Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Дат 5338 4 пікір 29 Мамыр, 2020 сағат 12:59

Белсенділер Берік Имашевтың отставкасын талап етті

Жуырда «HAQ» қозғалысы (партия құрушылардың бастамашы тобы) ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың отставкасын талап етіпті. Бұл туралы «exclusive.kz» сайты жазды.

Ондағы мәлімет бойынша, «Тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық бірлестігі мен «HAQ» азаматтық қозғалысы бірігіп, Президенттің атына ашық хат жолдапты.

Хатта 2019 жылғы президенттік сайлауда Тәуелсіз бақылаушылар мен ЕЫҚҰ тіркеген, сайлау комиссиясы мүшелері тарапынан жіберілген өрескел заңбұзушылықтарды тілге тиек етіпті. Ол – бюлетендерді топтап тастау фактілері, дауыс санаудағы жабықтық т.б.

«Бұл фактілер ЕЫҚҰ-ның сайлау бойынша 2019 жылғы 4 қазандағы қорытынды баяндамасында тіркелген және көрініс тапқан. Сіздің президенттік кезеңіңізде Сіз құратын (Қ-Ж-Тоқаевты айтып тұр-ред.) жаңа Қазақстанның келешек тарихында мұндай антиконституциялық іс-әрекеттер орын алмауы керек деп есептейміз», - депті ашық хат авторлары.

Тәуелсіз бақылаушылар мен «HAQ» қозғалысы ОСК тарапынан жіберілген мұндай құқықбұзушылықтар өз кезегінде ОСК мен оның төрағасы Берік Имашевтың жұмысының бағасы дейді.

«Сондықтан, Берік Имашев мырза мен ОСК-ның қазіргі толық құрамы сайлаушылардың әділ әрі обьективті еркіне кедергі келтіреді. Бұл өз кезегінде қоғамдағы демократиялық процестер мен Сіздің еститін мемлекетке қайшы келеді. Берік Имашев мырза мен ОСК-ның толық құрамы Халықаралық бірлестіктер мен азаматтық қоғамның сенімін ақтай алмаған үшін отставкаға кетуі керек. Қазақстанның азаматтық қоғамы ОСК төрағасы Берік Имашев мырза сенімсіздік білдіреді», - дейді белсенділер. Дейді де, Қазақстандағы сайлау жүйесін, оның ішінде ОСК-ны реформалау туралы ұсыныс айтады.

Экс-министр юстиции Берик Имашев возглавил ЦИК РК - новости на ...

Берік Мәжитұлы Имашев

59 жаста. ММУ-дың (Мәскеу мемлекеттік университеті) түлегі. Мамандығы - заңгер.

Еңбек жолын 1982 жылы прокурорлықтан бастаған. Дәлірек айтсақ, Алматыда, стажер, прокуратура тергеушісі, прокурур т.б. ҚР Бас прокуратурасында, Алматы прокуратурасында істеді. Әр жылдары Қауіпсіздік кеңесінде, Президент Әкімшілігінде қызмет етті. Президенттің көмекшісі болды. 2012 жылы ҚР Әділет министрлігін басқарды. Ал 2016 жылдан бері ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.

Біз, осыдан біраз уақыт бұрын партия құру туралы бастама көтеріп шыққан қазіргі «HAQ» қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиеваға хабарласып, істің мән-жайын білген едік.

Тоғжан Қожалиева:

- Иә, біз қазір Берік Имашевтің отставкасын талап етіп жатырмыз. «HAQ» қозғалысы және тәуелсіз бақылаушылар...

Алдымызда сайлау науқаны келе жатыр.  Өткен президенттік сайлау кезінде көптеген заңбұзушылықтар болды. Соның барлығы біздің ОСК-ның дұрыс жұмыс істемеуі және конституция талаптарын бұзу деп есептейміз. Сондықтан, егер біз қазір ОСК мен сайлау жүйесін өзгертпесек, ертең тағы сол жағдайлар қайталанады. Берік Имашев осы жүйенің басшысы ғой. Сонымен қатар, туысқандығы бар. «Назарбаевтың құдалары» деп жатыр.

Қазір біз бағдарламамызды дайындап қойдық. Осы жақында жариялаймыз. Кейін заңға сәйкес, бастамашы топтың мың қолын жинаймыз. Сосын сьезд шақырып, партияны тіркеуге өткіземіз.

Парламенттік сайлауға дейін үлгереміз деп ойлаймын. Құдай қаласа, бірақ, бізді тіркей қоятынына қатты сеніміміз жоқ. Өйткені, сайлау және партиялар туралы заңдар өте күрделі. Мұндай заңмен жаңа партиялардың құрылуы кіталай.

Қазір партия мүшелерінің санын 40 мыңнан 20 мыңға дейін түсірді ғой. Бірақ, оның алдында осы заңның басқа да талаптарын өзгерту керек еді. Мысалы, тіркеу туралы талапты. Әлі жеңілдеткен жоқ. Партияны құру үшін филиалдар ашуды да жеңілдету керек. Филиал ашу әуелі үлкен қаржыны талап етеді. Біздің есебіміз бойынша, бүкіл Қазақстан бойынша филиалдарды ұстап тұру, ұйымдастыру үшін айына кемінде 20 миллион теңге керек екен.

Ал жаңа құрылайын деп жатқан партиялардың, жас партиялардың бұған шамасы жетпейді. Біздің демеушілеріміздің мұндай сомада қаржыландыруға мүмкіндігі жоқ. Ал басқа ауқатты адамдардың ниеті жоқ. Өйткені, қорқады. Егер партияны қаржыландырсақ, біздің бизнесімізді жаба ма, қудалай ма деп қорқады.

Қазір біз үлкен эксперттік топ құрдық. Біздің арамызда жақсы-жақсы экономистер, заңгерлер, ауылшаруашылық мамандары көбейді. Мемлекет, Үкімет тарапынан шығатын Жарлықтарды, бағдарламаларды зерттеп, соларға өзіміз сараптама жасап, жариялап жүрміз. Бұл біріншіден. Екіншіден – қазір коронавирустан кейін экономика жағдайы өзгерді. Біз де өз бағдарламамызды соған қарай өзгерттік. Оны жақында жариялаймыз. Барлық коалицияны, оппозициялық күштерді біріктіріп, «ертең сайлау кезінде не істейміз, біздің тактикамыз қалай болады» деген паікір-таластар жасап жатырмыз. Бұл коалицияда «ІІМ Реформасы», «HAQ», «Тәуелсіз бақылаушылар», Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе бақылаушылары, ЖСДП, «Чистый воздух» деген топтар бар.

Abai.kz

4 пікір