Жұма, 26 Сәуір 2024
4840 57 пікір 5 Шілде, 2020 сағат 18:47

Назарбаев әлемдегі барлық қазақтың қамқоры болды

Кеңес одағының іргесі ыдырай бастаған сәтте, әлемнің әр шалғайында жүрген исі қазақ баласының аңсары Қазақстанға ауды. Балтық жағалауы елдері баяғыда бөлініп кетті. Орта Азияда бірінші болып, Қырғызстан өз тәуелсіздігін жариялады. Ары қарай, кеңестік республикалар кезегімен бөлініп кетіп жатты. Біз демімізді ішімізге тартып, Қазақ елінің тәуелсіздік жариялауын тақатсыздана күттік. Ақпарат тапшы. Бар сенгеніміз – "Азаттық радиосы". Көп тілеуі – көл ғой. Ол күнге де жеттік. Алаштың соңғы тұяғы Хасен Оралтай ағамыз "Азаттық" радиосының эфирінен сүйінші сұрап, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жариялағанын жеткізді. Күйтін қаласындағы иниститутта оқып жүргеміз. Ал, қуан! Ал, тойла!

Сенесіз бе, қашан Қазақстанға оралғанға дейін біздің арамызда Қазақстан мен Нұрсұлтан Назарбаевтан өзге әңгіме болмайтын. Күндіз-түні айтудан бір жалыққан емеспіз. Былайша айтқанда, біз бүгінгі пандемиямен ауырған секілді, Қазақстанмен, Назарбаевпен ауырдық. Ес-ақыл түгел осы жаққа ауып кеткен. Құдалықта да, тойда да, өлімде де айтатыным екі-ақ әңгіме – Қазақстан және оның президенті Нұрсұлтан Назарбаев! Болды, өзге сөз қызық емес, дәмсіз. Қалада да, далада да солай. Екі адамның басы қосылса болды, "Қазақстан...", "Назарбай..."-деп бастап, ақ таңнан қас қарайғанша гулетеміз де отырамыз.

Жаңылмасам, Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға тұңғыш рет 1991 жылғы шілде айында келді. Тұп-тура 51 жастағы кезі ғой. Мен биыл, міне, елу бірдемін. Орталық телеарнаның кешкі жаңалықтарынан ҚХР төрағасы Цзян Цзэминьнің салтанатты қарсы алу сәтін өз көзімізбен көріп, қатты қуанғаным есімде. Оған дейін Қытай төрағасы Цзян Цзэминьнің қасынан қазақ баласын көрген емеспіз. Тіпті, ол өңіміз тұрмақ, түсімізге кірмейтін құбылыс еді. Тек, АҚШ-тың, Ұлы Британияның, Германияның... басшылары ғана кездесе алады деп, ойлайтынмын.

Әлі көз алдымда тұр, теледидарды тесіп, кіріп кете жаздап, төніп отырмыз. Нұрсұлтан Әбішұлы Қытай басшысымен бірге балпаң-балпаң басып, қатар келе жатыр... Біресе, орнымыздан атып тұрып, үйге сыймай, алсұрып, кетемін. Біресе, қайта келіп теледидарға телмірем. Көрген түстей болып, жаңалық зу етіп өте шықты. Енді тәңертеңгі қайталанатын хабарды тағатсызда күттік. Оған дейін көрші-қолаң жиылып алып, Нұрсұлтан Әбішұлының келісті кескінін, балапандап басқан жүрісін, кере қарыс ашық маңдайын жарыса сөз етеміз. Қазақтың да осындай сымбатты патшаның болғанып айтып, ал кеп дүрілдеп мақтанамыз...

Сөйтіп, біз үшін бұл бір таңғажайып оқиға болды. Енді ойласам, бір жағы жастық албырттық болса, екінші жағынан бойдағы қазақы қан екен ғой бізді әлекке салып, алып ұшырып жүрген.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға келуі мен ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминнің оны өте жоғары деңгейде қарсы алуы – біге қазақ деген ұлттың шын мәнінде керемет халық екенін жүрегімізбен сездіріп, еңсемізді көтеріп кетті.
Айтпақшы, біз "Азаттық" радиосымен бірге, "Қазақ радиосын" да үзбей тыңдайтынбыз. "Қазақ радиосында" күнделікті жаңалықтармен қатар, ән-күйлер, өнер адамдары жайлы әңгімелер көбірек беріледі.

