Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2920 0 пікір 8 Қараша, 2011 сағат 06:42

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ: Әр қазақ баласына ана тілінде тәрбие мен білім бермейінше, тіл мәселесі түбегейлі шешімін таппайды

- Шерубай Құрманбайұлы, әуелгі сауалды «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік тіл саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының мәселесімен бастасақ. Осы жазда ғана қолға алынған жобаның жұмыс мәтіні жұртшылыққа жария болып, бірі жақтап, бірі қарсы болған, қоғамды біршама дүрліктірген құжаттың бүгінгі  тағдыры нешік?

- Шерубай Құрманбайұлы, әуелгі сауалды «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік тіл саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының мәселесімен бастасақ. Осы жазда ғана қолға алынған жобаның жұмыс мәтіні жұртшылыққа жария болып, бірі жақтап, бірі қарсы болған, қоғамды біршама дүрліктірген құжаттың бүгінгі  тағдыры нешік?

- Биыл - тілдерді дамытудың алдағы онжылдық кезеңіне арналған бағдарламаға қол қойылған жыл. Ендеше, осы жылдан бастап біз тіл саясатын дамытудың тағы бір кезеңіне қадам жасап отырмыз. Ал осы бағдарлама аясында қолға алынған заң жобасына келетін болсақ, оны әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы, тіл мәселесінің біздің елімізде ешкімді немқұ­райды қалдырмайтын нәзік те өткір мәселе екендігі анық. Сондықтан да бүкіл қоғам­ның назары ауып отырған мәселені жан-жақты қарастырып, ел мүддесіне нұқсан келтірмейтін әрі мемлекеттік тіл қолданысын қамтамасыз етудің тиімді тетігі бола алатын заң жобасын дайындау өте маңызды. Бұл  - үлкен жауапкершілік. Бүгінгі таңда заң жобасы шеңберінде қоғам тарапынан көтерілген барлық ұсыныс жинақталып, қорытылып жатыр. Ел үшін маңызы зор істің жауапкершілігі де өте үлкен. Сондықтан алдымызда заңшығарушылық тұрғыдан да, қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыру тұрғысынан да ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Сонымен қатар тіл мәселесіне келгенде асығуға да, кешігуге де болмайтынын жақсы түсінеміз. Соған орай, жұмысымыз уақтылы әрі өз ретімен жүріп жатыр. Заң, жобасына қатысты ұсыныстарымен қоса сын пікірлер айтып жүрген азаматтар да жұмысқа тартылып отыр. Алда заң жобасы пысықталып, жан-жақты сараптамадан өткі­зіледі.

- Заң жобасын әзірлеу жұмысы­на қоғамға белгілі азаматтардан кімдер тартылды? Әсіресе жұмыс тобында тіл төңірегінде салмақты ұсыныс жасағандар бар ма?

- Жұмыс тобында Ғарифолла Есім, Сәрсенбай Еңсегенов,Уәлихан Қалижан, Розақұл Халмұрадов сияқты Сенат пен Мәжі­ліс депутаттары, Төлен Әбдік, Дос Кө­шім секілді тіл саясатына көптен бері бел­сене араласып жүрген азаматтар, басқа да қоғамдық ұйым өкілдері болды. Одан кейін­гі кезеңде Мәдениет министрлігі жа­нынан тіл мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес құру бастамасы көтерілді. Оның құ­ра­мына Мырзатай Жолдасбеков, Амангелді Айталы, Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Әзімбай Ғали, Айдос Са­рым секілді көптеген елге танымал азамат­тар, тіл жанашырлары, Парламент депутат­тары, тіл ғылымы саласының ғалымдары, сондай‑ақ ұлттық-мәдени орталықтар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері енгізіліп отыр. Тіл мәселесіне қатысты ұстанымдары сәйкес келе бермейтін, бір‑біріне кереғар пікірлер айтып жүрген азаматтар осы кеңес құрамында жұмыс істеуге шақырылды. Бір сөзбен айтқанда, тілдің өзекті мәселелерін, оның заңнамалық базасын жетілдіруге арналған ашық пікірталас алаңы құрылады, сол арқылы ортақ мәмілеге қадам жасайтын боламыз. Қазіргі күні Қоғамдық кеңес мүше­лерінің келісімі алынып, ережелері дайындалды. Ол бекіген соң, жуырда кеңес өз жұмысын бастайтын болады.

