Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2985 0 пікір 2 Қараша, 2011 сағат 05:46

Дос Көшім: «Атқа мінбесек, мәселе шешілмейтін түрі бар...»

Кезінде  Абаймен бізді қауыштырған дана Мұхаң: «Бұл дәуірде өз тілін білмеген , қадірлемеген адамды толық  мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі,  ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңар жақ болады» -деген екен. Дәп бүгінге туралаған іспетті. Қоғам «Тілдер туралы заңды» жіті назарында ұстап, өз үнін шамалары келгенше білдіріп, үлкен дау-дамай болып жатқалы біраз уақыттың жүзі болды. Осы мәселенің төңірегінде бізден бір елі жақын жүрген, туған тілім ертең өлетін болса, мен бүгін өлуге даярмын дейтін азамат Дос Көшім мырзамен сұхбаттасуды жөн көрдім. Мәрхабат...

1.  Талқыланып жатқан тілдер туралы заң жобасы, бұл халықтың ұзақ уақыт аралығындағы ықпалы ма, әлде көксеген басқа ойдың нәтижесі ме?

Кезінде  Абаймен бізді қауыштырған дана Мұхаң: «Бұл дәуірде өз тілін білмеген , қадірлемеген адамды толық  мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі,  ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңар жақ болады» -деген екен. Дәп бүгінге туралаған іспетті. Қоғам «Тілдер туралы заңды» жіті назарында ұстап, өз үнін шамалары келгенше білдіріп, үлкен дау-дамай болып жатқалы біраз уақыттың жүзі болды. Осы мәселенің төңірегінде бізден бір елі жақын жүрген, туған тілім ертең өлетін болса, мен бүгін өлуге даярмын дейтін азамат Дос Көшім мырзамен сұхбаттасуды жөн көрдім. Мәрхабат...

1.  Талқыланып жатқан тілдер туралы заң жобасы, бұл халықтың ұзақ уақыт аралығындағы ықпалы ма, әлде көксеген басқа ойдың нәтижесі ме?
-Бұл мәселеге менің екі түрлі көзқарасым бар. Біріншісі - билікте отырғандар да қазақ тілі  мәселесінің ушығып, белгілі бір әлеуметтік қауіпті дәрежеге жеткенін, енді «асықпайық» деп айта берсе, арты үлкен бір жарылысқа әкелетіндігін жақсы түсініп, қолданыста жүрген «Тілдер туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қолға алды ма деген ой. Екіншісі - ұлттық ұйымдар «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын өздері дайындап, халықтың алдына салып, соны ту етіп ұстаған қазақ тілділер алаңға шығып кетулері мүмкін деген оймен, олардың алдын алып, өздері орыс тілділердің шуын дайындап, кейін біздерге «көрдіңіздер ме, қолымыздағы, пайдаланып жүрген, жұп-жұмсақ «Тіл туралы» заңның бір бабының өзіне орыс тілділер өре түрегелді, ал сендердің дайындаған заң жобаларың дүниеге келсе, олардың атқа мінуі де мүмкін» деп қорқыту үшін жасалған саяси технологияның бір тәсілі.

2. Осы уақытқа дейін тіл мәселесіне қыруар қаражат жұмсалып келді. Нәтижесін көзіміз көріп, ішіміз біледі. Осыншама қаржы берілсе тіл мәселесін шешуді неден бастаушы едіңіз? Жалпы бұл мәселені, ақшаны қоя тұрғанда, қалай шешу керек өзі? Шешімі бар ма, жоқ па?
-Ақшаны қоя тұрғанда да, ақшаны төккенде де, бұл мәселе тек заңның аясында шешімін табады. Ол заңның аты - «Мемлекеттік тіл туралы» заң болмақ. Бізде бұлтың-бұлтың еткен, өзіне өзі қарсы тұратын, азаматтар түгіл заңгерлердің өзін тығырыққа тірейтін Конституциядағы жетінші бап бар да, нақты қос тілділікке негіз болатын «Тілдер туралы» заң бар. Бұлардың екеуі де Қазақ жерінде мемлекеттік тілді тұғырына орната алмайды. Орната алмауы былай тұрсын, соған қарсы жұмыс істейді. Ал енді ақша мәселесіне келейік. Әрине, тілді дамытуға осы жылдары көлемді қаржы бөлінді, бірақ ешкім мінбеге шығып, есеп бермепті...Коррупция жайлаған елде бұған бәріміздің етіміз үйреніп кеткен сияқты. Мен осыдан бес жыл бұрын тілді дамытуға бөлінген қаржының қайда кеткеніне талдау жасауға тырысып көрдім, бірақ, сыпайылап айтқанда, «құйрығын да ұстай ала алмадым». Егер маған қаражат берсе, сол қаржыны қазақ тіліндегі ғылыми еңбектер жазамын деген ғалымдарға, тәжірибелі оқытушыларға қолдау көрсетіп, бес жылдың ішінде Ресейдің кітаптарына жалтақтамайтын деңгейге жеткізер едім.