Сол құт қонған 1991 жылды аяқтап, жаңа жылды қарсы алар тұста – 31 желтоқсанда біз "Қазақ радиосынан" Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саңқылдаған өз дауысын естідік. Ол президенттің күнделікті қызмет барысында айтылып жататын сөзі емес, арнайы шетелдегі қазақтарға – бізге арнаған тарих Үндеуі болатын. Ештеңеден тайынған жоқ,

"...Біз тәуелсіз мемлекет болдық, біздің есігіміз сіздерге ашық, келіңдер, мен шақырам!.." деген мазмұндағы жалын атқан, сағынышқа толы шақыру. Ең кереметі, Нұрсұлтан Әбішұлының әр сөзі анық және нық сенімге толы еді. Тыңдаған біздің бойымызға ешкім тоқтата алмайтын бөгеу бермес алып күш бітірді Тұңғыш Президенттің бұл сөздері!

Онсыз да қозып тұрған делебе одан ары тынышымызды кетірді. Сөйтіп, ұшарға қанат таппай жүрген күндердің бірінде Үрімжі жақтан "Бес жазушы Қазақстанға көшкелі жатыпты!"-дегенбір керемет жаңалық жетті біздің құлаққа.

Осылайша, Шыңжаңдағы көштің алғашқы сеңін жазушылар Жақсылық Сәмитұлы, Тұрсынхан Зәкен және Армиябек Сағындықұлы бастаған бес отбасы бұзды.

"Алыста жүрген ағайынға ақ тілек" атты сол атақты Үндеудің мына бір бөлігін оқысаңыз, Елбасының елден тыс жерде жүрген бауырларына деген қамқор көңілінің қалай екеніне бірден көз жеткізесіз:

– Қымбатты отандас­тар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы атақонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!"

Қайта дауыстап оқыңызшы, ".. атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!". Жүрегіңді жұлып алатын қандай ғажап сөз бұл!

Өз мемлекетіңнің басшысы өз аузымен шақырып тұр. Енді осыдан артық қандай сөз керек бізге?! Бойыңда жаның болса, "Нұрағам, қайдасың?!"-деп, жаяу болса да тартып кетуің керек қой бірден!

Сөйтсек, қасиетіңнен айналайын Нұрекем Ел тәуелсіздігін жариялаймай тұрып, 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 Қаулы қабылдатып, біздің болашақ тағдырымызды өз қолымен алдын-ала шешіп қойған екен ғой.

Нұрсұлтан Әбішұлының ең керемет кемеңгерлігі деп, Қазақстанның Тәуелсіздігін жарияламай тұрып, бірінші кезекте бірден алыс-жақын шетелдерде тарыдай шашырап жүрген қазақстарын еске алғанын, солардың елге оралуына мүмкіндік жасауын тебіреніспен, бек ризалықпен атап өткім келеді!

Міне, кемеңгерлік. Міне, туған халқына деген Ұлы махаббат. Міне, батылдық пен жүректілік! Біз Елбасымыздың бұл жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз. Біз оған мәңгі ризамыз!

Мен "Алыста жүрген ағайынға ақ тілек" атты сол қасиетті Үндеудің осы бөлігін шеттен оралған және оралудың сәт-сағатын күтіп отырған әр қазақ рамкаға алтын әріппен жазып, төріне іліп қоюы, ұрапақтан-ұрпаққа жаттатып отыруы керек деп есептеймін!

Қазір Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылдары жазған кітаптарын оқып отырсақ, Нұрсұлтан Әбішұлының қазақ көші туралы жасаған Ұлы еңбектерін көріп, қайран қаласың! Елбасы әр реткі шетелге жасаған сапары барысында, егер барған елінде қазақ болса, ең алдымен солардың жағдайын айтып, мәселесін көтеріп отырған. Олардың Атажұртына көшу мәселесін биік деңгейде келісіпей кеткен кезі жоқ. Шыңжаңға, тіпті Құлжаға дейін ат басын бұрып, Жәнәбіл Сымағұлұлы, Асхат Керімбайұлы бастаған ел ағаларымен әлденеше мәрте кездескенін, қандастарының үйіне дейін барып, төрінде отырып шай ішкенін мен өте жақсы білем.