- Соңғы уақытта тіл үшін, тілдік орта үшін текетірес күшейіп тұр.  Мұны немен түсіндірер едіңіз? Әсіресе Тәуелсіздіктің 20 жылды­ғын­да тіл мәселесіне қатысты үдере қарсы шығудың себебіне не айтасыз?

- Ашық қоғамда пікір алуандығына еш шектеу болмауы шарт. Мейлі ол интернет желісі болсын, мейлі БАҚ арқылы болсын кез келген адам өзінің пікірін білдіруге құқылы. Әйтсе де басқа есімді бүркеніп алып, тасадан тас ату, араға от тұтату секілді теріс пиғылдың шылауында кетпегеніміз абзал. Ғаламтордағы ұлттық құндылықтар­ға, тілдің мәртебесіне қатысты кейбір аран­датушы пікірлерді бүгінгі тілдік ахуал­дың нақты көрінісі деп қабылдауға болмайды. Дәл бүгін қазақстандықтардың басым көпшілігінің мемлекеттік тілдің Ата Заңда белгіленген мәртебесін мойындайтынын, оның болашағына сенетінін, құрметтейтінін, оны түрлі деңгейде меңгергендігін баса айтуымыз керек. Мемлекеттік тілдің еліміз­дің бүкіл халқының басын біріктіретін басты фактор екендігін әр азаматтың санасына сіңіру міндет.

