Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2574 0 пікір 8 Қараша, 2011 сағат 06:40

Ерлан ҚАРИН, саясаттанушы: Қырғыз саясатында шетелдің ықпалы өте зор

Атырауда орын алған жарылысты мойнына алған «Халифат әскерлері» деген ұйымның бары күмән туғызады. Бұл туралы кеше Астанада жұмысын бастаған «Еркін сөз» пікірсайыс клубының алғашқы отырысына келген «Нұр Отан» ХДП хатшысы, саясаттанушы Ерлан Қарин мәлімдеді. Журналист Берік Уәли жүргізетін клуб беташар сұхбаттың тақырыбын Қырғыз еліндегі президенттік сайлау мен Қазақстанда орын алған лаңкестік оқиғаларға арнады.

Атырауда орын алған жарылысты мойнына алған «Халифат әскерлері» деген ұйымның бары күмән туғызады. Бұл туралы кеше Астанада жұмысын бастаған «Еркін сөз» пікірсайыс клубының алғашқы отырысына келген «Нұр Отан» ХДП хатшысы, саясаттанушы Ерлан Қарин мәлімдеді. Журналист Берік Уәли жүргізетін клуб беташар сұхбаттың тақырыбын Қырғыз еліндегі президенттік сайлау мен Қазақстанда орын алған лаңкестік оқиғаларға арнады.

Ерлан Қарин кезінде Орталық Азия саяси-зерттеулер институтында қызмет еткен, терроризммен күрес мәселесіне қатысты зерттеулерін де жариялап жүр. Сондықтан еліміздегі лаңкестік оқиғалар мен Орталық Азия елдеріндегі саяси оқиғаларға қатысты пікір айтқызу үшін одан артық адамды таппайсыз. Ерлан мырза негізгі тақырыпқа көшпей тұрып, маңызды мәселе көтере кетті. Ол біздің көрші елдерде, айналамызда болып жатқан оқиғаларға мән бермей жүре беретінімізді еске салды. «Біз Орталық Азияда орналасқан ел болғандықтан, көрші елдерде болып жатқан саяси процестерге көңіл аударып отыруымыз керек. Бізде осы жағы жетіспейді» дейді ол. Оның айтуынша, ЖОО-дағы халықаралық мамандық бойынша дайындалатын сарапшыларды әзірлеуде ағылшын, француз, қытай, араб тілдеріне басымдық беріледі. Орталық Азия елдерінің мәдениеті мен тарихы мамандықтарына 1-2 адам ғана бар. Бүйте берсек, көрші тұрған елдер бір-бірімізді танымайтын жағдайға жетуіміз мүмкін екен. Себебі Қырғызстан мен Өзбекстандағы оқулықтарда біздің елдің тарихы мүлде басқаша жазылуда. «Болашақта бұл аймақ біртұтас қауымдастық болады десек, онда ғылыми-зерттеу сол саладан бастау алуы керек» дейді саясаттанушы.
Қырғызстандағы сайлауға куә болып қайтқан саясаткер бұл сайлаудың маңыздылығына тоқталды. «Сайлау өткен жылғы революциядан кейінгі бірінші сайлау болғандығымен де маңызды. Осы сайлауда қырғыз билігіне төңкеріс арқылы келген Қ.Бакиевке жақтас, қазір де жасырын қолдап жүргендердің позициясы күшейіп кете ме деген болжам болды. Себебі өткен жылғы парламенттік сайлауда жеңіске жеткен «Атажұрт» партиясын құрғандар Бакиевтің жақтастары. Екіншіден, бұл сайлау Қырғызстанда жаңа Конституция қабылданғаннан кейін өтті. Ол Конституция елді жаңа парламенттік билік жүйесіне көшіргендей болды. Бүкіл билік парламенттің қолында тұрғандай. Мәселен, парламентте жеңіске жеткен партиялар коалиция құрып, үкіметті жасақтай алады. Бірақ мен сол Конституциядан парламенттік жүйенің айтарлықтай нышанын байқамадым, себебі биліктің негізгі тетіктері президенттің қолында қалып қойды. Сондықтан мұны президенттік-парламенттік жүйе деу керек. Өйткені Ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасын, ІІМ, Бас прокурорды тағайындау президенттің құзыретінде» дейді Е.Қарин.
Қырғыздар сайлауға түсуге құмар ма, әлде шынымен елдеріне оң өзгеріс жасағысы келе ме, президенттікке үміткерлер саны бастапқыда рекордтық көрсеткішке жетті. Соңында 16 үміткер сайлауға түсті. Соның ішінде Алмазбек Атамбаев қалай жеңіске жетті? «Қырғыз сарапшыларының пікірінше, сайлау екі сценарий бойынша жүруі мүмкін деген болжам жасады: біріншісі, А.Атамбаев 1-турда жеңеді, екіншісі Мадумаровпен 2-турға шығады. «Егер екеуі екінші турға өткенде А.Атамбаев жеңіліп қалуы мүмкін еді?» деген болжам айтылып жүрді. Сондықтан А.Атамбаевтың сайлау штабы оның 1-турда жеңіп шығуы үшін жұмыс істеді. Оның үстіне, оңтүстіктен сайлауға түскен төрт үміткер сол аймақтағы электораттың дауысын ыдыратып жіберді. Сондай-ақ бұл сайлауда Қырғызстандағы өзбектер бейтараптық танытты. Дауыс бермеді. Тағы бір себебі, оңтүстіктің тұрғындары Ресей мен Қазақстанда еңбек миграциясында. Олардың басым бөлігі сайлауда дауыс бере алмады» дейді саясаттанушы.
Енді қырғыздың су жаңа басшысының әрекеті қандай болмақ? Е.Қариннің айтуынша, А.Атамбаев президенттік өкілеттікті кеңейтуге тырысады. Конституцияны парламент арқылы өзгертуге күш салуы мүмкін. Ол үшін белгілі бір жолдармен парламентті таратып, қайтадан сайлау өткізіп, өзін қолдайтын 2-3 партияның басымдығын қамтамасыз етуі мүмкін. Өйткені қазіргі қырғыз парламентіндегі бес партияның парламенттегі үлестері 20 пайыздан, яғни ешқайсысында бақылау пакеті жоқ.
Е.Қарин қырғыз саясатында шетелдің ықпалы өте зор деген пікірде. «А.Атамбаев өткен жылы үкімет басшысы болып сайланған соң, парламентпен бір жарым айдай ешқандай нақты шешім қабылдай алмады. Тек қаңтар айында Алатаудағы бір шыңның атын Ресей премьер-министрі Владимир Путиннің атымен атау туралы шешімі ғана депутаттардың тарапынан қолдау тапты. А.Атамбаев Ресей президенті Д.Медведевке де емес, Ресей еліне де емес, шыңның атауын В.Путиннің есімімен атауы тегін емес. А.Атамбаев та бұдан басқа шешімін күткен маңызды мәселе жоқтай осындай шешім қабылдады. Бұл оның Ресейге, В.Путинге деген лоялдығын көрсетеді. А.Атамбаев президенттік сайлауға түсетінін жариялаудан бір күн бұрын «Манас» әуежайына әскери базасын орналастырған АҚШ-пен келісімшарт мерзімін 2013 жылға созбайтынын мәлімдеді. Бұл «мен Ресей саясатын қолдаймын» дегені. Сайлаудағы жеңісінен кейін жасаған алғашқы мәлімдемесі де «Манас» әуе базасына қатысты болды. Жалпы, қырғыз парламентінде ешбір талассыз қабылданған екі-ақ шешім бар - бірі Алатаудың бір шыңына «В.Путиннің» атын беру және Қазақстан Президентін «Нобель» сыйлығына ұсынуы» дейді саясаттанушы.
Соңғы уақытта қазақ елінде лаңкестік әрекеттер орын ала бастады. Қысқасы, терроризмнен Қазақстанға қауіп бар ма? Ерлан Қарин «шын мәнінде терроризм қатері бізге баяғыда-ақ төнген» дейді. «2000 жылдың басынан бастап біз терроризм фактілерімен кездесе бастадық. Бірақ ол кездегі оқиғалар ұйымдардың жүйелі түрде біздің елге қарсы жасаған іс-әрекеті емес, кездейсоқ оқиғалар болатын. Сол жылы экстремистік топ криминалдық іс-әрекеттерімен көзге түсіп қалып, өздеріне қарсы операция жүргізіп қойды. Одан кейінгі кезеңде басқа елдің лаңкестері қашып келіп, біздің елден пана іздеп ерекшеленді. Мәселен, 2004 жылдары біз Өзбекстанға терроризммен айналысып жүрген 11 адамды тапсырдық. Қытай мен Түркияға да тапсырғанбыз. Ал бертін келе шетелде Қазақстан азаматтары терроризмге қатысы бар деген айыппен қолға түсе бастады. Ең қауіптісі енді басталды, өз азаматтарымыздың шетелде емес, өз елінде террорлық әрекеттерді жасауға ынталы болуы. ҰҚК-нің парламентке берген мәлімдемесіне сәйкес, 2007 - 2009 жылдары елімізде 5 терактінің алды алынған. Соңғы 5 жылда Қазақстан азаматтарының терроризмге қатысы бар деген айыппен сотталуы 10-20 адамды құрайды. Бұл - қауіпті тенденция. Терроризм қаупі күшейіп келеді. Оны мойындау керек» дейді ол.
Бірақ ол «Халифат әскерлері» деген ұйым барына күмәнмен қарайды. «Қазақстанда сондай жоғары деңгейде ұйымдасқан террористік топтың бары күмәнді. Астана, Ақтөбе, Атыраудағы жарылыстардың барлығы да таңғы уақытта, құқық қорғау органдары ғимараттарының жанында, адам аз уақытта орын алды. Ақтөбе мен Астанадағы жарылыстарды ешбір ұйым мойнына алмады, Атыраудағыны ғана мойындады. Кейбір сарапшылар, «Халифат әскерлері» белгілі бір халықаралық ұйымның бөлімшесі дейді. Ал жер бетінде орын алып жатқан жарылыстардың бәрін «Әл-Каида» мойындап жатады. Ал шын мәнісінде сарапшылардың кез келгені ондай ұйымның жоқ екеніне сенімді. Бұл бар болғаны, жүйе ғана, яғни кез келген кішкентай топ, өз бетімен лаңкестік жасап, оны «Әл-Каида»-ға телу арқылы өздеріне ақпараттық назар аудартуды көздейді. Сол үшін де «Әл-Каида» деген лақап атты пайдаланады. Сол сияқты «Халифат әскерлері» деген ұйымның бары да күмәнді» дейді Ерлан Қарин.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
Астана

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=10776&Itemid=2

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2193
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2581
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2502
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1680