Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2783 0 пікір 5 Қараша, 2011 сағат 14:17

Құрыштың құйылуы

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен журналист Сауытбек Абдрахмановтың сұхбат кітабынан

- Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл жолғы әңгіменің кілті сіздің 2007 жылы Брази­лия­ға жасаған сапарыңыз кезіндегі бір сөзден табылатын сияқты. Елдің сол кездегі президенті Луис Инасио Лула да Силваның маман­ды­ғы металлург екен. Ол кісі сізбен әң­гі­ме кезінде: «Аса құрметті Президент мыр­за, Сіз де, мен де - метал­лург­тармыз. Болат құйғанбыз. Енді қазір елдеріміз халқының болаша­ғын құйып жа­тырмыз. Мен Сізге осы жұмы­сы­ңызда табыс тілеймін» деді. Оны мен Бразилия сапарынан жазған репортажда («Егемен Қа­зақ­стан», 2007 жыл, 2 қазан) келтіргенмін. Расында да, сіз тәуелсіздік жыл­дарында елдің болашағын құйып жатырсыз.

- Ол сөз менің де есімде. Бәрі қалы­бына байланысты. Қазақ «Көн қатса қалыбына барады» дейді ғой. Абайдың да: «Ол дағы қалыбынан аса алмайды, жауқазын ерте көктеп шыққанменен» дегені бар. Тәуелсіз мемлекеттің даму сипатын да оның әу баста қалай қа­лып­тасатыны айқындайды. Ал «қалып­тасу» сөзінің түбірі - «қалып». Құ­ры­лыста қалыпты «опалубка» дейді. Метал­лур­гия­да «формовочный стан» деген бар. Сонда жаңа мемлекет құру ісін құ­ры­лыс­қа теңесек те, металлургияға теңесек те бәрі елді о баста қалай қа­лып­тауымызға тікелей қатысты болып шығады.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен журналист Сауытбек Абдрахмановтың сұхбат кітабынан

- Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл жолғы әңгіменің кілті сіздің 2007 жылы Брази­лия­ға жасаған сапарыңыз кезіндегі бір сөзден табылатын сияқты. Елдің сол кездегі президенті Луис Инасио Лула да Силваның маман­ды­ғы металлург екен. Ол кісі сізбен әң­гі­ме кезінде: «Аса құрметті Президент мыр­за, Сіз де, мен де - метал­лург­тармыз. Болат құйғанбыз. Енді қазір елдеріміз халқының болаша­ғын құйып жа­тырмыз. Мен Сізге осы жұмы­сы­ңызда табыс тілеймін» деді. Оны мен Бразилия сапарынан жазған репортажда («Егемен Қа­зақ­стан», 2007 жыл, 2 қазан) келтіргенмін. Расында да, сіз тәуелсіздік жыл­дарында елдің болашағын құйып жатырсыз.

- Ол сөз менің де есімде. Бәрі қалы­бына байланысты. Қазақ «Көн қатса қалыбына барады» дейді ғой. Абайдың да: «Ол дағы қалыбынан аса алмайды, жауқазын ерте көктеп шыққанменен» дегені бар. Тәуелсіз мемлекеттің даму сипатын да оның әу баста қалай қа­лып­тасатыны айқындайды. Ал «қалып­тасу» сөзінің түбірі - «қалып». Құ­ры­лыста қалыпты «опалубка» дейді. Метал­лур­гия­да «формовочный стан» деген бар. Сонда жаңа мемлекет құру ісін құ­ры­лыс­қа теңесек те, металлургияға теңесек те бәрі елді о баста қалай қа­лып­тауымызға тікелей қатысты болып шығады.

- Ал осы қалыпты құю жұмысын сіз жап-жас жігіт шағыңызда баста­ған­сыз. Өткен жолғы әңгімеде ата-ананың, ағайын-туғанның алдында сіздің Киевтегі авиация институтына бару талабыңыздың қолдау таппа­ға­ны, бірақ, алайда, бәрібір, сонау алыс­тағы Украинаның дәмі тартып тұр­ғаны айтылып еді. Бүкіл өмірі­ңіздің сипатын, болашағыңызды ай­қын­даған сол сапарға қалай бел буып едіңіз? Жастар газетінен хабар­ландыру оқыдыңыз ғой?

- Әуелде менде Украинаға, метал­лург­тың оқуына барамын деген ой да, жоспар да болған жоқ. Мен Теміртауға жиналғанмын. Теміртаудан бізді сонау жер түбіндегі Украинаға жіберетінін қай­дан білейін? Бір күні «Ленинская смена» газетінен хабарландыру көріп қалдым. Онда Теміртауда металлургтар дайындайтын училищеге жастарды ша­қы­ратыны жазылған екен. Бірден наза­рым­ды аударды. Теміртаудың аты дү­ріл­деп шыға бастаған кезі. Қараған­ды­ның түбінде үлкен зауыт салынып жа­тыр екен, ол Қазақстанның Магниткасы болады екен дегенді еститінбіз. Сол жылы ел Үкіметі Теміртауда бүкіл­одақ­тық екпінді құрылыстың басталғанын хабарлаған еді. Комсомолдың съезінде Қазақстан Магниткасы комсомолдық құрылыс болады деп шешілген. Мен өзім мектептегі комсомол ұйымының жұмысына белсене қатысатынмын, ком­сомолға қатысты әңгіменің бәріне құлағым түрік жүретін. Бір жағынан жастыққа тән романтика бар, бой толған күш-қуат. Неге өзіңді сынап көр­меске? Ойымды әкеме айтып едім, ол кісі ұзақ ойланып отырып қалды. Ақы­ры келісті. Жаңа айттым ғой, ол кезде бізді Теміртаудан әрі қарай оқуға Украинаға жіберетінін білген жоқпын деп. Әкем мұны білсе, меніңше, Темір­тауға баруыма қарсы болар еді.

Ол кезде комсомолдық жолдама дегеннің өзі жас адамға үлкен қанат бітіретін. Алматыдағы Сталин көшесін­де, қазіргі Абылайхан даңғылында ор­наласқан комсомол комитетіне барып едім, онда жалдану жөніндегі бюро деген болады екен, бірер күнде-ақ мә­се­лені шешіп, қолыма жолдама ұстатты. Содан пойызға отырып, Теміртауға тарттым да кеттім. Айтқандай, әкемнің менің Теміртауға баруыма келісім бе­руінің өзі де оңай емес еді. Өйткені, ком­сомолдық екпінді құрылыс болады екен деген жас жігітке желік бітірер жақсы атымен бірге, ол жерге неше түрлі адам жиналып жатыр екен, ара­ла­рында жер аударылғандар, тіпті баскесерлер де табылады екен деген сияқты көңілге қорқыныш қашыратын әңгі­ме­лер де ауыздан ауызға тарап тұрған еді.

- Сонымен, пойызбен Теміртауға жеттіңіз. Алғашқы әсеріңіз қалай болды?

- Теміртауға барып түскенде мен кеңестік идеологияның жоқты бардай, барды нардай етіп көрсететін сипаты­мен алғаш рет бетпе-бет келдім десем де болады. Баспасөз бетінде дүрілдетіп, дүңкілдетіп жатқан алып зауыттың орнында құрылыстың жұрнағы ғана бар екен. Қайда қарасаң да қазылған шұңқырлар, үйілген тас, құм, құрылыс материалдарының қалдықтары... Жол деген жоқ. Баспана деген жоқ. Әуелде үш күн бойы бір жертөледе түнеп шық­тық. Одан кейін Нұраның арғы жағын­дағы бір поселкедегі жатақханаға жай­ғастырған болды. Ең қызығы - істейтін жұмыс жоқ. Әлі ештеңе басталмаған. Қазір ойлап отырсам, соның өзі жақсы болған екен. Жұмыс табылса, сол жұ­мысты істеп кете берер ме едік. Содан бізді жинап алды да, орта мектеп бітір­гендердің (арамызда сегізінші класс қана бітіргендер де жетерлік) метал­лург мамандығына оқып келуге мүм­кін­дігі болаты­нын айтты. Бәріміз дерлік бірден-ақ келістік. Төрт жүздей жігіт іріктеліпті. Жастардың бір тобын Урал жаққа, бір тобын Сібір жаққа, енді бір тобын Украинаға жіберетін болып­ты. Мен Украинаға баратын топқа қо­сылыппын. Енді осыдан кейін қазақтың «дәм тар­тып тұр» деген сөзіне қалай сенбейсің? Мені, расында да, Украина­ның дәмі тартып тұрған болып шықты.