Ал, жалпы, қазақ тілінің бүгінгі ахуалына келетін болсақ, біз бір шындықтың бетіне тура қарауымыз және оны ашық айтуымыз керек. Ол: бір кездері кең тараған, қоғам­дық өмірдің сан түрлі саласындағы қолда­нысы қалыптасқан, ұзақ уақыт бойы үстем­дікке ие болған қандай да болсын тіл оңай­шылықпен ығысып, өзінің орнын басқа бір тілге бере қоймайды. Сіз айтып отырған текетірестің ар жағында біздің әсіресе соңғы жетпіс жылдық тарихымыз, соның негізінде қалыптасқан бүгінгі өмір шындығы тұр. Мұны еш жасыра алмаймыз. Біз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында елеулі жетістіктерге жеткенімізді айтуға тиіспіз. Сонымен қатар қазақтың өзі ұл-қызына жаппай қазақша білім мен тәрбие беріп, бүкіл халық болып бір-бірімен ана тілінде сөйлесетін ұлт деңгейіне әлі көтеріле алған жоқпыз. Бұл  - біздің үлкен кемшілігіміз. Оны мойындаған лазым. Мұны біздің ұлттық санамыздың қазіргі деңгейінің көр­сеткіші десек те болады. Ұлтының тарихын құрметтеп, мәдениеті мен әдебиетін бойы­на сіңіріп, өнерінен сусындап, салт-дәстүрін ұстанып, ана тілінде сөйлемейтін халықтың ұлттық санасы да өспейді. «Батпандап кір­ген дерт мысқалдап шығады» деген - осы. Әйтсе де өткенді қаралай бергенмен, іс оңға баспайды. Біз бір нәрсені білуіміз ке­рек. Ол мынау: мемлекеттік тілдің қолданы­сын қалыптастырудың ядросы да, тілдік ортаны қалыптастырудың негізі де, іргетасы да - қазақ. Сондықтан әрбір отбасы, қалың қазақ баласын қазақша тәрбиелеп, қазақ­ша оқытпайынша, бір-бірімен қазақша сөйлесетін күнге жетпейінше, қазақ тілінің мәселесі түбегейлі шешімін таппайды. Өздері сөйлемейтін, баласын оқытпайтын, кәсіби қызметінде қолданбайтын жұрттың тілін өзгелер не үшін үйренуі керек? Басқа­сын айтпағанда, осыны түсіну үшін көп ақыл керек деп ойламаймын. Сондықтан да ашып айтайық: қазақтың өзі өзге отан­дастарымызға мемлекеттік тілді меңгеру мен қолданудың үлгісін көрсете алмай отыр. Мемлекеттік тілді меңгерген орыс, неміс, украин, кәріс ұлтының өкілдерін көр­генде кәдімгідей қуанып, ал мектепте орысша оқып, көшеде, қоғамдық орын­дарда бірі-бірімен, ата-анасымен өз тілінде сөйлесетін қазақтың жастарын көргенде жүрегің қан жылайды. Намыстан кірерге жер таппайсың. Осыған кім кінәлі? Бала­мыз­ды ата дәстүрімен тәрбиелеп, қазақша тілін шығару үшін, оқыту үшін әр қазаққа жеке-жеке заң шығарып беруіміз керек пе? Біз кінәні үнемі сырттан іздеуге бейім тұрамыз. Өзіміздің ішімізге үңіліп, мінімізді көргіміз келмейді. Абайша айтқанда: «Міні­мізді ұрлап, жасырып қалай бәйге алмақпыз?» Тәуелсіздік тұсында баламызды тек өз тілімізде оқытсақ, кім қолымыздан қағып, бір-бірімізбен қазақша сөйлессек, кім біздің тілімізді байлап қойды? Басынан таяқ тиген адам есеңгіреп, мәңгіріп жүре бермей, бір уақыттарда есін жиып, өзіне-өзі келетін секілді еді. Біздің өз-өзімізге келуіміз баяу жүріп жатқан сыңайлы. Соған қарағанда, отарлаудың таяғы қазақты оңдырмаған-ау деп қаласың. Егер біз өзі­міз­ді-өзіміз алдамай, шынымен-ақ тілі­міздің көсегесін көгертеміз десек - барша қазақ баласын үйде, балабақшада қазақша тәрбиелеп, қазақ мектебінде оқытуымыз керек. Өзіміз бір-бірімізбен қазақша сөйле­сіп, тілімізді кәсіби қызметімізде қолданып, оны құрметтеудің үлгісін, ең алдымен, өзіміз көрсетуіміз қажет. Сонда мемлекеттік тілді өзге отандастарымыз да құрметтейді, біздің төңірегімізге топтасады. Мемлекеттік тіл бүкіл қазақстандықтардың басын біріктіретін тілге айналады. Бұл біздің мем­лекеттік саясатымыздың, тіл саяса­ты­ның, білім саясатының басты бағыты, өзегі болуға тиіс. Осыны жүзеге асырсақ, мәселе шешімін табады. Ал олай ете алмасақ, ешкімге өкпелеудің қажеті жоқ.

- Баяғы әңгіме, баяғы проблема Тәуелсіздіктен бері айтылып келеді десем артық емес шығар. Сонда қай бағытқа көңіл бөлінбей жүр?

- Тіл мәселесіне келгенде Тәуелсіздік жылдарында қай салада да атқарылған игі істер, ілгерілеушіліктер болғанын айтуға тиіспіз. Жүздеген қазақ балбақшалары мен мектептері ашылды. Олардың саны жыл­дан-жылға өсіп жатыр. Міне, мұны нақты атқарылып жатқан іс деуге болады. Тіл мәселелерін шешуде біз әлі сол баяғы 90-жылдардағы орнымызда қозғалмай тұрған жоқпыз. Елдегі тілдік ахуал көп өзгерді, ал­да­ғы уақытта бұл оң үрдіс жаңа қарқынмен жалғаса береді. Жалпы, елдің тілдік ортаны қалыптастырудың негізгі тетігі, өзегі болып саналатын салалар бар. Солардың ішінде тілдік ортаны қалыптастыруда білім беру жүйесі басты рөл атқарады. Бүкіл әлемде тілдік жоспарлау кезінде бұл салаға кез келген мемлекет айрықша мән береді. Бізде де солай.  Елбасының Жарлығымен бекітілген тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасында мектепке ерекше мән беріліп, 2020 жылы мектеп түлектерінің 100 пайызы   мемлекеттік тілді меңгеруі көзделгені де сондықтан. Біз осыны қалай да қамтамасыз етуіміз керек. Балаларға орыс, ағылшын, қытай, жапон т.б. шет тілдерін үйреткеніміз дұрыс. Бірақ бұл тілдер қазақ балаларының тәрбие мен білім алатын тілі болмауы қажет. Шет тіл­дері олардың таным көкжиегін кеңейтетін, ақпарат алу мүмкіндігін арттыратын, әлем­дік ғылым мен мәдениеттің жетістіктерін игеруге қажетті құралы екендігін алдымен өзіміз ұқпасақ, онда баладан не күтеміз? Басқасын айтпағанда, қазақ балаларын жаппай қазақша оқытуға бүгін-ертең көшпесек, алдағы 20 жылдан кейін де қазақ тілінде іс жүргізе білмейтін, өз тілінде кәсіби қызметін атқара алмайтын, тілімізді ғылым мен білім беруге, ел басқаруға мүм­кіндігі жетпейтіндей көретін ұрпақ өсіріп алып, солармен күресіп жүруіміз мүмкін. Міне, сондықтан да бүгінгі ұрпақтың тәрбие мен білім алатын тіліне айрықша мән бермесек, қазақ тілінің болашақта да білім мен ғылымның, экономика мен ақпараттық технологиялар тіліне айналуына берік негіз қаланбайды.

