Сенбі, 27 Сәуір 2024
Араша 19029 106 пікір 22 Шілде, 2020 сағат 16:22

Қазақстанда халық үшін қызмет істеу неге қиын?

Бұған дейін Білім және ғылым министрлігінің қызметін тілі жеткеннің бәрі сынайтын. Министр ауысқан сайын жасалатын жөнді-жөнсіз реформалар білім саласын былыққа батырған. Аталған министрлікті соңғы жылдары басқарған Бақытжан Жұмағұлов, Аслан Сәрінжіпов, Ерлан Сағадиев сынды «реформаторлардың» не бүлдіргені ел есінен әлі ұмытыла қойған жоқ.

Бірақ қазіргі минситр Асхат Аймағамбетовке деген халықтың пікірі мүлде бөлек. Көпшілік қауым, әсіресе мұғалімдер жас басшынының жұмысын жоғары бағалайды. Асхат Қанатұлы министр болғалы тура бір жыл болды. Ол осы бір жылда бұрынғы министрлер 28 жылда істей алмаған игі шаруаларды тындырған секілді. Әйтпесе, бұған дейін еш министр естімеген мақтау мен қолдау Аймағамбетовке арналмас еді ғой. Аймағамбетов бұл мақтауларды ешкімнен сұрап алмағаны да сөзсіз. Жұмысы халықтың көңілінен шықты, халық әділ бағасын берді.

Халық арасында оң имиджін қалыптастыру үшін пиарға елорда әкімі Алтай Көлгінов 267 миллион, Денсаулық сақтау министрлігі 600 миллион теңге бөлді. Бірақ халықтан алғыс емес, «қарғыс» алды. Ал Білім министрлігі блогерлер мен жарнама коипанияларына бір тиын жұмсаған жоқ. Есесіне елге пайдасы тиетін жұмыс істеді. Сөйтіп мыналар пәлен миллионға сатып ала алмаған оң бағаға ие болды.

Біз не үшін министр Асхат Аймағамбетовті жер-көкке сыйғызбай мақтап отырмыз? Шенділерді мақтап, шекпен кию ойымызда жоқ. Бар мақсатымыз, ел үшін жұмыс істеп жүрген басшыға қолдау білдіру. Қысқа уақытта (бір жылда) қою тұманға тұмшаланған білім саласына үміт сәулесін түсірген министрдің соңынан біреулер май шам алып түскен секілді. Оны күстаналаған күңкіл сөздер көбейіп, министр қызметінен алынады екен деген қауесет тарады, ел арасында.

Мұндай сөздің шығуы тегін емес. Жалғыз Аймағамбетовтің ғана емес, үкіметтің жалпы құрамына «қауіп төніп тұр». 10 шілде күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күресті тиімді жүргізе алмағаны үшін үкіметті сынаған. Егер екі аптада жағдай дұрысталмаса, қазіргі құрамды ауыстыру керек болатынын айтқан.

Мемлекет басшысының мәлімдемесінен тура он күннен кейін бір министр қызметінен алынды. Коронавируспен күрес жұмыстарына тікелей жауапты басшылардың бірі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев креслосымен қоштасты. Сарапшылар жалғыз Жұмағалиев емес, үкімет құрамында тағы да өзгерістер болады деп санайды.

Осы жерде ескере кетер тағы бір жайт, күні кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев цифрлық даму мен Білім және ғылым министрліктерінің жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты 2 қылмыстық істі тергеп жатқананын мәлімдеді. Шпекбаев мырза бұл сөзді жай айтпаған болар. Ол атаған екі министрліктің бірінің басшысы қызметінен алынды. Демек, екіншісіне де бір тықыр таяған болуы мүмкін.

Асхат Аймағамбетов өз қызметін дұрыс атқарып жатса, оның жұмысына халық оң баға беріп отырса, ендеше оны қызметінен неге алады? Бар мәселе осында жатыр. Халық мың жерден риза болса да, біздің билікке бәрі бір. Тіпті қазақ билігі үшін халық сөзінің құны бір тиын деуге болады. Министр халыққа ұнағанымен, кейбіреулерге ұнамаған болуы мүмкін...

Иә, жас министр елдің ертеңі, мемлекеттің болашағы – жастар үшін пайдалы жұмыс істеймін деп жүріп, әлдекімдердің ала жібін аттап кеткен де болуы керек. Кімдердің? Халықтың қаржысын жеп күн көріп отырған дәуқарындардың, білім саласын былыққа батырып, қара басын күйттеген қомағайлардың.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2018 жылығы есебі бойынша, жемқорлық істері ең көп тіркелген сала - білім беру саласы екен. Демек ширек ғасыр бойы жемқорлық жайлаған саланы өзгерту оңай шаруа емес. Оны тазартқысы келетін адамның кедергіге ұшырайтыны сөзсіз.

Ендеше Аймағамбетов қайдан «қателесті»?

1. Аймағамбетов жақында ғана 2021 жылдан бастап аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзыреті облыстық білім беру басқармаларына берілетінін мәлімдеді. Демек, енді мектептер мен балабақшалар жергілікті әкімдіктерге емес, білім беру басқармалары арқылы министрлікке қарайды деген сөз.