Днепродзержинск Днепрдің жаға­лау­ында орналасқан әдемі қала екен. Біз оқуға барған №8 техникалық училище Днепр металлургия заводының құ­рамы­на кіретін. Дзержинканың (жұрт­тың бәрі Днепродзержинскіні ауызекі тілде ықшамдап осылай айтатын) шойы­ны сол кезде елдегі ең арзан шойын болатын. Бұған қол жеткізген домна цехының ауысым шебері Пильтяй деген кісіге Социалистік Еңбек Ері атағы берілген еді.

- Сіз өз кітабыңызда Днепродзержинскіге алғаш барғандағы әсерді баян­дағансыз. Міне, сол тұсын оқып та жіберейін: «Несін жасырайын, «жаңа келгендердің» көпшілігіне, соның ішінде менің өзіме де, Днепродзержинск металлургия комбинаты алғаш барып көргенімізде-ақ жүрегі­міз­ді мұздататындай ауыр әсер етті. Мәселе мынада еді: біздің арамызда қалада өскен, ондағы өнеркәсіп жұ­мыс­шыларының қандай жағдайда және қандай тәртіппен еңбек ететінінен тым болмаса жалпылама хабары бар жастар өте-мөте аз екен. Кең сахара төсінде өскен баланың метал­лур­гия заводына туа бітті бірінші рет келуін көз алдыңызға елестетіңізші. Айнала төңірек тарсылдап-гүрсілдеп жатқан бір нәрсе, жарқ-жұрқ еткен ұшқындар жаңбырдай шашырайды және осының бәрі де сенің үстіңе қарай ұшып, құлап келе жатқандай. Балқыған шойын арықтағы суша ағады - жақындап баруға шошисың. Міне, осындай дозақта бүкіл өміріңді өткізуге тура келетінін ойлаудың өзі де бізді сораптан шығарып жібере алмады. Оның үстіне және бір ұят іс болды. Шамасы, жүйкесінің жұқар­ған­дығынан немесе тәжірибесіз­дік­тен зиянды газды көп жұтып қойған біздің жігіттеріміздің біреуі қалжы­рап құлап түсті. Сөйтіп, алғашқы танысу экскурсиямызды жедел түрде тоқтатуға тура келді. Арада бірнеше күн өткенде және бір жігітіміз үйіме қайтамын деп қиғылық салды. Міне, осыдан кейін заводта біз туралы қандай өсек гулегенін ойша елестетуге болатын еді!». Осылай жазғансыз. Бұл сөздеріңізден сіздің сол кездің өзінде ұлттық намыс туралы ойға қалғаныңызды көруге болатын сияқты?

- Неге ол кезден ғана? Жалпы, айналаға ақыл көзімен қарайтын әрбір адам ұлты туралы, өзінің халықтың бір өкілі екендігі туралы одан да жас күнінен ой түйе алады. Ал балалық шақ­тан көп ұлтты ортада өскендерде бұл сезім басқаларға қарағанда ба­сымырақ болатыны табиғи жай. Ша­мал­ғанда көптеген ұлт өкілдері тұр­ғанын бұрын да айттым ғой. Орыс, ук­раин, неміс, әзербайжан, түрік сияқты көптеген ұлттың балаларымен арала­сып-құраласып, жарыса, жағаласа өс­тік. Сабақ оқуда болсын, спортта бол­сын, көркемөнерпаздар үйірмесіне қа­ты­суда болсын намысты бермеуге ты­ры­сатынбыз. Адамның бір парызы өз ұлтының, туған хал­қының намысын бермеуі, жақсы атын шығаруы. Ұлт та, халық та жеке адамдардан құралады. Егер әр адам елдің туы менің де қо­лым­да деп санаса, онда елдің бағы жанады. «Ел намысы - ер намысы» дегенді қазақ содан айтқан. Халқымыздың «Жі­гітке жар қымбат, намыс пен ар қымбат» дей­тіні де бар. Абай да қара сөзінде бұ­рынғы ата-бабаларымыздың бұл за­ман­дағылардан артық екі мінезі бар деп, соның біріншісіне қазақтың ел басы, топ басы деген кісілерге екі тізгін, бір шылбырды беріп, сенетінін, екіншісіне намысшыл келетінін атаған ғой.

- Нұрсұлтан Әбішұлы, осы кездегі біздің намысшылдығымыз қандай дер едіңіз?

- Негізінен алғанда, жақсы. Қазіргі қазақ намысшыл болмаса, біз айналасы жиырма шақты жылда мұндай мемлекет құра алмас едік. Елді ұйыстырушы ұлт болып тұра алмас едік. Тәуелсіздік жолына қатар түскен елдердің кеуде тұсында, көш басында жүре алмас едік. Сол намысшылдығымыз бізді Днепродзержинскіде де талай тығырықтан алып шықты. Сол намысшылды­ғы­мыз­дың арқасында біз біраз уақыттан кейін-ақ қазақ жастарының қабілетсіз­ді­гі деген сыпсың сөзді тыйғыза алдық. Оған біздің жігіттердің күрес секция­сына қатысып, өздерінің күшін дәлел­деуі де әсер етті. Мұны әуелде мен бастап едім. Күрес секциясының залына алғаш барғанымызда-ақ белдесуге ша­қырған жігітті кілемге алып ұрғаным біраз жұрттың аузында жүрді. Басқа­лар­дың бізге көзқарасы кәдімгідей өзгере бастады.

ДӘЙЕКТЕМЕ:

«Ол жылдары Днепродзержинскіде еркін күрес ерекше кең тараған еді. Бойларында күші тасыған жас жігіттер қиындығы мол еңбек ауы­сы­мынан кейін де секцияға барып, күрес­пен рахаттана айналысатын. Бірде спорт залына біздің де барып қа­луымызға тура келді. Жай, әншейін қы­зықтау үшін бардық. Ал күрес кілемінің үстіндегі арпалысып жат­қан жігіттерді көргенде еркін күрес­тің біздің қазақша күреске ұқсас екенін бірден байқадық. Қазақша күрес кез келген ауылдағы әр балаға таныс. Бірақ спортшылардың белінде дағ­дылы белбаулары жоқ екен. Бірақ бұл жағдай бізді тіпті де абыржыта қойған жоқ. Ал төртбақ келген ақса­ры жігіт менімен күш сынасасың ба деп ұсыныс жасаған кезде мен ой­ланып тұрмастан, шешіне бастадым да, кілем үстіне шықтым. Турасын айтайық, менің пошымым спорт­шы­ға тіпті де ұқсамайтын еді. Үстімде - кәдімгі майка, бұтымда - балағы ұзын дамбал. Бүкіл спорт залы күл­кіге көмілді. Мен оған тіпті мән бермедім. Бір кезде әкем ерінбей-жа­лықпай үйреткен тобықтан қағу әді­сін шу дегеннен қолданып, қарсы­ла­сым­ды алып ұрдым. Күлкі сап тыйыл­ды. Мұның есесіне жер­лестерімнің мені қолпаштап қол­да­ған қуанышты айқай-шуы естілді. Алғашқы мүлт кеткеніне ызаланған қарсыласым қызбалыққа басты. Міне, тап осы кезде мен оны біржола қапсырып алдым да, көзді ашып-жұмғанша жамбасымнан асыра лақтырдым. Оның екі жауырыны бірдей кілемнің үстіне сарт ете қалды. Әлгі жігіт орнынан тұрып, басын шайқай берді: «Жарайсың, Қазақ­стан!» дегендегісі».