3.  Қазақшалану қай өңірде ақсап тұр?
- Қазақ тілі мәселесі күйіп тұрған облыстардың рейтингін шығар десе, бірінші орынға Қостанай мен Петропавлды қояр едім, екінші орынды Павлодар мен Өскеменге, ал үшінші қатарға Ақмола мен Қарағандыны жатқызар едім.

4. Толық, қашан жетеміз нақты жетістікке?
- Болжам жасағым келмейді. Бірақ «нақты жетістікке» жету - біздің нақты күресіміздің арқасында ғана келеді. Байқайсыз ба, қазақтың барлық мәселесі тек көшеге шыққанда, атқа мінгенде ғана шешімін табады екен. Желтоқсанды алыңыз, немесе Шаңырақ оқиғасын қараңыз, қарсылық болғанда ғана жеңіс болады. Ал ас үйдегі әңгімеден аса ала алмасақ, осы таз қалпымызда қаламыз. Бұны көтеріліске үндеу деп қалмаңыз, атам қазақ «жағаласқанның жаны қалады» деп баяғыда-ақ айтып өткен...

5.   Осы заң жобасының нәтижесінде халық екіге бөлінді деп жатыр, келісеміз бе?
-  Келіспеймін. 140 адамнан бес жалтақ шықса, бұл - бөлініс емес. Жалпы алғанда, қазақ тілінің мәселесінде біздің бағытымызды 99 пайыз қазақ қолдайды деп ойлаймын. Осы күнге дейін өз тілінен безген халықты көрген жоқпын.

6. Қазіргі талқыланып жатқан заң жобасы қашан халықтың талқылануына жіберіледі? Оған қалайша өз үнімізді қоса аламыз?
-   Ол жағын білмедім.

7. Осы заң жобасы өз жұмысына енсе, орыс, басқа да өзге ұлт өкілдері  шабадандарын түйіп көшеміз демекші, халықта үлкен миграция орын алады деп болжамдауда, шынымен аға не болады?
-   Рудан - тайпа, тайпадан - халық құралады. Халық дамудың белгілі бір деңгейіне жеткенде - ұлтқа айналады. Ал ұлт, шамасы келсе, мемлекет құруға тырысады. Біздер де осы жолдармен өттік. Сол арқылы өзіндік ерекшеліктері сақталған, өзіндік өмір салты бар қоғам жасайды. Бұл қоғамның заңдары кейбіреулердің көңіліне ұнамаса, әрине, өздері қалаған елдеріне кету құқығы бар. Олар кетіп қалады екен деп, өзінің ана тілін тұсаулап, ауыздарына қақпақ қойып отыру - ақымақтықтың белгісі. Миграцияны жасанды жолдармен тоқтату - адам құқығына қарсы шығумен бірдей. Орыс тілділер Ресей жерінде еркін өмір сүре алады, ал қазақ тілділер қазақ жерінде ғана көкіректерін керіп еркін дем алады. Бұл - қарапайым шындық. Сол шамадандарын көтеріп, Германияға, Францияға көшкен азаматтарымыз ертең-ақ сол елдің тілін толық меңгеріп алады. Қабақтарын түйіп, ешкімге қоқанлоққы жасамайды. Ал дөңайбаттарын бізге көрсетулерінің сыры біреу-ақ - олар біздің сыпайылығымыз бен жарқын көңілімізді қорқақтық деп қабылдайды. Мүмкін, «жиырма жыл бойы біздің аузымызға қақпақ болған жоқсыңдар,  шыдадыңдар, енді біз өз елімізді табайық, сендерге рахмет» деп қазақ тілінде сөйлеуді өздеріне  қорлық көретіндер шынында да көшіп кетер. Меніңше, бұл трагедия емес, - таңдау!