Бұған дейін білім министрлігі жергілікті әкімдіктерге бағынатын мектептерге әсер ете алмайтын. Мектепке, балабақшаға қаржы бөлу, директорларды тағайындау жұмысымен әкімдік айналысатын. Аймағамбетов осыған қарсы болды. «Білім басқармаларына білім саласына қатысы жоқ кездейсоқ адамдар келмеуі керек», деп мәлімдеді. Демек, әкімдіктер біріншіден «табыс көзінен», екіншіден «айтқанға көніп, айдағанға жүретін» жуас еңбеккүші – мұғалімдерден айырылып қалды.

2. Мұғалімдермен тікелей байланысқа шығып, саладағы кемшіліктерді түзеуге тырысып жүр. Белсенді ұстаздарды бірнеше мәрте кездесуге шақырып, ақылдасты. Соның арқасында мұғалімнің құқығын белден басып, ойына келгенін істейтін директорлар мен әкім-қаралардың тынысы тарыла бастады.

3. Ұзақ уақыт бойы орнын ешкімге бермей келе жатқан ғылыми-зерттеу институттарының директорларын қызметінен алды. Олардың орнына жұмыс істей алатын жас мамандарды қойды. Таныс-тамыры көп, билік басындағыларға ықпалды қарт директорлар бұл шешімге разы емес екені сөзсіз.

4. Оқыту сапасы нашар, талапқа толымсыз бірнеше университетті жауып, кейбір оқу орындарындағы заңсыздықтарды сотқа дейін жеткізді. Толымсыз университеттерді жабу бұған дейін де сөз болғанымен, еш министрдің қолынан келмеген еді. Оның үстіне, оқу сапасы сын көтермейтін бірқатар университеттерге мемлекеттік гранттар беруден бас тартқан. Әрине, әр оқу орынының артында бір «дөкей» тұр. Олар университеттің сапасын жақсатумен емес, «табысынан» айырған Аймағамбетовті «жазалаумен» айналысатыны анық.

5. Тендерлік құжаттама мен сараптамаға қойылатын талаптарды күшейтті. Тендер ұтып алып, сапасыз оқулық дайындап отырғандар ырғын пайдадан қағылды. Жыл сайын миллиардтаған теңгенің тендерін жеңіп алатын ірі баспалардың да иесі жай адамдар емес. Олар да мемлекеттен келетін майшелпектен айырылғысы келмейді.

6. Ұлттық ғылыми кеңесте дауыс беруді ашық өткізіп, жиналыстарды тікелей эфирде жүргізуді міндеттеді. Бұрын кімнің қанша ақша алатынын ғылыми кеңес өз білгенінше шешетін. Аймағамбетов осы дағдыны өзгертіп, кеңес мүшелерінің жартысынан көбін жаңартып тастады. Мұнда да ұзақ уақыт бойы жасырын, жабық жұмыс істеуге үйренгендер министрге қарсы шығары сөзсіз.

7. Биыл ҰБТ-ны барынша әділ өткізуге тырысты. Ұлттық тест орталығымен бірлесе жүргізілген қатаң шаралар жылдар бойы жалғасып келе жатқан былықтың бетін қайтарды. Дәл осы ҰБТ кезінде балл сатып, гранд сатып қалтасын қампайтатындардың жолы жабылды. Бұл да Аймағамбетовтың «жауларын» көбейткені шындық...

Асхат Аймағамбетов жүргізген осы реформалар халыққа ұнағанымен, мың жылдық мүддесі бұзылған мықтыларға ұнамағаны сөзсіз. Аймағамбетов жылдар бойы қалыптасқан жүйені бұзды деуге болады. Сол үшін де «жоғары жақта» оның қызметтен кетуін талап етушілер пайда болған секілді. Сәрінжіпов, Сағадиевтердің жүйесіз «реформасы» кезінде үн шығармағандар, Аймағамбетовтың игі реформаларын сынап жатқаны да сондықтан.

Әрине, Аймағамбетов бір жылда білім саласындағы барлық былық пен кемшілікті шешіп тастамағаны сөзсіз. Бірақ бұрынғы минситрлерге қарағанда көп жұмыс тындырды. Халық пен биліктің арасы жер мен көктей алшақтап кеткен Қазақстанда көпшіліктің көңілінен шығу – кез-келген министр үшін оңай емес. Тіпті Қазақстан тарихында халықтың министрді қорғаштауы алғаш рет кездесіп отырған шығар.

Егер билік халықтың пікіріне құлақ аспай Аймағамбетовті қызметінен алса – «Қазақстанда дұрыс жұмыс істейтін басшыға орын жоқ» деген жазылмаған қағида толық дәлелденеді. Президенттің «еститін мемлекет» ұраны да бос сөз деңгейіне түседі. Бұдан кейін ешбір басшы жүйеге өзгеріс жасауға талпынбайтын болады. Тіпті халықтың билікке деген болымсыз үміті біржола үзілуі мүмкін...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

106 пікір