннің бірнеше атын тартып алып кетіпті.

Әлин осы жайды айтып маған кісі жіберіпті, мен сонда бардым. Онда барғаннан кейін жаңағы милиционермен кездесіп, құжаттарын көрсетуді талап еттім. Ол маған не мөрі, не белгісі жоқ?, тек: бұл адам менің жасағымның милиционері - деген Әубәкіровтің қолы ғана қойылған қағазды көрсетті. Менің әңгімемнен кейін ол милиционерлер әлгі тартып алған аттарын қайтарды.

Басқа жерлердегі ашуға булыққан ел 5-6 милиционерді қарусыздандырып, оларды ұстап алыпты. Мен мұны естігеннен кейін оларға милиционерлерді босатып, қаруларын қайтып беріңдер деп кеңес бердім. Олар солай істеді.

Мен бұл кезде өзімнің ауылыма қайтып келіп едім. Біраздан кейін біз Әубәкіровтің тамалардың ішіне қарай қоныс аударғысы келетінін естідік, онда менің ағайындарым мен өзім тұратынмын. Әубәкіровтің жасағының әлегінен құтылу үшін және Әубәкіровке өзінің бұл бейбастақтығын тоқтатуға көндіру үшін ағайым Байсейіт екеуіміз ақыл қостық та, ол осы жөнінде Әубәкіровпен келісуге аттанып кетті.

Байсейіт кеткеннен кейін бір-екі күннен соң ол маған арнайы адамды хабаршы етіп жіберіпті. Байсейіт хатында: ел-жұрттың төзімі әбден таусылғанын, сондықтан Әубәкіровтің өзі тұтқындалып, жасақтарының қарусызданғанын айтыпты. Сол хатында Байсейт менің келіп кетуімді өтініпті. Мен бірден солай жүріп кеттім.

Әубәкіров ұсталған жерге келсем Байсейіт онда жоқ болып шықты. Онда қолға түскен Әубәкіровтің өзі және оның көмекшісі Жолдыбаевпен бірге жүрген барлық милиционерлер бар екен. Оларды қолға түсіру барысындағы қарбалас кезінде Жолдыбаевты сол отрядтың бұрынғы милиционері Жексенов деген жаралап алыпты, ол жаралы күйінде жатыр екен. Тұтқындалған адамдарды Әубәкіровтің жасақтарының қаруымен ауыл тұрғындары күзетіп тұр екен. Әубәкіровті тұтқындауды ұйымдастырған аудандық милицияның бастығы Байжанов және менің ағайым Байсейіт пен Кеншімов т.б. екен.

Тұтқындар мен жоғарыдағы аты аталған адамдармен бірге ағайым Байсейіт те менімен бірге келді. Ал Мұстафиннің жасағы әлі де құмның арасында өзінің талан-таражын жалғастыра берді. Сол күні ауылға біз төртеуіміз, яғни, мен, Байсейіт, Байжанов және Кеңшімов өзімізше басшылықты қолға алдық. Мен келгенше-ақ олар Әубәкіровтің жасағының қолындағы елден тартып алынған заттарды иесіне қайтарып беріпті. Халықтың қатты наразылығына ұшыраған Әубәкіров пен Жолдыбаевты алдын-ала сұрақтан өткізіп, олар өздерінің кінәсін толық мойындаған соң, екеуін ату жазасына кесіпті. Оны орындауды маған тапсырды.

Бәріміз ақылдаса келіп үкімді Шу өзенінің жағасында орындау туралы бәтуға келдік, сөйтіп, олардың денесін өзеннің мұзының астына тастау керек деп шештік. Осы шешімге байланысты мен тұтқындалған Әубәкіровті ертіп Шу өзеніне қарай жүрдім де, Жолдыбаевтің қасына аудандық жасақтың милиционерлерінен күзет қойып, ауылға тастап кеттім. Байсеиіт пен Байжанов бастаған тағы басқа адамдар қалған тұтқындармен бірге өз ауылдарына бет алды.

Шу өзенінің жағасына келген соң тұтқындарды тоқтаттым да Әубәкіровтің өзімен жеке сөйлестім, ол әңгіменің қысқаша мазмұны мынадай:

Мен одан: "Біздің бұларға не істеу керек деп шешкенімізді білесіздер ме?", - деп сұрадым. Ол, не істейтінімізді топшылап қана білетінін айтты да: кешірім жасай көріңдер, - деп жалынып, өзінің барлық кінәсын мойнына алды... Мен оған өзімнің халық тілегін орындаушы ғана екендігімді, ал Әубәкіровтің оларға істеген қастандығының бастан асып кеткендігін және ол туралы ертерек ойлау қажет екендігін айттым.

Бұдан кейін Әубәкіров мұздың үстіне барып тұрды, сол кезде оны аудандық милицияның милиционері Жайлаубай Байларов атып салды. Әубәкіровтің жасағында бірге болған Жексеновті де жараланған Жолдыбаевты да сол милиционер атты (бұл арадағы сөйлем бұлдыр: Жексенов жараланған Жолдыбаев атты ма, жоқ, Жекеновті де, Жолдыбаевты да сол милиционер атты ма, мағынасын нақтылай ажырата алмадық. Сондықтан сөйлемді біз де екі ұшты етіп аудардық - Т.Ж.). Өлікті мұздың астына батырып жібердік те, біз жақын маңдағы ауылға бет алдық.

Оған дейін маған құм ішіндегі Мұстафиннің жасағын тауып ап, оның отрядын қарусыздандыру тапсырылған еді. Сөйтсем, мен келгенше бұл жасақты халықтың өзі қарусыздандырыпты, мен тек жұрттың қолындағы мылтықтарды жиып алдым да, оларды Әубәкіров ті ұстау үшін Әулие-Атадан келген Әулие-Ата қаласының қылмысты тергеу басқармасының бастығы Сингаревке тапсырдым. Мен оған болған жайдың барлығын тәптіштеп айтып бердім. Ол барлық винтовкалармен бірге Мустафиннің тұтқындалған жасағын өзімен қоса алып кетті де, менің қасыма екі милиционер қалдырды, оларға әзірше иесі табылмай тұрған, Әубәкіровтен қолға түсірілген заттарды иелеріне қайтарып беруді тапсырды. Және Әубәкіровтен алынған қарулар мен оның тұтқындалған адамдарын осы екі милиционердің қарамағына беруді тапсырды.

Мен өз ауылыма келген соң бұл милиционерлерге қолдағы тұтқындарды, заттарды және қаруларды қайтарып бердім. Байжанов аудандық милицияның бастығы ретінде және менің ағайым Байсейіт екеуі Әубәкіровтің жасағының бүліншіліктері туралы қылмысты тергеу басқармасының бастығының атына хаттама жазып, оны аталған милиционерлерге берді.

Бұдан кейін мен бірнеше милицияны ертіп, Әулие-Ата қаласына келіп, уездік  атқару комитетінің мәжілісінде Әубәкіровтің отрядының барлық бейбастықтығы мен жергілікті халықтың Сырдария облысына қарағысы келетіндігі туралы тілегін барынша толық жеткіздім. Бұдан кейін біз Ташкентке бардық, онда да болған жайдың мәнісін толық баяндап бердім. Бұл мәселе жөніндегі өкімет орындарының бағасына қарап, мен іштей: маған ешқандай кінә артылмайды және қуғынға түспеймін-ау, - деген сенімде болдым. Сол бұрынғысынша кеңес қызметінде істей бердім.

