Жұма, 26 Сәуір 2024
Аңыз Абай 3996 4 пікір 19 Мамыр, 2020 сағат 15:26

Абай ілімі және білімділік салтанаты

Қазақылық қаймағы бұзылмаған қазақ қоғамында әділділік арнасындағы ұстанымдарға, оқыған, білімді, ғалым кісілерге құрмет зор болды. Ақыл-ой кеңістігіне Алаш зиялылары шыққан ХХ ғасырдың бас кезінде бұл құндылықтар терең тамыр тартып, қара қазақтың жалпақ танымына берік орнықты. Алаш қараткерлерінің Абай іліміне айрықша ден қойғанын ескерсек, мұндай ұмтылыстың ерекшелігінің бір ұшын Абай танымынан іздеген жөн.

Қазақ арасында оны Абайдай насихаттаған ақын жоқтың қасы. «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», - деп таныған Абай білімділікті, ғалымдылықты адамның басты қадыр-қасиеттерінің бірі ретінде бағалайды. Тіпті, ол өзінің ақындық талантын, шығармашылық ізденісін білім-ғылымды, өнерді игеруге насихаттайтын үгіт құралы ретінде пайдаланады. 

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.

Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,

Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.

немесе

Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ, - дейді ақын.

Бұл тұста ол адам баласы білімді тұщынып, ынтамен игеру үшін оның көңіл, көкірек көзін ашу қажет деп санайды. «Көкірек көзі» арқылы игерілген білім ғылымның «нұрын» (свет), сырын (танымын)  меңгере алады деп түйеді. Мұндай танымды ол өзінің өлең жолдарында былайша өрнектейді:

Білімдіден шыққан сөз, 

Талаптыға болсын кез. 

Нұрын, сырын көруге 

Көкірегінде болсын көз.

Ал сол білімді игеру үшін қажет бес асыл қасиетті игеруге, бес жаман қасиеттен бой тартуға  атақты «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінде үгіттеді: 

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз.

Білімділікке бес асыл қасиетке қоса, ерік-жігер, ақыл-парасат керек. Оны ақын «қайрат пен ақыл» және «шапағатты әділеттілік» деп түсінеді.

Қайрат пен ақыл жол табар

Қашқанға да, қуғанға.

Әділет, шапқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға.

Бастапқы екеу соңғысыз

Біте қалса қазаққа,

Алдың - жалын, артың - мұз,

Барар едің қай жаққа?

Демек, әділетсіздіктің алды тозақ (жалын), арты – суық (мұз - жұрттың бағасы: Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы// Өлмейтұғын артына сөз қалдырған). Ойланған кісіге ғаламат ой салар өлең шумақтары. Әділет сезімі кімде көбірек болса, сол  ғалым, сол ақылды кісі («Бұл ғаделет, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі - ғалым, сол - ғақыл»).

Адам  әділетті болса, ол құрған қоғам да әділетті болмақ. Кірпіштің пішіні оны құйған қалпына байланысты болатыны сынды, адамның бойына не құйсаң, қоғам сондай болып шығады. Сондықтан Президент Қ-Ж. Тоқаевтың әділділікті сақтауды мемлекет саясатында басшылыққа алынуы тиіс дегені, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасы Абайдың әділ қоғам идеясына тірелетіні анық. Президент Қ-Ж. Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек. Мұны Абай меңзеген әділетті қоғам қалыптастырудың бірден-бір шарты деп білемін», - деді. Мұны «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» деген Абайдың өсиетіне сай болып, оны қабылдай алдық па? Қабылдап жүрміз бе? 

Ойшыл Абайдың өлеңін ұғу, А.Байтұрсынұлы айтқандай, оңай емес. Оған ана тілінде уызға жарыған, туған халқының мәдениеті мен дүниетанымын терең ұғатын, оны қадірлейтін ұрпақ көші керек. Мұндай ұрпақ тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдық тарихында қалыптасып келеді. Ендігі уақытта солар тұщынатын, солар байыбына барып, парасатты пайым түзейтін танымдар керек. Бізде ойшыл Абайдың философиясын тану, оны тәпсірлеу (интерпретациялау) мәселелері кемшін. Себебі ақынның шығармашылығындағы атақты «Ғақлияларында» айтылатын қарасөздері философиялық пайым ретінде жеке дара талданып келеді. Абайды бұлай тану терең әрі бағалы жетістіктерге жеткізбейді. Оны ақынның өлеңдерімен сабақтастыра, аттастыра отырып талдаса, терең философиялық пайымдарға жол ашары анық. Атақты Абайтанушы Мұқаң кезінде осындай ой айтқан болатын. 

Абай ілімі  иделистік, рационалистік танымнан бастау алады. Бірақ оған қарап онда материалистік, диалектикалық дүниетаным жоқ деп айтуға болмайды. Ақынның мына бір өлеңі осыған бір мысал:

Дүние - үлкен көл,

Заман - соққан жел,

Алдыңғы толқын - ағалар,

Артқы толқын - інілер,

Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай көрінер.

Диалетикалық таныммен өрілген осы бір шумаққа терең философиялық пайымды өлең өрнегіне орналастыру үшін қаншалықты терең пайым, парасат керек екенін болжай беріңіз. Осы шумақта айтылған ойды жеткізу үшін батыс философиясы қара сөзбен жазылған құлаш-құлаш еңбек жазғаны көзі қарақты кісілерге таныс. 

Болмаса, ұлы ақынның мына бір жолға назар аударайық: 

Сағаттың шықылдағы емес ермек,

Һәмишә өмір өтпек ол білдірмек.

Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,

Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.

Сағаттың өзі ұры шықылдаған,

Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.

Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті,

Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман.

Диалектикалық материализмнің таным соқпақтары осындай ойлармен соғылғаны анық. Болмаса, «Уақыт – төреші» деген диалектикалық танымға  сүйенген қанатты сөздің көркем өлең үлгісіндегі нұсқасына назар аударайық. 

Көлеңке басын ұзартып,

Алысты көзден жасырса;

Күнді уақыт қызартып,

Көк жиектен асырса.

Мұндай философиялық танымға толы жолдарды Абайдың шығармашылығынан мол кездестіруге болады. Оның әрбір өлеңі философиялық тұрғыдан тәпсірлеуге әбден лайық.

Түйіндей келгенде, Абай ілімі - тұңғиық теңіз түбіндегі маржан тас. Оны тәуекелге бел буып, тереңге сүңги алатын адамдар арқылы  су бетіне шығарып, жұрт игілігіне жаратуға болады. Ал бұл өз кезегінде қоғамның байлығы,  оның рухани бағдаршамының бірі ретінде жарқырай беретіні анық.

Алмасбек Әбсадық,

филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ профессоры

Abai.kz

4 пікір