Сенбі, 4 Мамыр 2024
Талқы 3621 2 пікір 29 Сәуір, 2020 сағат 13:00

Шалғай жайылымдар - игерілмеген резервтер көзі

Республика аумағындағы табиғи жайылымдарда жылына үздіксіз 30 млн. тонна азықтық бірлік көлемінде мал азығы қоры түзіледі. Дүниежүзілік банк сарапшыларының бағалауынша бұл азықтық қор 1 млрд. доллардан астам байлыққа пара-пар. Экономикалық тұрғыдан, бұл өзіндік бағасы арзан, экологиялық таза өнім өндірудің игерілмеген резерв көзі.

Осы табиғи байлық көзінің игерілуі көңілге қонымды ма? Барлығы 188 млн. астам жайылымның 1/3 (61 млн. га) мөлшерінен астамын ауылшаруашылық тауар өндірушілері иеленсе, 21 млн. гектардан астамы ауылдық мекен аумағында орналасқан жайылымдарды қамтиды. Қолданыстағы осы 82 млн. астам жайылымның жартысынан көбі (48 млн. га) азғындауға ұшыраса,  26 млн. гектары ресми деректер мәліметінше тозған. Жайылымның қалған жарамды аумағы 88 млн. га босалқы жерлер санатында.

Бүгінгі таңда, жайылымдық малшаруашылығының жағдайы өткен ғасырдың 30-ыншы жылдарын еске түсіреді. Жайылымдық жерлерді игеру тарихына үңілсек, ұжымдық шаруашылықтар құрылған соң, ұжымшар мен кеңшарларда малшаруашылығы саласының құлаш жаюы, бекітіліп берілген жер аумағы шеңберінде шектелген еді. Мал азығы қорының осылай шектелуі мал шаруашылығының дамуына тежеу болды. Қазақстанда 1932 жылы бар жоғы 2 млн. ғана қой болды. Дүниежүзілік соғыс күйзелісіне қарамай, 1942 жылы Үкімет қаулысымен шаруашылықтарға мемлекеттік босалқы жерлер есебінен шалғайдағы жайылымдық жерлерден қосымша жер телімдері бөлінді. Осы шаралар, соғыс кезіндегі және соғыстан кейінгі қалпына келтіру кезеңіндегі қиыншылықтарға қарамай 1950 жылдары қой басын 26 миллионға жеткізуге ықпал етті. Жайылымдық ресурстарды осылай барынша пайдалану малшаруашылығының дамуына үлкен серпіліс берді.

Бүгін таңда да табиғи жайылымдарды тиімді пайдалану өте өзекті мәселе. Елбасының, Республика Президентінің Үкімет алдына қойған мақсаттарына сай ет экспортын жүзеге асырудың алғышартының өзегі де табиғи жайылымдарды игеру арқылы мал басын өсіріп, экологиялық таза өнім өндіруге ұмтылу.

Осы орайда, мал бордақылау мәселесіне дендемей-ақ, табиғи жайылымдарды, әсіресе, шалғай жайылымдарды толығымен игеру ет өнімінің артуына үлкен септігін тигізері басты назарда болғаны абзал. Мысалы, етті бағыттағы ірі қара саласы дамыған Канада мемлекетінде, ет өнімінің басым легін, жайылымда семірген мал еті құрайды. Әрине, олардың мал тұқымы мен жайылымы басқа, дегенмен осы тәжірибені біз ескергеніміз жөн.

Кезінде бағдарлама жасалып, елге паш еткен 60 мың тонна сиыр етін экспорттаймыз деген жобаға зер салайық. Мақсат етіп қойылған 60 мың тонна ет өндіру үшін жалпы тірілей салмағы 120 мың тонна беретін мал басы керек. Қалыптасқан мал бағу үрдісінде етке өтетін әр бастың тірілей салмағы 400 кг  болса, барлығы 300 мың бас ірі қара мал қажет. Етті ірі қара саласындағы тәсіл бойынша бір табында 150-200 бас етті сиыр болатынын ескерсек, жалпы 1500-2000 табын жасақталады.