Өткен жылы Шымкент қаласында Әубәкіровтің ісіне байлансты менің ағайым Байсеиіт тұтқынға алынды. Бұны менің де тұтқындалуым мүмкін екендігі туралы берілген белгі деп түсіндім. Менің өз ауылыма кетіп қалып, қаладан алыс тұруыма түрткі салған жай осы еді. Менің бұл әрекетім осыдан кейін жазадан қашқандық деп бағаланды және Байсеиіт екеуімізді заң орындарының қудалап жүргені туралы хабар бүкіл қыр еліне жайылып кетті. Кейінгі өсек аяң менің өмірімнің соңғы кездеріне ғана байланысты.

Куәлік сөзімді өзім оқып қол қойдым (Қолы). Сұраған - Саенко. 28 желтоқсан. 1928."

Д.Әділев осы оқиға үшін жауапқа тартылуға тиісті еді. Бұл оқиғаны талдап, түсіндіріп жатпаймыз. Бірақ оның ауыр салдарына ғана тоқталамыз. Өйткені оның "тар жол, тайғақ кешуі" мұнымен аяқталмап еді.

Д.Әділев (жалғасы): Сөйтіп жағдай шиеленісіп кетті. Мен Әулиеатаға келдім. Қожановтың үй-іші де сонда келіпті. Әулиеатада Ишекеев деген танысымның киіз үйінде жаттым. Қайнекенов деген милиция қағаз-қарындаш әкеп берді. Болған оқиға туралы Губкомның атына мәлімдеме жазып, оны Қаратілеуовке тапсырдым. Губкомның хатшысы Кушнер еді. Мәлімдемені Орынбордағы үкіметке жіберуді өтіндім. Милиция бастығы мен прокурор Үмбетбаев менімен жақсы қарым-қатынаста болды. Маған Түркияға жасырын кетіп қалу туралы ұсыныс айтқандар да болды. Мен: Рысқұловпен жақсымын, сондықтан Ташкентке барамын, - дедім. 1923 жылы күзде Ташкентке қайтып келіп Қазақ комиссиясы мен Оқу-ағарту институтына оқытушы, біраз уақыт директор болып істедім. Ұйымға қайта мүшелікке алындым. Оның жаңа құрамында Мұхтар Әуезов пен Мағжан Жұмабаев болды-ау деймін.

Ташкентте мен оқу-ағарту комисариатының жанындағы ғылыми орталық пен қазақ ағарту институтына оқытушы боп орналастым. Онда Досмұхамедов, Әубәкір Диваев, Жұмабаев, Жандосов, Соколовский,  Мұхтар Әуезов жұмыс істейтін. Мұхтар оған дейін Орталық комитеттің президум мүшесі болған. Мен Қожановтың әйелінің ағасының үйінде тұрдым. Сол кезде Жандосов та Ташкентке келді. Ол мені Соколовскиймен танстырды. Қазақтың тұрмыс-салтын зерттеу туралы тапсырма алып Жетісуға Жандосовпен бірге келдім. Түркістан республикасына қосылу, қосылмау туралы ел арасында қатты қайшылық бар екен».

Д.Әділевке осымен де тоқталуға болатын еді. Бірақ ой екпінін баса алмай, «дальше» (оның тергеушілер қойған  лақап аты - Т.Ж.) кетеді. Ал бұл көрсетінділер «Алашорданың» тергеу ісіне тағы да 31 адамды тартуға себепкерлік етті.

Д.Әділев (жалғасы): Тағы бір жайтты айта кетейін. Рысқұлов Түркістан республикасының төрағасы кезінде Мәскеуден Сарымолдаевқа Жаһанша Досмұхамедовтің үйінің адресіне хат жолдайды. Өйткені Жаһанша Досмұхамедов екеуі бажа болатын. Хат орыс тілінде жазылған. Мазмұны: Қожановтың бір тыңшысы мұны Ақмешітке ме, Қазалыға ма, әйтеуір екеуінің біріне дейін аңдып жүріпті. Тыныштық бермеген Қожановпен күресу үшін оның «Алашордамен» байланысын әшкерелеуге  шақырыпты. Мен ол хатты түпнұсқасынан оқыдым. Жаһанша Досмұхамедов бұл хатты Халел Досмұхамедовке көрсету керек деді. Осы жолмен ол хат Досмұхамедов пен Тынышбаевтің қолына тиді. Қожановқа көрсетуге ұсыныс етіп еді, Жаһанша бас тартты. Тінту жүруі мүмкіндігінен сескенді. Ташкенттегі ұйым мен Рысқұловтың арасы осылай суысты. Сарымолдаев ол хатты алды ма, жоқ па, оны білмеймін. 1922  жылы Жаһанша Досмұхамедовтің үйінде Рысқұлов әйелімен, мен, Жаһанша әйелімен және Сарымолдаев бас қостық. Сонда Рысқұлов: Ағылшынның бір жазушысының кітабін оқыдым. «Россия социализмнен алыс жатыр», - депті. Соның жазғаны дұрыс, - деді.

1924 жылы Рысқұловты Москваға қызметке шақырды. Мен оны Қызылорда қаласында «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы және Өлкелік комитеттің баспасөз бөлімінің меңгерушісі қызметін қатар атқарып жүрген кезінде тағы да көрдім. Сол бөлімде Байтұрсынов пен Дулатов та істейтін. Түркістанның төрағасы кезінде Рысқұлов Берлинге барды. Неге барғанын білмеймін. Бірімжановты ерекше мақтап келді. Сонда олар суретке түсіпті. Қызылордада мен театрда қызмет істеп жүргем. Амандастым. Жылы сөйлесті. Содан қайтып кездескен емеспін. Ол Байділдинмен бір үйде тұрды.

1925 жылы көктемде тек партия мүшелеріне ғана тиісті стенограммамен Мырзағазы Юсупов арқылы таныстым. Рысқұлов мұны Қожановтан алыпты. Онда Сұлтанғалиев деген біреуді қызметінен алыпты. Файзулла Хожаевтің, Рысқұловтың сөзін оқыдым. Онда: Файзулла Хожаев Валидовпен жекелей таныс, Валидов Орта Азияның бір қаласына жасырын келген, - деген мәліметтер айтылған. Стенограммамен таныса отырып Орталық комитеттің Валидовтің әрекетіне ерекше мән беретінін түсініп: өздерінің қателігін орталық комитеттің алдында мойындауға жүректері шыдамаған екен. Солай істеуі тиіс еді, - деп ойладым. Сұлтанғалиевтің Орта Азия ұйымымен байланысы туралы ештеңе білмеймін. Бұқарада екі жарым айдай ғана болдым. Менің кезімде ондай байланысты байқамадым».

Д.Әділевтің бұл көрсетіндісі М.Тынышбаевтің, Х. және Ж. Досмұхамедовтердің түрмеге қамалуына әкеп соқты. «Дальше!» деп қойып тағы да мынаны баяндайды.