Н.Назарбаев,

«Әділеттің ақ жолы»,

А., 1991, 51-52 беттер.

Күресіп, белдесіп өскен халықтың баласы емеспіз бе, көп ұзамай басқа жігіттер де сол секцияға жазыла бас­тады, бара-бара тіпті өзіміз жеке команда құрып алдық. Заводтық, қалалық жа­рыстарға қатысып жүрдік. Бұл біздің өзімізге деген сенімімізді күшейте түсті. Бірте-бірте қалаға да үйрендік, дала баласына тән болып келетін ұял­шақтықтан да арыла бастадық. Спорт­тың адам рухын көтеріп жүретін сондай сиқыры бар.

- Спорттың тағы бір ғажап қасиеті - намысты қайрауы. Қадыр ақынның:

Мен спорттың біле бермен мәнісін,

Сонда да айтам, бейтанысым, танысым:

Футболға бар, футболға бар, егер де

Қалғып кетіп бара жатса намысың!

- деген өлеңі еске түсіп отыр. Сіздің өмір бойы спортты жаныңызға серік етіп келе жатқаныңызды білеміз. Қан­дай қызметіңізде де спортпен шұ­ғылданғаныңыздың игі әсері тигені талассыз. Спортқа құштарлық Днепродзержинскіде басталды ма? Неге еркін күресті таңдадыңыз?

- Қазір диванға жатып алып, футбол ойынын құр жібермейтіндердің талайы өзін спортты жақсы көретіндей санай­тын болып барады. Шынтуайтында, солардың көбі таңертеңгі жаттығуды да жасамайтын адамдар. Спорттан бұрын біз дене тәрбиесін айтуымыз керек. Жастарды алдымен соған бейімдеуіміз керек. Ал спорт жартылай кәсіби ұғым. Спортшы болу міндет емес, бірақ әр адам өз денсаулығын шыңдап отыруға тиіс. Оның мәні мына жанталас заманда бұрынғыдан да арта түсіп барады. Жаңағы сенің сұрағыңа келсем, мен мектепте жүргенде-ақ күреспен де, бокс­пен де, спорттың басқа түрлерімен де айналысқанмын. Бокс секциясында был­ғары қолғаптармен тұрған бір фо­томыз да сақталып қалыпты. Ол кезде ауылға спорт сарайларын кім берсін? Спорт кешені болмаған соң бізге далада да, мектепте де күрес, бокс, жүгіру­ден басқа спорт болған жоқ. Ауылда өскен қазақ баласының бәрі атқа ша­бады, ол да өзінше спорт емес пе? Ал еркін күреске барып жүргенім мектеп­тің жоғарғы кластарында әкем қазақша күрестің біраз тәсілдерін үйретіп, қызықтырып қойғаннан ғой деймін.

- Осыдан бір жылдай бұрын біз­дің редакцияға Украинада сіздің еркін күрестен жаттықтырушыңыз бол­ған Лев Ежевский келген. Днепродзержинскіге арнайы тілші жіберіп, сіздің Украинада оқыған жыл­дарыңыз жайында бір беттік мақала жариялаған едік. Газеттің сол нөмі­рінің бірнеше данасын қолына бердік, жаңағы мақаланы орысшаға аударуға көмек сұрады. Лев Рудольфович, кәсіби спортшы емес пе, жасына қарамай тың екен. Ол кісі сіздің Днепродзержинск қалалық, Дне­пропетровск облыстық жарыс­та­ры­ның жүлдегері болғаныңызды, спорт шебері атанғаныңызды айтты.

- Президент болған соң жағымды сөздерді айта беретіндер болады ғой. Кейбіреу шынды, енді біреулер асырып айтады. Негізінде сол жылдары менің жетістігім күрестен бірінші разряд еді. Ол үшін қалалық, облыстық сайыс­тарда жүл­де алу қажет. Күреспен бір жарым жыл ғана айналысқанымды ескергенде, бұл жетістігім онша олқы емес.

1994 жылдың басында Украинаға рес­ми сапарым кезінде Днепродзержинскіге арнайы бардым. Өзіміз оқы­ған училищеге соқтым. Бұрынғы нөмірі өзгеріп, енді №22 техникалық училище деп аталыпты. Баяғы партамызға оты­рып, баяғы таныстарымызбен жолы­ғып, мәре-сәре болып қалдық. Сонда қар­сы алғандардың ішінде бір кісі көзіме ерекше жылыұшырай берді. Қарасам - Лев Рудольфович! Құ­шақ­тай алдым. Жаттықтырушымыз бізге өмір бойына жететіндей сергектік негізін қалап берген еді. Кілем үстінде терімізді сығып алатын. Ең бастысы, ол бізді қажырлылықтың, қайрат­ты­лықтың, қай­сарлықтың мектебінен өткізді. Сол мектептің тағылымы әлі күнге маған күш қосып келеді. 1996 жылы Лев Ежев­скийді Қазақстанға арнайы ша­қыр­дым. Елді аралап, Медеу, Шым­бұ­лақтағы спорт нысандарын көріп, сүй­сі­ніп қайтты. Қайтарында оған «Қа­зақ­стан Республикасының ең­бек сіңірген жаттықтырушысы» атағы берілді.

- Лев Ежевский Қазақстанда ешкімді жаттықтырған жоқ қой?..

- Неге? Президентті жаттықтырға­ны, мемлекеттің басшысын шы­нық­ты­рып бергені елге еткен еңбегі емес пе?

- Сіз күрес секциясында та­ныс­қан жігіт кейін жақсы досыңыз бо­лып кетті ғой?

- Иә, Микола Литошко менің ең жақын достарымның біріне айналды. Ата-анасы да бір тамаша адамдар еді. Миколаның анасы мені кәдімгі екінші ұлындай көрді. Үйлеріне жиі барып тұратынмын. Қашан барсам да жылы-жұмсағын алдыма тосатын. Демалысқа үйге қайтқанымызда Қазақстанға жеткенше пойызда жеп баруға жететіндей етіп дәмді бәліштер пісіріп беретіні де есімде. Микола кейін Теміртауға келді. Сондағы комбинатта жұмыс істеді. Осы жақта жүргенде әскер қатарына алын­ды да, әскерден соң ол өзінің Украи­насында қалды. Арада көп жыл өткен­де, 1994 жылы ғана досымды қайта таптым.

- Николай Литошконың сіз тура­лы мына бір сөздерін есіңізге салсам деймін. Былай айтыпты: «Жап-жас Назарбаевтың бойындағы қуат пен топ жаруға ұмтылып тұратын мінезі айрықша ұнайтын. Ол кез келген істі қолға алып, дөңгелетіп жіберетін. Ол күресте де, спорттың кез келген бас­қа түрінде де жеңілу дегенді білмейтін. Бір күні қайық есуге барға­нымыз есімде. Өзенде бірінші болуы екен, сондықтан да, әрине, ескек есе алмады, ескекпен алысумен болды. Бірақ берілмеді де, алысуын да қой­мады. Жағаға шыққанда қолының қанап, ойылып қалғанын бай­қадым». Сіздің намысшылдығыңыз да, соны бағалаған досыңыздың ақ көңілі де риза етеді. Сол кез туралы ойларыңызда бір украин қызы туралы айтып едіңіз...

