Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Аңыз Абай 3468 5 пікір 12 Маусым, 2020 сағат 13:35

Абай – мәңгілік тәлімгер

Абай өлеңдерін қай жасымнан бастап оқығаным есімде жоқ, ал ақын жайында ерте естідім. Үлкен әкем Смайыл оның шығармаларын жатқа айтып отыратын, әсіресе Алла, имандылық хақындағы өлеңдерін
Алла мінсіз әуелден,пайғамбар хақ,
Мүмін болсаң, үйреніп,сен де ұқсап бақ.
Құран рас, Алланың сөзі дүр ол,
Тәуиіліне жетерлік ғылымың шақ, – деп алып, тамсанып, таңданушы еді. Содан кейін:Дін де осы, шын ойласаң,тағат та осы,
Екі дүние бұл тасдиқ –хақтың досы.
Осыларды бұзатын және үш іс бар:

Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы, – деп және жалғайтын. Біз жаттап алғанша қайталаумен болатын. 

Халқының жүрегіне баяғыда ұялаған осы данышпан туралы республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мақала жазғаннан бері Абай мұрасына қайырылғандар көбейді. Интернет, теле-радио, газет-журнал гу-гу. Ақын өлеңдерін жапатармағай оқи жөнелді. Дұрыс қой, Абайға жақындасаң, ұлтыңа жақындайсың. Түсініп, байыбына барсаң, әрине.

Асылында, Абай даналығы ұлттық идеяға айналуға лайық қой. Халыққа керегі де осы. Тарихқа көз салсақ, кемеңгерлерінің ғибратын мемлекеттің ұстанымы еткен елдер баршылық. Солардың бірі және бірегейі – Қытай.

***

Мен әзірге жарық көрмеген, өткен жылы жазып бітірген «Ұлт. Азамат. Намыс» аталатын публицистикалық зерттеу еңбегімде Қытай императорларының Конфуцийдің тағылымын мемлекеттің саяси-рухани тұғырына қалай айналдырғанын бірқыдыру әңгімеледім. Егер өзін «Аспан асты елі» деп бағзыдан асқақтатқан осы ел бүгінде әлемдегі державаға айналып отырса, бұл – аталған данышпанның ғибратын ұлттық идея ете білгендігінің нәтижесі.

Қытай билеушілері, Мао Цзэдуннан басқасы, Конфуцийдің мына талаптарын әлімсақтан орындаумен келеді.Ғұлама «Парасатты тұлға» деп атаған император төмендегідей бес қасиетке ие болуға тиіс:
1. Адамды сүюге, оның қандай да бір әрекетіне төзімділікпен қарауға, кешіре білуге;
2. Мемлекет пен халық алдындағы парызын жауапкершілікпен орындауға;
3. Өтімді болуға, қытай ғұламаларының уақыт сынынан өткен тағылымды шығармаларын оқып, шежірені жетік білуге;
4. Адал болуға, ала жіпті аттамауға;
5. Ата-анаға, қарияларға құрметпен қарауға.

Сырттай қарағанда қарапайым қағидалар секілді, ал тереңірек бойласаң, мемлекет басындағы тұлға осы бес қасиеттің біреуін жоғалтса, толық мәніндегі парасатты тұлға бола алмайтынын көресің.

Конфуций жіктеп, жіліктеп айтқан бұл ой-талаптар хақында Абай да толғанған. «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» деді. Онымен де шектелмей, адамзатты туған бауырыңдай тұтас сүюге шақырды. «Қиянатшыл болмақты естен кеткіз» деді. «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» деді. Білім, ғылымға үгіттеді. «Пайда ойлама, ар ойла» деді.
Осылардың қайсын алсаң да жеке әлеуметтік-философиялық категория бола алар еді.

«Адамды сүю» ғибратына сәл тоқталайық. Оны қалай түсінеміз? Егер пендені аяу, қадірлеу, қол ұшын беруге даяр тұру дейтін болсақ, тар мағынада қарағанымыз.

Кең мағынада алсақ, қоғамдық, мемлекеттік тұрғыда келсек, адамға құрмет ету, оған қолайлы, жайлы өмір сыйлау. «Парасатты тұлғаның», яғни ел басшысының парызы осы.

Абай мұны кеше ел билеген би-болыс, сұлтандарға айтса, бүгін мемлекеттің төріндегілерге айтып отыр. Тегінде, Конфуцийдің «Парасатты тұлғасы» мен Абайдың «Толық адамы» – егіз ұғым.