Д.Әділев (жалғасы): «1925 жылдан бастап жаңа астана Қызылордаға ауыстым. Мандатпен  алғашқы отырысқа қатысты. Меңдешеев баяндама жасады. Үзіліс кезінде Нұрмақов, Сейфуллин, Сәдуақасов асханаға барып өзара сөйлесті. Меңдешеевтің орынынан түсетіні белгілі еді. Мәжіліс арасында Қожанов Ақмешіттің атын өзгерту және Қырғыз республикасын Қазақ республикасы деп өзгерту туралы ұсыныс айтатынын білдірді: Ақмешітті Қызылорда деп атасақ екі жақта риза болады, - деді. Оның бұл ұсынысы қолдау тапты. Шымкентке қайтқан соң бір қызға үйлендім. 1925 жылдың күзінде Асқар мен Ағабек Баймоллаевты ертіп Қызылордаға келіп, бірден Қожановтың үйіне тоқтадым. Есігінің алдындағы кішкене бөлмеге орналастым».

Ақмешіттің атын Қызылорда деп өзгерту туралы С.Қожановтың мінбеден айтқан ұсыныс туралы «Алашорданы» әшкерелеуші идеологиялық құрал ретінде пайдаланылған «Тар жол, тайғақ кешудің» авторы С.Сейфуллин өз басына қауіп төнгенде:

«Құрылтай аяқталған соң Орынборға поезбен қайтып бара жатқанда бұрынғы алашордашы, Оқу-ағарту комиссариатында жұмыс істейтін мұғалім екі адамның көзінше сондай бір рахатты сезіммен маған: «Ақыры бәрі біздің (яғни, алашордашылардың) айтқанымыздай болды. Құрылтай біздің жасыл туымызбен ашылды. Қызметкерлерге еркіндік тисе деп тілеп едік, құрылтай сол идеямен өтті. «Жұмысшы» деген сөз бос қалды. Осы құрылтайда Қазақстанның болашақ астанасы Ақмешіттің (Перовскінің) атын Қызылорда деп өзгертті. Қазақтар үшін қызыл, жасыл, ақ түстің ешқандай айырмашылығы жоқ, Ордасы болса болғаны. Енді партияға біз де кіреміз», - деді маған (Байлар мен мырзалардың үйін Орда деп, кедейлер мен жарлылардың үйлерін  баспана не лашық деп атаған)», - деп мағлұмат берді.

Әрине, жоғарыдағы мұғалім, біздің жорамалымыз бойынша, С.Сейфуллиннің өзі екінші хатында атын атап көрсеткен - Есім Байғасқин. Ол кейін «партиялық тазалау» кезінде «партиядан қуылып»,  қызметтен босатылды. «Алашорда» ісі бойынша тергеуге алынып, жауапқа тартылды.  С.Сейфуллин өзінің Төрағалықтан түсуіне байланысты өкпеден туған ойлар жыл оралмай жатып саяси үкімге айналды. Сталинді:

«Міне, осыларды сіздің назарыңызға жеткізіп қояйын деп едім. Мен ештеңеден дәметіп отырғамын жоқ, маған ештеңенің қажеті жоқ», - деп сендірді.

«Революция дауылпазы» «ештеңеден дәметпей», бірақ та бәрібір әлденеден дәметіп жауап күтіп жүргенде ол хаттың шекесіне бұрыштама қойылып, тиісі төтенше мекемелер тыңшыдықпен «айналысып жатты». Соның ішінде С.Сейфуллиннің өзіне де Қазақстанның бас чекисі Каширин «жақсылап тұрып мінездеме» берді. Әрине, мұның барлығы оның ақындық жүрегін жаралады. Ашындырды. «Алашорданы» әшкерелейтін құжат ретінде пайдаланылған «Тар жол, тайғақ кешуді» 1931 -1932 жылғы ашаршылықтан кейін қайта өңдеді деген пікір бар. Бірақ ол өзінің тарихи міндетін бұл кезде орындап та қойған еді.

Д.Әділев (жалғасы): «Ол кезде Смағұл Сәдуақасов Оқу-ағарту комиссары болатын. Мен сонда инспектор болып істедім.  Жастарды оқытуға үлкен көңіл бөлінді. Емтихан алу комиссиясының төрағасы болдым. Шәкірттерді Орынборға, Ташкентке жібердік. Сол кезде Сәдуақасов, Жандосов және басқа да қызметкерлер қазақтың ұлттық театрын құру туралы мәселе көтерді. Сәдуақасов жан-жаққа жеделхат жолдады. Ақыры әртістер жинала бастады. Мені директорлыққа ұсынды. Күні-түн жанталасып жүріп бесінші өлкелік конференция ашылған кезде алғашқы спектакльді қойдық. Қожановты Мәскеуге шақыртты. Голощекинді Қожанов қарсы алды. Екеуі құшақтасып амандасты».

Д.Әділевтіңтеатрдағы қызметіне байланысты Міржақып Дулатовтың:

«Дін!«Бабайды» қырын қаратып қойып, күлдіріп, сөйтіп, қабан сияқты болғанын көруге кездесе алмай жүрмін. Ол былай тұра тұрсын. Не істеу керек, қалай істеу керек?Мадияр.3/ІХ-25 жыл», - деп жазған тілшесі де тіркелген.

Діншеге арнап тілшені жазу себебі - театрға бір адамды қызметке алу туралы өтініш еткен. «Бабай» деп отырған адамы - «Айтуар» ма, әлде «Аймауытов» па, белгісіз. Тергеушінің сілтемесіндегі «Ай» деп сүйретіле сүйкектелген жазуды анық ажырата алмадық. Дегенмен де төмендегі хаттардың мазмұнына қарағанда М.Дулатов театрға Ж.Аймауытовты ұсынып отырған сияқты. М.Дулатов пен Ж.Аймауытов өзара әңгімеде Жүсіпбектің Орынборданынан шақыру жолданып, оны Оқу-ағарту комиссары С.Сәдуақасов мақұлдаған болса керек. Ал Жүсіпбек пен Д.Әділев 1921 жылы Семей қаласына барғанда танысып, көңілдері жарасқаны байқалады.

Біз театр тарихына қатысты шығармашылық құжат ретінде және тікелей тергеу ісіне қатысы болмаса да, жазушының шығармашылық өмірбаянына қажетті дерек есебінде Ж.Аймауытовтың Д.Әділевке жазған хаттарын назардан қалыс қалдырмай, осы арада пайдаланғанды жөн көрдік. Оның үстіне Д.Әділев қазақтың тұңғыш ұлттық театрының ашылу тарихы туралы кеңейтілген ақпарат бермеген. Бұл күрделі тағдыр иесінің ұлттық руханият тарихынан алатын орынын да көрсетеді. Хаттардың мазмұны түсінікті болғандықтан да оған түсініктеме беріп жатпаймыз. Бірінші хат оқу комиссары С.Сәдуақасовқа жолданған.

«25/І-26. Дінше! Смағұлдың ділгірамына жауап ділгірам қайырғамын. Өзіңе де ашық хат салдым. Школ оқу біткенше жібере алатын емес. Дүмпу күшті болса жібереді. Мені сонша керек етсеңдер о жағын іс қыларсыңдар. Смағұл ділгірамында: Жалақы екі жүз, келу біздің мойынымызда депті.

