Сенбі, 4 Мамыр 2024
Әңгіме 5496 3 пікір 14 Мамыр, 2020 сағат 12:48

Ұялы қасқыр. Айдала

Сол жылы қыс ерте түсіп, кәріне міне келді. Қарашаның басында бұрқ-сарқ борандатса, желтоқсан тумай сары аяз сақылдап тұрып алды. Теріскейден соққан үскірік ертелі-кеш азынайды. Бәрінен қиыны өрістің тарылғаны еді. Белуардан қар түсіп, жылқы біткен тебіндей алмай қырылатын болған соң, ел даладан ауылға айдап әкелген. Сауын сиыр мен ұсақ малға жыйнаған азын-аулақ шөп қайсына жетсін, қаңтардың төбесі көрінбей жатып орталанды.  

Жұрт не істерін білмей аңтарылған осындай қытымыр күннің бірінде атам атқа қонып, ауылдан он бес шақырымдай жердегі Оспан қойшыға кетті. Кешке: – Келістім, қой-ешкіні отарына қосып бағатын болды, – деп келді. –  Қыстауынан ары қарайғы құба жондарды қар алмапты, сәуірге дейін өрісі тарылмайтын түрі бар. Реті келгенде жылқыны да солай қарай беттетерміз. 

Кешке дәм үстінде күрк-күрк жөтеліп, мазасы кетіп отырды. 

– Мен, сірә ертең жолға шыға алмаспын, сүйек-сүйегімді кемірген бір дерт діңкемді құртып барады, – деді әкеме. – Қойды Оспанға сен айдап апар. 

– Мектепте сабағым бар ғой, жексенбіге дейін босай алмаймын, –  деп күмілжіді әкем. 

 – Оған дейін табаны күректей бес күн, – деп кейіді атам. – Ал қой-ешкі шөптен қысып едік, бірінің жүнін бірі жей бастады. 

– Орныңа мұғалімдердің бірі сабақ бере салмай ма? – деді әжем әкеме. 

– Маңайдағы қойшыларға қой қосатын жалғыз біз бе? Тоғыз әйелдің толғағы бір күнде келді дегендей, үшеуі кеше сұранған. Солардың барлық сабағы менің мойынымда. 

– Қалай десең де жексенбіні тосатын жағдай жоқ, – деп кесіп айтты атам. 

– Онда, – деді әкем маған қарап, – Оспанның қыстауы алыс емес, мынау да айдап апарады. 

– Қаршадай баланы қақаған қыста сенделтпексің бе?!

– Қаршадайы несі?! Он екіге толды, биыл жетіні бітіреді.

* * *

Жолға ерте шықтым, қойды ауылдан ұзай бере кезіккен шиге жарты сағаттай жайып алғаным болмаса, бөгелген жоқпын. Сынық мүйіз серке бар еді, сол алға түсіп алып, соза тартты да отырды. Бірен-саран тоқты-торым кейіндесе, үйден ере шыққан Ақтөс дүрегей әупілдеп қуып әкеледі. 

Күн түске тармасқанда Оспанның қыстауы көрінді. Бірнеше ит жарыса үрді, сол қол жақтан салт аттылы шауып шықты. Таяу келгенде таныдым, Оспанның биыл әскерден келген ортаншы ұлы Қадыр екен. 

– Ассалаумағалейкум! – деп сәлем бердім жаныма келіп атының басын тартқанда. 

– Уағалейкум! – деді ол. – Бұл кім десем, Зейнолла мұғалімнің баласы екенсің ғой. Әкең аман ба?

– Аман.

– Аман болса, қыс ішінде сені неге қой соңына салып қоя берген?

– Мектепте сабағы бар, қолы тимеді. 

– Солай де.

– Өзіңіз қой жая шығып па едіңіз, отар көрінбейді ғой. 

– Жоқ. Бір-ер күн болды, ауылды ұялы қасқыр торуылдап жүр. Соның ізін кесіп көрейін дегем. Осы келе жатқанда ана Айдаһарлы жақты арылтып келемін. 