Данышпан ақын көзінің алдындағының бәріне бірдей «толық адам» бол деп талап қойып отырған жоқ. Жағалай кемелді болу мүмкін емес. Абайдың көздегені – ат үстіндегі, өз ортасы мен қауымның тағдырына ықпал ете алатын тұлға.

Ал ол қайтсе толық болмақ? «Алашқа іші жау боп, сырты күлмесе, жақынын бірде аңдып, өлсе ескірмесе», «Күш сынасқан күндердің шырқын бұзбаса», «Сәлем – борыш, сөзі – қулық» болмаса, «Сабырсыз, арсыз, еріншек, көрсеқызар, жалмауызданбаса», «Бойда қайрат, ойда көз болса», «Іші залым, сырты абыз болмаса»…

Толық адам хақында ақын шығармаларының бәрінде дерлік пайымдаған. Сондай-ақ дара арнаған шумақтары да бар.
Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, қалыпты,шыдамдылық,
Бұл қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек.

Абай «Толық адам» жайлы осы айтылғандармен шектелмейді. Ондай болғың келсе, аталған қасиеттерге ие бола отырып, өзіңнен-өзің есеп ала біл. Ақын талабы, ақыл талабы осындай.

Кемеңгердің «Он бесінші сөзіне» зер салыңыз. «Егер де, – дейді ойшыл, – есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен-өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің?
Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?».

Осылай жасап жүрміз бе? Қазіргі қазақ қоғамында кереғарлық бар болса, «игі жақсылардың» солай жасай бермейтіндігінің салдары емес пе екен? Мұны кім мойындайды? Оның орнына кемшіліксіз, күнәсіз болмаққа ұмтылып жүрген жоқпыз ба?! Кілең қайраткер, кілең сұңғыла… Жалына қол тигізбейтіндер көбейіп барады. Қайтесің енді, Абайдың мәрттігі мен ашықтығы жоқ болса.
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес, – деген жоқ па еді данагөй.

«Толық адам» болғанның бір белгісі – осы, жаңсақ басса – мойындау, кем-кетігін жасырмау.

***

Ақын шығармаларының ішіндегі мына бір шумақ та арнайы мән беруді қажет етеді.
Жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар,
Жаңа сүйгіш адамзат,көрсе қызар.
Ар мен ұят ойланбай, тән асырап,
Ертеңі жоқ бүгінге болған құмар.
«Тәнін асырағандар» – бұлар кімдер?

Ар-ұятты жиып қойып, халықтың байлығын қылқ-қылқ жұтып жатқандар ма? Абайша айтқанда: «Алса қоймас, араны тағы тоймастар» шығар?

Қарақан басының қамы үшін төрдегілерді төңіректеп, күндіз күнге, түнде айға теңеген жалаңбас жағымпаздар ма? «Өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден ақылман болып жүрген» астамшыл әсіреқызылдар болар?
Өкінішке қарай, XXI ғасырдағы қазақ елінен осылардың бәрі табылады. Бұған дәлел-дерек келтіріп жатудың өзі артық.

Бұдан аңғарғанымыз – «тәнін асырағандар» қолы ұзындардың белгілі бір категориясына айналған. Жеке-дара әлеуметтік топ десе де болады.
Ал мұндай бөлек категория немесе топтың тамырлануы үшін мемлекетте оларға қолайлы саяси-экономикалық ахуал қалыптасуы керек.
Ойланар жердің, қолға алар жердің бірі – осы.

***

Асылында, Абай шығармаларынан ақын мен заманын емес, өзің мен өз ғасырыңды ізде, қазіргі кезің жайлы шындыққа кенелесің. Мәселе, сол тапқан ақиқатыңды ашық айта білуіңде, мойындай білуіңде, түзеле білуіңде. Ақын шығармалары мен өз қоғамыңның тереңіне бойласаң, бүгінгі ғасырдағы сана ғұлама ғасырындағы санадан ұзап кете қоймағанын аңғарасың. Абай сыны, ақын талабы әлі күнге ой салады.

Конфуций де, Абай да астамшылықтың зардабына талай да талай таңғалған. Қытай ғұламасы «Парасатты тұлғаны», яғни императорды осыдан сақтандыра келіп, көзі толық жетпеген ой-байламдарды айтпауға ескерткен. Мәнсіз ой-негізсіз. Негізсіз ой ешқашан да жүзеге аспайды. Жүзеге аспаған соң нәтиже бермейді. Мұндай жағдайда ол өзін қалай ұстауды білмей дағдарады.