Мені кім қылмақсыңдар! Режиссер ме? Песа жазушы ма? Әлде екеуі  де ме? Екеуі болса, ондай ақыны жай артис те алады ғой. Максимумдарың 250 емес пе еді? Ол бір. Проездге ақша жібереміз депті. Ол менің ғана келуіме ме, әйтпесе, қатыныммен келуіме жолдық бермегі болса, аз ғой. Маған көшіп келу үшін, әйтпесе, подьемный беру керек емес пе? Бұл екі. Пәтер туралы сөз жоқ. Маған жазарлық үй болса екен. Оңашалау болса екен. Артистердің ортасында шетке тұра алмаймын. Театрға жақын жерден бірер бөлме ескергенің жарар. Бұл үш.

Осыларды анықтап, ашып біліп, маған тезірек хат сыз.  Барып тұлыпқа мөңірейтін болсам, әуре қылмаңдар. Сахналарың істелді ме? Не істелді? Түзеген нәрсе бар ма? Ойын қалай шығып жатыр? Одан да сүйкерсің. Мені алдыру жағынан не қам істелді? Жазарсың. Мынау хатты әнеугі адамға тапсырарсың. Менің шарттарым жолға сиымды шығар. Сиымсыз десең, мінерсің. Әйтеуір саған серік болып көрейін. Іс шығара алсақ жарады. Ж.»

Бұдан кейін Ж.Аймауытовтың осы мазмұндас екінші хаты бар. Жүсіпбектің Қызылордаға ауысуы біраз бөгетке ұшыраған сияқты. Онда алдыңғы тілектерін:

«Дінше! Мені алам деп онша белсенбесең де болады-ау деймін. Сөзіңді тыңдаушы бола ма екен? Бірақ мен жұмыстан қашатын кісі емеспін. Орындарың қандай баянды болар? Ордадан көшіп кететін болсаңдар, театрға зор план құрудан мән жоқ. Қайтсе де алды-артын ойларсың. Мен бір төңкеріс сарынды пьесаны аударып, бастыруға  Исаға (Тоқтабаевқа - Т.Ж.) жіберіп отырмын. Қоятын шартым: басылмай ойналмасын дедім. Айналасы бір баспа табақтай-ақ. Тез бастырып алуға болады. Жазба күйінде ойналса бағасы кетеді. Сен: жазбадай бер, - деп Исаны қысып жүрме. Ойнауы жеңіл, үгіті мәнлі, жақсы нәрсе.

Зәуде менімен хабарласу керек болса хат жазарсың. Осының ішіндегі міне бір жабық адресті (хатты - Т.Ж.) иесінің өз қолына тапсырарсың. Бұл қатыныңа да айтылмайтын сыр болсын. Міне бір хатты Әміреге тапсырарсың. Оған айтатын сөздерім саған да зиянды болмас. Әзірше, қайыр. Жүсіпбек», - деп жалғастырған.

Хаттың соңына Д.Әділевтің қолымен:

«Мұнда, театрдың  Қазақстанға гастрольге шығатынын айтып отыр. 2. Татимова Шәкітайға жазған хаты. Ол  көңілдесі еді. 3. Әміре - әнші. Бұл 26 жылдың январына келді. 13/ІІІ - 29 жылы. Д.Әділ», - деп хаттарға түсініктеме берген.

Бұдан кейін Оқу комиссарыС.Сәдуақасовқа ашықхат жолдаған:

«13/ІІ - 26 ж. Смағұл! Мектебіміз қыңырлық қылып мені оқу біткенше жібергісі келмей жатыр. Қандай заңы барын білмеймін. Біз өз еркімізбен кірген әскер адамы саналмайтын болсақ керек еді. Жасырын жарлығымыз бар дейді. Көрсетпейді. Ал заңын онда білуге болар. Менің сабағымды осы Әскер мектебінің оқытушысы Абай Байтенұлы деген жігіт оқытуға ырза, ие жарайды. Әдебиетке менен осал көріп, түсем дегендерді школ алмай жатыр. Мұнысы тым қыңырлық. Байтенұлын менің орныма қой деп тағы ұсынуға болады. Менде тартыншақтық жоқ. Жүсіпбек».

Бұл хатты орысшаға Жанұзақов деген аударыпты. Келесі сәлем сырты қатты, сарғыш ашықхатқа жазылыпты:

«25/ІІ-26 жыл. Бауырым Дінше! Смағұлға жолықтым. Ол мектеп басшыларымен сөйлесті. Олар кіндік рұқсатынсыз босата алмаймыз депті. Ең үлкен бастығы: орынбасар берсеңдер босаталық, - депті. Сонымен Смағұл УВУЗ-ға (Мәскеудегі) жолықпақ болып кетті. Қайтсем де баратын шығармын. Тек ресми жағы бөгет болып тұр. Пушкиннің екі пьесасын аударып, Мадиярға жібергем. Сыннан тезірек өткізуге қам қыларсың. Бара қалсам, артистерге, өзіме жетекші болғандай театрға қатысты әдебиеттерді ала қайтуға Смағұлға тапсырып жібердім. Ойындарың тәуірлеп келеді  дегенге қуанамын, қазақтың тұңғыш өнерпаздарына (артистерге) менен түгел сәлем айт (Осы хатты оқып бер). Жүсіпбек»,- деп жазылған.

Сыртында:

«1/ІІІ-26 жауап қайтардым - Дінше. 18/ІІ-26 ж. алынды», - делінген есекерту бар.

Араға күн салып Д.Әділевке тағы да жауап жазады. Мұнда Ж.Аймауытов өзінің шығармашылық бағыт-бағдарына кеңірек тоқталады:

«26/ІІ-26 - Орынбор. Дінше! 3/ІІ салған хатыңды 6/ІІ-да алдым. Смағұлдан осының алдында алдым.

Менің орныма кісі керек болса табуға болатын. Майор ұлының  көнер-көнбесін білмеймін. ПИНО-ны (педагог оқуын) бітіретін Әлсенұлы Әділ деген жігіт оқытушылыққа тіленіп жүр, ол менің орнымды басуға жарайды. Оған әзір сөйлесіп, уәдесін  алғам жоқ, алсам - ділгірам саламын.

Газетте жазған сөздеріңді көріп жатырмын. Смағұлды қолдағаның жарайды. Бірақ сен театр туралы «парламан сарынды» әңгімеңде мені алдырудан зор нәрсе күткендей бадырайтып қойыпсың. Сонша үлкейткендей мен де театр ғылымын оқып, жетіліп шыққан кісі емеспін-ғой. Бәрімізге де жаңа нәрсе, бәрімізге де үйрену керек. Жалғыз-ақ - үйрене аламыз ба, жоқ па? Кәп сонда. Бірақ өзге оқудан қиын емес шығар деп ойлаймын.

Театр менің тәуір көретін де нәрсем еді. Баянды нәрсе болса театр арқылы әдебиетке алаңсыз қарауды көксеймін. Әдебиетке бұған дейін тұрақтай алмай, жағдай болмай жүрген кісімін ғой. Театр жанды да, қызық та жұмыс. Тек әлеумет көзінде «шуть-скоморых ...» - деген жеңілқой жаман аты болмаса, анығында ол - өнер ғой. Қайтсе де ол жаман аттан жиренуге болмайды, онсыз да  қай бір маңызды кісіміз?

Мен баратын болсам, құралақан бармайын деп, пьеса қамдап жатырмын. Пушкиннен «Скупой рыцарьды»  өлеңмен аударып болдым. «Каменный гость» деген 4 перделі пьесасын аударып жатырмын, бір пердесін бітірдім. Өзімде де бұрыннан жатқан бір-екі пьеса бар еді. Мыналарды болған соң соларды түзетіп жазуға кіріспекпін.