Құдайға шүкір, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Алла берген ақыл-парасаты мен талантының арқасында Қазақстан әлемде өз орны бар керемет мемлекет болды. Сол Ұлы мемлекетке әлемнің әр шалғайынан бір миллионнан астам қандасымыз келіп, ірге тепті. Олар өсіп-өніп, бақытты өмір сүріп жатыр. Соның біреуі – менмін!

Елу жасқа толған ымда арнайы құттықтауын жіберді Елбасы. Ол құттықтауды мен маған ғана емес, және сол алыстан оралған ағайынға деген жүрекжарды сәлемі мен құрметі деп бағаладым.

Тоқырау жылдарының қиыншылығына қарамастан, Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында Елбасы Жарлығымен қандастарымызға баспана беріліп отырды. Одан кейінгі он жылда әр жылы 20 мың отбасына дейін квота бөлініп тұрды. Қазір де Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанам деген ағайынға көп-көрім ақша берілуде.

Өзекті өртейтін бір өкініш – сол бір көл-көсір, кеңір заманда қандастарымыздың Қазақстанға қауырт-қауырт, лек-легімен көшіп келіп алмағаны. Әсіресе, Қытайдағы қазақтар! Бауырларымыз еркіндік пен бостандықтан гөрі, қу дүниені қымбатқа балап, тапжылмай отырып алды. Әрине, оған Қазақстан мен оның Басшысы кінәлі емес. Мемлекеттің экономикалық жағдайы нашар кезде көшіп келген қазақтар аштан өліп, көштен қалған жоқ. Еңбек ете білсең, тұрмысың да жақсы болады.
Тіпті, Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқалы жатқанда арнайы Жарлық шығарып, белгілі-белгісіз себептермен, Тәуелсіздіктен бері құжатсыз жүрген, құжаттарының жарамдылық мерзімі өтіп кеткен неше он мыңдаған қандастарымыздың өткен жылдың соңына дейін құжаттанып алуына мүмкіндік жасап беріп кетті ғой, шіркін. Бұған қалай разы болмайсың, құрметті менің жерлестерім мен тағдырластарым!

Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялап, дәл бүгінгі күнге жеткенге дейінгі басып өткен барлық жолы мен кезеңі көз алдымызда сайрап тұр. Шынымды айтсам, әр күні Нұр-Сұлтанға қарап, керемет бір тәтті түс көргендей сезім құшағында жүрем. Менің бұл сөзімді оқыған кейбір ағайын сенбеуі, мені "жағымпаз" санауы мүмкін. Жоқ! Қазақстан туралы менің көзім жетістіктен басқаны көріңкіремейді, құлағым жақсылықтан басқаны естіңкіремейді. Себебі, біз шетте жүріп, "Тәуелсіз Отан" дегеннің зарын әбден тартқан, бодандық пен кіріптарлықтың кесепатын әбден көрген халықтың ұрпағымыз. Алты-жеті миллион қазақ әлі сыртта жүр. Тума-туыстарымыздың басым бөлігі саяси езгі мен адам төзгісіз азапты, міне, әлі тартып отыр. Бізге тойып секіруге, астам сөйлеуге әлі ерте. Ақыл айтып, сынап-мінеп отырғаннан гөрі, бірдеме істеп жібергіміз-ақ келеді. Кейде соған мүмкіндігіміз болмай, қолымыз байланып қалып жатады...

Біз Нұрсұлтан Әбішұлын ерекше жақсы көреміз. Еңбегін бағалап айтудан, жазудан жалыққан емеспін. Жылдар өтіп, жастықтың буы басылып, жасымыз елуден асқан сайын, Ұлт Көшбасшысының шеттегі қазақты көшіріп алудағы орасан зор еңбегіне ішің жылып, жүрегің елжірей түседі екен. Тіпті, кейбір ағайынның оғаш әрекеті мен қисынсыз сөзінен ұялатын, қысылатын сәттер де болады. Отан мен оның әр басшысы біздің арқа сүйер Алатауымыз, қимас досымыз болып сезіледі. Олар сенің адал көңіл, түзеу ниетпен айтқан әр ащы сыныңды жігітше көтере біледі. Мұндайда көңілің асқақтап, жаның жадырап кетеді. Міне, өз мемлекетіңнің қасиеті мен қадыры деген осы болар.