Мәселенің түйіні, осы малды республикамыздағы табиғи жайылымдардан өндірілетін мал азығы қамтамасыз ете ала ма? Еліміздегі етті ірі қара кеңінен тараған оңтүстік шығыс өңірде, мал жайылымда болатын кезең орташа есеппен 180 күн. Әр сиырдың күніне жайылымнан 40 кг көк шөп жей алатынын ескерсек,  жайылым кезеңінде 7,2 тонна шөп желінеді. Сонда, бір табынға (150 бас) қажетті мал азығы мөлшері 1080 тонна жайылым шөбі болмақ. Осы өңірдегі табиғи жайылымдардың орташа өнімділігі гектарынан 8 цн көк шөп болса, бір табынды мал азығымен толықтай қамтамасыз ету үшін 1600-1700 га жайылым қажет, бұл есепте ауа-райы қиыншылығына орай 20 % азықтық сақтандыру қоры қоса ескерілген. Осындай орташа есеппен алғанда, өріске шығатын 300 мың бас ірі қара малына 3,5 млн. ғана жайылым керек болады.

Қазақ мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарының көп жылғы ізденістерінің (Ж.А. Жамбакин, И.И. Алимаев және басқалары) нәтижесінде анықталғандай, ірі қара малын жаюға жарамды «көктем-жаз-күз» маусымдық жайылымдары республика көлемінде 68 млн. га астам аумақты алып жатыр. Қуаң және шөлейт аймақтардың өзінде сиыр малына жарамды 22,8 млн. га  жайылым орналасқан.

Жайылымдарды тиімді пайдалану үшін ірі қара малының көп жүргенді қаламайтыны ескерілгені жөн. Ірі қара малының шөпті тілімен орап жейтінін ескерсек,  оларға көбінесе, астықтұқымдасты немесе түрлі шөптесінді жайылым түрлерін қарастыру қажет, яғни жайылымдағы шөп шүйгіні ескеріледі. Осы ерекшеліктеріне орай, сиыр малына үш мерзімдік (көктем-жаз-күз)  ауыспалы жайылымдарды қарастырған жөн. Алдымен, республикамыздың климаттық ерекшелігіне орай, жергілікті жерге аудандастырылған ірі қара мал тұқымын таңдау қарастырылса, сонан соң, жайылымдардың түрлері (астықтұқымдасты, түрлі шөптесінді, т.б.) мен маусымдық ерекшеліктері  ескерілсе, қалған мәселе шаруашылық жағдайына қарай тез шешіледі. Экономикалық тиімділік тұрғысынан, малды жайып семіртетін шаруашылықтардың жайылымдары малға алыс болмау керек, оларға қажет суат пен басқа да инфрақұрылымдар («мал айдайтын жол», т.б.) толық қамтылуы керек.

Шалғайдағы жайылымдарды тиімді пайдалану мәселесіндегі өзекті проблема малды сумен қамтамасыз ету. Жайлауға шығатын мал үшін, тек «мал айдайтын жол» мен мал түнейтін жерде мал суаты шешілсе болды.  Ал, көктем мен күз мерзімінде маусымдық жайылымдарды игеру мал суатын шешуге тікелей тәуелді. Республикамызда, жайылымдық мал шаруашылығы дамыған аумақтарда жерүсті суларының қорлары шектеулі, көп жерде жерүсті ағын сулары уақытша болады және жаңбырға байланысты. Жалпы, республика бойынша жайылымдық аумақтың 20% астамы ғана жерүсті су көздері есебінен сумен қамтылады.

Әрине, жерүсті су көздері тапшы жайылымдарда, жерасты сулары пайдаланылады. Республикамыз тәуелсіздік алғанға дейін (1991) суландырылатын 147 млн. га жайылымдық жердің 111 млн. гектары (80%) жерасты суларын жер бетіне шығаратын жасанды құрылғылармен суландырылып келгені белгілі. Жерасты суларын пайдалану құдықтардың ластануы және жер астынан шығатын су легінің таусылып қалуы тұрғысынан сақтықты талап етеді. Сондықтан да, шаруашылықтар малға ыңғайлы жайылымды анықтаған соң, құдықтың жағдайын екжей-текжейлі тексерген жөн. Өйткені, құдықтан басқа, суды соратын құрылғы, мал су ішетін науалар мен суат алаңдарының жағдайы ескеріледі. Ірі қараға 40 л. су қажет екенін ескерсек, бір табын мал үшін бір тәулікке кем дегенде 7-8 м3 су беретін құдық қажет.

