Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3970 0 пікір 3 Қараша, 2011 сағат 06:38

Исламбек Сәлжанов: «Қайырымдылықтың ең үлкені–айтпай істеген жақсылық»

- Шыны керек, меценат десе есімізге қазақтың аяулы өнері айтысқа демеушілік жасап танылған ағаларымыздың аты-жөні түседі. Күні кеше ғана қайырымдылық көрсеткен ұжымдар мен жекелеген азаматтарға берілетін «Алтын жүрек» жүлдесіне ие болдыңыз. Соңғы 10  жыл бойы руханиятқа ғана емес, әлеуметтік жобаларға да қомақты қаржы бөліп, демеушілік жасап жүрген  өзіңізді тілшілер қауымы жыға тани алмай жатқанымыз неден деп ойлайсыз?

- Шыны керек, меценат десе есімізге қазақтың аяулы өнері айтысқа демеушілік жасап танылған ағаларымыздың аты-жөні түседі. Күні кеше ғана қайырымдылық көрсеткен ұжымдар мен жекелеген азаматтарға берілетін «Алтын жүрек» жүлдесіне ие болдыңыз. Соңғы 10  жыл бойы руханиятқа ғана емес, әлеуметтік жобаларға да қомақты қаржы бөліп, демеушілік жасап жүрген  өзіңізді тілшілер қауымы жыға тани алмай жатқанымыз неден деп ойлайсыз?

- Не айтқыңыз келіп отырғанын түсіндім. «Қайырымдылық жасағанда өз атыңды емес, сол қайырымдылық жасауға мүмкіндік берген Алланың атын шығаруға  жұмыс  істе» деген менің ішкі қағидам бар.  Мен біреуге көмекті ешуақытта жарнама үшін жасаған емеспін. Мен үшін көмектің үлкен, кішісі жоқ. Рас, компанияның («Алтын Қыран» компаниялар тобы-ред.) барлығының мұқтажын бірдей қанағаттандыратын мүмкіндігі шектеусіз емес. Десе де, осы уақытқа дейін алдыма келген өнер адамдары, жекелеген азаматтар болсын, қолымнан келгенше көмектесуге тырыстым. Қоғам игілігі үшін тиімді дейтін жобалар болса бас тартып қалған күнім жоқ. Әрине, оның бәрін тізбелеп айтып жату өз-өзімді мақтаған болып шығар еді. Менің бар айтарым, біз әр тиынымызды адал еңбек маңдай терімізбен тапқандықтан, жасаған көмегіміз де мейлінше тиімді бағытқа жұмсалып, мейлінше адал иесін табу керек. Бұл тұрғыда қоғам игілігі, ел мәртебесі үшін жасалған бірқанша шараларға қаржылық қолдау көрсетіп қана қоймай, оған компания қызметкерлерінің тікелей атсалысқанын мақтан тұтам...

- Кешіріңіз, оқырмандарымызға түсінікті болу үшін, жоқ дегенде, соның бір-екеуін айта отырыңызшы...

- Ауыз толтырып айтатын ауқымды жобаларға тоқталсам, әлбетте, ең алдымен«Болашақ» ассоциациясымен бірігіп жасаған «Көліктер-2» анимациялық фильмін айтар едім. Аузын айға білеген «Уолт Дисней» сияқты компанияның ең үздік дүниесін қазақшалау үшін қыруар қаржы ғана емес, үлкен қажыр-қайрат пен күшті қарым-қабілет те қажет болды. Шыны керек, осы жобаның арқасында аударма саласы мен қазақ дубляжының бірқанша түйткілді мәселелері бар екенін білдім...Қаңтар-көкек айларында республика көлеміндегі 16 балалар үйінде жан күйзелісін жеңілдететін он алты психологиялық көмек (комнаты психологической разгрузки-ред.)бөлмелерімен жабдықтауға атсалыстық.

- Рахмет. Жалпы сіздің түсінігіңізде меценаттық деген не? Бүгінгі меценаттарды бұрынғы Атымтай жомарттармен салыстыруға келе ме?