Ордадан хабар келмей тұрғанда осындағы Рязанов дейтін тарихшы орыспен қосылып, киноға лайықтап сақналық (сценарий) жазуға кірісіп едім. Бөкейлік Жәңгірхан тұсында болған Исатайдың көтерілісін жазбақ едік. Оны қалай жазу туралы мұнан да, Мәскеуден де үлгі кітап жинап, теориясымен, жазу әдісімен танысып едім. Сол кинолық жұмысымыздың бір-екі-ақ бөлімі нұсқаланды. Өзгерісі әлі біткен жоқ (7 бөлімді етіп жазбақ едік). Жазуымыз орысша, бітірсек, Қызыл-Ордаға (компросқа), Мәскеудің Госкиносына лентадағы сөздерді қазақша да, орысша да жазбақшымыз. Бұ да бізде соны жатқан жұмыс, қызық жұмыс. Бір жағынан Наркомпростан алған Покровскийді переводттап, екінші осындай көлденең жұмыстарға алданып (жүрмін), оның үстіне бала оқыту ауыр тиіңкірейтін көрінеді. Әйтсе де, жан кеудеде тұрғанда, арпалысып істемеске болмайды. Қай жерімізге қарасақ та, бәрі үңірейіп тұр, жан тыныштық іздеуге жол жоқ. Заманның әлеуметтік бұйрығын орындаймыз.

Сен осы хатты алған соң Смағұлға жолық. Мұндағы Рязанов деген орыс қазақ тарихынан көп материалдарды тауып, көп нәрсе жазған. Казақтарда төңкерістер болған көрінеді. Сол еңбегін научное Об-во арқылы бастыруға Наркомпросқа берген. Білімпаздар қарап, болуға лайық тауып, еңбек ақысын беруге Стародубцов резолюция салған. Кредит ашылмай, ақшасын ала-алмай жүрген көрінеді. Смағұл соған түсінбей қалып, әлде біреудің айтуымен пайдасыз деп танып, ақша бергізбей қойып жүрмесін. Тегінде қазақтың тарихын керек қылсақ, тарихынан әдебиет туғызбақ болсақ, оның еңбегінен көп пайдалы нәрселер табуға болатын.

Тоқтабаев Иса атына «Октябрь» деген пьесаны аударып жіберіп едім. Сол тиді ме? Тағдыры не болды? Жұмысың да көп шығар, әйтсе де тезірек хат жаз. Баруға бел байладым. Школ қай күні босатса, жолдық ақша сұрап ділгірам ұрамын. Бөгетпесіңдер қайыр. Ж.».

Д.Фурмановтың «Бүліншілік» атты романының негізінде жазылған М.Әуезовтің де «Октябрь үшін» деген аударма пьесасы бар. Ж.Аймауытовтың осы аудармасын жұмыс барысында М.Әуезовтің пайдалануы әбден мүмкін.

Д.Әділев (жалғасы): «Қожанов пен Сәдуақасовтың арасындағы айтыс шартты түрде ғана болатын. Орынборда және басқа жерде кездескенде бір-бірін ресторанға шақыратын. 1925 жылы Бөкейханов келіп Ермековтің үйінде жатты. Байтұрсынов қонаққа шақырды. Бөкейханов Қожановтың машинасын мініп жүргені есімде. Қожанов Қызылордаға жиі келетін. Голощекин оған жұмысқа бөгет жасайды деп ренжитін.

Театр директоры ретінде күш-қуатымды аямай жұмыс істедім. Бірақ мен отставкаға сұрандым да Ташкентке кеттім. Орыныма Әли Байсейітов тағайындалды. Содан Қаратауға барып қырда біраз дем алдым да, Қызылордаға келген соң Аймауытов екеуміз Мәскеуді көріп келуге кеттік. Мәскеуде Свердлов алаңындағы екі қабатты Кеңес үйінде тұратын Қожановтың пәтеріне түстім. Мәскеуде он күн тұрдым. Қожановтың әйелімен, ұлымен, Түркістандық бір қазақпен үлкен театрға бардым. Бұл мен үшін үлкен жаңалық болды. «Руслан мен Людмила» операсын көрдім.  Келесі күні Қожанов мені шығарып салды. Москваға келе жатқанда поезда Смағұл Сәдуақасовпен кездескемін. Әңгіме барысында ол өлкелік комитеттің мәжілісінде Голощекинмен және басқа да бюро мүшелерімен қатты ұрсысып қалдым деген болатын. Мен мұны Қожанов айтқанмын. Ол Аспандияровқа және Қазақстанның Москвадағы өкілі Досовқа хабарласты. Олар қонақ үйде біраз әңгімелесті. Аспандияров тапаншаның біренше оғын Қожановқа берді. Арыс бекетінен Шымкенке түйемен келіп, одан Әулиеатаға соғып, ауылға бардым.

1926 жылдың қысында аяғы ауыр әйелімді алып Қызылордаға келдім. Ол кезде Сәдуақасов құлдырағанның үстіне құлдырап келе жатқан. Сәлем беруге барғанымда үйінде Мыңбаев пен Жандосов отыр екен. Мыңбаев: Қазақ коммунистері қорқақ, әттең партияда жоқпын, - деді. Мен алғаш Қызылордаға келгенде Мыңбаевпен бір үйде тұрдым. Екеуміз проферанс ойнайтынбыз. Сонда ол маған: Егер маған салса Бөкейхановты қазақ үкіметінің төрағасы етіп қояр едім. Сонда ол бүкіл мұсылман еліне Қазақстан мен Өзбекстанды қосып алып билер еді, - деген болатын. Мұстанбаев пен Жұмат Шанин Сұмағұлдың үйіне келіп жүрді. Барлық қызметтен алынғандықтан да Мұстанбаевтың көңіл-күйі нашар болатын. Үйіне кіріп барғаным да Сәдуақасов бірден: «Сайтан алғыр, сен туралы Нұрмақов жаман пікірде. Коммунистен қатынға айналып кетті деп жүр», - деді. Ол бұл сөзді Мәскеуден естіп келіпті. Сондықтан да елге тездетіп кетіп қалдым.

Мен қырда жүргенде ағам Бәйсейіт жалпы жағдайды білу үшін Шымкент пен Қызылордаға кетті. Біздің жағдайымыз шындығында да қиын және ешкім араша түсе алмайтындай еді. Кінәмізді ашық мойындау сатқындық сияқты көрінді. Ағайым Сейфуллинмен сөйлесіпті. Қырдан Шымкентке келгенімізде Бәйсейіттің тұтқындалғанын естідік. Оразбек Наубаев пен Болысбекті жіберіп едік. Бәсейітті Қызылордаға алып кетті деген хабар әкелді».

Тағы бір хат түрмедегі Байсейітке арналған. Бұл хатта жасанған жаудың суыт жүрісі, өжетқимылы, қарулы айбары бар. Өзін де, өзгелерді де сергелдеңге түсірген оқиғаның қарбаласты қарсаңының екпіні аңғарылады.