– Даланың аң-құсын қырып бітіп, ауылға ауыз салайын дегені ме?!

– Қыс мынау, күнде боран, күнде аяз. Аң атаулы Бетпақтан асып, Шуға ауғанға ұқсайды. Содан кейін ауылды жағаламағанда, қайтеді?!

– Өздері көзге түспеді ме?

– Көрінуші ме еді, жырынды пәле емес пе?

Мойнындағы мылтығын түзеп, едәуір жердегі Айдаһарлыға, одан қарлы жазыққа қарады. 

– Бұлар бір сойқан жасамай тоқтамайды, – деді. 

* * *

Қойлы ауыл ерте тұрады ғой, құлқын сәріде шай ішілді. Мен киініп сыртқа шыққанша Қадыр атымды ерттеп қойыпты. 

– Қанша оғың бар? – деді қолымдағы қос ауыз мылтыққа қарап.

– Бір патронтаж толық, – дедім. 

– Дұрыс, – деді. – Кешегі жолыңа түс те желдіртіп отыр. Ай далада түлкі-қоян кезіксе, қуамын деп босқа әуреленбе. Жазықтың қары қалың, атың оппыға түсіп кетсе, малтығып шыға алмайды. 

– Әкеңе сәлем айт! – деді осы кезде үйден шыққан Оспан қойшы. 

– Сау болыңыздар! – деп атқа қондым.

* * *

Шайдан соң бір тостаған езген құрт ішіп едім, соның қызуы ма, таңғы суық сезіле қоймады. Ал айнала саршұнақ аяздан шаңғытып тұр. 

Түнімен шөпте тұрған тор бесті қамшы салдырмай жортып келеді. Осы арадан Атасу өзеніне үш-төрт шақырым қалғанша құмдақ жон, ат тізесі бататын қар жоқ. 

Қайда қарасаң да қан-сөлсіз бозарған бір әлем, сұсты, суық. Оң қапталда дөңкиген Айдаһарлы қытымыр қыста бұрынғысынан да ызбарлана түскен. Ұшқан құс, жүгірген аң көрінбейді, мына безбүйрек дүниеден безіп кеткендей. 

Қадырдың: "Ауылды ұялы қасқыр торуылдап" жүр деген сөзі ойға оралды. Секемденіп алды-артымды күдікті шолып шықтым. Айдалада үйір-үйір қараған-тобылғыдан басқа көз сүрінер белгі жоқ. Жаһанда жалғыз қалғандай құлазыдым. 

Біздің ауылда не көп, қасқыр жайлы әңгіме көп. Үрейіңді ұшыратын оқыс оқиғалар да болған. Соның бәрі айдалада жамырап қоя берді. 

Алдыңғы жылы ауылға аудан орталығынан Тайжан деген милиция келді. Үлкендердің айтуынша сонау Отан соғысынан бері ұстатпай келе жатқан Дауылбай қашқын қыста Айшырақтағы елді сағалап жүр деп естіпті.

Содан бір жеті жүрді. Мектепке жұртты жыйнап: – Шындарыңды айтыңдар! Келгені рас па? Қайда кетті? – деп зіркілдеді: Одан жеке-жеке шақырды. Маңайдағы қыстақтарға барды. Күн шықса пар ат жеккен қашауа шанасын қоңыраулатып шауып бара жатады, кеш түссе шауып келе жатады. 

– Япыр-ай! – дейтін атам соңынан қарап тұрып. – Баяғы шаш ал десе, бас алған жалаңтөс белсенділерден аунысайшы!

Осылай ала құйындатып жүріп, келген жағына кетті-ау. Оны сонда, қысқы ұзақ жолда қандай қатер күтіп тұрғанын кім білген?! Арада оншақты күн өткенде ауданға барып қайтқан Кәдірсіз запперме жаның түршігетін суық хабар алып келді. 

* * *

Айшырақтан отыз шақырым жердегі Манақа өзенінің Ақтау дуанына қарайғы мүйісін қыстап отырған Ысқақ қойшы таңертең көмекші шопанмен бірге қойды өргізуге шыққанда қораның жанынан пар ат жегілген шананы көреді. "Түнделетіп суыт жүрген бұл кім болды екен?" деп ойлайды.