- Жастық шақта бәрі бола береді ғой. Людмила Кальныш деген қыз өмірімде өз ізін қалдырғаны рас. Сұлу, сымбатты болатын. Спорт сарайына бірге барып, үйіне шығарып салып жүр­дім. Көркем гимнастикамен шұғыл­да­на­тын. Мен ауылда тәрбиелендім ғой. Анам айтатын: қызға жақындағанда ойлан, ол да біреудің баласы, саған сеніп қалып, сен алдап жүрме деп. Сон­дықтан менің қатынастарым тек қы­дыру, биге немесе киноға барумен шектелген. Теміртауға қайтып оралғаннан кейін де біраз уақыт хат жазысып тұр­ғанымыз бар. Тұрмысқа шыққанын, күйеуімен жақсы тұра алмай, ажы­ра­сып кеткенін, анасының қайтыс бол­ға­нын кейін естідім. Өкінішті. Жаны жақсы адам еді. Бір кезде, бір сәтке болса да көңіліңді тербеп өткен әр адамға игі тілекпен жүру керек. Біздің сезімімізді сұлуландырып, жүрегімізге жылылық әкелген жандардың бәріне де біз қарыздармыз. Мен ол қызбен сол кезде махаббат отын жандырдым деп айта алмаймын. Жақсы таныс болдық деген орынды. 1994 жылы сол кездегі Украина президенті Л.Кучма мені Днепродзержинскінің 300 жылдық мерекесіне шақырды. Бірге оқыған біраз достарды ертіп мен барғанмын. Курс­тас болғандар жиналды. Ішінде жаңа­ғы Людмила да бар екен. Арада 34 жыл өтті ғой. Ол ауыр кезең еді. Жұмыссыз, баспанасыз қалған. Қолдан келгенше көмектестім.

Махаббаттың, ғашықтық­тың жолы басқаша. «Қыз Жібекте» айтпай ма: «Бектер мінер сұр қасқа, Шаба алмаса ұр басқа, Батырлық, байлық кімде жоқ, Ғашықтық жөні бір басқа!» деп. Адамның адамдығы алдымен махаббатта танылады. Қазіргі жастары­мыз сауат­ты, білімді, көпті көрген, ба­тыс­тағы қарым-қатынасқа еліктейді. Бірақ ер жігіттер қызға, жалпы әйел бала­сы­на аялап қараса деймін. Мына жа­һан­данудың жанталасында жанда­рын жүдетіп алмаса екен, нарық-нарық деп жүріп жастыққа тән құштарлық отын азайтып алмаса екен деп тілеймін.

- Сіздің Украинадағы жылдары­ңыз туралы арнайы кітаптар да бар. Ол кезең жайында бізде де біраз жа­зыл­ған. Хабарлар да түсірілген. Со­лардың бәрінде де сіздің метал­лур­гия­дағы алғашқы ұстазыңыз Дмитрий Погорелов жөнінде бөлекше жылылықпен жазылады, көрсе­тіледі.

- Иә, Дмитрий Изотович өте бір жайсаң жан еді. Өмір жолымның, еңбек жолымның бастауында сондай адамды алдымнан шығарған тағдырыма риза­мын. Журналистердің бәрі ол кісінің менің болашағымды болжағанын ғана айта береді. Негізінде, Дмитрий Изо­товичтің адам жанын соншалықты жақсы білетін нағыз ұстаздық қасиеті бөлек жазуға тұрарлық.

ДӘЙЕКТЕМЕ:

«Бір күні класта өскенде кім кім болады деген әңгіме қозғалып кетті. Шәкірттер шеберге жан-жақтан қау­малап, «Дмитрий Изотович, ай­тыңызшы, біз өскенде кім боламыз?» деп сұрақ қойып жатты.

Былай қарағанда, ойнап сұраған сияқты, әйтсе де ұстаздарынан байсалды жауап күтіп тұр.

Шебер оқушыларға қадала қарап тұрды да, саусағын кезеп сөйлеп кетті...

- Сен инженер боласың, сен цех бастығы боласың, ал сен (ол Нұрсұл­тан Назарбаевқа қарады) премьер-министр боласың».

В.Базарянинов,

Л.Ежевский, В.Жандаулетов,

«Своими глазами», Днепродзержинск, 2003, 25-26 беттер.

- Ана бір жылы Днепродзержинскіде сіз туралы шыққан кітапта осы айтқаныңызға тамаша дәлел болар­лық бір мысал келтіріледі. Украинада жарияланған ол кітап қазақ­стан­дықтарға кеңінен жеткен жоқ. Осы жайында өзіңіз айтып беріңізші.

- Ұстазымыздың алғашқы сабағы ерекше есте қалып еді. Сол сабақта ол кісі металлургия туралы бір ауыз да сөз айтпады-ау деймін. Сабағын жаңа бастай бергенде: «Ал, жігіттер, қалай, украинның сұлу қыздарымен танысып үлгердіңдер ме?» дегені. Мұндайды күтпеген біз не айтарымызды білмей, үнсіз отырдық та қалдық, жанары­мызды тайдырып, басымыз төмен түсіп барады. Мұғалім жаңағы тақырыпты жалғастыра берді. «Ал сендер қызбен қалай қыдыруды, қалыңдықты қалай таңдауды білесіңдер ме?», деп қояды. Оны біз қайдан білейік? Бәріміздің білгіміз келіп барады. Дмитрий Изотович сол алғашқы сабағын түгелдей тәрбие тақырыбына арнады. Қыздармен қалай танысқан жөн, кездесуге қалай шақыр­ған дұрыс, қыз сезімін қалай аялау керек, қалай киіну керек, қай қыздың қандай екенін қалай ажыратуға болады деген сияқты жайларды сондай жатық тілмен түсіндіріп, жан-жүрегімізді өзге­ше бір күйге бөлеп жіберді. Сілтідей ты­нып тыңдап қалыппыз. Қоңырау соғыл­ған­да барып, есімізді жинағандай бол­дық. Шыны керек, қазақы ортада, мектепте мұндай тақырып қозғала бермейді ғой. Жігіттерге қыздар жайында, қыз­дар­ға жігіттер жайында айтып жату педа­гогикаға жат әңгіме сияқты қара­латын кездер де болды ғой. Қазір де сол психологиядан онша алыстап кеткен жоқпыз.

Ол кісі сол кезде 45-тің шамасында еді. Өзі металлургия маманы. Техника ғы­лымдарының кандидаты болатын. Ауылдан келген біздерге киім киюдің, тазалықтың, көпшіліктің алдында өзің­ді қалай ұстаудың бәрін үйрететін. Жа­ңағы айтып кеткен 1994 жылы бар­ғанымда артында қалған жалғыз қызы Ольга Погорелованы тауып алып, жағ­дайын сұрап, көмегімді аяған жоқпын. Біз ұстазымызды жақсы көретінбіз. Ол кісімен бар сырымызды бөлісе беретінбіз. Қазақстаннан барған шәкірттердің кейбірі қиыншылыққа шыдамай, үйге қайтамыз дегенді шығарған еді. Сонда шебер бәрімізді жинап, қарапайым тілмен ұғынықты етіп, көп әңгіме айтты. «Завод құрышты ғана шыңдамайды, завод адамды да шыңдайды» деген сөзі есімде. «Біз осы Украинада қазақтар­дың қандай батырлықпен соғысқанын жақсы білеміз. Сендердің бабаларың ше­тінен батырлар болған. Шетінен ба­тырлар болмаса, Қазақстанның жері сондай кең болар ма еді?», дегені де есімде. Осылай айтып-айтып келіп, «Ата-аналарың сендердің алғашқы қиындыққа шыдамай, елге қашпақ бол­ғандарыңды естісе не күйде бо­ла­ды, мұндағы адамдар не ойлайды?» деп бітіргенінде үйге қайтамыз деп жүрген­дердің бәрі ұялғандарынан жерге қараған еді. Сөйтіп, олардың біреуі де оқудан кеткен жоқ, ақыры бәрі училищені бітіріп шықты. Бұл да қазақы намысшылдықтың белгісі емес пе?