«26/ҮІІ-27 жыл. Бәке! «Аманшылық. Рамазан мерген мен Нұрланды жіберіп отырмыз. Жетегінде сізге арнаған бос ат бар. Қаражатқа 175 сом бердік. Бір винтовка, бір бердеңке, 200 шама оқ бар. Мерген, 2 мылтық, 200 оқ, өз жігеріңіз, құдай қаласа бір әзірше жарап қалар.  Не түрлі ақыл болса да о жерде өздеріңіз лайығына қарап  істерсіздер. Жолыққанша. Қош боларсыз. Дінше.».

 

Тергеу ісінде түрмедегі жайларды қамтитын және Байсейітті алып қашып шығушының хаттары қатталған. Бұл түрмедегі бопсалардың түбіне жету өте қиын. Сондықтан да басқа хаттарды пайдаланбадық. Осы оқиға туралы «Советская степь» газетінің 1927 жылғы 4 январь күнгі санында «Көз-көрген»- деген мақала жарияланыпты. Сонда бұл оқиғаның  егжей-тегжейі толық баяндалған.

Істе Діншенің ағасы Байсейіт Әділевтің де хаты сақталған. Қолжазбасы төрт бүктеліп тіглген, қарындашпен жазылған, жазу өше бастаған. Оны тану өте қиынға соққандықтан да тек қана Қара-Ноғайға қатысты тұстарын көшіріп алдық. Хат «8/І-24»-жылы деп белгіленген. Жалпы сәлем мен ауыл-аймақтың жаңалығынан соң былай жалғасады:

"...Айтарлық сөз-ескіше бірінші июнь күні Шу бойында Өксікбай ауылында ойдағы, қырдағы кіші жүз бас қосып, қоныс жайын сөйлемек. Сол кеңеске біз де шақырылыппыз. Алдағы екінші күні жүремін. Ол жиылыста менің айтатыным: Жер таппағаның Арқаға шығып кетсін, ХұқметӘулие-Атада болсын. Ақмоладан бір жолата қолыңды үз-демекпін. Ақмоланың өзі де бұл тамадан күдерін үзгендей болса керек. Бірақ кесірлі Әтидің баласы Плакстың ізденуімен, шақыруымен Шабдан Ералиев келіпті, Ахметжан Мықанов келіпті. Үшеуі елден мал жиып  алып, (соның құнына бағалап  - Т.Ж.) кездеме сатып жатыр. Шабдан Ералиев өзіне тиген сыбағасына інісіне бір қыз алып беріпті. Мал алған кісілерге берген тиянақты документ жоқ. Артықша қаһар қылған Жүсіп болды. Жалғыз Жүсіптен 13 мал алды. Бәрі де ірі малдар. Бұл қылғандарының толық мағлұмат екенін Ташкенге бір жеткізермін. Тілегім-"Ақ жолға" бастыру.

Ендігі сөз-тірі болсам февраль жұлдызында Әулие-Атаға барып, сендерге хабарласып, Ташкентке барамын. Басқа ел бері Арқаға кетсе де өзім жонға барамын.

Айтпақшы, Плакс Орынборға барамын деп кетіп, Түркістаннан қайтып келді. Бір Омар Диуанов деген ноғайды ертіп келіпті. Ол  ноғай ел-елдің налогін алды,кеткеннен қалғанының есебін алды. Ақмоланың хүкімінде қалғандарды да, қашып кеткендерді де есепке алды, қашқындарды ұстайд. Ол ноғай әзір Шу жағасындағы наймандарда жүрсе керек. Тамаға әзір келген жоқ. "Жауды аяған жаралы қалады", - деген. Не қылса да Плакстың ызасы өтті. Адамды құса қып.

Ендігі сөзді өзімнің ауызымнан естисің. Мен мынау Ескендірді разы қылып жібердім. Аман бол, бауырым. Наурыздың бас кезінде барамын. Асқарға көп-көп сәлем, шәкіртке...

Байсейіт Әділ ұлы.8/І-24 ж."

 

Бұл хат - Дінше Әділевке арналған. Ал мұндағы айтылатын адамдардың жанама аттарының түсініктемесі былай беріліп, соңына «Д.Әділев» деп қол қойылған.

«Мұндағы Плакс-Сәдуақас Жалмақанов.Иралиев-Ақмола милициясының бастығы.Мықанов-Ақмола уезінің Сарысу ВК-нан.Шақаев Жүсіп-Сарысу ауданының бір байы.Ерденбаев  Ескендір-Ақмола округінен, ол кезде САКУ-дің -Орта Азия коммунистік университетінің студенті, хатты сол әкелген. Д.Әділев.25/І-29 жылы", - деп жазылған.

Д. Әділев (жалғасы): «Мен, Ағабек Байдуллаев, Ордабай Жарылғапов және Бейсенбай төртеуміз атпен Қызылордаға келдік. Мен қалаға кіргенім жоқ. Хат беріп жібердім. Кешке Дулатовтың үйіне бардым. Олар маған: қазірше сыртта жасырына жүр, - деп кеңес берді. Байсейітті босатып алудың мүмкіндігін қарастырдық. Махмұт деген бажамның үйінде екі-үш күн жаттым. Сол кезде «Еңбекші қазақ» газетінің қызметкері Мұстафаның өлтірілгенін естідім».

Дінше Әділевтің де үш-төрт хаты іске тігіліпті. Бір-бір жапырақ қағаз. Әбден тозған. Соның бірнешеуін ұсынамыз. Әуелгісі Міржақып Дулатовқа арналған:

«8/ІХ 27 жыл.

Жақа! Мырзағазы, Сейдазым ағай және басқа ағайлар! Жолдастар!

Аманшылық. Ептеп күнімді көріп жүрмін. Қалай, қаладағы жолдастарды сағындым. Ең әрісі бір айдан қалмай Қызылордаға жүремін. Иә, поезбен, иә, атпен барамын. Поезбен жүруді қауіпті көремін. Атпен жүрем. Байсейіттің жұмысын мүмкін болған қадарда бір жола аяқсыз қалдыру жағын қарастырарсыздар - деп өтінемін. Көрген-білгендеріңізді Мұқатай деген жігітке айтып жіберерсіздер.

Жолыққанша қош болыңыздар! Дінше».

Бұл хат заттай айғақ ретінде тіркеліп, М.Дулатовқа, Ж.Аймауытовқа, М.Есполовқа, С.Қадырбаевқа «терроршыл контрреволюционер» деген айып тағуға негіз қалады.

Сондай-ақ театр директоры ретінде одан «туысқандық көмек сұрап» жазылған қырғыздың ұлт көсемі, «Алашорданың» үкімет мүшесі Қ.Тыныстановтың ресми хаты да тіркеліпті. Онда:

«10/ІҮ-26 жыл. Пішпек.

Қазақ ұлт театры басшысы жолдаш Әділұлына жолдастық хат.

Біздің қырғыз облысында ұлт театры деген мәселе жаңа қозғалып тұрың. Ошу жаз айында курмакшымыз. Сіздерден бұл мәселенің орындалып жатқанына бірнеше жыл болды. Ошундуктан бул іште сіздерден ағайыншылық жардамын күтеміз. Әлбетте біздің ағайыншылық, жолдаштык сурообузға дездеп жүріп жәрдам берешіз деп сенеміз.

1.Труппаңыздың жобасы (положение).

2.Қазақша жасатқан декорацияларыңыздың формасы (описание), киіз қазақ үйінің жасалмасы.

