Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Абай мұрасы 7381 18 пікір 10 Маусым, 2020 сағат 11:16

Хакім Абай ұстанған жол – сопылық! 

(Абайдың «Тасдиқ» трактаты жайында бірер сөз)

Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер, ой алыбы. Осылай жар салудамыз. Бірақ... ой-танымдары тамырына тереңірек үңілуге құлқымыз жоқтың қасы. Кемеңгердің кемеңгерлігі кәне деп бәйгеге түсу түгілі, «өсиеттері ескірді», немесе «Абайда философиялық трактат жоқ!» деп қойып қалуға әзір жүрміз. Құдай куә, Абайда философиялық-теологиялық ғажайып трактат бар. Ол –  «Ғақлиқат тасдиқат» (қысқаша –«Тасдиқ») атты қолжазба кітабы. Онда өлеңдері мен прозасында тарыдай шашыраған ой-таным маржандары бір философиялық діңгекке тізілген. Көкбай: «Абайдың жалпы діни өсиеттері мен негізгі діни пікірлері қарасөзінің ішіндегі «Ғақлиқат тасдиқат» деген сөзінде толық айтылған. ...Өлеңмен үгіт қылып айтатын адамшылық жолы, құдайшылық жолы болсын, барлығы да сол сөзіне келіп қорытылған сияқты» (Абай туралы естеліктер. – Алматы, 2018. – 212 бет), – деп біліп айтқан.  Халыққа ауадай қажет рух азығы – осы еңбекте. Тап осы философиялық трактат – шынайы ұлттық брендіміз. Оның қадірін біліп, атауын қайтарып, терең зерттеп-зерделеу қажет. Онсыз «Абайды танып болдық па?» деген сұрақ күн тәртібінен түспек емес! 

Амал қанша, айтулы қорытынды дүние әлі күнге «38-ші қара сөз» деген лақап атпен келеді. 1933 жылғы тұңғыш толық жинақта бас абайтанушы Мұхтар Әуезов ғылыми еңбектің атын   өзгертіп, оны өзге қара сөздер арасына тықпалады. Неге? Себебі, «Тасдиқ» – Құдайды тануға бағытталған таза теологиялық трактат. Қылышынан қан тамған қаһарлы уақытта оны аман сақтап қалуға өзге айла жоқтын! Хош, тәуелсіз ел болдық. Қара таңбадан арылдық па? Қайдағы? Сөз көп, құяң қимыл, тасбақа жүріс, сол баяғы «әй-қап!»... «Абайдың жұмбағы, кәмәлаты – мұсылмандық Шығыста», сондай-ақ:  «...Ислам философиясына үңілмей Абай көзқарастарын талдау өте қиын шаруа» деп айтылды да, қалды. Кешегі советтік шаблон, цензура трафареті титтей де өзгерген жоқ. Абай кемелдікке шақырған толық адам, үш сүю  ілімдері қараусыз жатты. Қажетсінбедік. Енді келіп, апырай, мынадай соқыр, мылқау, ұлтсыз, рухсыз хәлге қалай душар болдық? Еркіндік алған соң алға қарыштамай, кері кеткеніміз несі?» деп аң-таң болуға ешқандай қисын жоқ.

Сонымен, Абай рухына жақындай алмадық. Оның себептері көп. Тәуелсіздік таңында дін мен діншіні айыра алмаған қилы ахуалды еске алып, сонда адасқандықтың бірі – суфизмді терістегендікті айтсақ та жеткілікті. 

Суфизм – Құдайға ғашықтық  ілімі. Сопылық жол – Құдайға ұласу, онымен қауышу жолы. Мұны жоққа шығару мүмкін емес. Гете, Толстой бастатқан ұлылар легі мойындаған, дүниежүзілік мәдениет пен әдебиет сусындаған мұсылмандық Шығыс несімен құдіретті еді? Тап осы суфистік таныммен! Ол туннельдің соңынан жылт-жылт еткен жарық сәуледей  күллі әлемдік қауымдастық көшіне бағдар берді. Бірақ келе-келе, затшылық көзді байлады. Рух жеңілді. Хакім Абай жантану, толық адам, үш сүю ілімдері іргесіне қалаған суфистік философия осылайша шетке ығысты. Мұның арты өркениет тығырығына әкеп соқты. Көзіміз күнде көретін қазіргі ақиқат осы. 