– Ау, кімсің? – дейді дауыстап. 

Жауап болмайды. 

Абайлап таялса, о тоба, қос аттың сауырын қан жапқан, түнімен шапқан ба, ақкөбіктеніп қалш-қалш етеді. 

Шананың ішінде екі қасқыр жатыр, бірінің үстіне бірін айқастырып тастай салған. Бүктетіліп қалған түлкі ішікті көтергенде астынан былғары сөмке мен тапанша шығады. 

Содан не керек, Ысқақ қойға көмекшісін жіберіп, өзі шананың ізіне түседі. Қыстаудан ұзап шыққанда қардың үстінде әлдене қараяды. Астындағы аты үркектеп осқырынады. Мылтығын оңтайлап жеткенде кеуде жағы бар, бөксе жағы жоқ қасқыр мен жұлым-жұлымы шыққан шолақ тонды, адамның шашылған сүйегін көреді. Үрейі ұшып қыстауға қарай тұра шабады. 

* * *

Кәдірсіз осылай іркілгенде жұрт жағасын ұстады. 

– Тайжанды қасқыр жеп кеткен бе?

– Не болыпты?

– Айтсаңшы?! – деп шулады.

– Шамсы құлатүзде кетіп бара жатқан ат-шанаға қасқыр шапқан, – деді Кәдірсіз. – Жеткен бетте аттың сауырына ауыз салған екі-үшеуін Тайжан атып түсіреді. Қалғандары мылтықтың гүрсілінен бытырай қашқанда, өлген бөрілерді алып кетпек болып кері қайтады. Шанаға екеуін салып, үшіншісін әкелуге кеткенде қасқырлар қайтадан тап беріп, қос ат шауып ала жөнелген.

– Айдалада қарусыз қалған байғұсты үйірлі қорқау тірілей талады-ау! – деп шошынды дәрігер Бәделхан. 

– Жемтікке айналған ұяласын да қоса жеген ғой, – деді Әбдікәрім мұғалім. 

Құлағыма шыбын жаны шырқыраған Тайжанның жанұшырған даусы келді, тұла бойым түршікті. 

* * *

Күн арқан бойы көтерілсе де саршұнақ аяздың беті қайтпаған, айнала әлі шаңғытып тұр. Бар маңай тоңазыта жүдеп, көңіліңді құлазытады. Төңірегіндегі көп таудың еңсесін басып, төбесінен қараған Саңғыру биігі ғана қаһарлы қысқа қасарыса зорайып, шырқау шыңына бұлт қондырмай асқақтайды. Одан бергі жалпақ жазық ту биенің жаясындай төңкеріліп жатыр.  

Оң қапталда дөңкиген Өгізтау жақтан беймәлім сарын көтерілді, бірнеше қорқау қосыла ұлығандай. 

Жазғанның жазымы көп, мойныма асынған мылтығымды қолыма алып, оқтадым. 

Атасу өзенінің талды арнасына әлі бес-алты шақырым жер бар, соған жетсем, ауыл ар жағында тиіп тұр. 

Жолды өндіртіп алайын деп тор бестіні сар желіске салдым. Әлден соң ат құлағын қайшылап, әредік осқырынып, жүрісінен жаңыла берді. 

Із кескенсіп айнала жортып жүрген Ақтөс абалап аласұрды. Әлгі беймәлім сарын көтерілген жақтан не көргенін білмеймін, айбат шегіп, ұмтылып барды да шабаланып кері қайтты. Біресе аттың алдына, біресе артына шығып арс-арс етті. 

О, тоба! Оң қапталдан екі қасқыр көрінді. Екеуі де арлан болар ірі, көлденеңдеп барып тоқтады. 

"Қадыр айтқан ұялы қасқырдың маған кезіккені ме?! – деп ойладым. – Онда қалғандары қайда?"

Олар алыста емес екен, әлгі екеуге әуелі үшеуі, содан кейін төртеуі келіп қосылды. 