Әрине, училищедегі ұстаздары­мыз­­дың бізге басты тәлімі метал­лур­гияның әліппесінен бастап, құрыш құюдың қыр-сырын қолмен қойғандай түсін­діріп, ғұмыр бойына жетерліктей етіп құлағымызға құйып, көз алды­мызда көрсетіп бергендігі. Мен еш­қандай жоғары оқу орны сол екі жылдың ішінде Днепродзержинскіде үйренгенімді үйретіп шыға алмас еді деп бұрын айтқаным бар. Сонымды тағы айтамын. Кейін институтта металлургия ғылы­мын оқығанда маған бәрі дерлік таныс әрі түсінікті болып шықты. Мұның басты себебі - біздің әр күн сайын училищедегі сабақтан кейін төрт сағат өндірісте жұмыс істегеніміз.

- Өзіңізбен өткендегі әңгімеде сіз­дің Днепродзержинскідегі, Теміртау­да­ғы жылдарыңыз жайында сонда бірге оқыған, бірге жұмыс істеген достарыңызбен - Сатыбалды Ибрагимовпен, Қабиболла Сәрекеновпен, Мақсұт Нәрікбаевпен, Мақаш Тәті­мов­пен сөйлескенімді айтып едім. Олардың бәрі де сіздің көшбас­шы­лық қасиеттеріңіз сол Украинада, учи­лищеде жүргенде-ақ танылды дей­ді. Қабиболла ағамыз Бибігүл Төлегенова Днепродзержинскіге келгенде сіздің сонша жүгіріп, хабар­лан­дырулар ілгізгеніңізді, қала мекемелеріне билеттер таратқаныңызды жақсылап әңгімелеп берген еді.

- Мұны көшбасшылық қасиет, ұй­ым­дастырушылық қабілет дегеннен гөрі намысшылдыққа көбірек жат­қыз­ған жөн шығар. Ол кезде одақтас республикалар жұрты бір бірін онша біле бермейтін. Днепродзержинскіде жүр­ген­де бізді бі­реу­лердің қытайлар, біреу­лер­дің кәріс­тер деп жататынын талай естігенбіз. Қытайдан, Кореядан келген шәкірттер, жұмысшылар да бар еді онда. Мәскеу­дегілердің өзі республикалар астанала­рын дұрыс атай алмайтынына да куә болғанымыз есімде. Оның үстіне Бибі­гүл Төлегенованың онша таныла да қоймаған кезі. Зал болса мың орын­дық. Қазақтың жас әншісін тыңдаймыз деп Днепродзержинскінің мың адамы жинала қалатынына сенім аз еді. Білгенімізше қолдан хабарландырулар жа­зып, ондайды «афиша» дейтінін кейін естідік, мектептерге, мекемелерге өзі­міз барып, билет таратып, ақыры мың адамдық залды толтырып тын­дық. Үлкен гүл шоғын алуды да ұмыт­қан жоқпыз. Концерт біткенде сахнаға шығып, сол гүлді әнші апайы­мызға тап­сырып, қазақша, орысша, украинша араластырып алғыс айт­қа­ным да бар.

- Украинша демекші, украин әндерін әлі де білесіз бе? Ана бір жылы Астананың халықаралық тұ­сау­кесеріне келгенде украинша әннің сөзін Кучманың өзі ұмытып қалып, сіздің жалғастырып әкеткеніңіз жұрттың есінде қалып қойды.

- Ол ән «Ты ж мэнэ пидманула, ты ж мэнэ пидвела» деп келетін белгілі ән ғой. Оны Украинаға табаны тимеген талай адам да айтады. Украинның басқа әндерін де біраз білемін. Осы жерде бір нәрсе айтайын. Халықтың жаны - әнінде. Әнін білсең, халықтың жанын да білесің.

- Сіздің лидерлікке бейімдігіңіз жас кезіңізден-ақ танылған. Төлен­диев Рыспанбек туралы айтып бересіз бе?

- Оның не айта беретіні бар қайталап? Кезінде жаздым ғой. Сол кітаптан келтірсейші.

ДӘЙЕКТЕМЕ:

«Біздің қай-қайсымыз да өзіміздің көп жағдайда таңдап алуымызға бол­майтын адамдармен бір тұрамыз. Егер ойлап қарасақ, тіпті доста­ры­мыз­дың өзін де таңдай алмаймыз, олар­мен өмір соқпағының әйтеуір бір кезеңінде кезігеміз. Таяуда менің байыр­ғы жақын досым Рыспанбек Тө­лендиев үйімде қонақта болып кетті. Ол бұрынғы металлург. Қазір Теміртауда тұрады, зейнеткер. Біздің Днепродзержинскідегі сонау бір жыл­дары­мызда тобымыздың алғашқы же­текшісі болатын. Әрине, біз оны­мен кездескеніміз үшін қалыптасқан дағды бойынша аздап іштік те. Содан соң өткен күндерді еске алуға кірістік. Ол маған күтпеген жерден мынадай бір әңгіме айтты:

- Сен, Нұрсұлтан, білесің бе, бір кезде мен сені өлердей жек көруші едім. Онда сені менің орныма топ жетекшісі етіп сайлаған болатын. Сені өлтіруге қанша рет оқталдым десең­ші! Демалысқа үйімізге қайтып келе жатқанда пойыздан лақтырып жібергім де келді. Бірақ сен қырсық­қан­да тамбурға шықпай қойдың. Заводта жүргенде металл құйылған шө­міш­ке итеріп жібермек те болдым.

Шынымды айтайын, мен не бол­ғанымды білмей қалдым. Өйткені, өзім­нің металл құйылған үлкен шө­мішке қарай қалай ұшып бара жат­қанымды, енді бір сәтте менен буға айналған бұлт қана қалатынын елестеттім. Еркектердің емін-еркін ай­тыл­ған мұндай әңгімесін естіген әйе­­лім­нің халі қандай болды десеңізші.

Мәселе былай болған еді. Днепродзержинскіге барған балалардың ара­сын­да бұған дейін қамауда отырып, мерзімін өтеп қайтқан, негізінен ұрлық пен бұзақылығы үшін сот­тал­ған балалар да болған еді. Солардың бірі осы Рыспанбек, бұрынғы ұры болатын. Ол дүлей күштің иесі еді, айнала төңірегіндегілердің зәресін ұшыратын. Олай етпей ше - ол, жұрдай жетім өскен жігіт, тіпті өзі тұрған және оқыған интернатты өртеп жіберуден де тайынбаған ғой. Ол біздің арамыздағы дұрыс киінетін бірден-бір жігіт еді. Костюмдері мен сәнді көйлектерін қайдан қағып түсіргенін де жасырмайтын: Днепродзержинскіге бара жатқан жолда ол солтүстіктен келе жатқан бір инженерді мас қылып ішкізіпті де, екі чемо­данын жымқырып кетіпті. Жігіттер оның аяқ киімін тазалайтын, шалба­рын үтіктеп қоятын, тіпті асханадан тарелкамен тамақ та таситын.

Сөйтіп жүргенде мен өз күшімнің одан кем емес екенін бірте-бірте байқадым. Оның үстіне орыс тілінде мейлінше еркін сөйлейтінмін және тек беске оқитынмын. Сондықтан да балалар барған сайын менің төңі­ре­гі­ме топтаса бастады. Мұның ақыры, жо­ғарыда айтылғандай, топ жетек­ші­сінің ресми ауыстырылуымен тын­ды. Енді, міне, арада көп жылдар өткенде белгілі болып отыр, ол кезде Рыспанбек маған өлердей өш екендігін жасырыпты. Бірақ тиісті қоры­тын­дылар жасау үшін жігіттің бойында салауатты атаққұмарлық қана бол­ғаны байқалады. Оның оқуда да алға ұмтылғаны есімде. Бізді әсіресе таң қалдырғаны орыс тілін өте нашар білетін оның оқулықтардың тұтас бет­терін, ондағы ережелер мен фор­мулаларды ұғып алуға шамасы жет­песе түгелдей жаттап алатындығы еді. Бұның бәрі де бірнеше жыл өткеннен кейін біз әйеліміз екеуіміз оған біреуді айттырып, үйлендіруі­мізбен тынды. Ол Теміртауға Днепропетровск технологиялық инсти­ту­тын бітіргеннен кейін келіп, ауы­сым бастығы болып істеді. Техно­ло­гияның тілін білетін теңдесі жоқ маман болып шықты. Ал еңбек­сүй­гіш­тігі жағынан өзінің әріптестері мен қол астындағыларды қатты састы­ратын».