- Дегенмен тіл саясатына қыруар қаржы бөлінеді. Әсіресе қашанға дейін орта, жоғары білімі бар ересек азаматтарымыздың тіл үйренуіне қаржы бөле беруіміз керек?

- Бүгін біз мемлекеттік бюджет қазы­насынан қаражат бөліп, мемлекеттік тілді ересек азаматтарымызға оқытып жатыр­мыз. Мұны бүгінгі шынайы тілдік ахуалға орай, азаматтарымыздың мемлекеттік тіл мен өзге де тілдерді меңгеруіне жасалып отырған мемлекеттік қамқорлық деп ұққан дұрыс болар. Сонымен қатар балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында да тілді меңгеруге арнайы сағаттар бөлініп, қаржы жұмсалып отырғанын ұмытпауымыз керек. Балабақшада үш-төрт жыл, он бір жыл мектепте, одан кейін университетте бес-алты жыл, яғни бас-аяғы 15-20 жыл оқы­ған адам  елінің мемлекеттік тілін және кем дегенде бір шет тілін меңгеріп шығуы тиіс қой. Ал бізде табақтай дипломы бар кейбір қызметкерлердің тіл үйренудің бастауыш тобына келіп отыратындығын көруге болады. Сонда ол мектепте, университетте не оқыған? Ағылшын тілінің қажеттілігіне орай, жұрт өз қалтасынан қаражат шығын­дап оқитыны секілді мемлекеттік тілге де сондай қажеттілік болса дейсің. Ал бір мақсатқа қайта-қайта бюджет қаражатын шашпау үшін біздің азаматтарымыз өз мүмкіндіктерін пайдаланып, балабақшадан бастап білім берудің барлық сатысында мемлекеттік тілді оқып-үйренуге ерекше көңіл бөлуі тиіс. Қазақстандағы кез келген маман қолына дипломын алғанда мемле­кеттік тілді де меңгеріп шығу қажеттігін олар­дың санасына сіңіру өте маңызды. Әрбір ата-ана, ұстаз, мектеп, жалпы, бүкіл қоғам болып балалардың санасына мұны сіңіруге міндеттіміз. Сонда ғана қазақ тілі шын мәніндегі қазақстандықтардың басын біріктіретін факторға айналады. Біз Англия, Ресей немесе басқа бір ел үшін маман дайындап жатқан жоқпыз ғой. Қазақстан үшін, қазақ еліне қызмет етсін деп маман даярлаймыз.  Мұндай жауапты істі тек білім саласы қызметкерлерінің міндеті деп қарау аз, мұның ар жағында елдік мүдде тұрғанын әр азамат сезінсе екен дейміз. 

- Тілге қажеттіліктің өзі қазір үлкен дау тудырды емес пе? Мәселен, 1997 жылы қа­был­данған Тіл за­ңына сәйкес мемлекеттік тіл­ді білуі міндетті түрде талап етілетін қызмет­керлер тізбесін бекіту жұмы­сы 2002 жылға дейін жүргізілуі тиіс бо­латын. Анық көрсетілсе де, осы талап әлі күнге шегеріліп келеді. Сонымен бірге қоғамның тілге деген қа­жет­тілігі де ысырылып келгенін байқаймыз. Ал тоғыз жыл бойы кейінге ысырғаннан не таптық? Кешегі қарсылық та осы төңіректе туындаған жоқ па?

- Айталық, «Қазақстан Республика­сындағы тіл туралы» Қазақстан Республи­касы  Заңының 23-бабы үшінші бөлігіне сәйкес мемлекеттік тілді міндетті түрде білу талап етілетін кәсіптер, мамандықтар мен лауазымдар тізбесін жасап, бекіту туралы мәселенің шешілуі тіл саясатын дәйекті түрде жүзеге асырудың бірден-бір кепілі екендігі сөзсіз. Үкімет бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес, аталған заң жобасын әзір­леу Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мен Мәдениет министрліктеріне және Мемлекеттік қызмет агенттігіне жүк­теліп, мерзімі 2003 жылдың ІІІ тоқсаны деп белгіленген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жоспарланған мерзімде жобаны мүдделі министрліктердің басым көпшілігімен және Мемлекеттік қызмет істе­рі жөніндегі агенттікпен келісуден өткіз­ген. Аталған тізбеге барлығы 220 маман­дық пен кәсіп қамтылып, құқық қорғау, бі­лім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, байланыс, көлік және қаржы салалары қызметкерлерінің, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер лауазымдары енгізілген. Алай­да министрліктермен келісілу бары­сында аталған тізбеге қатысты бірқатар келіспеушіліктерден кейін заң жобасын  пысықтау қажеттігі туындаған еді. Дегенмен бұл бағытта жасалып жатқан жұмыс, іс-шара­лар осымен тоқтап қалды деген қоры­тынды жасауға болмайды. Үкімет басшы­сының төрағалығымен өткен Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның 2008 жылғы 27 қарашадағы отырысында осы заңның аталған бабы жан-жақты қаралып,  «Қазақстан Республи­ка­сының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік тіл саясаты мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеу Мәдениет министрлігіне жүктелді. Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпы­ұлт­­тық іс-шаралар жоспарының 10-тарма­ғында да аталған заң жобасын әзірлеп, Парламент қарауына енгізу тапсырылған.

Әңгіме басында-ақ біз осы заң жобасы туралы айтып кеткенбіз. Тағы қайталайын, орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан берілген ұсыныс-пікірлерге орай, толықтырулар әлі де жасалып жатыр.  Заң жобасын Үкіметке енгізу мерзімі 2012 жылға белгіленген. Заңды қабылдау - елімізде тілдік ахуалдың сапалы түрде жақсаруы үшін оңтайлы жағдай жасауға, тілдік ортаны қалыптастыруға, мемлекеттік тіл саясатын іске асыру тетіктерін жетілді­руге, экономика салаларында, бірінші кезекте халыққа қызмет көрсету саласында мемлекеттік тілді меңгерген қызметкерлерді кезең-кезеңімен даярлауға жол ашады деп білеміз.

- Осы заң жобасында ономастика мәселесі бойынша нендей өзгерістер қарастырылды? Осыған тоқталып өтсеңіз...