Бұлайша алыстан сермегенім жайдан жай емес, Абайда «Тасдиқ» атты аса күрделі трактат бар дедік, соның мазмұнын сөз етпекпін, оған қоса, «толық адам» тұжырымының суфизм ілімімен байланысы деген мәселеге жұртшылық назарын аудармақпын. 

Абайдың айтылмыш қолжазба кітабы Мүрсейіт көшірмелерінде «Китаб Тасдиқ» деген атпен сақталып, тәубә дейік, аман жетті. Зейін қойып оқысақ, көреміз, қолжазба кітап кіріспе сөзден һәм үш бөлімнен (Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, жақсы-жаманды айырмақлық) құралған.   

Трактат үш бөлімді болуы заңдылық, тегінде. Себебі,  адамның Алланы тануы мен өзін тануы –  «жантану» ілімі саналмақ. Осы жантану ілімінің тәжірибелік жағы бар. Батыс философиясы оған – «этика, мораль», ислам «ахлақ» ілімі деп ат қойған. Мінеки, Абай  «жақсы менен жаманды айырмақлық» деп осынау этика, әдеп ілімін айтып отыр. 

Сөйтіп, «Тасдиқ» трактаты жеңіл-желпі тақырыптан мүлдем ада. Оның өзегі – Батыс әлемі «мистика» деп өгейсіткен, шеттеткен «жантану» ілімі. Сондықтан аталмыш ілім осы заман талабына сай жаңғыруына, жаңа сапада қалыптасуына сүбелі үлес қосқан Абай трактаты таяу келешекте адамзаттық философия қорынан орнын ойып алуға тиісті деп ойлаймын.  

Енді үш бөлімнің әрбірінің ерекшелігіне көз салайық. 

Бірінші бөлім, «Алла тағаланы танымақтық»  – Құдайды тану өрісіндегі зор ізденістер нәтижесінде Абай теологияны жаңа сатыға көтерген. Бұл, әсте, асырып айтқандық емес. Сенсеңіз, Алла тағаланың сегіз сипатынан тек екеуі ғана (Ғылым және Құдірет) қозғаушы, әрі һәммаға харекет беруші деп тұңғыш рет дәлелденген. Бұл – әлемдік жаңалық! Әлімсақтан  адамшылық тәрбие тамыры – құдайшылықта. Жаратушыны танымай тұрып, оны жаннан тәтті сүймектік бекер. Сол сияқты қорқу да мүмкін емес. Сондықтан ғылыми еңбекте Құдай мен адамның арақатынасы, Хақ жолы дейтін мәңгі мәселе терең екшеліп, түптеп анықталған. Осы айтылғандар «Тасдиқ»-тың бірінші бөлімінің жаңашылдық сипатын сезінуге жеткілікті шығар. 

 Екінші бөлім, «Өзін танымақтық» – адамның өзін тануға арналған ілім. Жан бар, ол жойылмайды, осыған илан! Міне, өзін өзі тану ілімінің түйінді нүктесі осы. Кей-кейде «жақсы адам» мен «толық адам» ұғымдары бір деп  естіліп қалады. Бұл қателік. Қоғамда жақсы адамдар көп, бірақ, оларды Хақ жолына түскен, тазару жолына қадам басқан деуге келмейді. Хақ жолында болу шарты – өзіңнің «жан» екеніңе кәміл сену және қайрат, ақыл, жүректі бірдей ұстау. Абай тек осындай таңдаулы жандарға ғана «толық адам» деп ат қойған. «Бұл айтылмыш үш хасләттің иелерінің алды – пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң – хакімдер, ең ақыры – кәміл мұсылмандар» деп ескертуі осының дәлелі. Құдайға ғашық – осы төрт топ өкілдері ғана. Олар өздерін «жан» деп біледі, сол себепті жан иесі – Құдайға ғашық. «Кәміл мұсылман» тіркесінде «кәміл» сөзі де осы мәнде. 

Адам мәні – тәнінде емес, жанында. Даналықтың мәнісі – ішкі дүние тазалығы. Ар ойла, ал пайда, мақтаннан шошы! Малды есектің артын жуып тапсаң да, адал, әділ, ақжүрек (бұл сөздердің шығу төркіні бір) бол! Осы идеясы негізделген «Өзін танымақтық» бөлімін Абай: «Енді білдіңіздер, ей, перзенттер! Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (шексіз) болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол – таза мұсылман, толық адам делінеді» деп қорытады. 