Н.Назарбаев,

«Әділеттің ақ жолы», 55-56 беттер.

- Рыспанбек Төлендиев - Днепродзержинскіге бірге барған 71 қазақ баласының бірі. Бір кітапта олардың түгел тізімі де жарияланған. Арала­рыңызда Сауытбек есімді жігіттің де болғаны есімде қалып қойыпты.

- Еркінбеков оның фамилиясы. Өте әдепті жігіт еді. Гимнаст болатын.

- Көрдіңіз бе, фамилияларына дейін ұмытпағансыз. Дегенмен, жетпіс жігіттің бәрімен бірдей қарым-қа­ты­нас жасамайтыныңыз белгілі. Қа­зақ­­стандықтардың ішінен кімдермен көбірек араластыңыз? Олардың ара­сы­нан әлі күнге достық байла­ныс­та­рын үзбеген адамдарыңыз кім­дер?

- Менің енді ол кезде пәленшемен көбірек, пәленшемен азырақ араластым деп жатқаным жараспас. Өйтіп ешкімді бөле-жармай-ақ қояйын. Олардың ара­сында менің бірден көзге түскенімнің басты себебі орысша еркін сөйлейтінім болған шығар. Біздегі жігіттердің көбі әуелде ойын орысша айқын айта да алмайтын. Көбі таза қазақ ауылдарынан шыққандар. Араларында соны өз мақ­сатына пайдалана қоятындары да болушы еді. «Мен пәнді білемін, бірақ жақсылап айтуға тілім жетпейді», дейді. Содан оқытушы мені шақырады. «Өз тілінде айта берсін, сен аударып отыр» дейді маған. Мен жаңағы жігітке айтамын: «Тоқтамай сөйлей бер, нені айтсаң соны айт, тек тоқтама, ара-арасында домнаның, пештің сөздерін араластырып қой, қалғанын өзім қаты­рамын», деймін. Анау қазақша әңгімені бастайды. Ауылдағы көрген-білгенде­рін бе, ата-анасын қалай сағынғанын ба айтып, әйтеуір ойына келгенін сөйлей жөнеледі. Басқа балалар күлкісін әрең тежеп отырады. Қойылған сұраққа дәл жауап беріп жатқандай, соны мен аударып қана тұрғандай етіп сөйлеп кеп беремін. Мұғалім: «Дұрыс, біледі екен­сің, жақсы біледі екенсің, бірақ орыс­шаны үйрен, үйренбесең болмайды, қашанғы жаныңда аудармашың жүреді» деген сияқты сөздерін айтып, жоғары бағасын қояды. Сөйтіп жүргенде, бір күні әшкереге түстік. Тоқтамай сөйлей бер не айтсаң да дегеннен кейін біздің балалардың біреуі: «Ой, кеше әбден қыдырдық қой. Кешке паркке де бар­дық, киноға да кірдік» деген сияқты бет­алды әңгімені оңды-солды жосылт­пай ма? Мен болсам «чугун мартеновский», «форсунка высокого давления», «нормализационный отжиг» деген сияқты сөздермен «аударып» жатыр­мын. Бір кезде мұғалім: «Подожди, подожди-ка» деді. «Слушай, что за парк, что за кино?..» дейді анаған. Ол не айтсын?... Осындай да қызықтар болып жататын. Балалықтан толық кете қоймаған, жігіттікке толық жете қоймаған бұла шағымыз еді ғой. Жас­тық шаққа жететін не бар дейсің бұл өмірде? Жастық шақ осындай әрпіл-тәрпілдігімен де қызық.

- Днепродзержинскіде бірге оқы­ған жолдастарыңыздың біразы кейін басшы қызметтер атқарды. Олардың бәрі демегенмен, кейбірі сіздің көме­гіңізбен көтерілген болар ол қыз­меттерге?

- Бұл сұрақты осылай ойлайтын адамдар да табылады, солардың кө­кейін­дегі мәселенің басын ашайын деген тұрғыда қойып отырған шығарсың. Жалпы, бұл сұраққа сол адамдардың өздері жауап бергені дұрыс. «Көңіл көңілден су ішеді» дегендей, әркімнің жанына жақынырақ адамдары болуы табиғи нәрсе. Олардың арасында қам­қор­лық көрсетіп, жағдайын жасап жү­р­е­тін кісілерің де кездесуі мүмкін. Бірақ, бәрібір әділеттен аттамауға тырысу керек. Украинада бірге оқыған жігіт­тер­дің арасында басшы қызметтерге көтеріл­гені сен айтқандай біраз емес, бірен-саран ғана. Мақсұт Нәрікбаев Бас прокурор болды, Қабиболла Сәрекенов Мемлекеттік материалдық резервтер ко­митетінің төрағасы болды, Саты­балды Ибрагимов Парламент депутаты болды, Мақаш Тәтімов университет рек­торы болды. Теміртауда еңбек жо­лын бірге бастаған Төлеутай Сүлей­менов Сыртқы істер министрі болды. Тағы кім бар? Басқа қосатын көп ешкім жоқ сияқты. Жоғары оқу орнын бітіріп, қалада да, далада да маман болып жүргендер аз емес. Достарымның бәрі де өз еңбегімен, өз білімімен өскендер. Оны айтасың, кейбіреуіне тіпті кедергі келтіре жаздаған жағдайым да бар.

- Қалайша?

- Бір жолы Әділет министрлігі ми­нистрдің орынбасары лауазымының бос тұрған орнына екі кандидатура ұсын­ды. Біреуінің фамилиясы - Нәрік­баев, екіншісінің фамилиясы Темірболатов. Қарасам - Нәрікбаевтың есімі Мақ­сұт. Өмірбаянына қарасам - Днепродзержинскіде оқыған. Баяғы өзіміз­дің Мақсұт болып шықты. Президент өз командасына бірге оқығандарын жинай бастаған екен дегізбейін дедім бе, тағы біраз уақыт сынай, қарай түсейін дедім бе, әйтеуір, Мақсұт Нәрікбаевтың кандидатурасын сол жолы қайтарып тастадым. Дегенмен, кешікпей ол Президент аппаратында істеді. Бас прокурор және Жоғарғы Соттың төрағасы да болды. Заңгер үшін барлық биіктерге жетті. Домнада менімен бірге істеген Қабиболла Сәрекеновтің өмірі баяғы Погорелов мұғаліміміз айтқандай түзіл­ді. Инженер-металлург, ғылыми зерттеу институтының қызметкері, техника ғылымдарының докторы болды. Саты­бал­ды Ибрагимов Мәскеуде П.Лумумба атындағы халықтар достығы инсти­ту­тын бітірді. Бірақ заводқа қайтып келіп, болат құюшы болып, қоғамдық қыз­мет­терге араласты. Қазір Мәжіліс депу­та­ты. Негізінде, жұмысты ұйымдас­ты­ру­дың жаңа тәсілдері орныққан сайын тамыр-таныстық, жерлестік, ағайындық дегендердің бәрі бірте-бірте қала береді. Нарық экономикасы, жекешелік бизнес тек білімді, қабілеттілікті қолдай­ды. Қолынан іс келмейтінін білсең, танысыңды тартып нең бар? Сөзіңнің қадірін, өзіңнің қадіріңді кетірмей ме? Сонымен бірге, маған сөз келіп қала ма деп қуыстанып, мүмкіндігі бар адамның жолын кескен де дұрыс емес, әрине. Ат төбеліндей қа­зақ ана жақ, мына жаққа бөлінсек, тәу­елсіздіктен айрыламыз. Осыны ұмыт­пау керек. Бізді бөліп-бөліп басқарғысы келетіндер тарихтағы тәжірибемізде болған.

