Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жер дауы 8997 18 пікір 28 Шілде, 2020 сағат 18:59

Мұхтар Тайжан: Министр – Сіз! Жауап беретін де – Сіз!

Белгілі саясаткер, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мұхтар Тайжан ҚР Ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаровты ашық пікірталасқа шақырды. Ол бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Мұхтар Тайжан: Ұлттық кеңес жұмысына атсалысуға дайынмын

Мұхтар Болатханұлының жазбасы:

- Ауылшаруашылығы министрлігінің соңғы жарты жылдағы заңнамалық ұсыныстары менің (тек менің ғана емес) үлкен алаңдаушылығымды туғызып отыр:

- Субаренданы жасырын заңдастыруға тырысуы («жерді екінші нарықта пайдалануға салынған тыйымды алып тастау арқылы»);

- Жерді шетелдіктерге жалға беруге жасырын талпыныс («Шетелдіктерге Қазақстанда ауылшаруашылығымен айналысу құқығын беру арқылы»);

- Пайдаланылмаған жер үшін салынатын 20 еселенген салықты астыртын алып тастау («ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге салық мөлшерлемесін нөлге дейін төмендету арқылы»).

Осындай ұсыныстардың барлығы менің ойымша халық мүддесіне еш сай келмейді. Олар тек латифундия мүддесіне ғана жауап береді.

Мүмкін біз өзіміз жағдайды ушықтырып, жер қатынастарынан хабарсыз жүрген шығармыз? Осының басын ашып алайықшы!

Осыған байланысты мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі ретінде Ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаровты жер қатынастары мәселелері бойынша кез келген алаңда (мәселен әріптесіміз Мұрат Әбеновтің алаңында) тікелей эфирде ашық әңгімеге шақырамын. Оның студиясы өте қолайлы және әлеуметтік желіде тікелей эфирге шыға алатындай жабдықталған.

Сосын, өтініш! Бұл мәселені орынбасарларыңызға, Жер комитеті, тағы сол сияқтыларға аудармаңыз. Министр - Сізсіз! Және министрліктен шығатын барлық заңнамалық ұсыныстарға Сіз ғана жауап бересіз! Үкіметтің басқа мүшелері: денсаулық сақтау министрі, цифрлық даму, экология, басқа да министрлер қоғаммен ашық әңгімеден қашпайды. Сізге де кезек келді, Сапархан Кесікбайұлы!


Мұхтар Болатханұлы өз жазбасында ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Жерді шетелдіктерге астыртын түрде жалға беруге әрекет еткенін жазыпты. Қалай? Шетелдіктерге Қазақстанда ауылшаруашылығымен айналысу құқын беру арқылы! Мұхтар Тайжан солай деп жазған.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, биыл сәуір айының басында Abai.kz ақпараттық порталында «Мораторий мерзімі біткен соң жер тағдыры не болмақ?» атты мақала жарияланды. Онда ел-жұрт коронавирус індетімен әлекке түсіп, халық карантинде жатқан тар кезде қазақ билігінің қасиетті қара жерге тағы да ауыз салғаны туралы егжей-тегжейлі жазылған еді.

Ел үкіметінің ол кездегі жоспары бойынша, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің кәсіпорындарына зауыт-фабрика салу үшін жер учаскелері тегін берілуі керек болатын. Егер, Үкіметтің сол бір жоспарын ел-жұрт дер кезінде байқап, қарсылық танытпағанда осындай шешім қабылданып, 21 сәуір күні қаулы күшіне еніп кетуі де мүмкін еді.

Енді міне, саясаткер Мұхтар Тайжан Ауылшаруашылығы министрлігін «жерді жалға беруді астыртын жүзеге асырмақ болды» деп айыптай сөйлеп, ашық пікірталасқа шақырыпты. Бұған министр не дер екен?

Әлгі бірде президент Тоқаев: «Жер ешқашан шетелдіктерге сатылмайды. Бұл менің президенттік ұстанымым!», - деген еді. Демек, осыдан кейін жерді шетелдіктерге сату, жалға беру, тегін беру жайлы мәселе мүлде көтерілмеуі керек еді. Алайда, әуелі Индустриялық және инновациялық даму министрлігінің, сосын Ауылшаруашылығы министрлігінің аттары дәл осы жер мәселесіне қатысты айтылып жатыр...

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы Үкімет ауыл шаруашылығына тиесілі жерлерді аукцион арқылы сатуға шығаратынын мәлімдеді. Халық: «Жер шетелдікке сатылмасын, жалға берілмесін», - деп дабыл қақты. Жалпыхалықтық митингтер өтті. Сол митингтерге қатысқан біраз азамат түрмеге де тоғытылды. Халық наразылығынан кейін жер кодексіндегі резонанс тудырған заң баптарына бес жылдық мараторий жарияланды. Сол мораторийдың мерзімі 2021 жылы аяқталмақ. Ал одан кейін ше?

Abai.kz

18 пікір