Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3709 0 пікір 29 Маусым, 2009 сағат 07:09

Ғаламторға бақылау орнату азаматтардың құқығын шектей ме?

Қазақ халқы еркін ой, ашық пікірге әрқашан жол беріп отырған. Хан аузындағы сөзді кейде құл да айтатын болған. Бұл - бізде дала демократиясының болғандығының анық та айқын дәлелі. Аузымен құс тістеген шешендеріміздің дуалы сөздері ешқандай ғаламторсыз-ақ алты Алашқа жететін. Бірақ олар не айтса да ұлтының болашағы, ұрпағының қамы үшін айтты. Бүгінде алты Алашқа хат таратудың интернет деген құралын пайдаланып жүрміз. Бірақ онда аталы ой да, арсыз сөз де жазылып жүр. Сондықтан соңғы кездері жиі айтылып жүрген ғаламторға бақылау орнату мәселесінің қаншалықты маңызы бар? Бұл жолғы «Ой-көкпардың» өзегі - осы.

0174

Әбен Әбдірахманұлы, «Болашақ» республикалық қозғалысы төрағасының орынбасары:

Қазақ халқы еркін ой, ашық пікірге әрқашан жол беріп отырған. Хан аузындағы сөзді кейде құл да айтатын болған. Бұл - бізде дала демократиясының болғандығының анық та айқын дәлелі. Аузымен құс тістеген шешендеріміздің дуалы сөздері ешқандай ғаламторсыз-ақ алты Алашқа жететін. Бірақ олар не айтса да ұлтының болашағы, ұрпағының қамы үшін айтты. Бүгінде алты Алашқа хат таратудың интернет деген құралын пайдаланып жүрміз. Бірақ онда аталы ой да, арсыз сөз де жазылып жүр. Сондықтан соңғы кездері жиі айтылып жүрген ғаламторға бақылау орнату мәселесінің қаншалықты маңызы бар? Бұл жолғы «Ой-көкпардың» өзегі - осы.

0174

Әбен Әбдірахманұлы, «Болашақ» республикалық қозғалысы төрағасының орынбасары:

Иә
- Біз зайырлы мемлекетпіз. Қоғамда адам пікірі мен сөз бостандығы жоғары сатыда тұруы қажет. Демократияның бір нышаны, ол адамдардың өз ойын еркін жеткізіп, қоғамдағы өзгерістерге өз көзқарасын білдіруі. Батыстың экономикасы дамыған елдерін алып қарасақ, онда сөз бостандығы деген барлық құндылықтардан биік тұрады. Сондықтан да олар бізге көп жағдайда үлгі көрсетуге бейім келеді. Ал біз өзге елге үлгі көрсету тұрмақ, өз мақсатымызды анық бағамдай алмай келеміз. Себебі біздің азаматтарымыз әлі демократияның артықшылықтарын түсінбейді. Соның бірі - ұстанымдарын анық жеткізе алмайды. Ал егер бұл қасиеттерді дамытамыз дейтін болсақ, интернетке ешқандай бақылау орнатудың қажеті жоқ. Ғаламторға бақылау орнату, сарапшылардың зерттеуінше, біріншіден, Адам құқығы жөніндегі жалпы декларацияға, халықаралық азаматтық және саяси фактіге, халықаралық стандарттарға, ЕҚЫҰ құжаттарына сәйкес келмейді.

Жүйені қабылдау арқылы кеше «ҚазСаттың» тамырына балта шапқандай бүгін «Қазнеттің» болашағына нүкте қоямыз. Бақылау қою арқылы біз адамдардың интернетті алаңсыз пайдалануына шектеу келтіреміз. Бұл, бір жағынан, интернеттің дамуына тосқауыл болады. Өзіңіз ойлап қараңызшы, егер сіз ғаламторға бір нәрсе жазып және ертең сол сөздер үшін артыңыздан қудалау басталса, екінші рет ғаламторға жолар ма едіңіз? Әрине, жоқ. Мен бұл заңды адамдарды қорқытып, үркіту деп бағалар едім. Егер мен бір кісіге хат жазатын болсам, бірақ оған сенімім аз болса, хат жазудың керегі не? Бәлкім, мен махаббат хаттарын жазатын шығармын. Мәселен, «Мой мир» деген әлеуметтік бағдарлама бар. Оған тек Алматы бойынша 150 мыңнан астам адам тіркелген. Егер оған сіз Үкіметке қарсы сөз жазар болсаңыз, сіздің ғаламтордағы бетіңізді бірден жауып тастайды. Бұл адам құқын шектеу емей, немене? «Интернет няня» деген түсінік бар, егер үйіңізде ғаламдық желі болса, ондағы қажет етпеген сайттарды өз еркіңізбен жауып тастай аласыз. Жалпы, интернетке шабуыл жасамай, қайта біз осындай әдістерді дамытуымыз керек. Мәселен, ол сайттар балалардың психологиясына зиян келтіруі мүмкін. Бізде интернетке БАҚ ретінде қарау да бар. Адамдар арасындағы байланыс құралын «соғыс қаруына» айналдырудың керегі не? Жалпы, менің айтарым, ғаламторға бақылау орнату біздің халықаралық дәрежедегі имиджімізге нұқсан келтіреді. Әрине, бір жағынан, заң қабылдаған да дұрыс шығар, бірақ заңды сарапшылардың, қоғам өкілдерінің қатысуымен қабылдаған жөн. Бұл екіжақты дұрыс процесс болатын еді.

