Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Арандату 7975 18 пікір 20 Мамыр, 2020 сағат 12:42

Бұл не қылған «жанашырлық»?

Жалпы Қазақ елінің солтүстік өңірінде сепаратистік пиғылдың кейінгі кездері тым өршіп кеткендігі ешкімге де жасырын емес. Ол, әрине, ашықтан-ашық, «бізге не істей аласыңдар?» деген секілді дөрекі де тұрпайы жүргізілмейді. Ол саясат жергілікті жердегі өздерінің Ресейге бүйрегі бұрып тұратын, олардағы біздің елге ашықтан-ашық жаулық пиғылдағы адамдар туралы мақалаларды жиі беріп тұруынан байқалады. Онысын тіпті де бір ыңғайсыз дүние немесе «біздің осы ісіміз өзіміз тұрып жатқан елге зияны тиіп кетпей ме?» деген қарапайым ой да кіріп-шықпайды. Бұндай үрдістен біздің Қостанай облысы да құралақан емес. Мұндай қаскүнем ниеттегі дүниелерге біз қашанда назар аударып, жазуын жазудай-ақ жазып келеміз. Алайда бәрі де сол «Баяғы жартас-бір жартас күйінде» қалып отыр. 

Мәселен, өткенде «Сепаратистер кімге сенеді?» деген мақаламызда ғаламторда белгілі блогер Марғұлан Боранбай өз блогында қостанайлық Дмитрий Гончаренко дегеннің өз үйінде шалқалап жатып алып, Қазақстанды ашық жақтырмайтындығын, бүйрегінің Ресейге ашық бұрып тұратындығын, еліміздің солтүстік өңірінің көршімізге қосылуы керек екендігін, ал өзі осыны ашық қолдайтындығын, мұндай саясат үшін кезінде Украинаның Донбасс облысына барып та соғысқандығын ешкімнен қысылмастан ашықтан-ашық жайып салғандығын көрсетіп, бұл індеттің алдын алмасақ, түбі өкінішіке ұрындармаса болғаны деп тұжырым жасаған едік. Өкінішке қарай, айқанымыздың айдай келетін түрі бар. Қостанайлық кейбір бұқаралық ақпарат құралдары өздерінің сепаратистерді ашықтан-ашық қолдайтындығын ешкімнен де жасырмайды және онысынан ешкімнен де қысылмайды. 

Жақында осындағы облысымызға кеңінен белгілі және оны көпшлік оқитын бір ірі портал көршілес Челябі облысы заңсыз қарулы құрылымның белсенді мүшесі болған, мына Гончаренко секілді кезінде Украинаның Донбасс қаласына барып, өздерін «еріктілер» деп санайтын, ал Украина оларды қарулы лаңкестер санатына қосатын Қазақстанның азаматы Евгений Щербак дегенді Қазақстанға бергендігі жайлы көз жазын көлдете жазыпты.Тіпті бұл «батырға» Ресей сатқындық жасап, патриоттарын жаудың қолына ұстап беріп отыр дегенге саярлық аяушылық көрсетуін айтсаңшы.

Мұнысы берген мақаласының тақырыбынына да көрініп тұр. Оны айқайлата тұрып «Россия выдала «на расправу» Казахстану «добровольца» воевавшего на Донбассе с «Мотороллой» деп айқайлатып қойған. Мақала бастан-аяққа әлгі Щербак деген қостанайлық «батырдың» жанашырларының сөздеріне негізделген. Олардың ойынша бұл «ерікті», өзіндей сепаратист, жақсы соғысқаны үшін «Моторолла» деген атақ алған, алайда 2018 жылы сол Донецкіде ит өліммен өлген Арсен Павлов дегеннің қандыкөйлек жан досы екен.

Оның жанашырларының айтуына қарағанда ол «Верую в русский мир, Женя прошел в Донбассе самые тяжелые бои, чудом выжил, потерял друзей», - деп «Ұлы Ресейдің» адал ұлдарының санатына қосады. Сөйтеді де бұл іске аралспай, селқостық тантықаны үшін сол Челябі облысы губернаторын да ағаш атқа мінгізеді. Сөйтеді де «енді Ресейдің өз ұлдарын қорғаудың орынына, өзгелерге үстап бергендігінен «бұл батырдың» Қазақстанда ұзақ жылға түрмеге тоғытылатындығын айтып, көз жастары көлдей болады.

