Сенбі, 27 Сәуір 2024
46 - сөз 4142 7 пікір 21 Мамыр, 2020 сағат 13:44

Ондай одақтың қажеті бар ма?

Сыртқы алаңда мемлекеттің Ұлттық мүддесі үшін күресу «шұғыл бұрылысы көп» уақытта өте маңызды.

Дүниежүзілік экономика рецессияда. Бүгінде, коронавирус пандемиясы әлемге 9-трлн. доллар шығын әкеледі деп болжануда. Бұл оптимистік цифр, шығын одан да көп болуы ықтимал. Осындай ауыр кезеңде Ұлттық экономиканы қорғайтын, мемлекеттік протекция тәсілдері өте маңызды.

Ел Президенті Қ.Тоқаевтың Евразия одағы саммитінде сөйлеген сөзі, экономика саласындағы мемлекет мүддесін қорғаудың үлгісі.

Шыны керек, Евразия одағы аясында Қазақстанның сауда сальдосы минус дәрежеде. Басқа елдер бізге тауарды көп сатады. Біздің тауарларға Ресейде, Белоруссияда көптеген нормативтік кедергілер қойылған.

Осы мәселені жіті қадағалап отыру өте маңызды.

Көптеген нормативті құжаттар ЕЭО аппараты дайындайды. Сол аппаратта Қазақстанның да өкілдері жұмыс істейді.

Олар жалақыны елімізді «взносы» есебінен алады және жалақылары министрдікінен аз емес. Ол жігіттер «неге Қазақстан мемлекетінің мүдделерін қорғамайды» деген сүрақ туады. Егер әлжуаздық танытса, оларды елге қайтарудың амалын қарастыру шарт.

Мүмкін көрші мемлекеттер олардың аузын «үлдемен- бүлдемен» тығындап қойған шығар? Осы мәселені сараптау керек.

Мемлекет басшысының мәдениетті, парасатты, дипломатиялық түрде ел мүддесін ашық айтқаны өте дұрыс тенденция.

Енді, осы одақтың ішіндегі Қазақстанның алысы мен берісі, шығысы мен кірісі қандай деген сұраққа жауап беретін уақыт жетті.

Бір одақтың ішінде отырып, өзіңнің одақтасыңа ( Белоруссия) мұнайыңды сата алмасаң, «ондай одақтың қажеті бар ма» деген заңды сұрақ туады.
Қазір мемлекеттердің баршасы өзінің экономикасын қорғауға амал жасап, (АҚШ, ЕО) басқаларға есіктерін жауып жатыр. Әрине, бұл қадамның өзін сабырлы, жан- жақты ойланып, есеп- қисабын жасап енгізу қажет.

Дегенмен, мына қилы заманның ұраны «ортақ өгізден, оңаша бұзау» болып тұр. «Заманың қасқыр болса, бөрі болып шал» дейді.

Аңдысын аңдып, қырағы көзбен шалып, есеп- қисапты екшелеп, өзіміздің теріні илейтін кезеңге келдік. Біздің теріні өзімізден басқа ешкім илеп бермейді...

Ерлан Саировтың желідегі жазбасы

Abai.kz

7 пікір