Бұған Абай да мән берген. Оны ақынның бір сөзімен айтсақ:
Әділет пен ақылға
Сынатып көрген-білгенін,
Білдірсе алыс-жақынға
Солардың сөйле дегенін.

Тегінде, ел басқарғандардың сөзі де, ісі де анық болуы керек. Бұлыңғыр ой-идея жүре тыңдалады. Халықтың сол елес ой-байламдары жамырасқан тұлғаларға сенімі сұйылады. Бара-бара қоғам жүрісінен жаңылады.

Кешегі жиырмасыншы ғасырда коммунизм идеясы адастырды. Бүгінгі XXI ғасырда түп қазық ететін темірқазық идея туа қойған жоқ. Рухани азық етіп отырған «Мәңгілік ел» идеясының практикалық мән-мазмұнына көпшілік қанық емес, негізінде абстракциялық сипатқа ұғынылады.

Асылында, халық – практик. Оған көзбен көріп, қолмен ұстайтын нәтижелер керек. Идеялар мен олардың жемісінің арасы алшақтамағаны жөн. Әрі кетсе, дауыс жетер жерде тұрсын.

Абай мен Конфуций тәлімінен осыны ұғамыз. Қазақ данышпаны мұнымен де шектелмей, «толық адамды»:
Пайданы көрсең бас ұрып,
Мақтанды іздеп, қайғы алма.
Мініңді ұрлап жасырып,
Майданға түспей бәйге алма, – деп сақтандырады.

Еңбексіз келген пайда мен әсіре мақтан – қайғы екенін ойлап жүрген «игі жақсы» бар ма? Сөздің реті келгендей айта кетейік, Мұса пайғамбар Алла Тағаладан сұрайды:
Пенделердің ең қадірлісі кім?
Қадірлісі – кешірім сұрағаны.
Осылай болғанын кім білген?

***

Дамыған, озған елдердің өсу-өркендеу жолына үңілсеңіз, тарихи тұлғалар мен ғұламаларының даналығын саяси да, рухани да тұғыр ету арқылы жетілгенін көресің. Аристотель, Платон, Сократ, Гегель… Әр ғасыр, әр қоғам өздеріне керегін алып жатыр. Солардың философиялық түйіндері Еуропаның саяси ұстанымына айналған. Либералды демократия кәрі құрлықтың бағын жандырып, ғаламды соған талпындыруда. Ал біз жаһан таныған ғұламаларымыздың маңызын күні бүгінге дейін жоғалтпаған философиялық пайымдарынан не тауып алдық? Мәселен, әл-Фарабиден? Бүгінгі саяси-идеологиялық таңдауымызда оның қай ғибраты негізге алынған? Ешқандай да. Бәлкім мерейтойы өтетін жылы ойланармыз? Абай ғибраттарын рухани дамуды көздеген мемлекеттік тұжырымдарда ескерерміз?!

Қытай болса ежелгі жалпы ұлттық идеяларға деген құрмет пен адалдықтың арқасында үздіксіз өркендеп келеді. Елде және билікте ғұламалар идеяларының сабақтастығы сақталған. Халық даналығын қадірлеген императорлар мен династияларды былай қойғанда, көне атаулыны қырып-жоя келген коммунист-революционерлер де өткенді өгейсіген жоқ.
Сол кезде миллион халқы бар ұлан елдің тағдырын қолында ұстаған коммунист көсемдер, Мао Цзэдуннан өзгесі, дәуірлер даналығын осылай құрметтегенде ежелгі ғұламалардың бір ғибратын ескерген жоқ. Ол көзсіз көсемділік құдайды да ұмыттыратыны туралы шындық еді. Ағылшын тарихшысы Джон Актонның сөзімен айтсақ: «Власть портит людей, а абсолютная власть портит абсолютно» деген ащы ақиқат ұмытылды.
Қытайды жеке-дара билеген Мао Конфуцийге қарсы шайқасты бастады. Осы диктатордың ғұмырбаянын зерттеген публицист Ф.Бурлацкий: – Даңққұмар Мао Цзэдунды Конфуцийдің ақыл-өсиеттері шамдандырды, – дейді.
Конфуцийдің «Лунь Юй» деген еңбегінен ол мынандай жолды оқып еді:
– Адам құрметтелмейтін қоғам құрып, өзіңді данышпанмын деп қалай айтасың;
– Парасатты басшы – парызды, парасатсыз басшы – пайданы ойлайды;
– Халықтың тізесін бүктіресің, бірақ күмәндану мен ойдан айыра алмайсың;
– Елдің сеніміне ие болмаған мемлекет күйрейді;
– Өзі жетілмеген мемлекетті қалай жетілдіреді?!