- Өз ойымша, меценаттық қазақтың қанында бар қасиет. Бұл дүниеде қолында бармен бөлісіп, жылы-жұмсағын қонағының аузына тосып отыратын қазақтан өзге ұлыс бар ма өзі? Басқасын былай қойғанда, кешегі Мәшһүр Жүсіп, Әлихан Бөкейханов  сияқты ұлт зиялылары да көкірегі ояу қалталы азаматтардың арқасында сауат ашқан жоқ па?! Менің түсінігімде, меценат та, атымтай жомарт та бір адам. Аты өзгергенмен, мақсаты сол қалпында бармен бөлісу, қандас бауырларға қарайласу, дарындыларды демеу деген сияқты... Және соның бәрі қарымтасыз болу керек. Қандай да бір есепке құрылған «жақсылық» (жақшаға алған біз - ред.) жақсылық жасағанға жатпайды. Оның бәрі адал жүрек, ізгі ниеттен туындау керек. Тек бір өкініштісі, біз сол Әлихандарды білгенімізбен, оларға кезінде кімдердің көмек бергенін ұмытып кете беретініміз. Осындай «әттеген-ай»-лар алдыңнан шыққан сайын «жақсының жақсылығын айт - нұры тасысын, жаманның жамандығын айт - құты қашсын» деген тәмсілді қазақтың айтқанына шынымен де күмәнданып қаласың.

- Жақсы. Енді өзіңіз қандай ортадан шықтыңыз, сол жайлы айтсаңыз. Өзіңіз қиналған, өзіңіз біреудің көмегіне зәру болған кездеріңіз есіңізде ме?

- Әлбетте, ешкім де дүниеге меценат болып келмейді. Мен де алпысыншы жылдың аяғында дүниеге келген барша өз замандастарым сияқты қарапайым совхоз шопырының шаңырағында өсіп-жетілдім. Әке-шешеміз бізді жастайымыздан еңбекке баулып өсірді. Үй шаруасынан басқа, мен 10 жасымнан совхоз жұмысына араластым. Жыл сайын оқу жылы аяқталар-аяқталмастан совхоздағы қой шаруашылығы, пішен шабу, егін жинау сияқты алуан түрлі жұмыстарға араласып, ала жаздай жұмыс істейтінмін. Жалғыз мен емес, аға-апаларым да тамыздың 20-25-не дейін бригада бөлімшелері мен шопандардың киіз үйлерінде түней жүріп мектеп формасы, қалам-қағаз сияқты оны-мұны керектерімізге ақша табатынбыз. Шыны керек, 1986-жылы анамыз дүние салғанда біз қатты күйзеліп қалдық. Бұл жағдай біздің үй-ішімізге өте ауыр соққы болып тиді. Осы жағдайдан кейін мен адамдарды емдеп, оларға көмектесу үшін дәрігер болуды қаладым. Шешесі жоқ алты бірдей баланы асырау әкеме қайдан оңай бола қойсын?! Соны ойлаған мен оқуға да жалғыз аттандым. Қалаға жаңа келген басқа қатарластарым құсап ойнап-күлмей, жатпай-тұрмай емтиханға дайындалдым. Сөйтіп бір орынға жеті адамнан келетін мединститутқа оқуға түстім. Еңбексіз, талапсыз еш нәтиже болмайтынын сол кезде-ақ түсіндім. Мединституттағы алты жыл оқу мен үшін жеңіл болмады.  Стипендиямыз - 40 сом. Үйден ешқандай көмек болмағасын маған осы ақшаға өмір сүруге тура келді. Бір «үштік» алған студент стипендиядан қағылатын. Ал стипендиядан қағылу - аш қалғанмен бірдей. Сол себепті маған «үш» алуға болмайтын.Мұның бәрін айтып отырғаным, мен студент болған кезімде де, одан кейін де көп қиындық көрдім. Және тұтас бір формация өзгеріп жатқан тұстағы ол қиындықты жалғыз мен ғана көргем жоқ, қарапайым халықтың барлығы да бастан кешті деп ойлаймын.

- Кешіріңіз, сонда дәрігерліктен бизнеске ауысуыңызға не себеп болды? Медицина мен экономика бір-бірімен мүлде қабыспайтын салалар емес пе?

- Қысқасы, мен 1993-жылы оқу бітірдім. Ол кездегі жағдайды өздеріңіз де білесіздер: бұрынғы әкімшілік-командалық жүйе қирап, жаңа нарықтық жүйені ешкім әлі толық түсінбей, халық сеңдей соғылысқан аласапыран шақ. Экономикалық байланыстар күрт үзіліп, банктер төлеу қабілетінен айрылып, қайда барсаң бартер салтанат құрған, ел-жұрт айлап-жылдап айлығын ала алмай жүрген, дүкендердің іші жылан жалағандай тақырланып, заңсыздық пен рэкет күш алып тұрған кез еді. Маған күні кеше сабақ берген ұстаздардың азық-түлік сатып тұрғанын көргенде жүрегім ауыратын. Қалтамда дипломым бола тұра мен де қол қусырып қала бердім. Өйткені, қалада да, облыста да ол кезде жұмыс болған жоқ. Ал, сол уақытта шаңырақ көтеріп, әке болып үлгерген маған үй-ішімді асырау үшін енді ақша табу керек болды. Содан мен де басқа жұрт құсап қолыма түскен заттарды саудалаумен айналысып кеттім. О, ол кезде мен немен айналыспадым десеңізші! Сауда жасаудың барлық сатысынан өттім. Одан кейін көтерме саудаға көштім: әуелі автомашиналар, жағар жанармай тасып, кейіннен вагонмен тауар жеткізумен айналыстым. Осылайша алғашқы  капитал жинақтала бастады. Дей тұрғанмен, мен енді экономикалық білім алмай болмайтынын жете түсіндім. Содан 1993-жылы мен құжаттарымды жинастырып Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік Басқару Академиясы жанындағы Нарық Институтына оқуға түстім. Және 1997 жылы сол оқу орнын  экономика және менеджмент мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Кейіннен экономикалық білімімді жетілдіру үшін Мәскеудің Халық Шаруашылық Академиясында білім алып, МВА дипломына қол жеткіздім.

