Жексенбі, 28 Сәуір 2024
4417 0 пікір 30 Мамыр, 2020 сағат 11:33

Алматы облысы: 11 мыңнан астам түлек ҰБТ тапсырады

Биылғы оқу жылы аяқталды. Ал, түлектер үшін енді алда көптен күткен кезең аттестат алу салтанаты қалды. Елдегі пандемия жағдайына байланысты дәстүрлі шара биыл өзгеше өткізілмек. Бұл туралы Алматы облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Сәуле Қабимолдаева «Jetisý Media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында баяндап берді.

«Маусымның 3 мен 4 аралығында аттестат салтанатты түрде табысталады. Аталмыш шара аясында соңғы қоңырау соғылады. Бұл әр мектеп аумағында, ашық алаңда санитарлық нормалар сақтала отырып жүзеге асатын болады. Түлектер мектеп формасында, бетперде киіп, арақашықтықты сақтай отырып осы салтанатты өткереді. Шара ұзақтығы 20 минуттан аспайды. Ата-аналардан басқа бөгде адамдарға қатысуға рұқсат етілмейд»і, – дейді Сәуле Нұрханқызы.

Алдағы тестілеу сынағына да қауіпсіздік шаралары жіті бақылауда. Алматы облысында  ҰБТ тапсыратын 16 орталық бар. Барлық тест өткізу орындары тепловизор, дезинфекциялық тоннель және аяқ киімді зарарсыздандыруға арналған кілемшелер, медициналық пунктер, санитайзерлер, маскалармен қамтамасыз етіледі. Түлектерге сынақ емтиханы 20 маусым – 5 шілде аралығында өтеді.

Биыл Жетісулық 11 мыңнан астам оқушы ҰБТ тапсыруға өтінім берген. Тест тапсыру тәртібі де күшейтіліп отыр. Тестілеуге кіргізу барысында тыйым салынған затпен анықталған түлек сынаққа жіберілмесе, сынақ тапсыру үстінде ұсталған талапкердің нәтижесі жойылып, ағымдағы жылы сынақ тапсыру құқығынан айырылатын болады. Жалпы биыл, коронавирус пандемиясы салдарынан ҰБТ тапсыру құжаттары, дәстүрлі жолмен қатар онлайн тәртібімен де қабылданған.

Биыл Алматы облысы бойынша 1177 оқушы «Алтын белгі» иегері, 851 «Үздік аттестат» иесі атанып отыр.  Ағымдағы жылы 15256 оқушы алтын ұясымен қоштасты.

Ал, елімізде ҰБТ-ны 131 мыңнан астам түлек тапсырады. 150 өткізу орны белгіленген.

Айман Асыл

Abai.kz

0 пікір