Мао Конфуцийді үлгі еткендерді «арандатушы» деп айыптады. Ғұламаның еңбектері кітапханалардан сыпырылып алынды. Храмдары тоналып, талқандала бастады.

Осыншама өшігудің тағы бір себебі – ұлттық, мемлекеттік ауқымдағы атақ-мәртебенің бәрі Конфуцийге тиесілі еді. Данышпанына дән риза халық пен императорлар оны әуелі әулиеге теңеді, соңынан тәңірге айналдырды.
Халық осылай көкке көтерген данышпанның атақ-даңқы ұмытылмай, Мао өзінің заңғарлана алмайтынын білген сайын оған қарсы идеологиялық шабуылды күшейтті. Конфуций жайында бір пенде ауыз ашпайтын болды. Ғұлама халық жауы деп жарияланды.

Осыдан соң Мао Цзэдунға «Адамзаттың ұстазы» деген атақ берілді. Ал бұған не дейсің? Конфуций айтқан ғой: «Ақылдың тоқтайтын жері бар, ақымақтыққа шек жоқ». Осындай даңғаза даңққұмарлықтың кеселділігі жайлы Абай да ой қозғаған. «Отыз сегізінші сөзінде»: «Мал, мақтан, ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады. Егер адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады». Мұны көріп те жүрміз, сезіп те жүрміз. Ақын тағылымын тұлғасымақтар ескерсе және деп жүрміз.

***

Конфуцийді Қытай елі қалай қадірлегенін әлімізше айттық. Қазақ халқы да Абайды ардақтаумен келеді. Егер алты алаш данышпан деп түгел таныған екі тұлға болса, бірі – Абай, жалғыз болса, ол да Абай. Бұл – ең мәртебелі баға. Неге десеңіз, адам баласының бәрінен үстем қасиеті – даналық. Конфуцийді «Ұлттың ұлы ұстазы» атандырған – кемеңгерлік. Біз данышпан Абайға осы атақты тели аламыз ба? Бұл сауалға жауап бермес бұрын ұлт жайлы толғанып алған дұрыс шығар. Ұлт, менің ұғымымда, бүгін өмір сүріп жатқан ел ғана емес, жарық дүниеге толқын-толқын келген-кеткен, ғасырларды ғасырларға жалғаған сансыз буын, халықтың жүрегінде мәңгі жасай беретін тұлғалар, дәуірлердің қаны мен сыры сіңген қатпарлы тарих.

Ұлт дегенде осылардың бәрін тұтас сезінеміз. Ал енді осыған кім ұстаз болмақ? Кім одан жоғары тұрмақ? Асылында, даналық – ғибрат, білім. Тәлімгерлікке данышпандық жарасады. Данышпан Абай – тәлімгер, қазақтың бүгінгі, ертеңгі ғасырларының, жарық дүниеге бірінен соң бірі келетін сансыз буынның ғұлама тәлімгері. Мәңгілік тәлімгер. Қытайдың Мао Цзэдуннан кейінгі кезеңі – кемеңгерлік, егер ол халық пен ғасырлардың жүрегіне қылаусыз ұяласа ешқашан өшпейтінін, әр заманда жаңа қырынан танылып, әр дәуірдің қиын түйіндерін шешіп беретін мәңгілік қорғаушы күшке айналғанын дәлелдеді.

Даналық тағылымына адал Дэн Сяопин жоқтан бар жасады. Ол құрған Қытай социализмін Еуропа саясатшылары бірде «Конфуций социализмі», енді бірде «Конфуций капитализмі» деп атайды. Маоның тұсында үзіліп қалған ғасырлар даналығының сабақтастығы осылай қайта жалғанды.
Біз қазақ кемеңгерлерінің ғибраты үйлесім тапқан қоғам құра алдық па? Осы сауалға жауап іздегендер: «Ұлттық идея керек» дейді. Ұлттық идеяның негізін Абай даналығынан тауып алсақ – ғанибет.

Алдан Смайыл,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар