Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3169 0 пікір 26 Маусым, 2009 сағат 06:43

«Командалық әдісті» қолдайсыз ба?

Мемлекеттік қызметкерлер арасында қызметке өз тобыңмен келіп, өз тобыңмен кету, яғни «командалық әдіс» төңірегінде әңгіме қозғасаң, суырылып алға шығатындар некен-саяқ. Өйткені «командалық әдіс» қоғамда қолдау таппаса да, оның еркін шектеуді ешкімнің қолға алғысы жоқ. Бір қызығы, біз сөзге тартқандардың барлығы бірдей сыр ашудан сақтанып, «командалық әдісті» «жерден алып, жерге салды». Сөйте тұра, шенеуніктердің қай-қайсысы болсын, мейлі командалық жүйеге тым әуес-ақ. Қашаннан бар мұндай «командалық әдісті» қазір ешкімнен жауып-жасыра алмайсың да. Жалпы, осы «командалық әдістің» қаншалықты керегі бар? Келтірер кесапаты қандай? Бұл жөнінде батыл сөйлеп, ойларын ашық айтқан мына азаматтар былай дейді.

0172

Қыдырәлі Болман, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі:

Мемлекеттік қызметкерлер арасында қызметке өз тобыңмен келіп, өз тобыңмен кету, яғни «командалық әдіс» төңірегінде әңгіме қозғасаң, суырылып алға шығатындар некен-саяқ. Өйткені «командалық әдіс» қоғамда қолдау таппаса да, оның еркін шектеуді ешкімнің қолға алғысы жоқ. Бір қызығы, біз сөзге тартқандардың барлығы бірдей сыр ашудан сақтанып, «командалық әдісті» «жерден алып, жерге салды». Сөйте тұра, шенеуніктердің қай-қайсысы болсын, мейлі командалық жүйеге тым әуес-ақ. Қашаннан бар мұндай «командалық әдісті» қазір ешкімнен жауып-жасыра алмайсың да. Жалпы, осы «командалық әдістің» қаншалықты керегі бар? Келтірер кесапаты қандай? Бұл жөнінде батыл сөйлеп, ойларын ашық айтқан мына азаматтар былай дейді.

0172

Қыдырәлі Болман, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі:

Иә
- «Командалық әдіс» талай пікірталасқа ұшыраған өзекті тақырып болса да, бір шешімі табылмай-ақ қойған құбылыстардың қатарында. Біреу қолдап жатады, біреу тас-талқанын шығарып, сынға алады. Ал мен қолдайтындардың бірімін. Өз басым, бұл әдісті тек игілікті істерге ғана пайдаланып келемін. Әзірге опық жегізген жері болған емес. Оған үрке қарағанымыз артықтау болар деп ойлаймын.
Өздеріңіз білесіздер, мен әуелде Алматы, кейін Астана қалалары әкімшіліктерінің Мәдениет департаменттерін басқардым. Жасыратыны жоқ, қай жерге барсам да мен өзім сенетін, керісінше маған сенетін жандарды бірге ертіп жүрдім. Өйткені мен командамен жүргенді қалаймын. Оның астарында ешқандай арам ойым жоқ. Былайша айтқанда, жеке қажеттілігімді ойлағандықтан емес.

Мен үшін «командалық әдіс» - маған сеніп тапсырылған жұмыстың қарқынын арттырудың бірден бір механизмі дер едім. Тіпті кемшілігін бетіне басып, дауыс көтеруге мәжбүр болсаң да, бұрыннан таныс адам ол қылығыңды көңіліне алмай, ыңғайыңа қарай ығысады. Егер қасыңда сөзіңді екі етпей орындайтын, жұмыс істеу тәсіліңді қолдайтын, соны жақсы меңгерген адамдар жүрсе, бір жағы - ұжымда береке-бірлік орнайды, екінші жағы - уақытты үнемдейсің. Ал уақыт - қымбат. Ешқай басшы бір жерде мәңгі отырмайды. Ертең ауысады. Сонда кім болса да ілкімді іс тындырып үлгеріп, артында өз қолтаңбасын қалдырып кетсем дейді. Осындай сын сәтте бірі оң көзің, бірі сол көзің сияқты, жаныңда тілектес адамдар жүрсе, қолың да ұзара түседі. Әйтпесе, жаңа келген басшы қарамағындағылармен танысып-білісіп, ортақ мүдде қалыптастырамын дегенше, қанша уақыт кетеді.

Кейде тіпті іс-қағаздарының өзі тиянақты тіркелмесе, ол да айтарлықтай жұмыс ырғағын бұзып, ығырыңды шығарады. Осы сынды түрлі кедергілер көп кезіккен жерде проблемалар да қордалана бермек. Сондықтан менің ойымша ең бірінші кезекте «командалық әдістің» санаулы адамдарға тигізер зиянды, зиянды емес жақтарынан бұрын, ең маңызды мәселе - ел мүддесін ойлауымыз керек.

Кейбіреулер «командалық әдіс» жемқорлыққа әкеп тірейтін факторлардың бірі деп ойлайды. Оған мен келіспеймін. Жемқорлыққа бейім адамға жымқырудың жолы да жетерлік.

Сөз соңында айта кетейін, қазір осы әдіске тыйым салу қажеттігі туралы жиі айтылып жатыр, шынымен де солай болса, ол мен үшін соншалықты шешілмейтіндей қиын шаруа емес, жұмысты алға сүйрейтін басқа да амалдарды қарастырған болар едім.

0250

Әлия Мұхамеджанова, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік қызметті модернизациялау орталығының жетекшісі:

Жоқ
- Мен өзім осындай «командалық әдістен» зардап шеккен адаммын. Бұрындары Қызылорда облысындағы әкімшілікте Мұхтар Құл-Мұхаммедтің кеңесшісі болып жұмыс істеген едім. Кейін Ішкі саясат басқармасына басшы етіп тағайындады. Мақтанғаным емес, мен өзіме тапсырылған жұмысты абыроймен орындауға тырыстым. Жаңа идеялар енгізіп, ішкі саясат жұмысын жақсартуда күш-қуатымды аямадым. Атап айтсам, бұрын болмаған сараптамалық, әлеуметтік орталық ашсақ деп ойлап, сол бағытта азды-көпті жұмыстар да істеліне бастаған. Өкінішке қарай, барлық іс-әрекеттерім бос әурешілік болды да, орта жолда тоқтап қалды. Ал кейін Мұхтар Құл-Мұхаммед кетіп, орнына басқа әкім келгенде олар менен құтылауға асықты. Әйтеуір шеттете берді. Сөйтіп, жұмыстан кетуге мәжбүр болдым.

Өткенді еске түсіріп отырғандағы себебім, біреуден кек алып, өзгенің атына кір келтіру емес. Мүмкін, олардың осындай әрекетке баруларына бір себептер болған да шығар. Менің айтқалы отырғаным, командалық әдістің келтірер зиянының көптігі.

Мәселен, әкім кетсе де, жұмыс жалғасып жатты ғой. Қалған азаматтар бұрыннан жұмыс істеп жүргендер. Олардың тәжірибесі бар, жұмыстарын жетік біледі. Олардың барлығын жұмыстан босатып, орындарына жаңа қызметкерлер алғаннан кім не ұтады? Бәрін қайтадан бастауға тура келеді. Олар үйренісіп, жаңа орынға бейімделем дегенше уақыт кетеді емес пе? Басқасын айтпай-ақ қояйын, мәселен, әкімшілікке жүктелер міндет өте зор. «Сен үйреніп ал, мен күте тұрармын» демейді ғой. Сол кейінгі келген команда қалыптасамын дегенше, әкім тағы ауысуы әбден мүмкін. Сонда ол да өз командасын ерте келсе, не болғаны?
Сондықтан да «командалық әдіске» өз басым үзілді-кесілді қарсымын. Менің ойымша, бұған қарсы күрес жүргізбесе болмайды. Анау бір кездері жауапты хатшы қызметі енгізілгенде, министрлер арасында ауыс-түйіс болса да, осындай пайдасынан зияны көп, яғни мемлекеттік қызметшілердің көшпенділердің күйін кешуі сияқты «командалық әдіске» жол бермейді деп қуанған едік, өкінішке қарай, нәтижесін көре алмай отырмыз. Қайсысы болсын мейлі, жаңа басшы өз командасымен жүргенді қалайды. Қалай десек те, бұған тосқауыл қою екіталай. Сондықтан да «командалық әдісті» болдырмаудың мынандай жолын ұсынар едім: басшылар келгенде мейлі саяси командасын ауыстырсын, бірақ әкімшілік жағын қозғамасын. Мен жуырда Германияда болып қайттым. Ол елде мысал үшін, мэриядаға мемлекеттік қызметкерлер зейнеткерлікке шыққанша отырады. Себепсіз жұмыстан шығару мүлде мүмкін емес нәрсе. Оның арты үлкен дауға ұласады.

Түйін
Расул Жұмалы, саясаткер:

- Егер дамыған елдердің тәжірибесіне жүгінетін болсақ, бізде Қазақстандағы сияқты мемлекеттік органдар, ведомстволар басшылары және министрлер жиі ауыспайды. Орта есеппен біздегі министрлер бір жерде 2-2,5 жыл ғана отырады. Үкімет басшылығы да дәл солай. Бұл - мемлекеттік басқарудағы тұрақтылықтың орнықпағандығының белгісі. Бір қалыпты саясаттың жоқтығының көрінісі. Өзге өркениетті елдерде министрлікке келген адам тізгінді 5-7 жылдай ұстайды. Яғни сол саладағы жұмыс бабы, қағидалар өзгеріссіз қалады деген сөз. Өкінішке қарай, біздегі министрлер келе өз ережелерін, өз тәртібін енгізеді. Уақыт аздық еткендіктен, көбіне-көп олар іске аспай қалады.
Жалпы, «командалық әдістің» тиімді де, тиімсіз де жағы бар. Десем де, мен жұмыс жүргізудің бұл әдісіне үзілді-кесілді қарсымын. Өкінішке қарай, соңғы кездері «командалық әдістің» тиімсіз жағы басымдық алып барады. «Командалық әдістің» бірқатар былық-шылықтардың орын алуына әкеп тірейтіні кімге де аян. Соның ішіндегі ең негізгісі - жемқорлық. Қатты кетті демеңіздер, кейбіреулер «командалық әдісті» пайда табудың құралы ретінде пайдаланатыны жасырын емес. Бұған тыйым салмай, елде тәртіп орнату қиынға соғады.

 


Ләззат Бектембекова

«Алаш айнасы» газеті 25 маусым 2009 жыл

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2017
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2435
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2010
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1585