– Ұзын саның тоғыз болды ғой, – дедім. Неге айтқанымды білмеймін. Қорыққан-қорықпағаным да белгісіз. Тұла бойым суынып, көп қорқаудың алдындағы тайыншадай көкжалға жасқана қарадым. 

Күдікті ой азынап қоя берді. Өзенге аман жетсем – сау қалғаным. – Ал  тоғыз қасқыр жұбын жазбай тап берсе, құрығаным. 

* * *

Мұнысы несі екен, қар жамылған тастақ жон дірілдейтіндей. Жоқ, тор бесті қара терге малшынып қалш-қалш етеді. Бір сәт бүгіле беріп шауып ала жөнелді. Сол-ақ екен, ұялы қасқыр шашырай жайылып соңыма түсіп берді. Тоғыз емес, тоқсан қасқыр құйыла қаптағандай. 

Түз тағысы қашқанды өшіге, өршелене қуады деуші еді, жүрегім аузыма тығылды. Көп қорқаудың алдында аңдыздаған қос арланға қарата дүркін-дүркін аттым. Тор бесті мылтықтың гүрсілінен үрікті ме, әлде сүрініп кетті ме, бұлт етіп жүрісінен жаңылды. 

Бұған не болды десем, Ақтөс бауырына кіріп алған, аяғына оратылып, қыңсылайды.  

Екпіндеп таялып қалған қасқырларға үсті-үстіне оқ жаудырдым. Тоғыз қорқау қайта топтанып, енді қапталдаса ерді. Жай ермей, екі аралықты еппен қысқартып келеді. Лап қоятын ұрымтал сәтті аңдып келе жатыр. 

Ішім алай-түлей, неше түрлі сұмырай ой сумаң қағады. Қалың қасқыр оқ атқаныма қарамай тарпа бас салса, не істеймін? Жанталасып үшеу-төртеуін сұлатармын, тасталқанымды шығаруға қалған бесеуі де жетіп жатыр. 

– Алдымен атымды жарып тастайды, – дедім өзіммен өзім сөйлесіп. – Содан кейін мені жәукемдейді, одан Ақтөстің жанын жаһаннамға жібереді. Бәріміздің шаруамызды бітірген соң торыны асықпай жеуге кіріседі. 

Есіме Тайжан түсті. Ол не ойлады екен? Үрейі ұшып шапқан аттың соңынан ессіз жүгіре берген болар. 

Ал Ақтөс тор бестінің астынан шығатын емес. 

– Маған сен пәле болмасаң не қылсын?! – дедім. Еңкейе бере қамшымен тартып жібердім. Қаңқ етіп аттың алқымына тығылды. 

Мына жүріспен Атасудың талды арнасына түске тармаса жетсем де жақсы. Оған дейін оғым бітсе ше?!

Патронтажды сыртынан сыйпап, қапталдасқан қасқырларға қарадым. Екі ара қысқара түскендей. Қос арлан анадайдан айбат шегіп, табан астындағы қарды алай-түлей боратты. 

Сескеніп қайта-қайта аттым. Соған ерегіскендей әлгі екі көкжал жандарына таянған ұяластарын арс-арс талады. 

Талды арна мен жақындаған сайын әрі қарай ығыса ма, жеткізбей діңкелетті. Атты желдіртіп отырғанда, ендігі ілігетін едім. 

– Сені неге ерттім! – деп айғайладым Ақтөске. 

Тор бестінің бауырына еңкейе беріп едім, бұлт етіп арғы жағына шықты. Маған, одан қапталдағы қасқырларға жүні жығыла қарап, үрейлі қыңсылады. Зып етіп қайтадан аттың астына тығылды. 

Ал тоғыз қорқаудың жартысы енді сөгіле бөлініп, ту сыртымды орап алыпты, сол қол жағыма қарай жортып барады. Жырынды пәлелер енді осылай екі бүйірден қусырайын деген ғой. 

Аңтарылып Атасудың талды арнасына қарадым. Әрі кетсе үш шақырым жер. Соған не тез ілігемін, не мына тоғыз жыртқыш қос қапталдан қуырып түбіме жетеді. 