- Украинадағы оқу жылдары сіз­дің есіңізде несімен қалды? Ол жыл­дар жалпы өзіңізге не берді деп ой­лайсыз?

- Днепродзержинскіге барған беттен бізді күш-қуатымызды, дене тұр­па­тымызды байқап көріп, күші мығым дегендерді домнашылар, яғни горновойлар тобына, қалғандарды басқа маман­дықтарға бөлді. Кран машинистері, қыз­дыру пештерінің балқытушылары деген мамандықтар да болды. Бәрі әлі күнге көз алдымда. Училище жатақ­ха­насының үшінші қабатында қаз-қатар тізілген кереуеттер тұратын. Терезе алдындағы кеспектерге гүл егіп қой­ыл­ған. Асхана жақтан украин борщының танау жаратын хош иісі жетіп жатады. Таңғы алтыда завод гудогынан оянып, кешегі ауыл балалары шала ұйқы күйде сабаққа жанталаса жиналады. Сабақтан келісімен тамаққа тойып аласың да, сәл демалып, заводқа тартасың. Онда күн сайын төрт сағат өндірісте жұмыс істейтінбіз. Балалықпен де жөндеп қоштасып үлгермеген кезіміз ғой, кей күндері талып құлағандай шаршайсың. Ұйықтап тұрсаң, қайтадан шауып ала жөнелесің. Ғажап күндер болатын. Жас кезіңдегі қиындықтың өзі ләззат. Днепродзержинскідегі күндер қазір жас­тық­тың жақсы бір түсі сияқты.

- Училищедегі оқу сізге саяси мек­тептің алғашқы басқышы да бол­ған сияқты. Осы орайда Мақсұт Нәрік­баев айтып берген әңгіме де қызық көрінеді...

- Қызық көрінсе, қазір қызық көрінетін шығар. Кезінде ол оқиға нағыз шыжық болатын. Ол күндерде біздің бәріміздің болашағымыз таразы басына тартылып тұрған еді.

ДӘЙЕКТЕМЕ:

«Назарбаевтың жұрт алдында сөз сөйлеу қабілеті бірнеше ай өткеннен кейін басқа бір жағдайда - милиция учаскесінде - қазақ тағылым алушы­лар­дың тұтас бір тобын масқара боп елге қайтудан құтқарып қалған кезінде қатал сынақтан өтті деуге бола­ды. Бұл 1959 жылғы 31 желтоқсанда болған еді. Қазақ жігіттері Жаңа жыл­ды мейрамханада қарсы алып, орталарынан біреуі джаз оркестрінің жетекшісімен төбелесіп қалады. Оны достары қолдайды. Жаппай жұ­ды­рықтасу белең алып, қазақтар аз болғандықтан қаша бастайды. Олар­ды украин милициясы ұстап, қамап, ертеңіне бәрінің де елдеріне қай­та­рылатыны туралы хабарланады.

Назарбаевтың жалынды сөзінен кейін ғана қатал санкция қолда­ныл­майды, мұны оның алғашқы саяси сөз сөйлеуі деуге болатын еді. «На­зар­баевтың милициядағы билік өкіл­де­ріне қарата айтқан сөзі көкейімде қалып қойыпты, - дейді сол кезде ұсталғандардың бірі Мақсұт Нәрік­баев. - Ол қолын көтеріп, «Бес саусақ бірдей емес» деп бастады. Сосын бәріміздің бірдей кінәлі емес екенімізді дәлелдеуге көшті. Жаға жыртысуды бастағандардың бәрін джаз оркестрі жетекшісінің алдында кешірім сұ­рауға мәжбүрлеп, украиндықтардан оларды кінәлі деп талап ете бермеулерін сұрады. Бәрін де, тіпті джаз оркестрі басшысын да бірте-бірте бұл оқиғаны дабырайта бермеуге көндірді. Ақыр аяғында бізді елге қайтар­май­тын болды. Бұл Назарбаевтың нағыз ерлігі еді, бәріміз де оған алғыс айттық».

Бұл қазақ студенттердің ғана емес, украин басшылығының да олжа­сы еді».

Дж.Айткен,

«Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамы», М., «Художественная литература», 2010, 40-41 беттер.

Днепродзержинскіде жүргенімізде туған жердің қадір-қасиетін біле түстік дей аламын. Бұрын домбыраны қолына алмай жүрген талай жігіттің сол жа­тақ­ха­нада үйреніп, күй тартып, ән айтып кеткені есімде. Қазіргі біздің «Бола­шақ» бағдарламасымен шет елде оқып жүрген жастар да сондай. Бөлмелерінде біздің жалау, елтаң­бамыз тұрады. Бұл патриотизм, еліне деген сүйіспеншілік. Қазақстанға қатысты әр сөзге құлақ түріп жүретінбіз.

- Сондай сөздің бірі сіздер оқудан кейін қайтуға жиналып жүрген Теміртау жөнінде тарады ғой?

- Иә. Газеттерді қарасаң Теміртауда жұмыс қайнап жатыр. Журналистер қазір де қыздырманың қызыл сөзіне кетәрі емес, ол кезде тіпті аянып қалмай­тын, бәрі көтеріңкі рухта жазылатын. Біз бар­ған­ша Қазақстан Магниткасы басталып кете ме деген қаупіміз де кө­ңілімізде.

Содан бір күні Теміртау туралы жай­сыз, жоқ, жайсыз деген қайда, қорқы­нышты әңгіме дүңк ете қалды. Қалаға әскер кіргізіпті, атыс болыпты, өлгендер де бар екен деген сөз шықты. Сенер-сенбесімізді білмейміз. Кеңес Одағында ондай болады деп ойлай да қоймайтын, тап-таза кезіміз ғой. Сөйт­се де, секем ала бастадық. Секем алма­сымызға да болма­ды. Теміртау туралы әңгіме сап тыйыл­ды. Газеттер жазбай­ды, радио айтпайды. Ұстаздарымыздан сұрасақ, ештеңе демейді. Білмей ме, білсе де айтпай ма - белгісіз. Ақыры, бұл әңгіме шындыққа айналды. Бір жұмысшының сол кезде өте сирек шаммен жұмыс істейтін ра­дио­­қабылдағы­шы бар екен. Сол «Америка дауысы» радиостанциясынан естіпті. Естіп, тісіңнен шығарма деп біреу­ге айтыпты. Ол тісіңнен шығарма деп тағы біреуге айтыпты. Ол тағы біреуге... Теміртауда құрылысшылардың көте­рі­ліске шық­қаны, оларды қарудың күшімен зорға басқаны рас көрінеді. Дәл сол кезде Хрущев Америкада жүрген еді. Оған Теміртауда не болып жатқаны жөнінде сұрақ қойылыпты. Хрущев: «Бәрі бос сөз. Қазақстанда ешқандай да бүлік жоқ», депті. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайты­нын білетін жасқа келген кезіміз ғой, қатты қобалжи баста­дық. Енді не де болса тезірек елге қайтуға асықтық. Ол жақта бізді не күтіп тұрғанын білмесек те.

- Хрущев демекші, оның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы атышулы сөзінен кейін сіздерге қатысты да бір дүрбелең болған ғой. Солай емес пе?

- Солай. Оны Джонатан Айткен кі­та­бында егжей-тегжейлі келтірген.