3.Осы күнге шейін іштеген театр іштеріңіздің есебін (отчет) бір формасы (копия)

Мына, жоғарғы сұруооубозға, ағайыншылық, жолдаштық ретінде тезірек жауап қайтаруыңызды күтебуз.

Ағайыншылық, жолдоштық өтінішпен - Ағарту-саяси бөлімнің басқарушысы Үркіншіұлы.

Білім комиссиясының төрағасы - Тыныстанұлы».

Бұл ресмияттың Д.Әділевтің үйінен табылуына қарағанда жауап жазылмаған сияқты.

Д. Әділев (жалғасы): «1927 жылы өзімінің жақын туыстарым Мұқатай Бейсенбаев пен Нұржан Кәрібаевті ертіп Қызылордаға келдім. Қаладан шеткері орналасқан станцияның түбіндегі Алпысбайдың үйіне орналастым. Сол үйге Дулатов келді. Әңгіме барысында: ССРО мен Англияның арасындағы дипломатиялық  қарым-қатынастың үзілгенін, соғыс бола қалған жағдайда Кеңес өкіметінің құлайтынын сонда естідім. Байсейітті түрмеден алып шыға алмадық. Коллегия мүшесі Қадырбаевтің кепілдігімен ғана босатты. Кейіннен оның ісін Ақмола уезінде - Петропавл қаласында қарайтыны белгілі болды. Содан кейін Бәйсейіт елге шығып кетті. Бұл 1927 жылдың күзі болатын. Біздің ауыл Сарысудағы жайлаудан Шу бойына көшкен еді. Түркістаннан ауылға бір өзбек келді. Ол: «Қожанов Мәскеуден келді. Әділевтер көзге түссе міндетті түрде ұсталады. Неғұрлым шет жүргені дұрыс», - деп айтыпты.

Сонымен 1928 жылдың көктемі де келді. Ауыл солтүстікке қарай жайлауға көшті. Қожанов Ташкентке келді дегенді естіп: мүмкін мені Өзбекстанда қызметке алар немесе шетелге баруға жолдама берер - деген үмітпен туысым Нұрлан Қарабаевты ертіп жолға шықтым. Ағабек Байдуллаевтің ауылына келсек Ордабай Жақыпов деген милициядан оның тұтқынға алынғанын естідік. Біз Шымкентке суыт жүріп кеттік.

Жүсіпбек Аймауытов Шымкенттегі Казпедтехникумда сабақ беретін. Ақшамда оның пәтерін тауып алып, терезесінен дауыстап шақырдым. Ол жазуын қоя сап сыртқа шықты. Ол мені дауысымнан таныпты. Ташкентке - Қожановқа жолығуға бара жатқанымды айытым. Ол: «Сенің ашық жүруің өте қауіпті. Байдуллаевті босатып аламын десең - өзің біл. Бірақ Ташкентке барма. Қожанов пен Дулатовқа айтатын сәлеміңді менен айт, - деді. Біз сонымен тарқастық. Ағабек пен Отарбайды ертіп Сұлтанбекке бардық. Ол: «Таңертең Ағабек амбулаторияға барады. Сонда атты дайындап қойыңдар да өздерің оны қаланың сыртынан күтіңдер», - деді. Біз үш атпен Ағабекті күтіп тұрдық. Ол келісімен Темірланға қарай бет алдық. Онда Ағабектің туысының үйіне түстік. Мініске ат берді. Сөйтіп ауылға жеттік».

Бұдан кейін Д.Әділов өзінің ауылында үлкен ас болғанын, сол асқа келген Қалмұратов Тәжібай деген кісі Қожановтың: «Қалайда Әділевтер көзге түспесін», - деп сәлем айтқанын, бұл ойланып-толғанып жүрген кезінде тәргілеу науқаны басталып кеткенін жазады.

Д. Әділев (жалғасы): «Сөйтіп жүргенде... тәргілеу басталып кетті. Ақмола жақтан дүрліктірген үрейлі хабарлар келіп жатты. Тұрғындарда ес қалмады. Байлардың малы сыпыра алынады екен десті. Нақты істің барысынан ешкімнің хабары болмады. Қарбалас науқан бастала қалса, қосақ арасына бізді де ілестіре кететін шығар деп күдіктендік. Біз Қызылордаға Кәрібев Нұрланды жібердік. Он бес күннен кейін Дулатовтан хабар алып келді. Аймауытов оған барлық жайды баяндапты. Дулатов: «Шымкенттен Сарысу ауданына жасақ шығып, бүгін-ертең Әділевтерді тұтқындауға аттанады. Неғұрлым көзден таса жүрсін. Бүкіл қыр елінде дүрбелең жүріп жатыр. Қазір соғыс жағдайына жақынбыз. Егер де қауіп төне қалса мен де қыр еліне қарай ығысамын. Мүмкіндігі болса Қытайға қарай аусын, ол жақта да қазақтар көп. Үй-ішін таныстарына тастап кетсін. Сондай-ақ Қарқаралы жақта сексен адамнан құралған жасырын ұйым бар. Сәдуақасов та өздеріңді сақ ұста деп ескертіпті. Бізге де тықыр таянып қалды», - деп сәлем жолдапты.

Алдымызда - қыс, үй-ішін далаға тастап кетуге болмайды. Қазақтардың аяғы жетпейтін жерге қыстайық деп шештік. Әулиеатадан арнайы жасақ шығыпты, ішінде Әубәкіровтің адамдары бар екен. Олармен ауылнай Нұғман Тоқсанбаев жолығыпты. Шымкенттен үкімет өкілі боп Сүлеймен Шүленбаев келіпті. Ол: «Ешқандай мәміле болмайды. Оларды ұстап, ату керек», - деп кесіп айтыпты. Тоқсанбаев менің ағаммен кездесіп, осындай суық хабарды жеткізді. Көптің ортасында тұрып дағдарып қалдық. Бізді тұтқындауға ордер жіберетін шығар деп күтіп едік. Олай болмай шықты. Бізді заңнан тыс деп жариялап, тек атуға бұйырыпты...».

Осы хабарды естісімен Д.Әділев қыспаққа ұшырайды. Қуғын кезінде тәркіге түседі. Түйелері, аттары тартып алынады. Сарысудан шығып, Шудағы қайын-жұртына келеді. Одан қайтадан Сарысуға бет бұрады. Сол кезде қуғыншылар үстінен түсіп, атысып әзер құтылады. Аттан ат айырбастап отырып, бір көшке жолығады. Бала-шағаларын сол көшке тастап кетеді. Содан тұтқындағы Ағабек Байдулаевтың үйіне түнеп шығады. Таңға жуық Ахмет Шалқарбаев деген кісі келіп, бұларды Кеңес үкіметіне берілуге шақырады.

Бұдан кейінгі оқиға белгілі. Қолға түсіп, түрмеге қамалады. Алғашқы тергеудің өзінен-ақ «Алашорданың» әйгілі қайраткері болып көрсетінді бере бастайды.