Тағы да баса айтамыз, бұл Ресейде емес, қазақ елінде, нақтырақ айтқанда Қостанайдың порталында жарияланған мақала. Сонда редакцияның пікірінше өз еліміздің азаматының өзге елге барып, агрессиялық соғысқа қатысуы, жұқалап айтқанда, қашанда да болып тұратын оқиға секілді. Сонда олар алысырақ жатса да бізге деген достық пиғылы белгілі елдің азаматтарын қырған жалдамалыны төбемізге көтеруіміз керек секілді. Мүмкін орден де беру керек шығар, бәлкім.

Бір қызығы, бұл мақалағаға деген ешбір реакцияны байқамадық. Сірә, бізде мұндай арандатушылыққа толы, сепаратистік пиғылды толық ақтайтын әрі жақтайтын дүниелерге мұндағылардың әлдеқашан құлағы үйреніп кеткен секілді. Ал күні ертең ана Путиннің ұсынысымен сондағы Думада талқыланып жатқан «Қазақстан, Украина және Молдова секілді елдерде тұратын  азаматтардың қандай азаматтық алғандығына қарамастан, оларға Ресей азаматтығын қоса беру керек» деген заң жобасы жүзеге асса, не болатындығын көзге елестетудің өзі қорқынышты.

Қостанайда әлі де болса жалпы тұрғындардың 60 пайызын өзге ұлт өкілдері құрайтындығын ескерсек, күнің ертең бұлар Ресейдің азаматтығын қуана-қуана ала салып, «біз Қостанайды Ресейге қосамыз» деп шу көтеріп, өздерінше референдум жасаймыз деп өре түрегелмесе кім кепіл? Ал әлгі 60 пайызға осындағы санасы әлдеқашан орыстанып кеткен өз қазағымыздың біразының қосылып қалуы да әбден ықтимал. Ал арғы жағының не боларын сәуегейлікке алмай-ақ қоялық.

Мені таң қалдыратын бұл жерде екі мәселе бар. Біріншісі, бізде ғой орыс тілін сол орыстың өзінен де артық білетін қазақтарымыз жетерлік. Соның ішінен бірде-біреуі осындай мақалаға қарсы мықты дәлел мен бұлтартпас уәж келтіре отырып, жауап жазуға талпыныс танытқан жоқ. Әлде «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деген жан тыныштық саясат басым ба екен? Қайткенде де мұндай арандатушылық мақалалар қашанда еш жауапсыз қалады. Өткенде дәл осы порталда бір ғалымсымақтың «Латын әрпіне көшу - қазақтың болашағына балта шабу» деген мақсаттағы аса көлемді дүниесі жарық көрді. Сонда да былқ еткен ешкім болған емес.   

Екінші мәселе, жергілікті биліктің қандай саясат ұстанып отырғандығы белгісіз. Бізде бюджеттен мемлекеттік меншігіндегі ғана емес, жеке меншіктегі БАҚ-тарға да орасан зор қаржы бөлінеді. Соның 99 пайызы орыс тілінде шығады. Міне, неге осыларға әлгіндей мақалаға тойтарыс беретін дүниені жариялауға ұсыныс білдірмеске? Болмаса, мемлекеттік тапсырысқа осындай тақырыпты енгізуге де мүмкіндік мол емес пе? Ендеше, неден қорқады, неден сескенеді? Әлде «Үндемеген үйдей пәлдеден құтылады» деген саясатпен өмір сүру әлдедайда пайдалы әрі тыныш па екен? Онда мемлекет мүддесін, еліміздің тұтастығын кім қорғайды, әлгіндей арандатушылық әрекеттерге кім тойтарыс береді? 

Халық үнсіз, билік саңырау.

Жайберген Болатов

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 246
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 117
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 112
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 87