- Мемлекеттің ұлттық сипатын таны­татын ономастика саласы бүгінде ғылыми-тәжірибелік, мәдени-тарихи, сондай-ақ қоғамдық-саяси маңызға ие екендігі бел­гілі. Ұлттық ономастика - халқымыздың, өскелең ұрпақтың елжандылығын, еліне деген ұлттық мақтанышын білдіретін тәрбиелік, рухани, мәдени маңызы зор факторлардың бірі. Соңғы екі-үш жылдан бері еліміздегі қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты ономастикалық атауларды өзгертуге мораторий жарияланып отырға­нын да білетін боларсыздар. Ал заң жоба­сын­дағы ономастика мәселесіне келетін болсақ, мұнда бірнеше бағыт қамтылып отыр. Біріншіден, анықтамаларды біріз­дендіру. Айталық, еліміздегі ономастика мәселелері жөніндегі басты консульта­ция­лық-кеңесу органы - Қазақстан Республика­сы Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясы түрлі нормативтік құқықтық актілерде түрліше аталған. Сон­дай-ақ ономастикалық жұмыс нысанына атау беру мен санамалауда да айырмашы­лықтар орын алған. Осы олқылық жойы­лады. Екіншіден, ономастикалық жұмыс­тарды жүргізуде шешім қабылдау бары­сындағы жауапкершілік сатысы енгізіледі. Заң жобасы арқылы облыс орталықтары, республикалық маңызы бар қала, астана­ның нысандарына атау беру және оның атын өзгертуде Республикалық ономастика комиссиясымен міндетті түрде келісу қа­жеттілігі ескеріледі. Соған сәкес,   аудан­­дар, облыстық маңызы бар қалалар деңгейіндегі ономастикалық жұмыстарды жүргізу барысында міндетті түрде облыстық оно­мас­тика комиссиясымен келісу қажеттігі көзделеді. Аталған түзетулер блогы ономас­тика саласында шешім қабылдау барысын­дағы ортақ жауапкершілік қағидатын ен­гізу­ге бағытталып отыр. Үшіншіден, оно­мас­тикалық жұмыс нысандарына атау беру мен оны өзгерту туралы шешім қабылдау барысында жергілікті жұртшылықтың пікі­рін ескеру. Қазіргі таңда қоғамдық пікірді есепке алу міндеттілігі болғанымен, оны есепке алу тәртібі заң жүзінде қамтыл­май отыр.

- Кешіріңіз, «жергілікті жұртшы­лықтың пікірлері ескерілуі тиіс» де­ген мәселені кішкене түсініңкіре­мей­тін­дейміз. Мәселен, елдің теріскейінде орыс ұлтының өкілі басым тұрады. Ал бізге отарлаудан мұраға қалған, әлі күнге арыла алмай отырған атаулардың басым бөлігі де - солтүстіктегі орысша атаулар. Ендеше, сол жергілікті жұрттың басым бөлігі атауды ауыстыруға қарсы болса, олардікі мақұл болады дегенді білдіріп тұр ма, сонда? Бұлай істесек, біз  жергі­лікті жұрттың пікірі деп солтүстіктегі қала атауларын қазақшалауға мүл­дем қол жеткізе алмайтынымыз анық емес пе? Тура сол секілді бізде ұйғыр ұлты көп шоғырланған  аудан бар. Сол өңірдегі жер атауын қазақшаға қотару үшін де ұйғыр­лардың пікіріне жүгінуіміз керек пе?

- Өркениетті әлемде қалыптасқан тәжі­рибелер, БҰҰ деңгейінде кіріктірілген нор­малар бар. Ол бойынша кез келген өңірде, оның ішінде бұрын отарда болған мемле­кеттерде жұрттың байырғы тарихи атаулары дәлелденіп жатса, сондай тарихи атауларды қайтадан қалпына келтіруге, жаңғыртуға әбден болады. Бұл тұрғыда қазақ жеріндегі бір кездері отарлау саясаты арқылы өшіріл­ген атауларды қайта жаңғыртуға толық құқымыз бар. Ал ол үшін, ең алдымен, сондай тарихи атауларды  ғылыми тұрғыда дәлелдеп, жұрттың көзін соған жеткізіп, насихаттау жұмысы кеңінен жүргізілуі шарт. Сіз айтып отырған солтүстік өңірдегі қала атауларына қатысты да осындай ұстаным дұрыс болар. Мұндай маңызды мәселелер  бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішін­де бюджеттен қаржыландырылатын орыс­тілді газеттер арқылы да кеңінен насихат­талғаны жөн. Кейбір нәзік мәселелерді «айттым бітті, кестім үзілді» дейтін әкімшіл-әміршіл тәсілмен емес, өркениетті жолмен шешкеніміз лазым. Ендеше, жергілікті тұрғындардың арасында дау-дамай тудырмау үшін тарихи, ғылыми деректерге көпшіліктің көзін жеткізген орынды. Жер-судың тарихи атауларын қайтару - тарихи әділеттілік. Ал тарихи әділеттілікке қол жеткізу үшін табанды, жүйелі жұмыстар жүргізсек қана ісіміз нәтижелі болмақ.