Біз тергеу барысында тағылған айып пен анықталған-мыс делінген айыптау желісін Қазақ ССР жоғары сотының 1988 жылғы анықтамасы бойынша таныстырып барып,  әр адамның тергеу ісіне жеке-жеке тоқталамыз. Сонымен, Д.Әділевтің жоғарыдағы көрсетіндісіне жүгінсек, Нағима Арықованың үйелменімен бірге Семейге (неге екені белгісіз) келіп Жүсіпбек Аймауытовпен танысады. Сол кезде:

«...Ол (Д. Әдiлев - Т.Ж.) 1921 жылы Орынбор қаласынан өзiнiң КирЦИК-ке мүше болып сайланғаны туралы телеграмма алады да, сонда жүрiп кетедi. Iшкiiстер халық комиссариатында iстейдi, онда КирЦИК-тiң жатақханасында танысы Болғанбаевпен бiр бөлмеде тұрды. Сол арқылы бұрынғы алашордашылар Бөкейхановпен, Байтұрсыновпен, Омаровпен, Сәрсеновпен жиi қарым-қатынас жасайды. 1921 жылы аталған адамдар Омаровтың бөлмесiне жиналады, онда Байтұрсынов шифрмен (бүркемеленiп) жазылған Валидовтың хатын оқып бередi. Соңғы адам (Валидов -Т.Ж.) Бұқара қаласында мұны қолдайтын үлкен күштiң тұрғандығын  хабарлап, өзiмен келiсiм жүргiзу үшiн арнайы адам жiберуiн өтiнген. Бұл хатты талқылаудың барысында өздерiнiң жасырын ұйымын құру туралы шешiм қабылдайды және Валидовпен келiсiм жүргiзу үшiн - мұны, Әдiлевтi, ал шетелмен байланыс жасау үшiн - Болғанбаевтi жiберу керек деп келiседi. Соңғы адам (Болғанбаев - Т.Ж.) «Алашорданың» Торғай бөлiмшесiнiң мөрi басылған арнайы мандатымен (ол кезде «Алашорда» партиясы таратылып кеткен. Барлық iс қағаздары, мөрi өкiметке тапсырылған - Т.Ж.) шетел державалармен келiсiм жүргiзуге кепiлдiк алады, ал Әдiлев болса Орта Азиядағы ұйымдармен байланыс жасайтын өкiл боп бекiтiледi.

Содан кейiн оны (Әдiлевті) Оқу-ағарту халық комиссариатына жұмысқа ауыстырып, оқулықтар әкеледi деген сылтаумен Ташкент қаласына командировкаға жiбередi. Ол онда Болғанбаевтан бұрын барады, Дулатовты, Досмұхамедовты iздеп тауып, өзiнiң келудегi мақсатын оларға айтады. Дулатов оған: өзiнiң қызметкерi Бiрiмжановты Бұқарадағы Валидовқа жiберiп қойғанын бiлдiредi. Соңғы адам (Бiрiмжанов - Т.Ж.) Бұқарадан қайтып оралған соң, олар Болғанбаев пен Битiлеуов (және Әдiлев - Т.Ж.) үшеуi тағы да Валидовқа барады. Валидов оларға Совет өкiметiне қарсы бiрiгiп күресу үшiн бiзге қосылыңдар деп ұсыныс жасайды. Болғанбаев пен Битiлеуов ол арадан керi қайтып кетедi де, бұл (Әдiлов - Т.Ж.) қалып қояды. Содан кейiн Валидовтың тапсырысы бойынша ол Ферғана маңындағы Жанұзақовтың басмашыларына аттанады. Алайда сол күнi қызылдар отрядқа шабуыл жасайды, отряд тарап кеткендiктен, Әдiлев тағы да Ташкентке қайтып келедi. Өзiнiң Валидовпен арадағы жүргiзген келiссөздiң қорытындысын ол Байтұрсыновқа да, басқа да адамдарға айтпаған.

1927 жылы СССР-дiң Англиямен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасты үзуiне байланысты олардың бәрi де соғыс басталады деп күтеді. Сондықтан да осымен (Әдiлевпен) кездескен кезде, Дулатов оған: «Ендi бұрынғы алашордашыларды қуғындап, қысым жасауы мүмкiн», - деген пiкiр айтады. Осыған байланысты ол: Байтұрсынов, өзi, Есполов және басқалары соғыс бола қалған жағдайда, қарулы көтерiлiс ұйымдастыру үшiн, қырға кетуге келiскенiн айтады.

Ол, Әдiлев Голощекиндi өлтiрудi көптен берi ойластырып жүрген екен-міс. Бұл турасында ол Дулатовпен, сондай-ақ Аймауытовпен пiкiр алысқан. Содан кейiн бұл тақырыпқа қайтып оралмаған» (1988 жылғы ақтау туралы сот шешімінен көшірме).

 

Осылай үш күннің ішінде барлық «айғақтарды жиып алған» тергеушілер осында аты аталғандардың ішінде Ә.Бөкейханов пен З.Валидовтен, Т.Рысқұлов пен С.Қожановтан, С.Сәдуақасовтан басқалардың барлығын тұтқынға алды. 1921-1922 жылғы Орынбордағы немесе Ташкенттегі ұйымға қатысты 40 адамнан, Бетпақдаладағы және Торғайдағы астыртын қарулы көтерілісті „дайындаған" 32 адамнан 2 жыл бойы ілгерінді-кейінді екі жүзден астам жауапқа тартты. Бұдан бұрын жүргізілген Ә.Бөкейхановтың, Е.Омаровтың, Х.Ғаббасовтың тергеулерін осы іске әкеп қосып, жоғарыдағы көрсетінділерге сүйене отырып олардың бәріне ортақ:

1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн 1921-1922 жылдары Орынбор мен Ташкентте астыртын контрреволюциялық ұйым құрған.

2. Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына қатысқан, әскери жасақ құруға ұмтылған, сөйтіп, қарулы көтеріліс арқылы Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болған.

3. Аштарға көмек комиссиясын кеңес өкіметін құлату туралы үгіт жүргізуге пайдаланған.

4. Байларды тәргілеуге қарсы үгіт жүргізіп, оларды қарулы көтеріліс жасауға бағыттаған.

5. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда, қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған.

6. Қазақ  Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болған - деген айып тақты.

Көрсетінді де аты аталғандарды бірінен соң бірін тұтқындап, жауапқа тарта берді.

1929 жылы 29 шілде күні сегіз адамның алдын-ала жүргізілген тергеуі аяқталып, Мәскеуге айдауылмен жөнелтілді. Ол туралы ОГПУ-дің әскери күзет бөлімінің:

«17/VІІ - 29 ж. № 1675 Бутырка түрмесінің бастығына. Төмендегі 8 тұтқын айдауылмен жіберіліп отыр. 1. Ташекенов Қаби Кентаевич 2. Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынович 3. Дулатов Міржақып Дулатович 4. Аймауытов Жүсіпбек Аймауытович 5. Исполов Мырзағазы Исполович 6. Бірімжанов Ғазымбек Қорғанбекович 7. Болғанбаев Хайретдин Әбдірахманович 8. Ғаббасов Халел Ахметжанович. Бұлар айдауылмен апарылсын және бір-бірінен оңаша ұсталсын. ОГПУ-дің әскери бөлімі», - деген ілеспе хаты сақталған.

Қызылорда, Алматы, Ташкент түрмелеріндегі сұрақ-жауаптардың барлығының басы біріктіріліп айдауылмен бірге Бутыркаға жөнелтілді. Бұдан кейінгі ҮІ томдағы "Әділевті және басқа да 44 адамды айыптау жөніндегі қылмысты істің" тергеу хаттамалары Мәскеу қаласында жүргізілді.

Жалғасы бар

«Абай-ақпарат»

0 пікір