Сөйтіп, екінші бөлімде Абай ашқан жаңалық – «толық адам» идеалы. Кемеңгердің осы бағыттағы ғылыми ізденісі суфизмді, кең мағынасында шығыс философиясын бүгінгі технологиялық заман сұранысына сай жаңғыртуға жол ашқанын айта отырайық.  

Негізгі екі бөлімге жалғасқан үшінші бөлім – қосымша, онда  ахлақ (этика) қағидалары, яғни жақсы менен жаманды айыру тақырыбы қамтылған (жан тілеуін тән тілеуінен айыра біл деп үйретеді Абай). Алдыңғылар жантану ілімінің теориялық негіздері болса, соңғы бөлім – этика, яғни аталмыш ілімнің тәжірибелік жағы деп біліңіз.    

Сөз басында «Тасдиқ» трактаты – әлем ойының алыбы Абайдың қорытынды шығармасы дегенбіз. Әуелі оның мазмұны мен құрылымын анықтап алу маңызды. Алғаш рет трактатты үшке жіліктеп, осы үш бөлімге ат қойып, баяндап отырған жайымыз бар.  

Трактат шешуін берген әлемдік мәселе көп. Соның бірі – «толық адам» тұжырымы мен суфизм ілімі арасы байланысын сараптауға көшейік.

Неге екенін қайдам, өз ырқымыз өзімізге тиген жылдары сопылық десе үркектеп, ат-тонды ала қаштық. Суфизмді қазақ топырағына әкеп, баптаған Яссауи, сол сияқты Абай, Шәкәрім мұралары философиялық қырынан зерттеліп-зерделенбеді. Имансыздық жайлап, былыққа баттық. Жалпы жаһандық өркениет туралы да осыны айтамыз. Батыс жағалауы қайсы, Шығысың қайсы? Айнала тастүнек тығырық. Жан азығын күйттемегендік ақыры осыған әкелді. Рухани өркениет әл-Фарабидің трактаттары, Яссауидің «Диуани хикметі», имам әл-Ғазалидің «кәміл адам» теориясы таралып, дәруіштік қозғалыс қарқын алғанда өрлеп, тұтынушылық жеңген тұста төмен қарай құлдыраған болатын. Бүгінгі Жаратушының сынағы – пандемия жұмыр басты пендеге осы трансформацияны еске салатындай. 

Философияда «теология», ислам әлемінде «мағрифатулла» делінетін «Алла тағаланы танымақтық» іліміне келейік. 1895жылғы «Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңінде:

Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі,
Өзіне құмар қылған Оның әмірі, – дейтін Абай, осы теология ілімін «Тасдиқ» трактаты кіріспесінде келтірген ғылым классификациясында да маңдай алдыға қояды. Біле білсек,  Аллаға жақындау, Құдайға ғашықтық – сопылықтың басты ұстанымы. Исламда тариқат – жүректі тазарту жолы делінсе, Абай да оны: «Құдай тағаланың жолына  жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам» деп бекітеді. Қай қырынан келсек те, Абайдың «толық адам» тұжырымы мен суфистік «кемел адам» ілімі арасында қайшылық жоқ. Тек қана бір сағада тоғысқан, бір-біріне кіріге өрілген келісім мен үйлесім. Олай болмағы, құдайшылық пен адамшылық тәрбие – екеуіне де ортақ алтын желі.  

Бірақ, Абайдың суфизмге көзқарасы даулы, әзірге ғылыми ортада шешімін таппай келеді. Екінің бірі ойшыл сопылық бағытты сынаған деген пікірін алдымызға тартары сөзсіз. Бұл қалай? Осы мәселеге тоқталайық.   

Абай жарықтық: «Пенделіктің кәмәлаты әулиелікпен болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып «һу» деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді?...», – деп келеді де, трактат соңында: «Құдай тағала жолына жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол – таза мұсылман, толық адам делінеді» деп тұжырады. Қайшылық па – қайшылық!

Мәселе сонда, Абай дін жолын емес, дінші кісілерді сынаған. Қырына алатыны да, мінеп-шенейтіні де – дүмшелік. Ендеше айыпты Абайдан емес, ойшыл ойының тереңінебойлай алмаған өзімізден іздеген жөн болар.          