- Әңгімеңізді тыңдап отырсақ, оқу-тоқудың бәрін тек орыс тілінде алған сияқтысыз. Үйде де осылай қазақша сөйлесесіздер ме? Балаларыңызды қай тілде оқытасыз?

- Оныңыз рас. Мен Ақтөбе облысы Исатай ауданына қарасты Жеренқопа ауылында дүниеге келгеніммен, негізінен, Красноярск совхозының Брусиловка (2 бөлімшесі) ауылында өстім. Онда қазақ мектебі атымен болған жоқ. Кейіннен Ақтөбе, Алматы, одан Мәскеуде де оқуды орыс тілінде алуға мәжбүр болдым. Бірақ мұның бәрі менің өз тілімде сөйлемеуіме сылтау болмау керек. Өзін шын патриот санайтын азамат қай жерде жүрсе де туған тілін ұмытпаса керек. Дегенмен, ауызекі тілде сөйлеу бар да, тілді терең меңгеру деген бар. Мен қазақ тілін оқып-үйренуден әсте жалыққан адам емеспін. Рас, кезінде біраз уақыт өткізіп алдық. Бірақ, Аллаға шүкір, қазір екі ұлым да бір-бірімен тек қазақ тілінде ғана ұғынысады. Тілдік айналымға әбден «сіңіп» кеткен қайсыбір орыс терминдерінің бөтен сөз екендігін кейде осы балаларым түсінбей қалып жатқанда барып бір-ақ ұғынам.Осы екеуінің тілі қазақша шықсын деп қазақ балабақшасына бердім. Үйде балалармен тек қазақша сөйлесеміз.

- Меценаттар атақ-абыройларын шығару үшін өз қамқорлықтарын әдетте көпшіліктің назарына іліккен айтулы шараларға көрсетіп жататыны өтірік емес. Мына жердегі атқарған шаруларыңызға қарап отырсақ, бір жылдың ішінде сіздер де әжептәуір «шығындалыпсыздар». Осынша іс атқарып отырып, көлеңкеде қалудың біз білмейтін философиясы бар ма әлде?

- Сөздің реті келгесін айтайын, алдыңа бірде дәрігер келеді, енді бірде мұғалім келеді; біреуі шет елден мастер класс шақыртады, екіншісі өз-өзіне қол салу мәселесін зерттегісі келеді дейік. Сонда мен солардың бәріне "ұйымдастырып отырған жұмыстарыңның жарнамалық қуаты" жоқ немесе әлсіз деп отырсам, көз алдыңызға елестетіңізші... Біз атам заманнан «төбемізде көріп тұрған бір Алла бар» деген қағидамен өмір сүріп келген елдің ұрпағымыз. Байқасаңыз, қазақтың қай баласы да қамқорлық көрсеткен адамы келіп алғысын жаудырса, «Алладан қайтсын» дейді. Осының бәрі бекер ме?! Сосын кім болса да танымал жобаларға демеуші болды екен деп оларды да бекерден-бекер жазғыруға болмайды. Бастысы - ниеттің дұрыстығы. Мысалы, біз де биыл халықтың ілтипатына бөленген, атын айтпай-ақ қояйын,  әйгілі музыкалық ұжымдардың біріне демеушілік жасап, концертінің өтуіне мұрындық болдық. Біз өз ұпаймызды ойласақ сол арқылы-ақ өзімізді жарнамалап жіберуімізге әбден болатын еді. Қайталап айтамын, жақсылықтың ең үлкені - айтпай істеген жақсылық.

- Сұхбат бергеніңізге рахмет. Шарапатты шараларыңыз жалғасын таба берсін.

- Айтқаныңыз келсін.

Сұхбаттасқан Шәріпхан Қайсар.

«Абай-ақпарат»

0 пікір