Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
3448 2 пікір 18 Шілде, 2020 сағат 14:10

Абайдың «Қара сөздері» араб тілінде жарық көрді

Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ақынның мерейтойын кең көлемде атап өту жоспарланған.

Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақала жариялады. Онда «біз бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз, ұлттық сананы жаңғыртамыз десек, Абай шығармаларына ден қоюға тиіспіз» деп атап өтті.

Сонымен қатар Президент әр қазақтың шаңырағында Абайдың кітабы мен «Абай жолы» романы болуы керек деп санайтынын айтты.

Бүгінде Мемлекет басшысының осы бастамасының негізінде түрлі рухани-мәдени жобалар жасалуда. Алайда, барша әлемді алаңдатқан коронавирус пандемиясының салдарынан көптеген іс-шаралар онлайн форматқа ауысқан. Дегенмен, бұл ақын мұраларын насихаттауға және танытуға деген құлшынысты бәсеңдетпесе керек.

Жалпы, биыл ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай аймақтық, республикалық және халықаралық деңгейде 500-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Ол шаралардың ең басында алдағы тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесе өтетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы тұр. Сонымен қатар, қазан айында елордада «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген атпен халықаралық конференция өткізу жоспарланған. Аталған шаралар ақынның мұрасына ден қойып, оның ізгілікті еңбектерін бүгінгі қоғамның игілігіне пайдалануға жол ашпақ.

Ақын мерейтойы аяндағы тағы бір маңызды жобаның бірі – Абай шығармаларын он тілге аударып, басып шығару. Нақтырақ айтсақ, ұлы ақынның мұралары француз, түрік, неміс, орыс, итальян, қытай, араб, испан, жапон, ағылшын тілдеріне аударылады.

Осы мақсатта жуырда Каирде белгілі теолог, Мысырдың Уақыптар министрлігінің уағыз зерттеу департаментінің директоры Халед Ас-Саид Ғанемнің «Абайдың Қазақстан халқына өсиеттері» атты кітабы араб тілінде жарық көрді. Бұл сүйінші хабарды Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі хабарлаған болатын.

Ал, жарық көрген кітапта мысырлық ғалым қазақ философының жазған “Қара сөздерінің” мағынасын тәпсірлеген. Яғни, «Қара сөздердің»  құқық пен мораль мәселелеріне, философиялық мәніне, ұлттық дүниетаным мен тәрбие мәселелеріне көзқарасын өзінше талдап, жеткізген.

Бір айта кетерлігі бұл мысырлық ғалым Халед ас-Саид Ғанемнің Абай мұрасы мен Қазақстан туралы алғашқы еңбегі емес. Ол бұған дейін, 2014-2017 жылдары «Нұр-Мүбарак» Қазақстан-Мысыр ислам мәдениеті университетінде оқытушы болып жұмыс істеген. Және, сол уақыттарда қазақ халқының мәдениеті мен діні, тарихы жайында бірнеше ғылыми еңбектер жазған екен.

Ал, Халед ас-Саид Ғанем қазірі уақытта қазақстандық шығыстанушылармен біріге отырып, Абайдың «Қара сөздері» мен өлеңдерін араб тіліне аудару жұмыстарын жасап жатыр. Аталған еңбекті «Ұлттық аударма бюросы» ҚР Ұлттық орталығы басып шығарады.

Сонымен қатар, Абай өмірі мен мұрасы, оның қазақ руханиятына сіңірген еңбегі жөнінде «Абай» атты телесериал түсіру де жоспарда болған.

Ал, республикалық және халықаралық деңгейде өтетін музыка және театр фестивльдерінің бәйгелері Абай шығармашылығына арналатын болады. Алайда, қазір әлемге қауіп төндіріп тұрған пандемия бұл жоспарлардың орындалуына мүмкіндік бермей отыр. Дегенмен, Мемлекет тарапынан Абай мұраларына жасалып жатқан қамқорлықтар аз емес. Мәселен, ұлы ақынның мұрасын шет елдерде ұлықтау мақсатында Қазақстанның елшіліктерінің жанынан Абай орталықтарын құру жоспарланған. Мұндай орталықтар Франция, Ұлыбритания, Ресей елшіліктерінің жанынан құрылмақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Абай тұлғасын жоғары дәрежеде насихаттау үшін Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Солардың бірі – Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтың кіндік қаны тамған Семей өңірін тарихи орталық ретінде белгілеп, оның елдің рухани дамуында ереше орын алатын орнын нақтылаған болатын. Соның негізінде, Семей қаласындағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңартып, қаланың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамуына жағдай жасауды тапсырды.

Одан бөлек, ақынның мерейтойы аясында Шығыс Қазақстан облысындағы Ақшоқы елді мекенінде орналасқан Құнанбай Өскенбайұлы әулетінің қорымын абаттандыру да жоспарланған.Сонымен қатар, Абайдың киелі мекені Жидебай абаттандырылып, көпшіліктің тәу етер қасиетті орнына айналмақ.

Және, ұлы ақынның «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени мемориалдық қорық-музейі күрделі жөндеуден өткізіліп, ғылыми танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналады. Ал, Семей қаласында Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов негізін қалаған, 1992 жылдан бастап қайта жарық көрген «Абай» журналына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы  «Абай мұрасы – біздің ел ретінде дамуымызға жол ашып, ұлт болып бірігуімізге сеп болатын қастерлі құндылық» деді.

Президенттің айтуынша, Абай ақылын өмірдің қай саласында қолдансақ та, мемлекет ретінде мұратқа жетуге, ел ретінде еңсемізді тіктеуге үлкен күш береді.

Сондықтан халықтың арманынан бастау алған Абай арманын орындау жолында әр қазақстандық аянбауы тиіс деген болатын.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2166
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2569
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2444
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1670