Сенбі, 11 Шілде 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 56455. Жазылғандар — 32500. Қайтыс болғандар — 264
Міне, әңгіме! 1433 13 пікір 30 Маусым, 2020 сағат 12:58

«Абай» телеарнасы ашылды

Күні кеше ғана Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ханым өзінің есеп беру жиынында «Абай»телеарнасының ашылатынын хабарлап айтқан еді. Бүгін сол телеарнаның ресми ашылуы өтті. Мәдени-ағарту бағытындағы «Абай» телеарнасының тұсауы кесілді.

Ашылу салтанатына ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлері, Парламент депутаттары қатысты.

«Әлемде қалыптасқан күрделі ахуалға қарамастан 2020 жыл еліміздегі ерекше маңызды оқиғалармен есте қалатындығы анық. Соның бірі - Абайдың 175 жылдығы. Биыл ұлы ақынның мұрасын дәріптеуге арналған ауқымды жұмыстар басталды. Іс-шаралар әлі де жалғасып жатыр. Бұл - барымызды бағалайтын, болашағымызды бағдарлайтын нақты қадам болып отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген қоғамдық сананы қайта түлету ісінің мән-маңызы осында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан« атты мақаласында «ақынның мұрасы бүкіл адамзат баласының рухани азығы« деп лайықты баға берді», - деді Дәурен Абаев өзінің құттықтау сөзінде.

Абайдың атын иемденіп отырған бұл телеарна – мәдени-ағарту бағытындағы бірден-бір арна болмақ.

«Жаңа арнаның «Абай» деп аталуы тегін емес. Біріншіден, мәдени-ағарту бағытындағы жалғыз телеарнаға ұлт руханиятының темірқазығы Абайдың атын беру өте орынды. Өйткені, ұлы ақынның өнегелі жолы әлі талай ғасырға жалғас ады. Екіншіден, жаңа телеарна төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттауды мақсат етеді. Бұл турасында ұлы ойшылдың «Пайда ойлама ар ойла, талап қыл артық білуге», «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан» деген өсиеттерін есте ұстауымыз керек... Ұлы ақын тағы бір сөзінде адам баласын заман өсіреді дейді. Біздің жаңа телеарнамыздың жұмысы да осы қазіргі дәуірдің талабына бейімделеді», - деді Дәурен Абаев.

Ақпарат кеңістігіне «Ақыл ойдың айнасы» деген ұранмен жол тартқан «Abai tv» телеарнасы ұлттық және әлемдік өнер мен мәдениеттің інжу-маржанын, түрлі ұлттардың әдеби және тарихи мұра жауһарларын, спектакль, балет сияқты бекзада өнер түрлерін қалың бұқараға ұсынады.

«Abai tv» арнасының ашылуы қазақ қоғамы үшін үлкен мереке. Өркениетіміз мен мәдениетіміз үшін маңызды арналардың бірі болады деп сенемін. Мәдениет саласындағы азаматтарды телеарнаға өнімдері мен өнерлерін ұсынуға шақырамын» - деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Жаңа телеарна Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылды және қазақстандықтарды ұлы Абай мұрасы, Қазақстанның және бүкіл әлемнің мәдениеті мен өнерінің жетістіктерімен таныстыруға арналады. Осы бағыттағы «Абай жолын бірге оқиық», «Сарасөз» бағдарламалары жарыққа шықты. Одан бөлек, бағдарламалар кестесіне қазақ қаламгерлерінің драмалық шығармаларын талдауға арналған «Үркер», жастардың «Жыр майданы», қазақ музыкасы мәдениеті мен тарихы жайындағы «Музыка Великой степи», спектакльдер мен балет қойылымдарына арналған «Премьеры» бағдарламасы көрерменге жол тартты.

«Осы бір кездің өзінде қиыншылыққа қарамастан, жаңа телеарнаның ашылуы, соған барлық мүмкіндікті жасау игі істердің бірі. Абайдың аты - өте ардақты. Осы арнада қызмет ететін қыз-жігіттердің мойнына өте ауыр жүк артылады. Абай атын иеленгеннен кейін Абайдың әділдігін, ойшылдығын, сөзге деген ерекше ықыласын, ғажайып жырлары мен әндеріндегі нәзіктік пен сұлулықты сақтап, сол биіктен көрініңіздер», - деп, жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалы жаңа арнаға ізгі тілегін білдірді.

Телеарна қазақ және орыс тілдерінде тәулігіне 17 сағат (07:00-ден 00:00-ге дейін) хабар тарататын болады. Арна «Otau TV» ұлттық спутниктік операторы, «Alma TV», «ID TV» кабельдік желілері арқылы таралады. www.abaitv.kz ресми сайты арқылы онлайн көру мүмкіндігі бар.

Abai.kz

13 пікір