0252

Камал Бұрханов, Мәжіліс депутаты:

Жоқ
- Ғаламтор - қоғамдық пікір қалыптастыруға, адамдар арасында байланыс орнатуға мүмкіндік беретін керемет құрал. Бірақ оның ұлт қауіпсіздігіне, ел тұтастығына қатер келтіретін тұстары бар. Мәселен, Ата заңымызда тыйым салынған кейбір дүниелер кейде интернет арқылы тарап кетіп жатады. Әсіресе, ұлтаралық, дінаралық қатынастарға байланысты айтылған ойлардың таралуына жол бермеуіміз керек. Қазір елімізге сыналап кіріп жатқан діни ұйымдар бар. Қой терісін жамылып келіп жатқан ондай ұйымдар бірлігімізге зиянын тигізеді. Кейде қоғамдағы пікір қайшылығы, мәселенің түбегейлі шешілмеуі соның зардаптары. Ол зардаптардың әсері асқынып, бір күн емес, бірнеше жылдарға созылып кетуі мүмкін. Егер оны бүгін шешпесек, болашақта ұрпақтарымыз бәрібір онымен айқасатын болады. Данияда Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымызды мазақ еткен карикатураның жариялануы барлығымыздың ашу-ызамызды туғызды.

Мұсылман мемлекеттері дүр сілкініп, намысқа булықты. Кейін зерттеп анықтағанда, ол елде мұндай бассыздыққа тыйым салатын заң жоқ болып шықты. Міне, заңға немқұрайды қарағанның нәтижесі - осы. Бұл Данияның экономикалық, мәдени дамуына теріс ықпалын тигізбей қойған жоқ. Мұндай әрекеттен біз ғана емес, әлем сақтануы керек. Бетін аулақ қылсын, егер біз ертең абайсызда Иса пайғамбар туралы жаңсақ пікірлер жазып жіберсек, не болады, сойқан басталмай ма? Сондықтан да ғаламторға бақылау орнату азаматтардың құқығын шектемейді, керісінше тыныштығымызды сақтауға көмектеседі. Ол - адамдардың ісіне бақылау орнату емес, қайталап айтайын, теріс бағыттардың бел алуына бұғалық салу. Әрине, әр адамның жеке пікірі, айтар өз ойы бар. Егер ол сөздердің елге, халыққа пайдасы бар болса, неге ғаламтор арқылы таратпасқа?! Бақылау орнату ҚР Конституциясына, Адам құқықтары туралы декларацияға қарсы келеді дейтіндерге айтарым, ұлтаралық, дінаралық татулықты сақтау - біздің басты парызымыз. Аяғымыздан тік тұрып, қарқынды дамып келе жатқанымыз да - осы татулықтың, ауызбіршіліктің арқасы. Егер Молдова, Грузия, Армения, Әзірбайжан елдерінің халқы сынды білгенімізді айтып, қан төгісіп жатсақ, қалай дамымақпыз? Инвестиция қайдан тартылады, экономика қалай көтеріледі? Егер бір-бірімізге ғаламтор арқылы «орыстарды бүйтейік», не «кәрістерді сөйтейік» деп хат тастап немесе экстремистік пиғылдардың таралуына жол беріп жатсақ, бұл керісінше заңымызға қарсы келмей ме? Менің айтарым, Конституция - халық үшін жасалған дүние, халыққа зиян келтіретіндердің барлығы Ата заңымызға нұқсан тигізеді.

Бейтарап пікір

Айдос Сарым, сарапшы:

- Егер ғаламторға бақылау ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарды туғызбау есебінен орнатылса, оның ешқандай артықтығы жоқ. Себебі бізге ең керегі - татулық, тыныштық арқылы ұшпаққа шығу. Бірақ тыныштық деп барлық мүмкіндіктерді де жауып тастауға болмайды. Себебі әлем дамып, өркениетке ұмтылып келеді. Тағы бір анық жайт, интернетті БАҚ-қа теңестірудің қажеті жоқ. Интернет - адамдар арасындағы пікір алмасу ортасы, хат алмасу құралы. Жалпы, интернетке бақылау қою жоспарының орындалуы екіталай. Себебі оған біздің мүмкіндігіміз әзірше жетпейді. Оны іске асыру үшін, бәлкім, Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан тағы жүз адамға штат ашу керек шығар. Ал порнографиялық сайттарды жабуға мен қарсы емеспін.

 


Дайындаған Нұрмұхаммед Мамырбеков

«Алаш айнасы» газеті 26 маусым 2009 жыл

 

0 пікір