Тор бесті ұшқыр еді, құйғыта жөнелсе көп бөрі құйрық тістескенше өзеннен ағып өте шығар еді. 

Мылтықты қос қапталдан құрсаулаған қасқырларға қарата бірнеше рет атып, аттан түстім.

Қос ауызды оқтап, шүріппесін қайырғанда, Ақтөс аяғымның астына қыңсылап жата қалды. 

– Сені атып тастамақ болғанымды қайдан білдің? – дедім. – Менде басқа лаж жоқ қой. Аттың аяғына оралғы бола берсең, бәріміз де ана тоғыз қорқаудың жемтігіне айналамыз. 

Күшік күнінен асыраған оған қабырғам қайыса қарадым. 

О, жасаған! Мынандайда мүсәпір, бейкүнә жанар болады екен ғой! Батар күннің соңғы жалқынындай сөніп бара жатқан қарашығына тілсіз мақұлық атаулының барлық қайғы-мұңы ұялап, азынап қоя бергендей.

Жүрегім аузыма тығылды. 

– Тұр! – деп айғай салдым. – Тұр! Құрт көзіңді мына жерден!

Ақтөс төстабандап жылжып аяғыма басын қойды. 

– Кет! – дедім тағы да. – Жоғал!

Ит күйзеле қорқырағандай, бәлкім жантәсілімде күңірене ұлығаны ма, төбе құйқамды шымырлата азынады. 

– Кет! – дедім өзім де аңырап. 

Ол ыңырана жыйырылды да арс етіп атып тұрды.

– Жоғал! – дедім ақырып.  

Ит маған, одан қос қапталдағы қасқырларға алма кезек қарап, өзенге қарай құстай ұшты. 

Тор бестіге қарғып мініп, мен де жөнелдім. Қасқырлар да лап қойды.

Мылтықты үсті-үстіне атып келемін. Атқан сайын атой саламын. Қиқу шықса тор бесті шабысын үдете түседі. Бастапқыда бүгіле жүйткіп еді, қыза келе бауыры жазылып желдей есті. 

Ақтөс көзіме шалынған жоқ, ендігі өзеннен өте шыққан шығар.

Талды арна кесекөлденең көлбеңдейді, қырсыға тартылған қыл көпір дерсің. Бер жағы – тозақ, ар жағы – жұмақ. 

Оң қол жақтан әлдене қылаңдады. Азуы ақсиған арлан. Мылтықты оқтап үлгергенше күркіреп атылды. Тор бесті осқырына жалтарып, сытылып кетті. 

Ерден ауып барып түзелдім. Әлде әлгі қорқау, әлде басқасы, тайыншадай арлан енді сол жағымнан көрінді. Мұғдарлап басып салдым, қарғып барып шөкесінен түсті. 

Сол сәт талды арнаға да іліктім. Қолтығы сөгіліп, құйындай құлдыраған торы бұта-шілікті күтір-күтір жапырып, арғы бетке өте шықты. Көп бөрі де сатыр-сұтыр шыға келді. 

Тамағымды жырта атойладым. Ауылдың қарасын таныған жануар кісінеп қоя берді. 

Қарсы бетте әлдене қараңдайды. Тоғыз қорқау алдымды орап үлгергені ме?!

Жоқ, мынау Ақтөс қой! Тосып алып қатарласа жосылды.  

Тастап кетпегені ме? Маған алаңдағаны ма?

Көкірегім көріктей қызды. Айғайлап келемін бе, аңырап келемін бе, білмеймін. Ауылдан шауып шыққан салт атты жанымнан қиыс өте беріп тізгіні қолымнан түсіп кеткен торының шылбырын ұстай алғанда, аттың жалын құшақтай құладым. 

* * *

Әкем бесін ауа мен атып түсірген қорқауды шанаға салып алып келді. Көрген ел: – Астафыралла, мынау қасқыр емес қабылан ғой! – деп жағасын ұстады. 

Ал Ақтөс содан бері менен екі елі қалмайтын болды. 

Алдан Смайыл

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1080
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 969
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 715
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 820