- Латын әліпбиіне көшуге қатысты пікіріңізді естісек?

- Латын әліпбиіне көшуге қатысты 2007-2008 жылдары Білім және ғылым министрлігі тілші, тарихшы ғалымдардан тұратын жұмыс тобын құрып, олар  латынға көшкен түркі мемлекеттерінің тәжірибесімен танысып, оны тұтас зерделеп шыққан болатын. Жазу ауыстырудың тәжірибелері, кемшіліктері  толық сараланды. Олардың зерттеулері арнайы ғылыми жинақ түрінде жарияланды. Көптеген әліпби жобалары ұсынылды. Тілші ғалымдар соларды елеп-екшеп, тіліміздің дыбыстық жүйесін дәл бейнелейтін түркітілдес елдермен қарым-қатынас кезінде үйлесімді болатын жобалар да дайындады. Әліпби алмастыру тек лингвистикалық қана емес, саяси қыры да бар мәселе екенін де ұмытпаған дұрыс. Бұл - бүкіл қоғамға қатысты аса маңызды мәселе. Ол жан-жақты зерттеулерге негіз­делген жүйелі, кезең-кезеңмен жүзеге асу­ға тиіс жұмыстарды қажет етеді. Жалпы, тіліміздің төл дыбыстық жүйесіне негіздел­ген әліпби түзу мен отарлау салдарынан арыламыз, түркітілдестер ынтымақтастығын нығайтамыз, әлемдік ақпарат кеңестігіне кең жол ашамыз десек, латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары бар екенін айтуға болады.

- Сіздің ойыңызша, латын жазуына ауысу жалпытүркілік бірлік идеясымен қабыса ма?

- Әрине, латынға көшудің ондай түркілік ықпалдастық үшін жағымды жағын жоққа шығармаймыз. Дегенмен мен басқа мәселеге назар аударғым келеді. Жазу кез келген халықтың төлқұжаты, бет‑бейнесі іспеттес. Біз төл жазуын сақтап келген неме­се оны қайта тірілткен халықтарға үлкен мәдениет иесі, өркениетке елеулі үлес қосқан жұрт ретінде зор құрметпен, қызыға қараймыз. Осы тұрғыдан келер болсақ, түркілердің де төл жазуы бар ғой. Ата-баба­мыздың тасқа ойып жазып, мұраға қалдырып кеткен көне түркі жазуын жаң­ғырта алсақ, бұл нағыз жасампаздық болар еді. Бүгін-ертеңімізбен ғана шектелмей, алысты көздесек, түркі әлемінің шынайы тұтастығын ойласақ, латынға көшкен күннің өзінде де көне түркі жазуын қазіргі уақытқа лайықтап тірілтіп, соны насихаттау, ұрпақ санасына біртіндеп сіңіре беру ұзақмерзім­дік асқақ мақсатымыз болса деп ойлаймын. Бұл, әрине, үлкен ерік-жігерді қажет ететін, өткеніміз бен болашағымызды ұштастыруға бағытталған батыл қадам болар еді. Түркі мемлекеттері нығайса, бұл қадам да жаса­лар.

 

Алашқа айтар датым...

Қазақ баласына ертеңге қалдырмай, бүгіннен, келесі оқу жылынан бастап жоспарлы, мақсатты түрде қазақ балабақшасына,  қазақ мектебіне баруына жағдай жасап, соны түбегейлі жүзеге асырсақ екен. Осы мәселені жуырда шешпейтін болсақ, онда тіл саясатындағы шешімін таппаған мәселелер ендігі 20 жылда да, 40 жылда да қайталана береді. Мемлекеттік тілдің болашағы үшін қазақтың қазақ тілінде тәрбие мен білім алатын ұрпағының орны айрықша. Тілдік ортаны қалыптастырудың берік іргетасын қалау дегеніміз - осы.

Автор: Қанат Қазы

http://alashainasy.kz/person/28744/

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2184
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2580
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2496
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1679