Қысқасы, Нұрсұлтан Әбішұлына екі дүниеде ризамын!

Идеал мемлекет ешбір әлемде жоқ. Бар болса, ол да салыстырмалы дүние. Тіпті, бар деген күннің өзінде, мәңгілік емес, олардың да ағат қадам басатын, түзу жерде сүрінетін, содан ақсайтын тұстары болады. Болып та жатыр. Әр адам өзін біліп, деңгейін бағалап, қабылетіне қарай жұмыс істесе, ертеңгі күніміз тіпті де жақсарып, керемет ел боламыз.

Мемлекет құру, оны айналасымен терезесін теңестіре білу – оңай шаруа емес. Мемлекет құру былай тұрсын, бар мемлекетінен айырылып қалып жатқан халық қанша ма?! Демек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туған халқы үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Қазақтың қолын Ата-бабасы армандаған жағдайға жеткізді. Ешкімнен ашқашан тайынған жоқ! Әлемнің барлық елінің басшыларымен қазағы үшін қасқайып тұрып, сөйлесті, тілін тапты, сөзін өткізді... Ол енді бүгін барлық мақтаулар мен марапатқа лайық!

"Нұрсұлтан Назарбаев!" дегенде, бірінші сөзді Оның Көші-қон саясатынан бастау керек!

Мен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының есімі мен құрметіне жасалып жатқанын игі істердің бәрін дұрыс деп санаймын!

Ал, жетіспей жатқан, жетпей қалған тұстар болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған екінші буын оны толықтыруға, толтыруға міндетті. Енді Нұрсұлтан Назарбаев туралы бір ауыз артық сөз айту керек емес!
Әуелгі сөзімізге оралсақ, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі бар қазақтың қамқоры, тірегі болды. Ал, бүгін Ол – қазақтың айбаты! Бізге биік мінбеде тұрып, "...келіңдер де, айналайын, қазағым, күніңді көріп, байыңдар!"-деді!

Біле-білсек, Нұрсұлтан Әбішұлының сол "Айналайын!" деген бір ауыз сөзінде Күннің нұынан да ыстық жылу бар!

Біздің жаурамай, дірдектемей жүргеніміз сол "Айналайынның" арқасы!

Міне, аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы 80 жасқа толды. Өзі құрған мемлекетінің сыйы мен құрметін өз көзімен көріп, халқының ықыласын сезініп жатыр. Бұл – екінің біріне бұйыра беретін бақыт емес! Бар күшімен күндіз-түні арпалысып қызмет еткен жандарға ғана тиесілі мәртебе. Оның ар жағында туған халқының биік парасаттылығы мен Сарыарқадай кең пейілдігі және кемеңгерлігі жатыр.

Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Тағы қайталап айтам, мен Сізге екі дүниеде ризамын!

Сіз шақырып, жолымызды ашпасаңыз, қазір қайда жүрерімді бір Құдайдың өзі ғана біледі. Сізге сеніп келдік. Сенім артығымен ақталды. Келе алмай жатқан ел үшін, әрине, Сіз кінәлі емессіз! Есікті айқара ашып, заң-жарлығыңызды ерте бастан кемелдеп қойдыңыз. Сіз және Сіздің буын өз қолымен іргетасын берік қалаған "Қазақстан" деген қасиетті мемлекеті бар, енді ол қазақ ешқашан далада қалмайды. Қалдырмаймыз да!

Сізді сексен жасқа толуыңызбен өзімнің және әлемнің әр шалғайында жүрген сол барша қандастарыңыздың атынан шын жүректен құттықтаймын!!
Жамбыл атамның жасына келіңіз!!!

Ауыт Мұқибек
"Nur Otan" партиясының қызметкері,
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.

Abai.kz

57 пікір