Өкіндіретін бір мәселе, ресми мәліметтер бойынша, жайылымдық жерлердің 14%, яғни 26,5 млн. га  азғындауға ұшыраған. Шындығында, бұл ойландыратын мәселе. Тозған жер­лер­дегі топырақ эрозияға бой ұрып, оның шаңы ауаға көтеріліп жатыр. Бұл – эколо­гия­лық тоқырау. Жердің тозғаны, шөптің тұяқкесті болға­ны былай тұр­сын, ол қалпына келмейтіндей жағдайға жетуде. Әлемдік тәжірибеде осындай келеңсіз жағдайлар болған. XIX  ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында АҚШ-та ірі қара шаруашылығы шарықтады – сиыр етіне және ірі қара терісіне деген сұраныс жоғары болды. Осы кезеңде қуаң жерлердегі жайылымдарды еш күтімсіз барынша пайдалану 32 млн. га аумақтағы топырақтың эрозияға ұшырауына себеп болды. Сонымен, өткен ғасырдың 30 – жылдары АҚШ конгресі арнайы заң шығарды. Тарихта «Тейлор заңы» деген атпен танылған осы заң ауылшаруашылық малдарының жайылымын реттеуге бағытталған. Сонымен бірге, жер пайдалану басқармасы Ішкі істер Министрлігіне беріліп, бұл жайылымдар тек 40 жылдан соң, қатаң мемлекеттік бақылау аясында пайдаланылуға берілді.

Біздегі жағдайға келсек. Тозған жайылымдар, көбіне, ауылдық мекендер маңында болғандықтан, ауылдың экологиялық күйзеліске түсуіне себеп болып тұр. Осы тұрғыдан, ойластырылған және мемлекеттік қолдаумен қамтылған шалғай жайылымдарды барынша пайдалану осы мәселенің түйінін шешуге ықпал етер еді. Әрине, жайылымдардың азғындалуы, жайылымдарды жүйесіз пайдаланудан туындап отыр. Сондықтан да, мал басы шоғырланған жайылымдарды қатаң бақылауға алып, олардың қалпына келуіне барлық жағдай жасалуы керек. Шалғай жайылымдарды игеру барысында, алдымен, ауыл маңынан ығыстырылған малдарды орналастыру қарастырылғаны абзал. Осындай бастаманы жүзеге асыру үшін қолданыстағы «Жер туралы» кодексте қажетті тетіктер қарастырылған.

Басты мәселе, әр малдың ерекшелігіне орай олардың маусымдық жайылымдарын  анық­тау керек және оларды бағудың тиімді жолдарын ұйымдас­тыру шарт. Жергілікті әкімшіліктің бұл ретте атқаратын ісі көп. Бірақ бүгінгі таңда, жер­гілікті әкімшілік тарапынан бұл мәселеге назар жете аударылмаған. Қазақстанның әр өңіріне тән жайылым түрлері, олардың сыйымдылығы (шартты мал басына есептеген) мен өнімділігі және оларды пайдалану туралы ғылыми ұсыныстар мен әзірлемелер бар, жайылым сипаттамасы қарастырылған электрондық карталар жасалған. Сонымен, жайылымдарды пайдаланудың барлық алғышарттары қамтылған, тек ұйымдастыру мәселесі ғана өз шешімін күтуде.

Еңбек өнімділігін арттыру бойынша алға қойған мақсат – өте дұрыс, көкей­кесті мәселе. Мал­ басының көбейіп, олардан алынатын өнімнің көбейгені, әрине, құптарлық жәйт. Дегенмен, шалғайдағы жайылымдарды игеру өндірілетін өнімнің өзіндік құнын арзандатып, экологиялық таза өнім алуға мүмкіндік беретіні белгілі. Осы факторлар жалпы табыстың молаюына себеп болса, бір адамға шақ­қан­дағы еңбек өнім­ділігінің артатынын да ескергеніміз жөн.

Айбын Төреханов,

профессор

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1151
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1054
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 786
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 910