ДӘЙЕКТЕМЕ:

«1959 жылы Коммунистік партия Днепродзержинскідегі шетелдік студенттерге қарсы параноидеалдық акция жүргізді. Бұл тағы да сол Назар­баевтың қатысуымен болған екінші бір ерлік жағдайды паш етті, онда да бір топ қазақ жастарын түн жары­мында милиция алып кеткен бола­тын. Бұл жолы Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәте­ріндегі оқиғаның ықтимал салдар­лары­ның кесірінен билік орган­да­рындағы үрейлі дүрбелең себеп болды. Үрейлі дүрбелең БҰҰ Бас Ассам­блеясында кеңестік көшбасшы Никита Хрущевтің шарықтау шегінде «Біз сендерді көрге тығамыз!» деп айқайға басқан ызалы сөзінен бастал­ды. Сол сәтте Хрущев аяғынан бә­теңкесін шешіп алып, мінберді сабалай бастаған еді. БҰҰ залындағы әлемдік көшбасшылардың ареопагы бұл сайқымазақтыққа қыңқ етіп таң қалған да жоқ. Олардың мұндайға ден қоюының нәзік көрінісі бәтеңке тар­сылдап жатқанда: «Мұның ресми аудармасын естуге болар ма екен?» деп сұраған Ұлыбритания Премьер-Министрі Гарольд Мак-Миланның кекесінді ескертпесі ғана болды. Алайда, бұдан 5000 миль қашықтықтағы Днепродзержинскідегі Коммунистік партия басшылары Хрущевтің ат­тан­дауы Үшінші дүниежүзілік соғыс­тың тұтанып кетуіне түрткі бола ма деп қорықты. Осындай дүрбелең көңіл-күйдегі олардың бірінші ден қойғаны Батыстан шабуыл жасала қалған жағдайда Днепродзержинскіні қорғауға ынталы емес, өздері ойла­ған­дай қуатты, барлық шетелдік студенттерді тұтқындау болды. Дәл осы себептен 1959 жылғы 9 қыр­күйекте Назарбаев пен металлургия­ны оқып-білуге орай тұз-дәмдес боп жүрген оның қазақ құрдастары түн ортасында төсектен тұрғызылып, милиция бөліміне жеткізілді.

Хрущевтің сөзінен кейінгі Днепро­дзержинскінің партиялық функцио­нер­лерінің, 50 жылдан соң қазір ғана қағазға түсіп отырған, мұндай шектен шыққан әрекеті сандырақ сияқ­ты көрінер. Алайда, қырғиқабақ со­ғыстың қызған кезінде мұндай үрей кеңестік билік үшін шынайы, ал қазақ тағылым алушылары үшін естен тандырарлықтай оқиға болды. «Не болғанын ұқпадық, - деп сол күн­дерді жадында жаңғыртады Мақсұт Нәрікбаев, - бірақ милицияда сабыр­лы­лық танытқан жалғыз Назарбаев екені есімде. Бәріміз одан «Не болып жатыр, өзі? Бізге енді не істер екен?» деп сұрадық. Қатты қорқып қалған едік. Алайда, Назарбаев бізді сабырға шақырып, ақыр аяғында Хрущевтің сөзі туралы біздің түк те білмейтінімізді милиционерге түсіндірді. Біздің, қазақтардың, шетелдік емес, Кеңес Одағының адал студенттері екенімізге басшылықтың көзін жеткізген дәл осы Назарбаев болатын. Содан соң бізді босатты да, қайтадан қалыпты өмірге түстік».

Дж.Айткен,

«Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамы», 41-42 беттер.

Училищені бітіргенде сегізінші разряд алып шықтым. Бұл толық жоғары мамандығы бар жұмысшы болдың дегенді білдіреді. Қара металлургиядағы ең жоғары разряд - оныншы разряд.

Украинада мен қоғамдық қызметтің де алғашқы мектебінен өттім. Бір күні училище комсомол комитетіне кіріп, «Біздегі комсомол жиналыстары тура­лы айтпақшымын» дегенім бар. «Жи­налыстар туралы? Не айтпақшысың?» деді маған. «Жиналыстар ұнамайды. Қы­зықсыз өтеді, таптаурын үлгімен өтеді, комсомолдар жиналысқа барғы­сы келмейді», деймін мен. Хатшы қыз елең ете қалып, «Ал сонда өзің не ұсынбақшысың?» деді. Өзімше ұсы­ныс­тарымды айттым. Заводтағы Социалистік Еңбек Ерлерімен, ардагер метал­лургтармен кездесулер өткізейік, училищеде халық би ансамблінің концертін ұйымдастырайық, жас металлург­тарға салынып жатқан үйдің құрылы­сына көмектесейік дедім. Ұсыныс­тарымның бәрі қабылданды. «Инициатива наказуема» дегендей, енді сол жұмыстардың бәрін маған үйіп-төгіп тапсырып қойды. Комсомол комите­тінің жұмысына белсене араласуым жұрт ал­дын­да сөйлеуге машықтануыма көмек­тесті. Ауыл баласының ұяңдығы, расын айтсам, бұрыннан-ақ бойымда жоқ еді, енді тіпті ашылып, барынша шешен, әсерлі сөйлеуге тырысатын болдым.

Днепродзержинск мен үшін интер­национализмнің де үлкен мектебіне айналды. Сан түрлі ұлттың ұлдарымен, қыздарымен араласып, өзімізді солар­дың бәрімен тең ұстауға тырыстық. Кез келген адам өзін белгілі бір ата-ананың баласы ғана емес, өз халқының да баласы сезінуі керек. Сонда саған елің үшін, ұлтың үшін де жауапкершілік жүктелетінін түсінесің.

Жалпы, Украина жері маған жас­ты­­ғымның жақсы жылдары өткен, көп тағылым берген мекен ретінде қымбат.

- Бүгінгі Украина туралы не ойлайсыз?

- «Жері байдың елі бай» дейді қа­зақ. Украинаның әлеуеті өте күшті. Елу миллионға жақын халқы бар, шойын, болат, прокат қорытатын қара метал­лур­гиясы, алюминий, титан, магний, мырыш алатын түсті металлургиясы бар, «Антей» сияқты алып ұшақтарға дейін шығаратын машина жасау өн­дірісі бар, бірнеше порттары бар, талай курорттары бар бұл ел қазіргіден әл­де­қайда жақсы тұра алады. Солай болады деп сенемін. Украинаның тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде бастан кешкен қиындықтарының біразы кезінде қа­лып­тасқан ұлттар достығына сызат түсіріп алғанымен байланысты дер едім. Днепрдің арғы жағы, Днепрдің бергі жағы болып айтысып-тартысып, бір жағы Ресеймен жақындасуды, бір жағы Батыспен жақындасуды жақтап, кезекті сайлау науқаны келген сайын ырың-жырың жүргенінде ол ел көп нәрсені жоғалтып алды. Бауырлас жұртқа ақыл айтудан аулақпын, дегенмен, Украинадағы проблемалардың бір ұш­тығы саясатты экономиканың алды­на шығарып жібергенінен болған сияқ­ты. Қалай дегенде де, өмірімнің шапа­ға­тты шағы өткен украин жеріне құт-береке, өзімді қанат қақтырып шығар­ған украин еліне баянды бақыт тілегім келеді.

Ең бастысы, Днепродзержинскідегі оқу жылдары, одан кейінгі Темір­тау­дағы жұмыс мені жігіт, азамат ретінде қалыптастырды, интернационалдық ортада еркін өмір сүруге бейімдеді. Мен болашақ басшы қызметкер, қайраткер ретінде сол жылдарда қалыпқа түстім, құрыштай құйылып шықтым дей аламын. Осы үшін де жастық жыл­дарымда жолыққан жандардың бәріне қарыздармын.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1252
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1148
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 885
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1020