Өзіңіз де ойлаңыз, дүниеден суыну (тәркі дүние) мен нәпсіден суыну (нәпсіні фида қылу) бір нәрсе ме? Жоқ, олар қайта антогонистік ұғымдар. Хакім Абай «дүниеден суын, оны тәркі ет!» деуден аулақ. Оған: «Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды?...», – дегені айдай айғақ. Бұл аздай, дүние (ғұмыр да) – адамға «рахатын көрмегіне бола жаратқан» Алланың  сыйы, берген нығметі деп ескертеді.  Осынау ғажайып сыйға «суық көзбен қарап, ескерусіз  тастап  кетпек ақылға, әдепке, ынсапқа дұрыс па?» дейді. 

Абайша пенделіктің кәмәлаттығы – дүниеден суынуға я байлықтан қашуға тіреліп тұрған жоқ. Дәлелге ойшыл үш сахабаны атап айтып, «үшеуі де үлкен байлар еді» дейді. Иә, тәркі дүниелікті таңдағандар да баршылық.  Бірақ оларға әулиелік неге керек, тариқатқа не үшін кірген? Оларға керегі – жұртшылықты жамандықтан жирентіп, жақсылыққа бұру.  Қандай амал етсе де, көздегені – махаббат қылу. Мұны Абай: «...Мен жаныммен ұрыс қылғанда, халық ең болмаса нәпсісімен ұрыс қылып, ...нәпсіден суынып, ғадаләт, мархамат, махаббатына бір қарар болар ма екен деген үмітпенен болса керек» деп ұқтырған. Көрдіңіз бе, шын әулиеліктің табиғаты мен серті жұртқа махаббат қылуға саяды.    

Абай білім жинап тер төкпей-ақ, онан бөлек, ешкімге жаны ашып, жәрдем қылмай-ақ «әулие болдық», мейлі, «тариқатқа кірдік» деу адасқандық дейді. Шын сопылық – «жұртқа қылған артық махаббаттан хисап». Жалған сопылық пайда, мақтаннан – «басына һәм бір өзіне өзгешелік бермектен» тумақ. Бұрынғы және кейінгі сопылар арасындағы принциптік айырым осы.

Хакім Абай мен суфизм арақатынасын тексеруден түйеріміз: арада айта қаларлық қайшылық болмаған, болуы да мүмкін емес. Абай исламның жүрегі – суфизмді емес, оның ішін көрмей, тек порымын таныған діншілдікті сынаған. Бұл жәйтті анықтау өзектілігін жоғалтқан жоқ. Жалпы Абайдың дінге деген көзқарасы таптырмас антивирус. Сол арқылы шетін (радикалды) көзқарас,  фанатизм көріністеріне, сондай-ақ, уахабистік ағымға мықтап тосқауыл қоюға мүмкіндік туады. 

Сопылық, екінші аты тариқат – тек тазалықтың ғана емес, ғылымның да сара жолы (ислам ғұламалары тегіс осы ортадан шықты).  Себебі, құдайшыл кісінің рухы оянып, дүние көрінген, көрінбеген сырын білуге –  зор білім иесі болуға ұмтылмақ. Айта өтері, өмірде ең толымды мақсат – Құдайға махаббат қылу дейді Абай. Осы сатыға жеткендіктің белгісі – адамзаттың бәрін сүю. Кәне, ол үшін не істеу керек? Оған Абайдың берер жауабы: «Бауырым» деп және «Хақ жолы осы» деп сүй! Бұл, әрине, өз алдына бөлек арналы тақырып, оны екшеп, талдауды келесі мақаламызда жалғастырмақпыз.

Қорытынды: Өздеріңіз де куәсіздер, Абайдың ұстанғаны –  сопылық таным деген пайымды нықтауға талпындық. Мына материалдық көкжиекте асқар таудың күнмен шағылысқан ұшар басынан биік ештеңе де жоқ. Сол сияқты руханият әлемінде суфистік философия адамзат ақыл-ойының бұлт қона алмас шыңы екені сөзсіз. Осыны мойындайтын болсақ, адам баласы дамуының, ішкі дүниесі өзгеруінің айнасы сияқты кемел туынды «Тасдиқты» танып-білуге, ондағы күрделі мәселенің бірі –  «толық адам» идеалының қыр-сырын түсінуге есіктің айқара ашыларына сеніміміз кәміл. 

Асан Омаров,

зерттеуші

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1996
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2419
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1974
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1576