8. Біз қазақ тілін білмейтін қауымды еркелетіп алған жоқпыз ба, әлде оларға түсіндіруге тырыспадық па?
-  Биліктегілер қазақ тілін білмейтін қауымды қалқан етіп ұстады, сондықтан да олардың кетуі - биліктегі орыс тілділер үшін, үлкен апат. Ал менің өз басыма келетін болсам, осы уақытқа дейін «ертең балаларың шаң қауып қалады, қазірден бастап қазақ тілді мектепке беріңдер» деп облыс, аудандарды аралап, орыс тілді қауыммен кездесумен, оларға тіл мәселесін түсіндірумен келемін. 

9. Мамандар тапшылығын көреміз деген тіпті байбаламдар да салынуда, осыған қосыласыз ба?
-   Ешқандай негізсіз, бос сөз!

10.  Үкімет, жалпы биліктегілер,  қазақ тілінің үстем болуына  неге мүдделі емес?
-  Өкінішке орай, олардың басым көпшілігі қазақ тілін жетік меңгермеген, сондықтан болар, басқа тілде сөйлегенді ыңғайсыздық деп санамайды, қорланбайды. Бір шындық бар, егер қазақ тілінің қолданылу деңгейі орыс тілімен бірдей болса, биліктегілердің 80 пайызы жұмыссыз қалады, олардың орыс мектептерінде оқыған балаларының 90 пайызы жұмысқа орналаса алмайды, ал қазір Англия не Швейцарияда оқып жүрген   немерелерінің 100 пайызы қазақ жерінде жұмыс істей алмайды. Сондықтан да олар қазақ тілінің үстемдігіне әрқашан қарсы жұмыс істейді, керек десеңіз қолдарына қосауыз мылтық ұстап көшеге шығуға да дайын деп ойлаймын. Қазір өздерінің балаларының болашағы үшін, олар ешқандай заңда жоқ,  «үштұғырлы тіл» дегенді шығарып алды. Әрине, мектепте ағылшын тілін оқыған қарапайым қазақ баласынан шетелдерде оқыған байдың баласы озық тұратыны белгілі. Қазақ тілінде бәсекелесе алмайтын болғандықтан, олар ағылшын тілін бәсекеге салып отыр. 

11. Өзбектерге басқа тілде сұрақ қойсаң адам ғұрлы көрмейді, осындай тәсіл бізге де керек шығар, кінә халықтан емес пе, жасық болып қалғанбыз ба, қалай өзі?
- Меніңше, осы тәсілге біздер де келетін болармыз. Әрине, бұл - ұлттар арасында белгілі бір жағдайларда кикілжің туғызатыны да анық, бірақ одан басқа жол қалмаған сияқты. Бұл тәсіл қазақтар үшін өте қолайлы, себебі біздердің көпшілігіміз қос тілді азаматтармыз. Екіншіден, бұл тәсіл (мен бұл тәсілді, шартты түрде «қырсықтық тәсілі» деп атаймын) адам құқығына ешқандай қайшы келмейді. Орыс тілінде жөн сұраған адамға «Мен сенің қандай тілде маған сөйлеу құқығыңды шектемеймін, сенің таңдауыңды сыйлаймын, бірақ қазақ тілінде ғана жауап беремін, сен де менің таңдау құқығымды сыйла» деуге толық болады. Алайда, айта кету керек, бұл «қырсықтық тәсілі» бүкіл халықтық шараға айналғанда ғана өзінің нәтижесін береді.

12. Қазақ тілін толық қолдануды Елбасы өзінен бастасын деседі, кейбір айтқыштар, солай ма? Алдыңғы арбаға, шынымен  ерер ме едік?
-Егер халықтың барлығы қазақ тілін қолданса, Елбасының жалғыз өзі басқа тілде сөйлейді деп айта алмаймын. Халықтың күші Елбасының билігінен жоғары. Меніңше, оның қай тілде сөйлеуі - өзінің ұятында, намысында, рухында... Оған қарап басқа бастықтар қазақша сөйлеп, одан соң, келесі Президентке қарап, немісше сайрасақ, ұлт бола алмаймыз!

13.  Сұхбатыңызға рахмет, алла жар болсын!

Фариза БАЙЕЛІ

http://www.mtdi.kz/kz/sybat/tilshi-galymdar/654-atka-minbesek

0 пікір